Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5876 1 пікір 16 Тамыз, 2017 сағат 10:36

Жолбарыс

Оның аты Жолбарыс. Жолбарыстың ішкі әлемі қандай болатынын бұл білмейтін, алайда, сырт келбеті мүлде ұқсамайды. Әйтеуір, алғаш көзін ашқанда көрген бес жасар бала, өзінен үлкен үміт күтті ме, әлде аузына түскені сол болды ма, атын Жолбарыс деп қойған.

Одан бері қаншама уақыт өтті. Ит-өмірдің басы, расында да сайран еді. Енді өсіп келе жатқан кезінде сауырының жүні жат-жұлт етіп, көздің жауын алатын. Көздері де өткір еді. Анау-мынау көше иттері мұны көрген кезде ұстасып көрместен-ақ ығып тұрушы еді. Ұстасқан кездері де болды. Сирек. Бірақ соның өзі біраз «мен» дегендердің мысын басып алуға себеп болған.

Бәрі жиналған жиындарда түрлі-түрлі ит жиналатын. Олардың арасында, құйрығын қысып, құлағын жымқырып жылмаңдап жүретін шын қорқақтары да, азуын ақситып, өтірік айбат танытқанымен, ар жағы қуыс, өтірік батыры да, өзін еркін ұстайтын, осы өмірінің өзіне риза, ешкімнің бағы мен «тағына» қызыға қоймайтын қарапайымдары да, шабаланып келетін, алайда азу тіс көрсе қыңсылап жата кететіндері де бар еді. Барлығы мұның мінезіне қанық. Сондықтан ба, мұның алдында бәрі өзінің шынайы бет-бейнесін жасыра алмайтын.

Бәрі өзінен болды. Басқа көшеден келген, өзінен сымбаты артық, көздері өзінен нұрлырақ Төбетті көрген кезде-ақ алдағы өмірінде үлкен өзгеріс боларын сезген-ді. Төбет ортаға өзі келіп қосылған жоқ. Бұлардың тобына алыстан көз тастап, паңдана өтіп бара жатты. «Мынаны қайтеміз?» дегендей өзіне сұраулы жүзбен көз тастағандарға, бас изеп, есінеп қойып, жата берді. Сол-ақ екен, әлгі төбетті біреуі тіміскілене тие қашып, екіншісі шабалана, үшіншісі шәуілдеп, тағы бір арпылдап барып, бас салды. Егер ит күле алатын болса, Төбет мысқылдай мырс еткен болар ма еді? Қарсы келгеннің бәрін мойнынан бір қарпып, әрі де, бері де лақтырып жіберіп, «Сен неге жатырсың, кел, көрейік әуселеңді» дегендей бұған басын қисайта көз тастады. Осы бір сәт Жолбарыстан ес кетті. Төбеттің басын қисайтып, сұраулы жүзбен, сұстана әрі еркелей қараған сол көзқарасы мұның есінде мәңгі қалды. Жолбарыс та өзінің осы маңның игі жақсысы екенін білдіргісі келгендей еріне басып, Төбеттің қасына барды. Төбеттің түрінен мұнымен ұстаса кету ойында жоқ екені анық байқалып тұр еді. Оның бұл қылығы Жолбарысты тығырыққа тіреді. Түк көрмегендей бас салып, лақтырып жіберуге дәті бармады. Ал егер Төбеттің бойынан сәл де болса өшпенділік байқалғанда, қанға бөктірері анық еді. Өз ортасында бұрын-соңды мұндай «мәдениетті» көрмеген бұл әбден састы. Ақырында қасына барып, басын төмен салды. Төбет мұның мойын тұсына тұмсығын тигізіп барып, шаршаған түр байқатып, күрсінді. Бүйткенше ашық төбелеске шақырғаны жақсы еді. Амалсыз бұл да күрсінді.

Сол күннен бастап бұлар екеу болды. Бірінен бірі асып тұратын. Кейде ойнап алысып кетсе, Төбет өзінің осалдығын сезіп, намыстанып-ақ қалатын. Ондайда, Жаратқанның ұрғашы атаулыны бәрібір кем жаратқанын есіне салып, ойынның артын ойнаққа айналдыра салар еді. Енді Жолбарыс өзінің осалдығын мойындайтын. Ойнақтан соң Төбеттің мейманасы тасып, арқалана аунап-қунап тұра жүгірсе, бұл өзінің жаратылысына жаны күйіп, алысқа, тым алысқа мағынасыз көз тастап, көздері жасаурап ұзақ қарайтын.
Басқа қаншықтар жұпсыз болса да, жыл сайын алты-жеті күшіктен күшіктейтін. Барлығы болмаса да, көбі Төбеттің күшігі еді. Жолбарыс күшіктемеді. Содан ба, Төбет те бұған суына бастаған сыңайлы. Баяғы алдына келсе, жүні жығылып қалатын бейшаралар қала көшесінің қоқысын аралап, тіміскіленіп жүрген иттің санын көбейткеніне бола, бұған мұрын шүйіріп қарайтынды шығарды.

Үшінші жыл дегенде жалғыз күшік туды. Көзін ашпаған, жып-жылы күшігіне қарап-ақ өзінен де, әкесінен де аса туғанын білді. Кеудесін мақтаныш кернеді. Бір сәт сонау бір кездері қаптаған иттің мысын басқан қаһарына қайта мінгендей ме?.. Күшігіне мейірлене бір көз тастады да, өзі жатқан қуыстың бетон тесігінен сыртқа көз тастады. Жаздың жалқыны кетіп, күздің салқыны келе бастаған екен. Жан-жағы әлі жап-жасыл болғанымен, қара асфальт бетінде бірен-саран сары жапырақтар ұшып-қонады. Әріректе қоқыс жағалаған өз тобын көрді. Төбет бастап, жаңа түскен қағаз қорапты ақтарып, әлденеге таласып қалып жатыр. Әлсізі баса-көктеуге именіп, жаңа қорапқа қарай баруға жүрегі дауаламай, кешегі қоқыстарды ақтарып әлек.

Жылмаңдап Төбеттің жанына барған сары ит тездетіп, бір қарпып қалмақ болып еді, Төбет арс еткенде, зып беріп, келесі қоқыс жәшігіне қарай тайып тұрды.

Үн шығармай жатқан күшігіне тағы бір қарады. Желкесінен көтеріп тазалау жерге қайта жатқызып еді, мыңқ етпеді. Күшігін иіскеп біраз тұрды. Мұның да ит-өмір кешері, қанша мықты болса да, ақыр соңы қоқыс аралап қаңғып кетері елестеп кетті ме, кенет күшігін желкесінен алды да, қуыстан шықты. Тау жақты бетке алып, жүріп берді. Ара-тұра артында қалып бара жатқан алпауыт қалаға көз тастайды. Түн болды. Көлігі де, иті мен мысығы да күні-түні ұйықтамайтын қаланың ішінде бірдеңесі қалып кеткендей шамдарға ұзақ қарады. Екінші күні қала да көзден ғайып болды. Алып қала түтін екені, тұман екені белгісіз әлденеге оранып қалып кетті.

Құзар шыңның басына шыққанда таң қылаң берген екен. Таңғы салқын ауаны қызықтап, күшігін жалап біраз жатты.

Кенет, күшігін аузына тістеген бойы құз басынан түбі көрінбейтін шұңқырға қарғып кетті.

Бану Дәулетбаева

Facebook-тегі парақшасынан

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502