Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3518 0 пікір 4 Қараша, 2010 сағат 09:52

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ. БУРЛУЦКАЯНЫҢ БҰЛҒАҒЫ

«Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек...» дегендей, Талдықорғанда шығарылатын газеттердің ішінде «Вечерний Талдыкорганның» орны бөлектеу. Бөлек болғанда ол өзінің танымдық материалдарының көптігімен ерекшеленбейді. Бүкіл еліміз бен облысымыз, қаламыз көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға жедел үн қосатындығымен де айрықшаланып тұрмайды. Негізінен жарнамалық материалдардан тұратын басылым ара-тұра «Орыс тілі басымдық қалпын сақтап қалуы тиіс, славян тектестер елден көшіп кетсе Қазақстанның экономикасы тоқырайды, көшелер мен ауылдардың аттарын өзгертудің қажеті не?» дегендей мәселелерді қозғап, ұлтаралық қатынас секілді нәзік тақырыпқа ши жүгіртеді. Ара-арасында қаланың қақ ортасында тапайдың тал түсінде ұзаққа сүйісуден жарыс өткізу, қыздардың қайсының балтырының ұзын екендігін анықтау тәрізді халқымыздың менталитетіне, дініміз бен ділімізге жат бастамалар көтеріп, салт-дәстүріміздің қорғаны болып отырған қарияларымызды шала бүліндіріп қояды. Жезөкшелер үйін ашу керек деген сияқты «өзекті» мәселелер көтеріп, «Продаю девственность» деп жалпақ әлемге жар салатыны тағы бар.

«Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек...» дегендей, Талдықорғанда шығарылатын газеттердің ішінде «Вечерний Талдыкорганның» орны бөлектеу. Бөлек болғанда ол өзінің танымдық материалдарының көптігімен ерекшеленбейді. Бүкіл еліміз бен облысымыз, қаламыз көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға жедел үн қосатындығымен де айрықшаланып тұрмайды. Негізінен жарнамалық материалдардан тұратын басылым ара-тұра «Орыс тілі басымдық қалпын сақтап қалуы тиіс, славян тектестер елден көшіп кетсе Қазақстанның экономикасы тоқырайды, көшелер мен ауылдардың аттарын өзгертудің қажеті не?» дегендей мәселелерді қозғап, ұлтаралық қатынас секілді нәзік тақырыпқа ши жүгіртеді. Ара-арасында қаланың қақ ортасында тапайдың тал түсінде ұзаққа сүйісуден жарыс өткізу, қыздардың қайсының балтырының ұзын екендігін анықтау тәрізді халқымыздың менталитетіне, дініміз бен ділімізге жат бастамалар көтеріп, салт-дәстүріміздің қорғаны болып отырған қарияларымызды шала бүліндіріп қояды. Жезөкшелер үйін ашу керек деген сияқты «өзекті» мәселелер көтеріп, «Продаю девственность» деп жалпақ әлемге жар салатыны тағы бар.

Жалпы «Вечерний Талдыкорган» газеті «тисе терекке, тимесе бұтақ­қа...» дегендей, болмашыны боталы түйедей қылып, сәл нәрсеге бола соттасуға әуес. Алматы облысының балалардың құқықтарын қорғау де­пар­таментімен де осылайша бірнеше рет соттасып, жеңіліс тапқанымен қоймай аталған мекемені жақында тағы сотқа бергені бұл сөзімізге дәлел бола алады.

Оқырманға түсінікті болуы үшін әңгімені басынан бастайықшы. Вечер­ний Талдыкорган» газетінің биылғы жылғы 6 тамыз күнгі

№ 31 санында «Қаражат сыр мен әк сатып алуға ғана бөліне ме?» тақырыбымен мақа­ла жарық көрген болатын. Соған орай редакция мақаланы тексеріп, қажет болған жағдайда тиісті шара қол­дануды өтінген қатынас хатты Алма­ты облысының балалардың құқық­тарын қорғау департаментіне жібереді.

Аталған департамент қызмет­керлері «Бұл мақалаға ең алдымен Талдықорған қалалық білім басқар­масының бастығы Б. Тұрысбеков жауап беруі тиіс» деген қорытындыға келіп, хатты сол басқармаға бағыт­тайды. Сөз орайы келгенде небары екі сөйлемнен тұратын қатынас хат мәті­нін еш өзгертпестен толықтай келтіре кеткеніміз де жөн шығар.

«Талдықорған қалалық білім бөлімінің бастығы

Б. Тұрыс­бековке

«Вечерний Талдыкорган» газе­ті­нің бас редакторы

Е. Бурлуц­каяға

Құрметті Болат Қаметұлы!

Алматы облысының бала­лар­дың құқықтарын қорғау депар­таменті 2010 жылдың 6 тамы­зындағы №2300 «Вечерний Тал­дыкорган» газетінен келіп түскен хатта Сіздің қара­ма­ғыңыздағы Талдықорған қаласындағы №4 балабақшаға жөндеу жұмыстарын жүргізуге ата-аналардан ақша жиналған жағдайының қалып­тасқаны туралы мақала жазыл­ғанын хабарлайды.

Аталған мәселені тексеру де­пар­таменттің құзырына жатпай­тындықтан №4 балабақшадағы жағдайды анықтап, қатаң қада­ғалауға алуыңызды, жауабын «Вечер­ний Талдыкорган» газетіне және департаментке мәлімет үшін жіберуіңізді сұрайды.

Директор   Г. Ермекбаева».

 

Қатынас хат мәтінінен көріп отыр­ғанымыздай, бұл тіпті де «Вечерний Талдыкорган» газетінің редакциясына қайтарылған жауап емес. Іс қағаз­дарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшкен департамент қызметкерлері Талдықорған қалалық білім бөліміне жолданып отырған қатынас хатты талапқа сай мемлекеттік тілде жазған. Жауапты қай мекемеден күту қажет­тігін біліп отырсын деген игі мақ­сатпен екінші данасы «Вечерний Талдыкорган» газетінің редакциясына бағытталған. Аталған газет қызме­т­керлерінің сотқа жүгінуіне нақ осы қатынас қағаз себеп болыпты.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, осы бір ғана қаты­нас қағаздан туындаған үлкен дау-дамайды болдырмауға, соған орай ұлтаралық қатынас секілді нәзік тақырыпты қозғамай-ақ қоюға бола­тын ба еді? Болатын еді деп ойлай­мыз. Мәселен, осы Талдықорғанның өзінде орыс тілінде шығарылатын облыстық «Огни Алатау» газетіне мемлекеттік тілде жазылған хат-хабарлар күн сайын бірлі-жарымдап қана емес, ондап түсіп жатады. Атал­ған басылымның мемлекеттік тілге құрметпен қарайтын журналистері олардың бәрін өздері аударып, кейбір сөздерін түсінбей қалса, қазақ газе­тінде қызмет атқаратын әріптестерінен сұрап алып жатады. Оны ешкім намыс көрмейді немесе құқығымыз бұзылды деп сотқа шапқыламайды.

«Вечерний Талдыкорган» газе­тінің журналистері мемлекеттік тілде жазылған екі ауыз сөзге тіпті түсінбей жатса, аудармашылары болмай қалған күннің өзінде департаментке «ғафу етіңіз, мемлекеттік тілде жазған жауаптарыңызды түсінбедік, орыс тіліндегі нұсқасын жіберсеңіз» дегендей тағы бір өтініш хат жазса жетіп жатыр еді. Қажеті болып қала ма деген оймен ондай жауаптың орыс тіліндегі нұсқасы да дайындалып қойылған екен. Бірақ, өкінішке орай, ондай хат жазылмады.

Оның орнына «Вечерний Талды­корган» газетінің үш бірдей қызмет­керінің қолдары қойылған арыз бір­ден Талдықорған қалалық сотына жолданады.

Сотқа беріп отырған тараптың талабынан толық хабардар болу үшін «Вечерний Талдыкорган» газетінің бас редакторы Елена Бурлуцкая мен аталған газеттің журналистері Зәуре Жотабаеваның, Құралбек Мұсабе­ковтің Талдықорған қалалық сотына орыс тілінде  жазған арыздарынан да жекелеген үзінділер келтіре кетейік.

«Алматы облысының балалардың құқықтарын қорғау департаменті» «Вечерний Талдыкорган» газетіне «Департамент» директоры Г. О. Ер­мек­баеваның қолы қойылған (10.08.2010 ж. шығыс № 02/856), ҚР заңдылығы талап ететіндей өтініш берілген тілде жазылмаған жауап қайтарды.

«Департамент» директоры Г. О. Ермекбаеваның мұнысын заңсыз деп есептейміз:

«Жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарын қарау тәртібі тура­лы» ҚР Заңының 10 бабына сәйкес арыз-шағымға жауап мемлекеттік тілде немесе арыз-шағым берілген тілде қайтарылуы тиіс. Біз «Депар­тамент» директоры Г. О. Ермек­баеваның жауабымен таныса алма­дық, өйткені бұл тілді білмейміз».

«Конституцияның 2 бөлімінің 14 бабына сәйкес «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы­на, жынысына, нәсіліне,  ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды».Тілді білмегендіктен атал­ған жауаппен таныса алмай отырған­дығымыз се­бепті Департамент дирек­торы  Г. О. Ермекбаева бізді азамат ретінде де, БАҚ өкілдері ретінде де кемсітіп отыр деп есептейміз».

«Бірақ департамент директоры Г. О. Ермек­баева біз үшін түсініксіз тілде жауап қайтарды...».

«...ҚР Конституциясының 39 ба­бы­ның 2-тармағына сәйкес «Ұлт­аралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады». Өтінішімізге жауап біз білмейтін тілде қайтарылды, мұның өзі, біздің ойымызша, ұлтаралық келісімнің нығаюына ықпал ете қой­май­ды. Лауазымды тұлға, мемле­кеттік қызметкер Гүлнәр Ермек­баеваның жауабын оқи алмағанымыз себепті қолайсыздық сезініп отыр­ғандықтан бұл фактіні біздің құқы­ғымыз бен мүдделерімізді бұзғандық деп есептейміз. Өзімізді қорланғандай сезініп отырмыз».

«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» ҚР Заңының 6 бабына сәйкес  "Қазақстан Республикасының азаматының ана тілін қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық  тілін еркін таң­дауына құқығы бар". Біз орыс тілінде сөй­лесеміз, ана тіліміз - орыс тілі, өтінішті де орыс тілінде жасадық және біздің мүдделерімізге қатысты жауап­пен танысу мүмкіндігінен айрылып отырмыз».

«...Жоғарыда баяндалғандардың негізінде және Қазақстан Респуб­ликасының Азаматтық-процес­суаль­дық кодексінің 150, 278-282 баптарын басшылыққа ала отырып соттан:

1. Өтінішке арыз беріліп отырған тілде жауап қайтармаған «Алматы облысының балалар құқығын қорғау  департаментінің директоры                 Г. О. Ермекбаеваның әрекетін заңсыз деп тануыңызды;

2. Алматы облысының балалар құқығын қорғау депар­таментінің директоры Г. О. Ермек­баеваға біздің бұзылған құқығы­мыз­ды толық мөл­шерде қалпына кел­тіріп, яғни 06.08.10 ж. №2300 өті­ні­шімізге арыз берген тілде (орыс­ша) жауап беруін міндеттеуіңізді өтінемін».

 

АНА ТІЛІНДЕ ЖАЗЫП, АРЫНА ТИДІ...

28 қыркүйек күні судья С. А. Құр­банованың төрайымдық етуімен Талдықорған қалалық сотын­да өткен алғашқы сот мәжілісіне «Вечерний Талдыкорган» газеті жағы­нан Құралбек Мұсабеков қана қатысты. Сотқа жазған арызында «Ана тіліміз - орыс тілі, Гүлнәр Ермекбаева бізге түсініксіз тілде жауап қайтарып, ұлтаралық келісімге нұқсан келтірді» деп байбалам салған сабазың негізінен жоғарыда мысалға келтірілген мәтінді қайталаумен шектелді.

Арыз мәтініне көз салсақ, Зәуре Жотабаева мен Құралбек Мұсабе­ковтің орыс тілін ана тілі санайтын­дық­тарын көреміз. Қай тілде сөйлеп, жазу, қай тілді таңдау конституциялық құқықтары болған­дықтан оларды бұл үшін айыптаудан аулақпыз. Мем­лекеттік мәртебесі бар қазақ тілінің оларға түсініксіз көрін­геніне де таң қала қоймаймыз. Қазақ­ша сөйлей алмайтын қандастарымыз қазір де аз емес. Бірақ екеуінің де ұлты қазақ бола тұрып ұлтаралық келісім жайлы сөз қозғағандарына жол болсын?! Әлде олар ресми тілде сөйлегеннен кейін өздерін басқа ұлт өкілі ретінде сезініп отыр ма?! Осы­дан кейін тіл­аралық емес, ұлтаралық қатынас мәселесі ұлтымыздың өз арасында туындап жүрмесін деген ойға қалады екенсің...

Арамызда қытай тілін білетін азаматтар көп емес. Бірақ шындап іздесең оралман ағайындардың ара­сынан ол тілді білетіндерді де тауып алуға болады. Ал мемлекеттік тілден орысшаға аударып бере алатындарды алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Зәуре Жотабаева мен Құралбек Мұсабеков ұлтаралық татулық жайын шындап ойлаған болса, сондай мол мүмкін­діктерді пайдаланып екі сөйлемнен ғана тұратын қағаздың мағынасын түсіндіріп беруге неге күш салмайды?

Рас, Құралбек Мұсабеков сот мәжілісінде «арамызда өзге ұлт өкілі болғандықтан (арыз бергендердің бірі «Вечерний Талдыкорган» газетінің бас редакторы Елена Бурлуцкая - Н. Ә.) ана тіліміз орыс тілі деп көр­сеттік» - деп ақталған болды. Соған қарағанда бұл азаматтардың ана тілі кіммен бірге жүргеніне, кімнің қол­астында жұмыс істегеніне қарай өзгеріп тұратын тәрізді ме, қалай?.. Жолдасыңның көңіліне қарап бірдей киім кигенің, сондай тамақ ішкенің сияқты ана тіліңді де қажетіне қарай өзгертіп көрсете салуға болатын болғаны ғой...

«Вечерний Талдыкорган» газеті­нің кезінде қазақша үйрететін курс ашқаны, өздерін «халықтық» газет санайтындықтары белгілі. Сондай жақсы бастама көтерген газетте қазақша жазылған екі сөйлемнің мағынасын түсіндіріп бере алатын аудармашының, қызметкердің табыл­мағандығын (редакцияда аударма­шының барлығы сот мәжілісінде белгілі болды) қалай түсінуге бола­ды? Әлде бұл газет халықтың орыс­тілді бөлігімен ғана жұмыс істейтін басылым ба? «Қазақша үйреніп жатыр­мыз, жұртшылыққа қазақша үйретіп жатырмыз» деген әңгіменің бәрі өздерін жарнамалау үшін ғана жазылған жылтырақ сөз, көз алдау болып шықпаса нетті?..

Құралбек Мұсабеков сот мәжі­лісінде қазақша жазылған ауызекі сөзді түсінетіндігін, бірақ депар­тамент­тің бұл жолғы хатында неше түрлі әдеби оралымдар мен сирек кездесетін сөздер болғандықтан толық ұғына алмай, тіл жағынан кемсіту сезімін бастан кешкендігін айтып өтті.

Ондай кемсітудің болмағаны бесе­неден белгілі ғой. Тіпті болған күннің өзінде ондай кемсітуді Елена Бурлуц­кая мен Зәуре Жотабаева сезінуі мүмкін, ал енді ана тілім - қазақ тілі деп тұжырымдаған Құралбек Мұса­беков қалай сезінеді? Өзінің ана тілінде жазылған қағаз қалайша оның арына тиеді?..

«Вечерний Талдыкорган» газеті қызметкерлерінің қажет болған кезде қазақша да сөйлей алатындықтарын сот мәжілісі барысында аңғардық. Департамент өкілі Асқар Үйсінбеков жауап мәтінін түсінбедік деп отырған екі талапкердің бірі Зәуре Жота­баеваның Еңбек ауылындағы мектеп мұғалімдерінен қазақша қалай сұхбат алғандығын дәлелдейтін үнтаспаны судьяға ұсынғанда мәселе бұрынғыдан да айқындала түскендей болды. Үнтаспаны қосқанда Зәуре қарын­дасымыздың өзі жазып отырғандай емес, қазақша жап-жақсы сөйлей­тіндігіне көзіміз жетті. Құралбек Мұсабеков болса, мұны қайдан ал­дың­дар деп таң-тамаша болды. Тағ­дыр­дың тәлкегі деген осы емес пе, кезінде нақ осы үнтаспаны депар­таментке «Вечерний Талдыкорган» газеті қызметкерлерінің өздері жібер­ген болып шықты. Осылайша қаты­нас хаттағы екі ауыз сөзді ұқпадық деген тұжырымның шылғи өтірік екендігі тайға таңба басқандай белгілі болып шыға келді. Бұл қалыппен Құралбек Мұсабеков бауырымыз да бір жерде қазақ тілінің майын тамы­зып жатса, таң қала қоймаспыз деп ойлаймыз.

Арыз мәтінінде біздің мүддемізге нұқсан келді деген мағынадағы сөз­дер бірнеше рет кездеседі. Ендігі жерде бұл қандай мүдде деген сұрақ­қа жауап іздеп көрейік.

Құралбек Мұсабеков «Жауапты орыс тілінде қайтарыңдаршы, түсін­бей жатырмыз деген өтініш жасаған жоқсыздар ма?» деген прокурор            А. Тұмарбаеваның сұрағына: «Жоқ, ондай өтініш жасаған жоқпыз, бола­шақта да қазақ тілінде жауап беріп жүрмесін деп бірден сотқа бердік» дегендей мағынада жауап қайтарды. Міне, мүдде қайда жатыр?! «Вечер­ний Талдыкорган» газетіне қандай мекеме қай кезде болсын тек қана орыс тілінде жауап қайтаруы тиіс екен. Іс қағаздары да толықтай орыс тілінде жүргізілсе тіпті жақсы. Ал бүкіл редакцияға «түсініксіз» көрінген мемлекеттік тіл туралы әзірше сөз қозғаудың қажеті жоқ...

«Вечерний Талдыкорган» газеті­нің журналистері, әрине, олардың арасында Қ. Мұсабеков пен З. Жота­баева да бар, болашақта осы депар­тамент сияқты әлдебір мекеме өзде­ріне ана тілінде, яғни мемлекеттік тілде жауап беріп қоя ма деп қатты қауіптенетіндіктерін байқатып қалды. Бар-жоғы екі-ақ сөйлемнен құралған қатынас хатты өздері де аудармай, Департаментке аударып беріңдерші деген өтініш хат та жазбай бірден сотқа беру себептері де сондықтан. Жазатайым ондай қорқынышты оқи­ға болып қалмас үшін олар соттасуға да дайын, қып-қызыл отқа түсуге де бар. Олай болса, іс қағаздарын толық­тай мемлекеттік тілде жүргізуге көшеміз деген игілікті жоспарлары­мыз қайда қалады?..

Қазақстан азаматының консти­туциялық құқықтары мен еліміздің басқа да заңдылықтары қай кезде бұзылады? Тікелей жасалған өтініш аяқсыз қалса, ондай өтінішті орын­даудан бір емес, бірнеше рет бас тартылса, басқа амал қалмаса ондай заң бұзушылық жайында сөз қозғауға болар еді. Ал біз сөз етіп отырған жағдайда қандай заң бұзушылық туралы әңгіме қозғауға болады? «Вечерний Талдыкорган» газетінің редакциясына тиісті хабарлама жібе­рілді, редакцияның, департаменттің қатынас қағазына сәйкес Талды­қорған қалалық білім бөлімі газетке ресми тілде жауап қайтарды. Газеттен хабарламаны ресми тілде жазып беруді сұраған өтініш хат та түспеген. Ондай өтініш  хат түсіп, оған депар­тамент қызметкерлерінің орыс тілінде жауап беруден бас тартқан оқиғасы да тір­келген жоқ.

Бұған дейін де екі рет соттасқан газет пен департаменттің арасында қағаздың аз жүрмегені айдан анық. Департамент тарапынан осы уақытқа дейін «Вечерний Талдыкорган» газе­тінен келген қатынас қағаздардың барлығына орыс тілінде ғана жауап қайтарылып келгендігі сот мәжілісінде белгілі болды. Ендеше «Вечерний Талдыкорган» газетінің тырнақ асты­нан кір іздеп, қит етсе тіл мәселесін, ұлтаралық қатынас жайын алға тарта беруін қалай түсінуге болады?

Иә, Конституциямыз бойынша орыс тілі мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қолданылады. Бұған еш­қандай дауымыз жоқ. Бірақ сөз болып отырған жағдайда орыс тілі емес, нақ қазақ тілі - мемлекеттік тіл кемсітіліп отыр емес пе? Мәселен, балалар құқығын қорғау департаменті осы уақытқа дейін аталған газеттің орыс тілінде жазылған барлық қаты­нас қағаздарына (06.10.09 ж. жа­зылған №927, 15.10.09 ж. жазылған №970, 15.10.09 ж. жазылған №972, 28.10.09 ж. жазылған №1015, 11.12.09 ж. жазылған №1153-1, 15.0310 ж. жазылған №02/246, 26.04.10 ж. жазылған №02/426, 06.05.10 ж. жазылған №02/452, 07.05.10 ж. жазылған №02/462, 18.05.10 ж. жазылған №02/506, 25.05.10 ж. жазылған №02/547, 19.06.10 ж. жазылған №02/770, 09.08.10 ж. жазылған №02/849, 27.09.10 ж. жазылған №02/1040, 28.09.10 ж. жазылған №02/1046 қатынас хаттарына тек қана орыс тілінде жауап беріп келген. Сотқа беріліп отырған оқиғадан басқа уақытта редакцияға департаменттен қазақ тілінде жазылған бірде-бір қағаз түспеген. Оның өзінің жағдайы осын­дай болып отыр. Сонда екі тіл тең дәрежеде қолданылады деген тұжы­рым қайда қалады?

«Вечерний Талдыкорганның» сот­қа берген талап арызында мемле­кеттік тіл деген бір ауыз сөз кез­деспейді (заңнамадан келтірілген үзінділерді қоспағанда). «Біз үшін түсініксіз тілде», «өтініш берілген тілде емес» дегендей болып кете береді. Сонда мемлекеттік тілге деген қарапайым құрмет қайда деген сауал да туындамай қоймайды.

Басты байлығымыз болып табы­ла­тын ұлтаралық татулығымызды сақтауда бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдеріне үлкен жауап­кершілік жүктеледі. Сондықтан мем­лекеттік тілде бір рет қана беріліп қалған жауап үшін ұлтаралық қаты­насқа нұқсан келіп, конституциялық құқығымыз бұзылды, тілдік кемсі­тушілікке ұшырадық деп жалпақ әлемге жар салудың, сөйтіп мамы­ражай тірлік кешіп жатқан отан­дастарымыздың бір бөлігінің бойында құқығымыз шынында бұзылып, кемсі­тушілікке ұшырап жатырмыз ба дегендей күмән тудырудың қажеті қанша? Бұл тұжырым ең алдымен «Вечерний Талдыкорган» газетінің редакциясына қатысты. Егер олай болмаса, қалалық «Талдықорған» мен ауданаралық «Алатау» газеттері «Ұлт­сыздану кімге тиімді?», «Қазақ ру­хы­на қарсы шабуыл тоқтатыл­сын!», «Сарсаңға салған басылым», «Үнпа­рақ па, жынпарақ па?», «Жазалаймын деп жазықты болды» деп шырыл­дамас еді ғой. Бұлардың қатарына «Жетісу» газетінде жарияланған «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» атты мақаланы қосуға болады. Әр жастағы әр ұлттың өкілдері, түрлі мамандық иелері, қоғамдық ұйымдар жетекші­лері қол қойған мұндай мақалаларда ең алдымен «Вечерний Талдыкорган» газетінің атына өкпе, реніш айтылады. Айтылған орынды сыннан тиісті қорытынды шығармай болмайды.

 

Ақпарат ретінде: Талдықорған қалалық сотының судьясы С. А. Құрбанованың төрағалығымен 2010 жылғы 1 қазанда өткен сот мәжілісі «Вечерний Талдыкорган» газетінің бас редакторы Елена Бурлуцкая мен аталған басылымның журналистері Зәуре Жотабаева, Құралбек Мұсабековтердің Алматы облысының балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры, лауазымды тұлға, мемлекеттік қызметкер Г. Ермекбаеваға қойған талап арызын қанағаттандырмай тастады.

«Жетісу» газетінен алынды

Түпнұсқадағы тақырып: Тисе терекке, тимесе бұтаққа

немесе «Вечерний Талдыкорганның» журналистері мемлекеттік тілді неліктен «түсінбей қалды?»

(Мақаланың толық нұсқасын Аймақтар. Абай.кз сайтынан оқи аласыздар)

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5392