Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әттең... 10578 85 пікір 24 Маусым, 2017 сағат 16:46

Дүкен Мәсімханұлы – Ұлттық көші-қонның бірегей жанашыры

Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,

Әр кім бір ит баптап жүр ырылдатып.

- Абай.

Соңғы кездерде Қазақстандық БАҚ жалаң сенсацияны, құры рейтингті қызықтап кетті ме, әйтеу  қисынды-қисынсыз дүниелерді оңды-солды бере беретін болды. Әсіресе жақсының жағасынан алу, беделдінің бетін шиедей қылу, «Алашым!» деп жүрген аяулы жандардың ар-намысын аяққа таптау сәнге айналып барады. Сондай кісінің аза бойын қаза қылатын материалды Abai.kz ақпараттық порталынан оқып жағамызды ұстадық.

«Жазбаның» мазмұны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қытайтанушы-ғалым, белгілі ақын, аудармашы Дүкен Мәсімханұлының «Еуразия» телеарнасына берген сұхбаты туралы екен. Аталған порталда сұхбаттың видеосы да тұр екен, оны да көрдік, тыңдадық, өзімізше ой түйдік. Негізінде телеарнаның жаңалығында айтылып отырған жаңалық еш қандай да «жаңалық» емес. Жыл басынан бері  екі елдегі қазақ халқы ортақ бір ниетке келіп, әсіресе зиялы қауым өкілдері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып, ҚХР-ның Қазақстандағы Елшілігімен, ҚР СІМ-мен  сөйлесіп, өтініштер мен ұсыныстар енгізіп, соның нәтижесінде ҚХР Шынжаң өлкелік өкіметінен арнайы делегация келген болатын. Ол делегациямен де осындағы қытайдан келген қазақ зиялылары сөйлесіп, ең соңында, атап айтқанда, маусым айының 5-ші күні ҚХР ШҰАР өкіметі мәселені халықтың пайдасына оңтайлы шешіп берді. Шешімнің фотокөшірмесін редакцияға қоса жолдап отырмыз. Қытайдағы қандастарымыз тап болған осынау қиын да, күрделі мәселені шешудің  басы-қасында  да  ақын, азамат Дүкен Мәсімханұлы жүргенін «жазба» авторы білмейтін болу керек.

Әлде біліп тұрса да білмеске сала ма, қайдам, әйтеуір «жазба» авторы түйткілді мәселені «Неге бұлай? Енді не істейміз?»  деудің  орнына,  Дүкен Мәсімханұлының жеке басына күйе жағудан аспапты. Қытайдағы болып жатқан жағдайлардың себеп-салдарына, мәселенің мән-жайына  үңілместен, байбалам салып жатқаны байқалады.

Қазір көрші елдермен болған ықпалдастықтың басым бағытының бірі – осы діни экстремизм мәселесі. «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» болсын, «Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы» болсын бәрінде діни тероризммен күресудің арнайы бағыты бар. Егер, «жазба» авторы шулатып отырғандай, екі елде де діни экстремизм қаупі болмаса, мұны екі елдің билігі неге басты назарға алып отыр деп ақылы толық адам ойланса керек-ті.

Профессор Дүкен Мәсімханұлы сұхбатында: ««Біріншіден, бұған (Қытайдағы келеңсіз жағдайларға. Ред. Қ.Қ) мына діни экстремизм Қытайдағы – Шыңжаңдағы кейбір жағдайлар мұрындық болып отыр» - депті. Қазір діни экстремимзмен әлем әбігерге түсіп отырғанын ескерсек, Мәсімханұлының бұл сөзін теріске шығара алмаймыз. Қытайтанушы ғалымды  қаралап отырған көп ағайын осы мәселелер туралы нақты дәлелдер сұрапты. Бұл екі ауыз сөзбен айқындала салмайтыны белгілі. Көбінде уақыт мәселесімен телеарналар сөзді қысқартып, өңдеп теріс айнадырып бере салады. Дүкеннің жеке басына шабуылдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ол қыса-нұсқа бірақ өңірдегі аса маңызды дүниенің шет жағасын айтып қалды, ары қарай тарқатып зерттеу өз ісіміз деп ойлаймын. Шынына келсек Қытайдағы діни экстремизмнің бары рас, одан Қытай  билігі де, қарапайым халықта зардап шегіп келеді.  

Дүкен Мәсімханұлының сұхбаты шыға салысымен сонау Түркия елінде оқып жатқан, жас ізденуші Орда Елдес бауырымыз өз ойын Фейсбуктегі парақшасында бөліскен екен. Қытайдағы діни экстремизмнің, дәстүрлі емес дін өкілдерінің, сәлафизмнің бас көтеруі туралы тарихты тізбелепті: «Қытайға сәлафизм 19-шы ғасырдан бастап кіре бастады. Бірі, теңіз жағалауы арқылы енді, енді бір жолы ШЫҢЖАҢ өлкесі арқылы кірді. Шыңжаң өлкесі арқылы кірушілер Шығыс Түркістанның Қашқар аймағы арқылы таралды. Орталық Азия өңіріндегі дәстүрлі дінді құлатып орнына сәлафизм үстімдігін орнатуда Қашқардың біршама жақсы "рөл" атқарғанын қаймана жұрт біле бермейді.

Жалпы Шығыс Түркістанның оңтүстік аймақтары xристиян дін миссонерлерінің де орталығына айналып кете жаздаған 19-шы ғасыр соңы мен 20-шы ғасыр басында. Әсіресе, Қашқардағы xристиян шіркеуі, xристиянға кірген ұйғырлар етек алып кеткен. 1933 жылдағы Үрімжі қанды оқиғасынан соң Шың ДУБАН(盛世才) билікке шыққан соң Шығыс Түркістандағы діни лаңкес топтар мен дәстүрге жат діни ағымдарды қидай сыпырған. Солардың қатарында сәлафи ағымы мен християн миссонерлері Ауғаныстанға қашуға мәжбүр болады.

Ауғанстанда он жылдай аялдап Шың ДУБАН билігі құлаған соң қайтып ораламыз деген олар 1949 жылы коммунист қытай билігі келген соң тіптен бұл өңірге кіре алмайды.

1978-1983 жылдарда Қытайда саяси, экономикалық, әлеуметтік реформа басталған соң Шығыс Түркістанға көрші аймақтардағы жат діни топтары және Шығыс Түркістанда бұрыннан бар қалдық діни ұйымдар қайта жаңғырып бас көтере бастады» - дейді Орда Елдес. Бауырымыздың бұл зерттеулерін зердесі бар оқырман әбден түсінеді. Ал бүгінгі күнде Қытайдағы осы қоламталар маздап жана бастаған. Осының салдарынан биылғы жылдан бастап Қытай орталық үкіметі мен Шыңжаң жергілікті билігі жат діни топтарды талқандау мақсатында аса үлкен құрықтау бастап кетті. Сол дүрмектің қатарында кейбір бейкүнә жандар зардап шегуде, тіптен төменгі атқарушы билік жоғарының пәрменін он есе, жүз есе артық сілтеп жіберген. Бұл туралы профессор Д.Мәсімханұлы өз сұхбатында: «Бұл жағдайды Шыңжаңның жергілігі билігі шаш ал десе бас алғандай, шектен шығарып жіберді», - деп Қытайдың жергілікті атқарушы билігіне кейістігін де жасырмай батыл айтып отыр.

Шынымен де Қытайда лаңкестікпен, діни экстремизммен күрестің  қарқынды жүріп жатқаны бұл күнде кімге құпия?!  Ол туралы басқа емес, Шыңжаңдағы жергілікті қазақ тілді басылымдардың өзі  осы мәселе туралы күнделікті дабыл қағып, қарапайым халықтың зардап шегіп қалмауы үшін барын салып отыр. Жергілікті үкімет «Үш түрлі күшпен» (сепаратизм, діни экстремизм, лаңкестік) күрес жасау жолында еңбек етіп келеді. Мақсаттары Шыңжаңдағы лаңкестікке, діни экстремизмге қарсы түру. Осы туралы Алтай аймағынан шығатын «Ағажай Алтай» сайты мен білім.ком сайтында жарияланған мына жазбалардан үзінді оқып көрейік: «Шыңжаңдағы Лаңкестікке қарсы тұрып, орнықтылықты қорғау, «үш түрлі күш» мемлекетті бөлшектеу мақсатын іске асыру үшін ішкі өлкеге етек жайып, қанды шеңгелін мектеп ауласына дәстүрлі емес діни ұшқары идея арқылы қоғамның сыры мен қырын әлі біле қоймаған Шыңжаңдық студенттердің идеясын улап, аздырды. Олар интернет, телеарна, жылжымалы таратушы, заңсыз басылымдар және жасырын уағыз сөйлеу орныдарын ашу сияқты жолдармен студенттер санасын улап келеді» - деп көрсетілген. Ал, Іле ақпарат сайтындағы «Ынтымақтаса отырып, лаңкестікке қарсы тұрайық» атты  мақалада, Шыңжаңның зорлықты күш лаңкестік әрекеттерге қатаң соққы беру арнаулы қимылын өрістеткеннен бері жалпы халық жұдырықтай жұмылып, атсалысып, әр ұлт халқы жат ағымдармен айқасып, тұтқындап, зорлықты күш лаңкестерімен қайсарлықпен күрес жасап келеді» деп атап өткен.

Зерделі оқырман!  Бұл Қытайдағы қазақ тілді басылымдардың жан айқайы. Ал біз Қазақстан қоғамында да осындай діни арандатушылықтың бар екенін жақсы білеміз. Одан бізде зардап шегіп, жер-жерде лаңкестік, діни экстремистік ұйымдар қарапайым халыққа залалын тигізіп отыр. Бұл мәселеге келгенде Қытай мен Қазақстан ғана емес әлем елдері бірдей күресіп отыр. Біз әлмисақтан мұсылман елміз, бірақ жат ағымдар дінді сұрқия етіп көрсетіп келеді. Соның салдарынан Қытайдағы қазақтарға да қысым күшейіп, әлеуметтік-саяси атмосфера  шеңбері тарайып отыр.

Шыңжаңда діни экстремизм, лаңкестік жоқ болса, олар кіммен күрескелі жүр? Мына Шәріпхан сияқтылар мықты болса, «Шынжаң халқының ішінде лаңкестік жоқ, терроист жоқ, сендер халыққа жала жауып отырсыңдар» деп, ҚХР билігін, Шыңжаңның жергілікті билігін сотқа берсін. Дүкен Мәсімханұлы қарапайым халық қытайдағы осындай діни-саяси ақуалдың ахуалдың кесірінен зардап шегіп отырғанын ғана айтты. Сондықтан көре тұра, көрмегенсімей, ең әуелі біз әрісі бүкіл қытайда, берісі  Шыңжаңда қалыптасып отырған  күрделі жағдайды мойындауымыз керек.

Автор мақала тақырыбын айқайлатып қою арқылы білдей бір ғалымға, тәуелсіздіктің алғашқы жылында «Елім!» еңіреп келіп, Отаны үшін талмай еңбек етіп жүрген, аса ұлтжанды  азаматқа жала жауып, кешірілмес қылмыс жасап отыр. Бұл туралы қытайда тұратын  үлкен ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы Сұлтан Жанболатов 1990-шы жылдардың басы  – «Дүкен секілді зерек, алғыр, шөгел, іскер, ахлақты, қабілетті, еңбекшіл жігіттің алдында баюдың да, мәнсаптың да, өзге абырой-атақтың да төбелері көрініп, төте жолы қасқайып тұрған шақ еді.
Дүкен мұның бәрін сезді, білді, тіпті көрді. Бірақ, мыңдаған жылдық ұзақ тарихында сан талып, сан ес жыйған, ғасырлап отаршылықтың азабын тартқан, көптеген қанды күрестер арқылы тәуелсіздігін қолына қайта әрең алған, іргелес Қытай сықылды елдер құшақ жая құттықтап жатқан, тарихы ұзын Қазақстанның жаңа дербестігі кезіндегі уығын көбейту, шаңырағын биіктету, іргелестерімен достығын күшейту үшін, жаңағыдай жақсы орайлары мол жылы орнын тастап, 1993-жылы Қазақстанға келді. Дүкеннің өз ұлтын қаншалық сүйетінін осымен-ақ бағалай аласыздар».

1993 жылы атажұртқа келген ғалым,  тәуелсіздіктен кейін елге оралған бірінші қазақ. Келгеннен бастап көші-қонның сан түрлі мәселелері жас ақынның  алдынан шықты. Тіркелуден бастап, азаматтық алу, қоныстану, туыс-туғанды, дос-жарандды, көрші-көлемді, тіпті танымаса да «Ел» деп емешегі үзіліп келген талай жасты бауыран басты. Қысқасы алыстағы ағайынды  Отанға  оралту  жұмыстарына етене араласты.

Ал 1996 жылы Елбасы тарапынан құзырлы орындарға «халықтық көші-қон заңын қабылдау тапсырмасы берілген. Сол кезде құзырлы мекеменің тізгіні Наталья Коржованың қолында болатын. Былайғы жеке мекеме, қоғамдық ұйым, жеке тұлға Парламентке заң ұсына алмайтын, жеке тұлға заң жобасын ұсыну үшін депутат болуы керек. Сол кездегі Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Қ. Найманбаевтың басшылығымен дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген оншақты адаммен ынталы топ құрылып, халықтық көші-қон заңының жобасы қауымдастық қабырғасында дайындалды. Заң жобасы Сол кездегі Мәжіліс депутаты Әкім Ысқақ мырзаның атынан парламентке ұсынылды. Міне сол заңды дайындауға күш шығарған азаматтардың  бірі осы Дүкен Мәсімханұлы еді. Егер алда-жалда сол кезде Н.Коржова ханым дайындаған заң өтіп кеткенде қазіргі «Оралман» деген атауға зар болып қалар ма едік. Өйткені Коржова дайындаған заң жобасында шеттен келген қазақтарды тек «босқын» ретінде, яғни көшеде қаңғып жүрген тәжік, цыгандермен мәртебеміз бірдей етіп барып, қабылдамақ екен. Кейін оны өзгерте алар ма едік, алмас па едік. Ол да үлкен әңгіме. Осы үшін біз сол кездегі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елім деген азаматтарға, әсіресе, Алмас Ахметұлы, Қайрат Бодаухан, Рақым Айыпұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы,  Дүкен Мәсімханұлы бастаған ынталы топқа, алдымыздағы ағаларымызға қарыздармыз.

2001 жылы шілде айында Дүкен Мәсімханұлы Елбасының арнайы қабылдауында болғанын білеміз. Президенттің алдына ол әлде кімдердей атақ, сыйлық сұрап барған жоқ. Керісінше сіз бен біздің қамымыз үшін  бірнеше ұсыныспен барған Дүкен мырзаның алғашқы айтқаны осы көші-қон мәселесі еді. 2001 жылға дейін көшіп келуші оралмандарға 500 квота берілетін.  "Шетелде 5 миллиндай қазақ бар. Сонда бұл қанша жылға созылады?" деп Елбасына мәселені төтесінен қойғаны күні бүгінге дейін аңыз болып айтылып келеді. Сөйтіп  2002 жылдан 5000 отбасыға квота беріле бастады. Дүкен Мәсімханұлы елге оралғанна бері бүгінге дейін шеттегі қазақтардың тағдыр-талайы, Отанына оралған ағайындардың жағдайы туралы, ойланбай, толғанбай күн кешкен емес. Оған еңбектері куә. Тіпті қай бір жылы Астана қаласы мен оның маңында тұратын шеттен келген ағайындар «Атажұрт» деп аталатын қоғамдық бірлестіктің төрағасы етіп, Дүкен мырзаны сайлаған болатын.  Сол бірлестік арқылы күні бүгінге дейін шеттен келген ағайындардың балаларының оқуға түсуіне, грантқа ауысуына, шәкірақы алуына, Астана маңында тұратын ақсақалдар мен ақ самайлы аналарымыздың зейнетақы алуына, ҚР азаматтығына өтуіне, т,б мәселелеріне бір кісідей  көмегін жасап келеді.

Астана маңында Қоянды деген әйгілі елді-мекен бар. Ол жер о баста тек қана Моңғолиядан кезінде еңбек шартымен келген ағайындардың қоныстануы үшін шешілген болатын. Өйткені кезінде «еңбек шарты» деген желеумен елге оралған моңғолиялық ағайындарға «жекешелендіру» науқаны кезінде, баспана, егістік, жайылымдық жерді қойып, тышқақ лақ та тимеді. Себебі олардың бәрі ол кезде моңғолия азаматы болатын. Сол ағайындарға Қоянды ауылынан санаулы отбасыға ғана жер телімі берілді. Сол кезде жаңағы «Атажұрт» қоғамдық бірлестігі атынан Дүкен Мәсімханұлы Парламентке, үкіметке хат жазды. Хат мәтінінде «шетелдерден тарихи отанына оралып, бүгінде Астана қаласы мен оның төңірегіндегі ауылдарда баспанасыз жүрген ағайындардың барлығына Қояндыдан жер телімі берілуі керек» делінген. Соның нәтижесінде Астана мен оның маңында тұратын жер жүзінің түкпір-түкпірінен келген баспанасыз ағайындарға алғашқы кезекте 800 отбасы үшін жер телімі бөлінді. Қазір аталған ауылда шеттен келген ағайындардан мың шақты түтін өмір сүріп отыр.

Біз Дүкен Мәсімханұлына осы еңбектері үшін алғыс айтудың орнына, балағынан тартып, төске өрлеп, еңбегін еш етудің мәнісі не ағайын. Елім деген ерлер аман болсын, арттан абалаған бірен-саран ағайынға Алладан сабыр тілейміз.

Бүгінде Қазақ елінде қытайтану мамандары тапшы. Қытаймен күрес құр айқаймен бітпейді. Бізге Қытайды жан-жақты зерттеу керек. Мамандар дайындау керек. Олардың бәрі қытай тілін үйренуді ғана мақсат етпей, сол арқылы Қазақстан қоғамына Қытайдың ішкі саясаты мен сыртқы саясатының мән-аңызын, экономикасы мен дипломатиасының салмағын сезіндіруі керек. Келе жатқан жауыңды жан-жақталы зерттеп-зерделеп алмай, жалаңаш барып жауға шабатын заман бұл емес ағайын.

Біздің елдегі бірден бір қытайтанушы да - осы Дүкен Мәсімханұлы. «Қытай туралы қырық сөз» еңбегі арқылы біз қытай туралы күңгірт қалған тұстары біле бастадық. Құр босқа айқай, көлеңкесінен қорқу сынды жалтаққойлықтан мінезден аулақ  ғалым өз зерттеулері арқылы Қазақ қоғамына, Қазақ биілігіне Қытаймен дос бола жүріп,  бейбіт-қатар тұру, тәуелсіздігімізді бекемдеу, ұлттық қауіпсіздікті ұмыт қалдырмау жағын шегелеп айтудан жалыққан емес. Қытайдан келген ағайындардың ішінде «көршінің  демографиялық экспансиясынан сақтану туралы елге оралған 25 жылдан бері  батыл, талмай айтып келе жатқан екі адам болса,  соның бірі  тағы Дүкен Мәсімханұлы.  Дүкен Мәсімханұлының қытайдың дәстүрлі мәдениеті, әдебиеті, қазақ-қытай қарым-қатынасы туралы 300-ден астам ғылыми-зерттеу, еңбектері республикалық және шетелдік түрлі ғылыми басылымдарда жарық көрген болса, қытайдың классик ақын-жазушыларының шығармаларын түпнұсқадан аударып, мерзімді баспасөзде оқырмандарға ұсынып келеді. Ондағы мақсаты туған халқым осы арқылы Қытайды жақыннан танып, демімізге демі тиіп жатқан көршіміздің  кім екенін біле жүрсе деген мақсат екені айдан анық.  Қысқасы, ел боламыз десек, жақсыларымыздың жағасынан алуды, Ұлт зиялыларының ары мен ұятын аяққа таптауды қояйық ағайын. Туған халқын  сүйем деген  бір кісі Дүкен ағамыздай сүйсін! Ұлтына қызмет етем деген бір адам Дүкен ағамыздай қызмет етіп алсын!  Біздің бұл сөзімізге бүгінгі Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасымыздың биік мінбеден: «Көші-қон саясатымыздың арқасында, Қанат Ислам секілді спортсмен, Майра Мұхаммедқызындай әнші, Қаржаубай Сартқожаұлы мен Дүкен Мәсімханұлындай ғалымдар елге оралды» дегені жақсы дәлел.

Ұзын сөздің қысқасы, ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтарымыздың аяғынан шалып,  кеудесінен итергенді қоялық. «Біріңіді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос......»  демей ме Ұлы Абай!

Қабиден Қуанышбай, ақын, әлеуметтік ғылымдар магистрі

Abai.kz

85 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048