Ғаббас Қабышұлы. Алматы. 1986. Желтоқсан
(кітаптарымыздың қалай шыққан хақында)
Бір қалыпта тұрмайтын ой-хой өмір адамды күнгейіне де, теріскейіне де шығарады, ойын да, қырын да шарлатады. Жеке жанды ғана емес, табысқан топты да, қауым-халықты да сан сынынан өткізеді. Сүйініш пен күйініш кезектеседі. Өмір, тағдыр дейсің. Бәрін де бастан кешіресің. Әр істі өзіңше не оң деп, не теріс деп топшылайсың. Өйткенің дұрыс болуы да, бұрыс болуы да мүмкін. Пендесің. Менің қағазға түсірген мына пікірлерім де -пендешілік түйсіктерімнің түйіндері.
Совет Одағының дізгін-шылбырын бір өзі қарысып ұстаған СОКП Орталық Комитетінің көкелері нұсқады да, 1986-жылғы желтоқсанның 16-сы күні СОКП ОК Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев орнынан босатылды. ҚКП ОК пленумы мәселені 18 минөтте шешті. Димекеңнің биік тағына Ресей Федерациясының Ульянов облысы билігіндегі аласа тақта отырған беймәлім біреу, Г. Колбин деген, қонжитылды. Сол күннің ертеңінде Алматының қазақ студенттері мен жұмысшы жастары Л. Брежнев атындағы алаңға жиналып, партиялық ол шешімге наразылықтарын ашық білдіруге кірісті. Ниеттері түзік.
(кітаптарымыздың қалай шыққан хақында)
Бір қалыпта тұрмайтын ой-хой өмір адамды күнгейіне де, теріскейіне де шығарады, ойын да, қырын да шарлатады. Жеке жанды ғана емес, табысқан топты да, қауым-халықты да сан сынынан өткізеді. Сүйініш пен күйініш кезектеседі. Өмір, тағдыр дейсің. Бәрін де бастан кешіресің. Әр істі өзіңше не оң деп, не теріс деп топшылайсың. Өйткенің дұрыс болуы да, бұрыс болуы да мүмкін. Пендесің. Менің қағазға түсірген мына пікірлерім де -пендешілік түйсіктерімнің түйіндері.
Совет Одағының дізгін-шылбырын бір өзі қарысып ұстаған СОКП Орталық Комитетінің көкелері нұсқады да, 1986-жылғы желтоқсанның 16-сы күні СОКП ОК Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев орнынан босатылды. ҚКП ОК пленумы мәселені 18 минөтте шешті. Димекеңнің биік тағына Ресей Федерациясының Ульянов облысы билігіндегі аласа тақта отырған беймәлім біреу, Г. Колбин деген, қонжитылды. Сол күннің ертеңінде Алматының қазақ студенттері мен жұмысшы жастары Л. Брежнев атындағы алаңға жиналып, партиялық ол шешімге наразылықтарын ашық білдіруге кірісті. Ниеттері түзік.
Ол кезде «оқиға», бертінде «көтеріліс» делінген сол тарихи жәйт жайында аз айтылған да, аз жазылған да жоқ. Әлі де айтылады да, жазылады да. Себебі: толқудың қалай басталғаны, қалай шиеленіскені әлі анықталмаған қалпында. «Алай болды... былай болды...» деп жүрміз. Сондықтан да шығар, бүгінде «Желтоқсанның қаһармандары» көп. Небір атақты үлкен-кішілеріміз жылда желтоқсан айы қарсаңында: «Мен сол күні қатты ашуландым, тура цэканың өзіне звондадым, жастарды жақтадым!», «Мен дереу совминге звондадым, жастарды қорғадым!», «Мен Колбинге барып, қателіктерін бетіне бастым!», «Мені Колбин шақырып, сіз беделдісіз, пәлен институтқа барыңыз, жастарға ақыл айтыңыз деп еді, азғырғанына көнбедім!»-деп сұңқылдайды. Сол кезеңде жастарды жазғырып сөйлеген, хат, мақала жазған шіркіндердің біразы кейінде: «Жо-жоқ, мен өйткен жоқпын!» десе, кейбіреуі ештеңе көрмеген, ештеңені білмеген кейіпте, мысықтірлікпен жүр. «Цэка мені алаңға жібертпей қойды, жастарды жақтап сөйлеуіме рұхсат бергізбеді, кэгэбэға бақылаттырды», -деп ышқынатын басшы-қосшылар біздің әдебиетшілер ауылынан да табылды. Тіпті ол аптада ауылы жақта болғандардың кейбірі: «Мен алаңда жастарды арашалап, бір офицердің тұмсығын бұздым!», «Студент қыз-жігіттерімізді қорғағаным үшін мені «үш әріптің» кісілері пәлен күн қамауда ұстап, түглен күн соңымнан қалмай аңдып жүрді», «Мен жастарды бірден қолдап, бір тобын бастап кеп кеттім» дегендей ертегі айтты. Көтеріліске қатысып, тауқымет тартқан студенттердің бірнешеуі кейінде: -Ақын-жазушы зиялы ағаларымыз қиын сағаттарда бізді қолдамай қойды. Жазушылар одағына дүркін-дүркін барып: «Олжас аға! Ағатайлар! Қайдасыңдар?! Бізді қорғасаңдаршы!» дегенімізде кабинеттерінен шықпай отырды!-деп ашынып жазды (егер жаңылмасам, «Лениншіл жас» гәзетінде). Мен ол жылы «Ара- Шмель» журналында қызметтемін, желтоқсанның аяқ шенінде бір күні Жазушылар одағына барғанымда таныс вахтермен амандасып, хал-ахуал сұрасқанымызда оның: -«Жастарға обал болды ғой. Сол күндері осында бірінен кейін бірі топ-топ болып келіп, Олжастан бастап секретарьлардың бәрін атап, этаждарды аралап жүргенде ешкім шықпай қойды, қорқынышты болды емес пе?» дегені есімде. Олжас Сүлейменов болса, «АиФ. Казахстан» апталығы тілшісімен сұхбатында болар, өзін КГБ аңдығанын, сонда да ҚКП Орталық Комитетіне барып, алаңдағы жастардың алдына шығып сөйлегісі келгенде ондағылардың ұлықсат бермей қойғанын айтты. Ал жазушы Софы Сматаев 2006-жылғы бір мақаласында (қай гәзет екені есімде қалмапты) жастар бұлқынысының бірінші күні «абыржыған Олжас күні бойы менің кабинетімде отырды» деп жазды. Софы партияның Орталық Комитетінде, мәдениет бөлімінің сектор меңгерушісі еді-ау деймін. Жазушылар одағында басқарма хатшысы болған Қалаубек Тұрсынқұлов Желтоқсанға қатысты әңгімелесіп отырғанымызда: -Сол күні түстен кейін келген Олжасты біз «Сен қызбасың, бірдеңеге ұрынып қаласың, үйіңе бар да жат», деп дереу қайтарып жібергенбіз, ол содан кейін көрінбеді, -деген-ді.
Бұл сөздердің қайсысы дұрыс екенін білмеймін, білуім шарт та емес, бірақ осы ыңғайда мынадай бір пікірім бар: жастардың мыңдап жинала бастағанынан сескенген колбиндер оларға тоқтау айта алар беделді кісілерін алаң шетіндегі мінберге кезек-кезек шығарып сөйлетіпті. Егер Олжасқа: -Барыңыз, жастарға ақыл айтыңыз, тарқасын, -десе, меніңше, жастар жақсы көретін ақын ол айтқанды орындар еді, жастарды қыздырмалап сөйлемес еді.
Сондай-ақ, Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың жастар алдына неге шықпағаны да түсініксіз. Өзі жазғандай, Колбин шақырыпты, жастарға ақыл айтыңыз депті, содан соң Кремльмен сөйлесіп, қабылдау бөлмесінде екі сағаттай күттіріпті де, Мирошхин арқылы: Үйіне қайта берсін, мәселені мұнда өзіміз-ақ реттейтін болдық, -деп сәлем айтып, автокөлікпен үйіне жеткіздіріп салыпты.
Д. Қонаев бірінші секретарьлықтан босатылса да, СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшелігінен босатылмаған еді ғой? Яғни оның құқығы Саяси бюроның маңында жоқ Колбиннің құқығынан әлдеқайда жоғары емес пе еді? Әрине! Ендеше ол оның қабылдау бөлмесінде неге екі сағат үнсіз отырды? Егер Горбачевпен сөйлестіруді дереу талап етіп, оған: -Екеуіміздің құқығымыз әзірше бірдей, мен жастардың алдында сөйлеймін! -десе, Горбачев Колбинге: -Ойбай, анау Қонаевты тез ұстаңдар, шығармаңдар! -деп бұйрық бере алмас еді. Бұл бір. Екіншіден, Димекең Орталық Комитет ғимаратына келісімен бірден алаңға, мінберге беттесе, күні кеше өсі өсірген министр ме, генерал ма - есі дұрыс ешкім оның жолына көлденең тұрмас еді. Ал жастардың алдына шыққан соң, әрине, Димекең оларды одан әрмен арандатпайды, сабырлы болуға шақырады, партия шешімін түсіндіреді, сәл шыдау керектігін, бәрі де орын-орнына келетінін, дұрысталарын, қазіргі талап-тілектерінің қабыл болатынын айтады. Солай істесе, өзін құдайдай құрметтейтін жастар, кім, неше жерден арандатса да, Димекеңнің тілін алып, «Менің Қазақстанымды» шырқаған күйі біртіндеп тарар еді. Мен бұған әсте күмәнданбаймын!
Мен көтеріліске қатысқан да, кейін «қаһарман» болған да жоқпын. Ол тұста «Ара-Шмель» журналында қызмет істейтінмін. Желтоқсанның 17-сі күні таңертең «орталық алаңға жастар жиналып жатыр екен» дегенді естідік. Жиналса наразылықтарын білдіріп сөйлер де тарқар дестік. Сағат 15-те мені Фрунзе (Медеу) аудандық партия комитетіне шақырды. Гәзет-жорналдардың Бас редакторларын, мәдениет мекемелерінің бірінші басшыларын, яғни коммунистерді жинаған екен. «Жастар толқып, алаңға ағылып барып жатыр. Сіздердің де баруларыңыз керек, жастарға жөн айтпай болмайды. Сәл тоса тұрыңыздар, қашан апаруды партияның Орталық Комитеті айтатын болды. Ескертеріміз, өтінеріміз: қолдарыңызға қару ретінде ештеңе алмаңыздар!» деді аупартком хатшыларының бірі. Кеңсе алдында біржарым сағат тұрдық. Әрқилы әңгіме болып, әрқалай пікір айтылды. Ақырында көпшілік: -Жастар жиналып, ашулана сөйлеп-сөйлеп алады да тарайды. Комсомол партияның шешімінен теріс кетуші ме еді?! -дедік. Шын ойымыз сол болды. Бір кезде аупартком хатшыларының бірі келіп: -Жолдастар, баспасөз қызметкерлері, сіздер боссыздар, жұмыс орындарыңызға бара беріңіздер. Басқалар сәл тоса тұрсын, Орталық Комитеттен әзірше команда жоқ, -деді.
Ертеңінде жорнал ұжымы күні бойы жұмыс орнымызда болдық. Жорналдың әрбір кезекті санының материалдары бір ай бұрын әзір етіліп, әр айдың 19-20-сы күні баспаханаға өткізілуі керек. Біз жаңажылдық санын дайындауда едік. Әдетте қазақ, орыс тілдеріндегі фельетондарды, әзіл-сықақ әңгімелер мен өлеңдерді соңғы рет сұрыптау, қажет болып қалған жаңаларын оқу, алып-қосып толықтыру, карикатураларды іріктеу, макет жасау дегендей жұмыстардың барлығын төрт көзіміз түгел отырып атқарамыз. Сөйтіп, 18-і күні кеңседен кеш шықсақ - көше гу-гу сұмдық сөзге толы. Үйге келсем, әйелім Зада: -Аман келдің бе? Мына телефон да қырсығып сөйлемей қалды. Алаңда жастарды ұрып-соғып, итке талатып таратыпты дейді. Топ-тобымен түрмеге алып кетіпті дейді! -деп шошып отыр. Мен сенбедім. Капиталистік елде болатын ондай сұмдықтардың біздің елде болуы мүмкін емес қой! Мен де-октябрат болып, пионердің, Ленин комсомолының қалыбында өсіп, Компартияның оқшантайында жүргендердің бірімін. Комсомолдың партияға қарсы шығуы мүмкін емес!
Радионы тыңдадық, теледидарға үңілдік. «Алаңға жиналып, бейбастақ әрекет жасаған жастар тәртіпке шақырылды» дегеннен өзге ештеңе айтылған жоқ. Сұмдықтың бәрін ертеңінде естіп білдік.
Алас-күлес тірлік басталды. Барша партия, комсомол ұйымдары «анау тентек, саяси білімі таяз жастарды» айыптап жиналыс өткізуге жоғарыдан қатаң нұсқау алып, орындауға кірісіп кетті. Біз қалайда ондай әрекет жасаған жоқпыз.
Арада екі апта өткенде іңірде үйге Сағат Әшімбаев келді. Республика телерадио комитеті төрағасының орынбасары. Баяғыдан бір отауымыз болып кеткен ініміз. Жұбайы Шәрбану Бейсенова (жазушы)-менімен жерлес. Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданынан. Сағат көңілді сәттерінде мені «қайынаға» деп еркелене сөйлеп, көңілсіз кезінде «Ғаб-аға» дейді.
-Ғаб-аға, жұмыстан жаңа шықтық, оңаша сөйлесуге келдім, сұмдық, Ғаб-аға, сұмдық! - дейді. Өңі -сұп-сұр, дауысы --дір-дір.
-Сабыр еткейсің, күйінбегейсің. Халқымыздың жүйкесін шабақтайтын шаққа тап болдық қой, бұдан арыда не күй кешерімізді кім біледі, қылар қайран жоқ, аяғымызды аңдап басып, артын бағамыз да, -деп өзімше жұбата сөйледім.
-Анау үлкен цэканың қаулысы бар ғой, сондағы «казахский махровый национализм» деген формулировканың «махровый» деген сөзін мына біздің цэканың идеология бөлімінің меңгерушісі Альберт Устинов қосыпты!
-Қой?! Оны кім айтты?
-Менің цэкадағы жолдастарым айтты. Қаулының текстін осындағылар дайындаған екен, ал оның соңғы вариантына бұрынғыларында болмаған «махровый» деген сөзді Устинов автоқаламмен жазып апарып бастырыпты, машинисткалар соның жазуы депті, таниды ғой.
-Жазу сонікі болса болар, бірақ ол өз төтесінен жаза алмас. Меніңше, ол сөзді Мәскеуден келген «көсемдердің» бірі қосты, немесе біздің жағымпаз «көсеулердің» бірі айта қойды. Устинов бишара писарь болып отырған да, «қос, жаз!» деген соң машбюроға ала жөнелген шығар. Солай, күйеу бала! -дедім, Сағаттың көңілін желпігім келіп.
-Логично, қайынаға, логично, бірақ күйеубалаңыз сол Устиновқа бәрібір сенбейді, -деп Сағат ақырын ғана салқын жымиды. Үні сәл-пәл жеңілдеген сияқтанды.
-Жеңгеңнің қышқылданған арпа көжесі бар, екеуіміз содан бір-бірі шараны тастап алайық, содан кейін әңгімеміздің арғы жағы, Оспанхан ағаң айтқандай, «мидай жазық дала» болады, -деп едім, күйеубаламыз ғадетінше басын изей сылқ-сылқ күлді.
Бізді көңілдендіруге көженің күші жетпеді. Сағат сәлден соң қайтадан тұнжыраңқырап, қабағын түйіңкіреп, көзәйнегін сұқсаусағымен көтеріп қойып:
-Ғаб-аға, әңгімемнің секреті бар, соны айтайын... бір сұмдықтың боларын ішім сезді де, он алтысы күнгі іңірде бір сенімді қызметкерімді оңашалап алып: «Ертеңдер алаңда не болса да видеокассетаға түгел түсіріп жазып ал. Тірі жан көрмейтін, білмейтін болсын, ыңғайлы жасырын жер тауып ал да, түсір де отыр» дедім. Ол екі күн бойғы сұмдықты түп-түгел жазып алды. Кассетаны менің сейфіме салып тастадық та, бірде түні бойы тағы оңашада көрдік... Сұмдық, Ғаб-аға, сұмдық!.. Шерудің қашан, қалай басталғаны, кімдердің жастарды қорқытып-үркітпек болып мінберге шығып, не деп көкігендері, милиция мен әскер офицерлерінің шовинистік былапыт боқтықпен барқырап бұйрық бергендері, жазықсыз жастардың қандай қорлық-зорлық көргендері дейсіз бе... бәрі-бәрі бар... Неткен сұмдық! Неткен жауыздық!-деген Сағат тұтығып, қалшылдай бастады. Тіксініп тыңдап отырған менің де бар қаным басыма тепкен. Әйтсе де, кіршіксіз жүрегінің бұрыннан ақауы бар ініме жаным қатты ашып, иығынан құшақтай алып:
-Айналайын Сағат-жан, сабыр сақташы, қайратты едің ғой, ашуыңды алға түсірмеуші едің ғой, қамықпашы, мүжілмеші, қайратты едің ғой! -дей бердім.
Екеуіміз біраз үнсіз отырдық. Сағаттың көңіл күйі сабасына түскендей болды. Құшағымды жазып, арқасынан ақырын ғана қағып:
-Ата-бабаларымыз: «Сабыр түбі -сары алтын» демеді ме. Ғажап нақыл ғой, ә?! Күйеубала, сендер мықтап бір ерлік жасаған екенсіңдер, шынында нағыз ерлік! Ал енді сол кассетадан бірнеше көшірме жасат та, біреуін маған бер. Жалғыз дана болса, ол, өзің білесің, «жаман айтпай жақсы жоқ», тіміскі сатқындардың біреуінің көзіне түсіп қалса, құрып кетеді ғой, сондықтан көп кешіктірмей көбейтіңдер. Ондай құнды дүние бағаланатын күн туар, сонда керек болады. Не өзің, не жаңағы сенімді дос-жолдастарыңның бірі соның негізінде кітап жазарсыңдар, хабар жасарсыңдар. Мен де қарап жатпаспын. Қалай, күйеубала, қайынағаң дұрыс айтты ма?-дедім. Сағат жымия басын изеді де:
-Оны достарымның бірінің үйіне тығып қойдық, жоғалмайды. Сіз біздің радиодағы Рабат Жәнібековті білесіз бе? -деді.
-Ал сен Тоқтарбек Қызықбаевты білесің бе? -деп жорта қағыттым.
-Ақын Тоқаң ба? Неге білмеймін, ол кісі де қайынағам емес пе? -деп көңілдене түсті.
-Ендеше мен де Рабатты білемін, сенің ағаң, ал ол-сол қайынағаңның, менің інімнің туған құдасы!
-Түуһ, қайынаға, шидей тоқылған туыс болып шықтық қой! Шығыстан келіншек алғаным мұндай жақсы болар ма?! -деп Сағат сылқ-сылқ күлді де: -Ғаб-аға, Рахаң біздің жаңағы шаруамызды біледі, егер іздегеніңізде болмай қалсам, сол ағаммен хабарласарсыз,--деді.
...Бейнетаспадан көшірме жасалар деп әне-мінемен жүргенімде уақыт шіркін зымырап, бір күні қайран Сағаттан кенет айырылып қалдық... «Егер іздегеніңізде болмай қалсамды» аузына құдай салған екен... Іздедім... Рабатқа телефон шалып, бейнетаспа жайын сұрап едім, ол оны білгенімен, сақтауға Сағаттың дәл кімге бергенін білмейтінін айтты.
Тарихи құнды ол бейнетаспа кейінде Желтоқсан көтерілісіне арналған деректі хабарларға пайдаланылған тәрізді. Толық қалпында ма, әлде жарым-жартылап па, ол жағы маған мәлім емес.
...Жазушылар одағымыздың құзырындағы Көркем аударма және әдеби байланыс Бас редакциясының алқасында төраға кезім.
1990-жыл. Егер жаңылмасам, шілде айының 25-нші күні, сәрсенбі. Бесін әлетінде кабинетіме Тойболды Зейнәбілев пен Талғат Айтбайұлы келіп кірді. Тойболды -Алқаның баспаханалар жөніндегі қызметкері де, Талғат -Алқаның Қазақ әдебиеті редакциясында редактор.
-Иә, жігіттер, төрлетіңдер, не жаңалықтарың бар? -деп қарсы алдым екеуін. Түскі үзіліске дейін әдетімізше күнделікті шаруаларымызды пысықтағанбыз, енді қосымша ақылдасатындай ештеңе жоқта келгендері тегін тәрізденбеді.
-Аға, бізде бір ұсыныс бар, --деді жұмсақ үнді Талғат, жымиып жайғаса бере.
-Иә, аға, қызық ұсыныс, --деді көтеріңкі сөйлейтін Тойболды.
-Ұсыныстың болғаны жақсы ғой, кәне, айта қойыңдар, --дедім, шын ынталанып.
-Аға, сексен алтыншы жылғы желтоқсан оқиғасы жайында кітап шығарсақ қайтеді? -деді Талғат.
-Қолымызда ешбір материал жоқ қой? Содан кейін үкіметтердің ондай оқиға туралы документтерді жиырма жыл ма, жиырма бес жыл ма, әйтеуір, ұзақ мерзімге архивке тапсырттырып, сол уақыт өткеннен кейін ғана пайдалануға рұхсат деп жауып тастайтын заңдары болушы еді, бізде де сөйткен жоқ па екен? -дедім.
-Оқиғаға қатысы болған кісілермен сөйлестік, милиция, прокуратура, сот орындарында жора-жолдастарым бар еді, олар материал жинауға көмектесетін болды, тек өздерінің аты-жөнін жария етпеуді өтінді. Республикалық прокуратурада істейтін бір жолдасымда материал көп екен, ол алдында соның бәрін өзі жинақтап, бір ізге сала қорытындылап жазып беруге құлшынды да, екі күннен кейін, бүгін, айныңқырап отыр, өзіне, бала-шағасына қатер болып жүрер деп қауіптенеді-ау, --деді Талғат.
-Қауіп-қатердің болуы әбден мүмкін. Қолындағы материалдардан көшірме берсе, сол да жетпей ме бізге, аты-жөнін атамай-ақ қоялық, ол жағын сөйлестің бе?
-Сөйлестім, ертеңдер бір хабарын беретін болды.
-Көшірме береді ғой, бермей не қылады? Пәленбайдан алдық деп аты-жөнін жазбаймыз, солай емес пе, а, аға?- деді Тойболды.
-Жігіттер, ұсыныстарың жақсы, дұрыс. Қолдаймын, кірісіңдер. Тек абайлаңдар, әрбір материал дәлелді болсын. Ең әуелі Мұхтар Шахановпен жолығып, ол бас болған комиссияның құжаттарын, Мұхтардың баяндама, сөз, сұхбат атаулысын түгендеңдер. Осында, мәжіліс залымызда, Колбинмен болған кездесуде Жұбан Молдағалиевтің, Сафуан Шаймерденовтің, Әзілхан Нұршайықовтың айтқан сөздерін берелік. Ашынып қарсы сөйлеген сол үш ағамыз ғой. Арғысын тағы ақылдасармыз, тек байқаңдар, біреу-міреулер алдап, арандатар бірдеңе жазып былықтырмасын және өздерің сақ жүріңдер, -деп шын ойымды айттым.
-Әрине, --деп қалды Тойболды.
-Кітаптың көлемі материалдың жиналғанына қарай болады да, --деді Талғат, ойлана сөйлеп.
-Жігіттер, шығаруға бел байлайды екенбіз, онда кітапты қазақ тілінде ғана емес, орыс тілінде де шығарайық, документтердің дені орыс тілінде болады ғой және оқиғаның мәні орыстілді көпшілікке де жетсін! -деп едім, Талғат пен Тойболды қуана құптап:
-Дұрыс!
-Иә, дұрыс болар еді! -десті.
Кетуге ыңғайланып тұра бергендерінде Талғат:
-Сонда қаржы жағы қалай болар екен... -деп қалды. Сұрақ қойған сыңайда емес, көңіліндегі дүдәмәлін жасырғысы келмеген ниетпен.
-Оны көрерміз, ақылдасармыз, жолдарың болсын! -дедім.
Талғатты төңіректеген дүдәмәл менің көкейімде де пайда бола қалған. Кітапты шығаруымыз керек! Ол өте қажет!.. Жазықсыз жастарды жазғырған «күштілердің» біреу-міреуі тиым салар болса... тәуекел, оны кезінде көріп алармын, ал кітапты шығаруымыз қажет!.. Бірақ қай қаржымызға?.. Бізге берілген қаржы шамалы. Алқаның аты дағарадай «Көркем аударма...» болып басталғанмен оған жүктелген міндет -жолма-жол аударма жасау ғана. Сол ыңғайдағы бір кереғарлық: «Жазушы», «Жалын» баспаларындағы жолма-жол аударма нарқынан біздің қаламақы бес есе арзан, оны көрген аудармашылар бізден алыстай бастаған да. Соны ескеріп ойландым да, бұл кереғарлықты өз пайдамызға жаратуды ұйғардым. «Биылғы жылдың қалған қаржысын және алдағы жылға берілер қаржыны желтоқсан жайындағы кітаптарға ғана жұмсайын! Қаржы министрлігінің тексергіштері онымды дұрыс емес деп қиғылық салса, тәуекел, кезінде көріп алармын!» деп іштей байлам жасадым.
Талғат пен Тойболды іске құлшына кірісті. Нендей жәйт болып жатқанын күнара мәлімдеп тұрады. Мақала, документ көшірмелері көбейе бастады. Машинкадан өткізіп, оқып, баспаханаға жөнелтуге кірістік. Талғат кітап атын «Алматы. 1986. Желтоқсан» деп қоюды ұсынды. Мақұлдадық. Тойболды «Алтын орда» баспаханасымен шарт жасасып келген (кейін 2--3-кітаптарымызды «Дәуір» баспасы шығарды).
Сонымен, 1991-1992-жылдары оқырман қауымға кітабымыздың қазақ тілінде үшеуін, орыс тілінде екеуін ұсындық. Әлі де бірер кітаптық материалымыз болса да, қаржыдан қағылдық. Министрлікке, үкіметке жүгіргенімізден ештеңе шықпай жүргенде 1993-жылы ақша ауысы келіп килікті де, Қаржы министрлігі Алқаға ұзын құрығын салып, ақырында бізден құтылып тынды. Оған Желтоқсан оқиғасына жел берген, ушықтырған кейбір «мықтының» көмектескенін кейін білдім.
Cөз ретіне қарай ақиқат үшін айта отырар бір жәйт-Жәнібеков Өзбекәлі ағамыздың (топырағы торқа болсын!) «Тағдыр тағылымы» деп аталған туындысының 2-кітабында Алқа туралы ағат пікірдің бар екені. 82-бетінде республика Компартиясы Орталық Комитетінің бастамасымен Жазушылар одағына Аударма алқасы ашып берілді, штатында 42 кісі болды, бірақ басшыларының қабілетсіздігінен тез жабылып қалды делініпті. 1989 жылғы желтоқсанда ашылған Алқа штатында ешқашан 42 кісі болған жоқ, 24 кісі ғана болды. Айлықақысы тым аз, қаламақы жоқ жерге кім жоласын?! Әуелгі төраға Мұрат Әуезов бір жылдан аса бере Жоғарғы Советке депутат болып кетті де, орнына мен тағайындалдым. Штатында әдебиетіміздің ғана мүддесін көздеп құлшынып келген жалаңтөстер: Сәтімжан Санбаев, Акселеу Сейдімбеков, Сабырхан Асанов, Үмбетбай Уайдин, Кеңес Юсупов, Жарасқан Әбдірәшев, Өмірзақ Мұқаев, Роза Мұқанова, Талғат Өтегенов және басқалар бар Алқа мақсат-мүддесіне сай жұмыс істеді. Тек 1994-жыл басталысымен біз де Қаржы министрлігінің нысанасына айналып, «енді сендерді ұстар қаржы жоқ, қағаз да жоқ» дегендей «жоқ-жоқтың» астында қалдық. Сөйтіп, екі жылда төрт мәрте қысқартуға ұшырадық, жабылмасқа лаж болмады. «Аударма алқасын жабу --қателік, ол --әдебиетіміздің басқа жұрттарға танылуын тоқтату!» деген ауызша да, жазбаша да жанайқайымызды не өкімет, не үкімет тыңдамады, Жазушылар одағының басшылары да селқостанып, шет қалып отырды...
Кітап шаруамыз жаққа қайта оралайын. Шығарған бес кітабымыз баспахананың бояуы кеппей жатып-ақ дерлік тарап кетті. Әрқайсысы 80.000 дана болса да! Жер-жерден: «Бізге желтоқсан жайындағы кітаптарыңнан тым болмаса бір-бір дана салып жіберіңдерші!», «Желтоқсан туралы шығарған кітаптарыңды қайдан тауып алуға болады? Қайталап неге шығармайсыңдар?» деген өтініш-талап үсті-үстіне келіп жатты. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан «қылмысы үшін» Алматыдағы, басқа да қалалардағы оқуларынан, жұмыстарынан шығарылып, қуғындалып, ауылға кетуге мәжбүр болған студенттердің, жұмысшы жастардың тартып жүрген тауқыметтері туралы жазған хаттары жиіледі. Талғатқа: -Бұларға сен ие бол, кейін бәрін жинақтап, толықтырып шығарар сәт келер, --дедім.
Аққудың көлінде шүрегейдің де жүретіні сияқты, игі ісімізді басқа есепке пайдаланғандар да болғанын айтуым керек. Кітаптарымызды барлық облысқа, Алматыға тарату ісін Талғат пен Тойболды екеуі қолға алып, қашыққа пойызбен жөнелтуге, жақынға көлікпен жеткізіп беруге кірісіп, күні-түні тынып таппай, азаматтық қажыр-қайрат, жауапкершілік танытып, Желтоқсан идеясын ардақ тұтты! Сол ниеттеріне екі-үш облыста қиянат жасалды: әп дегенде кітапты таратуға дереу келіскен жорналшы, шенеунік кейбіреулер жүздеген, мыңдаған кітапты сатып (біз кітабымыз тез өтуі үшін бағасын қалыптағыдан арзандау да еткенбіз, ал әлгі пайдакүнемдер қанша қосып сатқанын кім білсін!), ақшасын әне-мінелеп жүріп сіңіріп кетті...
Ақиқатты арқау еткен кітаптарымызды жұртшылық құмарта оқып, жоғары бағалады. Республикалық, облыстық баспасөзде ризашылық пікірлер көптеп жарияланды. Бертінде республикамыздың Жорналшылар одағы Талғат пен Тойболдының ерен еңбектерін ескеріп, Одақ силығының иегері атағын берді.
1986-жылғы Желтоқсан. Оқиға емес, көтеріліс болды. Құрамындағы он төрт республиканың дербестігін, халықтарының тілін, дінін, ділін, көне тарихын саяси айла-шарғымен құбылтқан, тәркілеген Совет Одағының, оның Коммунистік партиясының іргетасын қатты шайқалтты, оларды құлайтын жар басына апарып қойды. Бұл--шындық. Оны бүгінде мешелпиғылдылар мен керауыздардан басқа көпшілік ағынан жарыла айтып жүр.
Талғат Айтбайұлы жастарымыздың 1986-жылғы жанпидалық қимылы басталғанына 20 жыл толуына орайластыра бұрынғы кітаптарды толықтырып қайтадан шығаруды қолға алған еді, ол игі ісінде де табысты болатынына сенемін!
"Абай-ақпарат"