Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Туған жерге туың тік! 6718 15 пікір 4 Қыркүйек, 2017 сағат 11:39

"Шүкірлік етемін қашан да осы бір Отанда тұрғанға!"

"Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер! Батырлар дүрілдеп өткен жер, Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер, Ғашықтар бір-бірін өпкен жер, Сарылып сал-сері кеткен жер. Бас иіп, иіскеп топырағын, Тағзым жасамай өтпеңдер! Мына өлке, мына аймақ, бұл маңда Құлшылық етемін тұрғанға, Құлшылық етемін құмдарға, Тағзым жасаймын қырларға! Шүкірлік етемін қашан да Осы бір Отанда тұрғанға! Жазы бар жалынмен жандырған, Қысы бар аязға қардырған. Көктемі - балауса, балдырған, Ал күзі - алып бір ақ қырман, Ақ дәннен ақ нөсер жаудырған, Күрең нан жаңа алған тандырдан. Көлденең көлбеген көкжиек Қыранның қанатын талдырған" деп саңқылдаған Мұқағалидың қыран дауысы бүгін де естіліп тұрған сияқты. Елбасымыз "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мемлекеттік бағдарлама сыпатындағы мақаласында есімін ел таныған түлектер ескерусіз қалмауы керек, олар туып өскен өлкелеріне игілікті істер жасауға ұмтылса, мүмкіндік тудыру керек деген ой айтқан болатын. Ал ұлы шайыр  Мұқағали Мақатаев өзі қарақанаттанып ұшқан Қарасазына, Нарынқолына таусылып бітпес таудай игілік қалдырған тұлға. Ол - өлең! Төменде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мырзаның атына жазылған ашық хатта Мұқаңның есімін жаңа ауданға беруді ұсыныған көпшілік бұл ұсыныстың елдік, ұлттық, мемелекеттік мәнісіне кеңінен тоқталады.

Жаңа ауданға Мұқағали аты берілсе...

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мырзаға, Алматы облыстық және Республикалық ономастикалық комиссияларына Райымбек ауданынан бөлінген жаңа ауданды Мұқағали ауданы деп атау жөніндегі ұсыныс хат.

Алматы облыстық мәслихаты Райымбек ауданын бөлу арқылы жаңа аудан құру жөнінде 2017 жылы 10 тамызда шешім қабылдады. Халық көптен күткен бұл мемлекеттік маңызды істің ҚР Үкіметі тарапынан қолдау табатынына сенеміз. Шекаралық аймақтың экономикасын нығайтуға, басқаруды ыңғайлы етіп, сол өңірлердегі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ел іргесін берік етуге бағытталған бұл шешімді қуана құптаймыз.

Қымбатты Амандық Ғаббасұлы! Мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарастырылып, халықтың талабымен үйлестірілген шешімдеріңіз үшін Сізге және облыстық мәслихатқа ризалықпен алғыс айтамыз!

17 тамыз күні Кеген ауылында аудан жұртшылығының өкілдері, облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, тарихшы ғалымдар, ел азаматтары қатысқан жиында бөлінетін ауданның атын белгілеу мәселесі талқыланды. Жаңа ауданды қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың есімімен байланыстырып, Мұқағали ауданы деп атау жөнінде бірауыздан ұйғарым жасалды.

Мұқағали Мақатаевты бүгінгі қазақ қоғамы өте жақсы біледі. Жырлары миллиондаған жүректерді баураған ақынның есімі айрықша құрметпен аталады. Мұқағалидың дауысы – азаттыққа ұмтылған алаштың дауысы. Оның жыры күрескерлік рух пен махаббаттан өрілген, ізгілік пен имандылыққа үндеген. Мағыналы сөздері ой тереңіне бойлататын, асыл мұраттарға жетелейтін өміршең өлеңі кеше мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғайды. Сондықтан да ол – «ХХІ ғасырдың құрдасы», сондықтан да ол – болашаққа жылжып бара жатқан қазақ көшінің алдында, сондықтан да ол – «миына ұлттың коды жазылған ақын».

Мұқағали – ұлтқа және ұрпаққа керек тұлға. Халықтың ұстазына айналған ағартушы. Ұлы ақынды ұлықтаудың мәнісі мен маңызын осы тұрғыдан түсінгеніміз жөн.

Ұлан-ғайыр дарынымен бір елдің аясынан асып, бүкіл адамзаттық биікке көтерілген М.Мақатаевты өмір сүрген заманы дер шағында бағалап үлгермеді. Поэзия көгінде көрінуді пешенесіне жазғанын анық ұғынған, өз еңбегінің қайтарымына сенген хас талант қаламынан өшпес, өлмес өлең туды. «Ақынның ақындығы атақта емес, Ақынның ақындығы арда ғана». Мұқағалидың бұл анықтамасы дәл өзі үшін де айтылғандай. Ақынды арының тазалығы, адамдарға адалдығы, шыншылдығы мен табиғилығы, боямасыз болмысы кейін үлкен құрметке бөледі. Ол қоғамдық құбылыстарды, табиғат тылсымдарын, пенделердің пиғылын тамыршыдай тап басып, сана-сезімнің безбеніне салды. Ақын жырларындағы алтын тағадай шегеленген астарлы ойлар, жан толқытар толғаулар иірімі оны әлемдік ойшылдардың қатарына қосты.

Мұқағали – ұлттық мақтанышымыз. Оның кіндік қаны Жетісудың топырағына тамды. Талбесігі таулардың аясында тербелді. Ақын даңқы жерлестерінің бәріне ортақ. Хан тәңірі шыңына көз салған биік өңірдің өр тұлғалы тұрғындары Мұқағали өлеңдерін жатқа айтады, әнге қосып шырқайды. Ақынымен сырласады, мұңдасады. Артына қалдырған теңдесі жоқ рухани қазынасынан сусындайды.

Мұқағали десек, аспантаулардың барлық аймағы көз алдыңа келеді. Мұқағали десек, бабаларымыздың бейнелері еске түседі. Осындай дара талант иесін кеңестік кезең лайықты бағаламады, марапатын қимады. Жыр тарланы дүниеден озған соң, кеткен қателіктер түзетіле бастады. Тәуелсіз елі, туған халқы тұлпарға лайық ер-тұрманын түгендеді. Атап айтқанда:
1983 жылы Қазақстан Жазушылар одағы әдеби сыйлық тағайындады. Оның ішінде М.Мақатаев атындағы сыйлық та болды. Бұл сыйлықпен 1985–1990 жылдар аралығында біршама қаламгерлер марапатталды.

1991 жылы «Жазушы» баспасы «Тұлпар» сыйлығын белгілеп, оның алғашқы жүлдегері М.Мақатаев болды. «Жырлайды жүрек» кітабы лауреат атанды.
2000 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының шешімімен екі тұлғаға – Мағжан Жұмабаев пен Мұқағали Мақатаевқа «Ғасыр ақыны» атағы берілді.

2000 жылы «Аманат» жыр кітабы үшін М.Мақатаевқа Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Алматы облысы, Жамбыл облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы және Алматы қаласында бірқатар мектептерге ақынның есімі берілді. Алматы мен Талдықорғанда ескерткіштер ашылды. Ақынның Қарасаздағы мемориалдық мұражайы бүгінгі заманға сай қайта жаңғыртылды.

Ақын өмірге келген 9 ақпан «Мұқағали күні» ретінде аталып жүр. Бұл күні Қазақстанның барлық аймағы Мұқағали жырымен сусындайды. Оның рухын еске алады. Бұл – қазақ поэзиясына зор үлес қосқан ақиық ақынға арналған қалың қауымның құрметі.

2005 жылдан бастап республикалық әдеби-мәдени, танымдық «Мұқағали» журналы шығып келеді. 2016 жылы «Мұқағали» энциклопедиясы жарық көрді. Әділ Медетбаев «Мұқағали және Моцарт» деген деректі фильм түсірді. Әлемдік екі тұлғаны бір-бірімен салыстырды. Серік Жанболат жасаған осындай фильм де көпшіліктің көңілінен шықты. Әкім Тарази, Оразбек Бодықов, Серік Тұрғынбекұлы секілді драматургтер Мұқағали тұлғасын сахнада сомдады.

70-жылдардың соңында Мұқағали жырлары «Зов души» деген атпен орыс тілінде шықты. Сол үрдіс одан әрі жалғасты. Орыс оқырмандары Мұқағалимен қайыра қауышты. 2011 жылы ақын өлеңдерінің ханзу тіліндегі аудармасы қытай жұртын тамсантты. 2014 жылы түрік тілінде шыққан қабырғасы қалың кітабы тез таралып кетті. Қазақ жыры Мұқағали арқылы екінші жарты шарға өтіп, 2015 жылы Нью-Йорк қаласындағы «Metropoliten Classics» компаниясы ақын өлеңдерін ағылшын тілінде шығарды. ТМД-ның әдебиет сүйер қауымы үшін Мұқағали Мақатаев танымал ақын.

Бүгінгі мәнермен бейнелесек, Мұқағали есімі – бренд. Мәселен, оның атымен аталған оқу орындары білім дарытқан құтты шаңырақтарға айналды. Осындай мүмкіндікті туған жұртының да пайдаланатын сәті туып тұр. Алматы облыстық мәслихатының Райымбек ауданын бөлу арқылы жаңа аудан құру жөніндегі шешімінен кейін сол ауданның атын айқындауға байланысты әртүрлі ұсыныстар жасалды. Мәселен, Кеген, Қарқара, Әлмерек, Мұқағали атаулары талқыға салынды. Жоңғар шапқыншылығы кезеңінен қалған «Кеген» деген сөздің ұғымы ескірген. Оның келешек ұрпақ үшін ешқандай мәні қалмады. Кеген өзені, Кеген ауылы бар. Оған аудан атын үстемелеу тіпті артық.

Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі Қарқара жәрмеңкесі, ұлт-азаттық Қарқара көтерілісі болған жердің тарихи атауын иеленген Қарқара өзені, Қарқара ауылы, Қарқара тауы, Қарқара жайлауы бар. Қарқара тарихта қалған, ол ешқашан өшпейді, мәңгі сақталады.

Әлмерек бабаның туған жерді қорғаудағы күресі, даналық ісі ұрпақтарына үлгі-өнеге. Өкінішке қарай, даңқты бабаның тарихи деректерін құжаттардан іздеп, айқындау, насихаттау жағы әлі күнге кем соғып тұр. Президент Н.Назарбаев «Рухани жаңғыруды» алға қойды. Соған сәйкес жаңа аудан – Мұқағали ауданы болып белгіленсе дейміз. Ауданның атына байланысты арнайы мәселе қараған, Кеген ауылында өткен жұртшылық өкілдерінің алқалы жиналысы қабылдаған қаулыны біз де бірауыздан қуаттаймыз.

Себебі:
• бұрынғы Кеген ауданы енді Мұқағали ауданы атанса, ақынға деген сүйіспеншілік екі өңірдің халқын бұрынғыдан да жақындастыра түседі;
• ақын есімі жаңа ауданға тың күш береді. Оны бүкіл Қазақстанға әйгілі етеді. Аудан «Мұқағали еліне» айналады;

• елімізден, алыс-жақын шетелдерден Мұқағали ауданын көргісі келетіндер көбейеді. Бұл – ішкі және сыртқы туризмнің дамуына ықпал етеді;

• «Мұқағали ауданы» болған соң, ақынның алдағы мерейтойлары өзі атындағы өңірде, Қарқара жайлауында өтеді. Қасиетті жайлаудың «Қарқара жәрмеңкесіне» қайта айналу мүмкіндіктері көбейеді.

• Абай ауданы, Жамбыл ауданы, Мағжан Жұмабаев ауданы қатарына ақынын ардақтаған елдің белгісі ретінде Мұқағали ауданы қосылса, қандай жарасымды және лайықты!

ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Ә Жақсыбековтің 2017 жылғы 30 қаңтардағы №17-388 тапсырмаға сәйкес Н.Ә.Назарбаевқа жазбахатында былай делінген: «Өңірлерде кездесетін идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгертуді ұсынамыз». Батырлары мен ақындарын, халыққа еңбегі сіңген қайраткерлерін, дара тұлғаларды құрметтеп, соларды үлгі тұту мақсатында есімдерін елді мекендерге, білім орындарына, т.б. беру дәстүрі қалыптасқан. Мұқағали есімін ауданға беру – біздің ұлттық танымымызға жақын келетін, дәстүрге айналған бастамалардың жалғасы.

Кісі аттарына мейлінше шектеу қойған дұрыс. Бірақ оны үзілді-кесілді шектеу қою деп біржақты тыйым салуға болмас. Қазақстан Республикасының Ономастика жөніндегі заңындағы 14-бап 4-тармақшада «тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, облыстық Ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде осы елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі мәселелерді шешеді» деп көрсетілген. Аумақ халқының қалауы және айқын пікірі – бөліну арқылы ашылатын жаңа ауданға Мұқағали атауын беру. Осының бәрін назарларыңызға ұсына келіп, Ономастикалық комиссияның заман талабына сай кемел шешім қабылдайтынына зор сенім артамыз.

Стахан Белғожаев – «Бірлік» акционерлік қоғамының президенті; Кеңес Үшбаев – медицина ғылымдарының докторы, «Фармация» компаниясының президенті;

Амангелді Ермегияев – «Алматықұрылыс» холдингі компаниясының президенті;

Ызғарбек Бектұрсынов – Райымбек ауданының бұрынғы әкімі;

Босатқан Ұлдарбеков – Райымбек ауданының бұрынғы әкімі;

Аян Айтжанов – Райымбек ауданының бұрынғы әкімі;

Байғожа Нұрғожаев – Райымбек ауданының бұрынғы әкімі;

Ерғали Нүсіпов – техника ғылымдарының докторы, академик;

Әрмен Рысмендиев – медицина ғылымдарының докторы, академик;

Тұрарбек Төлендиев – Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері;

Есмұхан Обаев – режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;

Эрнест Төреханов – жазушы, М.Әуезов атындағы сыйлықтың лауреаты;

Оразақын Асқар – ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты;

Рысбек Сәрсенбайұлы – қоғам қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі;

Ермұрат Үсен – композитор;

Рамазан Стамғазиев – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі;

Жанболат Аупбаев – журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;

Батық Мәжитұлы – «Мұқағали» журналының бас редакторы; С

ағатбек Медеубек – ғалым, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы;

Марат Тоқашбаев – «Президент және халық» газетінің бас редакторы, қоғам қайраткері;

Зиядан Қожалымов – «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» РҚБ президенті, академик;

Сайлау Ағыбаев – заңгер, өлкетанушы;

Тоққожа Қожағұлов – суретші, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты;

Тынышбек Алмабеков – тарихшы, еңбек ардагері;

Мағауия Әденов – суретші;

Сығай Дүйсенбай – тарихшы.

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052