Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Рухани жаңғыру 8308 19 пікір 5 Қыркүйек, 2017 сағат 09:00

Рухани жаңғырудың жолы Құдайсыздық емес, сопылық жол...

Жақында философ Жанарбек Берістеннің «Ұлттық код немесе Жаңа мәдениеттің діңі қайда?» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада қазіргі кезеңдегі қазақ халқының рухани жаңғыруы мен дамуына қатысты мәселелер көтеріліпті. Автордың ұсынып отырған тұжырымдарының ішінде келісетін де, келіспейтін де мәселелер бар. Олардың дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп, ақ-қарасын ажыратпайтын болсақ, онда қазақты адасқан үстіне адастыра беретініміз анық. Сондықтан бұл мақаладағы өзіміз келіспейтін мәселелерге тоқталып, оларға талдау жасауды жөн көрдік. Енді соларға кезек берелік.

Автор мақаланың «Тәңір және қазақ ұлты» атты бөлігінде Жаратушы  Тәңірдің қазақтың арғы ата-бабасына тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін бергендігі туралы мәселені қозғайды. Бірақ, салт-дәстүрмен қоса Тәңірдің қазаққа Тәңірлік дінді бергендігі туралы ешнәрсе айтқысы келмейді. Мақаланың «Жеті ата салты» бөлігінде жеті атаның қазақ қоғамындағы рөлінің маңызын айта отырып, сол жеті ата салтын қалыптастыруда Тәңірлік діннің қаншалықты ықпалы болғандығы туралы, жеті атаның қазақтың рулық-тайпалық жүйесімен тығыз байланысып жатқандығын, ал рулық-тайпалық жүйе түркі мемлекеттігінің іргетасы болғандығын есепке алмайды. Автор осылай қазақтың бір салтының дұрыстығын айта отырып, онымен сабақтас басқа салт-дәстүрлерін жоққа шығарады. Ал, осы жеті атамен тікелей сабақтас қазақ болмысының рухани-мәдени қабаттары мен мемлекеттігі туралы барлық деректерді бойына жиған шежіре туралы автордың пікірі мүлде теріс. Автор былай дейді: «Шежіремен тарих жазуға болмайды. Ру-жүз дегеніміз – көшпелілердің шаруашылық-тұрмыстық бөлінісі мен жауынгерлік-әскери одағы ғана. Адамның генетикалық кодының құпиясы мен стереоскопиялық тарих тұрғысынан қарағанда, бұл түкке тұрмайды». Ал, сол қазақ шежірелерінің Евразия кеңістігінде өмір сүрген түркілік мемлекеттердің құрылымдық жүйесі болғандығын, оларды талдай білген адам шетжерлік деректерсіз-ақ қазақ тарихындағы жеңіліс пен жеңістерінің сырын танытатын тарихи құжат екендігінен автор хабарсыз. Мұндай қазақтың тарихи жадына қатысты дереккөздеріне сенімсіздік таныту – бір осы мақала авторына ғана тән кемшілік емес. Жалпы біздің гуманитарлық ғылым салалары мамандарына ортақ кемшілік.

Ал, мақаланың «Тіл, дін және дәстүр» атты бөлігінде «Қазақтарда тіл мен дәстүр діннен жоғары тұрады. Тарихта Орта Азияда көптеген христиан, ислам, будда, манихейлік, христиан монахтар өз храмдарын салғаны белгілі. Қазақтар олардың сенімдерін аяққа таптамай, өзінің Тәңірлік философиясымен өмір сүрген.» - деп  тіл мен мен дәстүрді жоғары қойып, дін рөлін төмендеткісі келеді. Алайда, бұл жердегі Тәңірлік философияның негізі Тәңірлік дінде жатқанын ескермейді. Одан ары қазақтарды цыгандармен салыстырып, ол халықта тіл мен дәстүрдің діннен жоғары тұратынын алға тартады. «Қазақтарда да солай: исламның өзін қазақи ислам етіп жасаған. Қазақ этикасына исламды сіңіріп жіберген. Бүгінде «дәстүрлі ислам» деп айтып жүргеніміз – осы қазақи ислам.»

Мақаланың «Тарих және дін» атты бөлігінде автор «Шын тарихтан діндер тарихы жеңіліп қалады. ...» дей келе, «Діннен мифологияны алып тастап, тарихи ақиқатты қатар қойсаң, одан түк қалмайды. Дін әлі күнге  халықтарды бөлумен, жіктеумен келеді және апиынға айналып кеткен» - деп  тұжырымдап, қазіргі діни негізде болып жатқан  соғыстарды алға тартады. Бұл жерде автор бір мәселеде ғана тұжырымы дұрыс. Қазіргі күні уаххабилік-салафилік идеология жетегіне кеткендердің алпауыт мемлекеттер қолындағы қуыршаққа айналып, Ислам әлемін қанға бөктіріп жатқаны рас. Осы бөлімнің соңында автор дін туралы үкімін шығарып, былай дейді: «Енді адамзатқа жаңа өмір сүру философиясы керек. Оны еш Құдайдың елшісі емес, ақылдың түп-тегін түсінген адамдар өздері жасайды. Әлем туралы ойлану үшін халқыңды ойлау керек. Әлем шағын халықтардан құралады. Біз «Жерұйық – Қазақстанды» қорғауымыз керек.» Демек, автордың пайымдауынша, құдайсыз қоғам құрғанда ғана адам баласы бақытқа кенелмек. Әрине мақаланы ары қарай тарқатып, талдай беруге болар еді. Алайда, автор осы айтқандарымен-ақ өзінің ұстанған бағытын толық айқындап беріп отыр. Өкініштісі, бұл ұстаным қазақ үшін ешқандай жаңалық емес, керісінше, біздің гуманитарлық ғылымдар саласында әлі күнге кешегі құдайсыз қоғамның басты идеологиясы болған атеизм уытының зәрі тарқамағандығының айқын көрсеткіші. Кеңес өкіметі жылдарында  халықтар атеизм дәуірін басынан кешірді. Құдайсыз өмір сүріп көрді. Сол кезеңде халықтар нендей жетістіктерге жетті? Осы кезеңде қазақ халқы өзінің иман-сенімінен, рухани-мәдени болмысынан ажырады. Тарихи жады өшірілді.  Материалдық құндылықтарға ғана бас иген, бір күнмен өмір сүрген ұрпақ осы кезеңде дүниеге келді. «Бетсіздік – екінші бақыт» «Наглость – второе счастье» деген имансыз қоғамның «қанатты сөзі» осы кезеңде пайда болды. Рас, ол кезеңнің өзіндік артықшылықтары болды. Халықтар әлеуметтік жағынан жақсы қорғалды.  1960 жылдардан кейінгі қазақ халқының рухани жаңғыруын жоққа шығаруға болмайды. Ол рухани жаңғыруға ықпал еткен «жылымық жылдардың» ықпалы еді. Осы кезеңде қазақ руханиатының бастауларына қайтадан бет бұруына мүмкіндік берілген болатын.  Алайда, ол кезеңде қазақтың санасын қайта жаңғыртқан тарихшылар да, философтар да емес, қазақтың әдебиетші ғалымдары мен жазушылары, ақындары болды. Солар ғана қазақтың өшуге таянған рухын қайта тірілтіп, қазақтың қазақ екендігін сезіндіре алды. 1986 жылғы қазақтың сілкінісі сол рухани жаңырудың жемісі болатын. Егерде  Жанарбек мырзаның айтқанына еріп, атеистік қоғамға қайта бет бұратын болсақ, онда онсыз да рухани азғындыққа ұшырап, құлдыраған қазақ қоғамын тарих сахнасынан мүлде кетіреміз. Онсыз да уаххабилік-салафилік ағым соңына ерген жастар, тек материалдық болмысты мойындап, рухани болмыстан бас тартып, сол атеистік таным деңгейінде өмір сүріп жатыр. Ендігі кезекте қазақтың рухани, мәдени болмысындағы діннің орнының қаншалықты маңызы барлығына тоқталайық.

Жанарбек мақаласы «Эволюциялық ұлт» атты бөлігімен басталатынын көзі қарақты оқырман сезіп отырған шығар. Біз ол бөлімге тоқталмай, мақаланың екінші бөлігіне өтіп кетудің бір себебі болды. Ол бөліктегі автордың тұжырымдары адамзат тарихының қазіргі күні анықталып отырған тарихи шындығына сай келеді. Бүкіл діни кітаптардағы айтылатын Нұх пайғамбар заманындағы жер бетін топан судың басуы тарихи шындық ретінде мойындалып отыр. Автордың «Ғылыми зерттеулердің арқасында қазақтың биологиялық, антропологиялық тарихы жаңадан жазылып, ешкімге ұқсамайтын жеке дара этнос ретінде осыдан 40 ғасыр бұрын толық дәлелденді,» деген тұжырымы қазіргі күні анықталып отырған тарихи-шежірелік деректерге толығымен сай келеді. Мысалы, Рашид ад-диннің «Жылнамасында» Нух пайғамбардың жерді солтүстіктен оңтүстікке қарай үшке бөліп, оның бір бөлігін үлкен ұлы Хамға бергенін, Хамнан қара нәсілді халықтар тарағанын; екінші бөлігін Самға бергенін, одан араб, парсы мен жалпы индоевропалықтар тарағанын; үшінші бөлігін Яфетке (Яфес) бергенін, Яфеттен түркілер мен моңғолдар және т.б. халықтар таралғанын жазады. Әбілғазының «Түрік шежіресінде» де осы аңыз қайталанады. Осы Нух пайғамбардың ұлы Яфестің баласын не немересін түріктер Булджа (Абулджа) хан деп атайды. Бұл жерде түсініксіз бір мәселе бар. Қарахан Абулджа ханның тікелей немересі ме, әлде одан көп кейінгі ұрпақтарының бірі мен деген сұрақ. Шындығында Қара хан Абулджа ханның тікелей ұрапғы емес екен. Ол туралы Оғыз қаған туралы басқа аңыздарда Абулджа ханнан Оғыз қағанға дейін қаншама ұрпақ өткендігін көруге болады. Мысалы, «Оғыз қаған» дастанының Марданбайұлы Есқали Қоңырати нұсқасында Оғыздың әкесі Қарахан Яфестің тоғызыншы ұрпағы. Бұл хандардың барлығы мәжусилік дінін ұстанғаны туралы айтылады. Бұл Оғыз қағанның Яфестен тараған халықтарды бір Тәңірге мойынұсынуға шақырып, халықты иләһи дінге бет бұрғызған киелі тұлға болғандығынан хабар береді. Қазақта Оғыз қағанның пайғамбар болғандығы туралы дерек, «Оғыз қаған» дастаны мен шежірелік деректерден басқа, Озған пайғамбар туралы аңыз айтылады. Демек, Нұх пайғамбардың оныншы ұрпағы Оғыз қағанның осыдан шамамен 4000 мың жыл бұрын өмір сүргендігі, түркілерге Тәңір дінін әкелуші пайғамбар Оғыз қаған болғаны тарихи шындық. Олай болса, қазіргі күнге дейін сақталып келе жатқан қазақтың салт-дәстүрлерінің  негізінде осы Тәңірлік дін жатыр. Енді бұл жерде бір мәселені ескертіп өтуіміз керек. Ол Тәңірлік дін мен Ислам діні арасында қаншалықты айырмашылық бар? Ол туралы Құран не дейді? Егерде бұл мәселенің түп негізін шешіп алатын болсақ, онда жер бетіндегі халықтар арасына таралған діндер арасындағы ерекшеліктердің мәнін түсінетін боламыз. Бұл мәселеге алғаш көңіл аударып, әр халықтың өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалуға құқы барлығын Құран аяттарын негізге ала отырып, дәлелдеген Абу Ханифа Нұғман бин Сабит болды. Ол былай дейді: «Алланың пайғамбарлары [Алланың оларға мадағы мен сәлемі болсын!] түрлі діндерге тиесілі емес еді. Ешбірі өзінен бұрынғы пайғамбардың дінін жоққа шығару керек деп айтпады. Себебі, дін бір еді. Бірақ, әр пайғамбар өз шариғатына шақыратын. Өзінен бұрынғы Елшінің шариғатын қабыл етпейтін. Алла Тағала ол үшін: «Ей, муминдер, әр біріңе бір шариғат, бір жол бердік. Алла қаласа, сендердің барлығыңды бір үммет жасар еді.» (Маида, 5/48). Алла Тағаланың олардың барлығына бергені бір – дін, Таухид болатын. Олардың барлығына өз діндеріне бекем болуын, жіктелуге түспеулерін әмір етті. Және былай деді: «Діндеріңе бекем болыңдар. Нухқа тапсырған дінді саған да уахи еткенімізді, Ибрахимге, Мұсаға және Исаға бергендерімізді Алла саған да дін етіп берді.»(Шура, 42/13). Және Алла Тағала былай деп бұйырды: «Алланың дінін ешқандай өзгертуге болмайды. Шындығында дін біреу»[ Рум, 30/30]. Яғни Алла Тағаланың дінін өзгерту туралы сөз қозғаудың өзі артық. Дін ешқашан өзгермеді, басқа халге келтірілмеді және өзгертілмеді. Шариғаттар болса, өзгерді. Себебі, қаншама зат кейбір адамдар үшін адал болса, Алла Тағала оларды басқа адамдар үшін арам етті. Сансыз заттар бар, оларды қолдану үшін адамдарға әмір етті. Ал, бағзы адамдарға оларды қолдануға тыйым салды. Демек, шариғаттар көп және бір-бірінен айырмашылықтары бар. Шариғатты орындау парыз. Мұнымен пара-пар мәселе – Алланың әмір еткенін, барлық үкімдерін орындау, қабыл етпегендерінен бас тарту, Алланың қалауына сай келеді. Алла Тағаланың әмір еткендерін тәрік етіп, тыйым салған нәрселерін жасаған адам Алла Тағаланың дінін тәрік еткен болар еді және кәпір болар еді. Алла мүминдерге парыз амалдарын тек дінді қабыл еткеннен кейін ғана парыз етті.

Кез-келген халықта салт-дәстүр де, әдет-ғұрып та кездейсоқ пайда болмайды. Ол қоғамның өмір сүру нормаларын қалыптастырушы заңдық жүйе болып табылады. Заңның адамзат тарихындағы маңызы, заңның барлық халықтардағы киелілік сипаты мен оның киелілік сипатының қалыптасуына діни танымның ықпалы әлі көп жағдайда ескерілмей келеді. Заңның шығуында екі негіз бар: біріншісі – Тәңірдің бұйрығы; екіншісі – сол Тәңір бұйрығы аясында пайда болған заң (шариғат) - киелі дәстүр.  Әлеуметтік тәртіп пен оның киелілік сипаты мәдениеттің тәңірлік сипатымен байланысты болды. Сондықтан мәдениеттің қалыптасуы алдымен дінмен, діни таныммен байланысты. Алайда, діни таным дүниедегі бар халықта бірдей емес. Олардың арасында сан түрлі ерекшеліктер бар. Бұл мәселені тереңірек ұғындыру үшін Имам Матуриди пікірлеріне құлақ түріп көрелік. Ол ғұлама мынадай пікірлерді алға тартады: «Түрлі халықтарға келген дін бір болғанымен, ол дінді халықтарға жеткізуші пайғамбарлардың әртүрлі болуы, олардағы шариғаттардың ерекшеліктері, халықтардың өмір сүру жағдайы, табиғи ерекшеліктері діни сенім арасында түрлі айырмашалықтардың тууына ықпал еткені шындық. Сол себепті, халықтар Тәңірге қатысты сансыз түсініктер мен танымдарда болды. Олар өздері таныған Тәңіріне әр түрлі ат берді. Осылай Тәңір сансыз атқа ие болды. Бірақ бұл Жаратушының көп болғандығын білдірмейтін еді. Тәңірдің аталуы қанша көп болғанымен Ол бір ғана Жаратушы еді. Сондықтан, Жаратушыға қаншалықты ат берілгенімен ол бір ғана Жаратушы болып қала береді.» Демек, бұл айтылғандар Тәңірлік діннің де Иләһи дін болғандығынан және Нұх пайғамбардан кейінгі адамзат баласына түсірілген алғашқы діндердің бірі болғандығын көрсетеді. Имам Матуриди одан ары қарай пайғамбарлардың адамзат қоғамындағы ролін былайша баяндайды: «Қазір Таухидке мойынұсынған халықтан Алладан басқа ешбір жаратушы бар деген көзқарастың табылуы мүмкін емес. Адам баласының ақылы жетпейтін және еріксіз таңдай қақтыратын мұғжизалар жасау қабілетіне ие пайғамбарларды Алладан басқа ешқандай жаратылыс жібере алмайды».  Демек, пайғамбарлар Алланың барлығын халыққа білдіру үшін, тура жолды көрсету үшін жіберілген, Алланың өзі таңдаған тұлғалары және Алланың барлығына, бірлігіне үндейтін, Алланың хикметтерін халыққа жеткізетін басты тұлғалар, әрі негізгі дәлел болып табылады.

Демек, Тәңір Тағаланың әр халық үшін өзіне жіберілген пайғамбарлар арқылы қалыптастырылған жолы, тілі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері киелі болып саналады. Түркілерде де тіл, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер ешқашан өздігінен пайда болған жоқ. Тәңірдің өзі таңдаған пайғамбары арқылы түрік жұртының тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін, қоғамдық қатынастарды реттейтін-шариғатын қалыптастырды. Басқаша айтқанда, әр халықтың генетикалық кодын қалыптастырған Тәңір Тағаланың өзі.  Сондықтан да бұл жол түркі жұрты үшін киелі де қасиетті жол болып саналады. Бұл жолдан бас тарту түркілерді этникалық жіктелулерге түсіріп, түрлі мәдениеттердің жетегінде кетуіне, гибридті мәдениеттердің қалыптасуына ықпал етті. Тәңірдің өзі берген салт-дәстүрінен бас тартқан түркілер, некелік қатынастарды сақтай алмай түрлі қан азғындығы кеселдеріне шалдығуда. Кейбір мемлекеттерде бұл көрсеткіш 22 пайызға дейін жетіп отыр. Соншама түркі халықтарының ішінен тек қазақ халқына ғана сол Тәңірдің берген нығметтерін: салт-дәстүрін сақтап қалу бұйырыпты. Соның өзі бүгінгі күні түрлі тараптан шабуылға ұшырап отырған жайы бар. Бірі діннің атымен келіп жатса, екіншісі ғылымның атымен келіп жатыр. Соның бірі біздің мақаламызға арқау болған  Ж.Берістеннің мақаласы. Атеизм заманында «Дәстүрдің озығы бар, тозығы» бар деп қаншама киелі құндылықтарымыздан көз жазып қалдық. Мақала авторы қазақты болашаққа бастайтын қазақтың жаңа ұлттық кодын ұсынбақ болады. Әр халықтың генетикалық кодын жасау  адамның қолынан келетін шаруа емес, Тәңір Тағалының еркіндегі мәселе екендігін біз жоғарыда айтып өттік. Жанарбек Берістенге дейін де қаншама қазақтың гентикалық кодына өзгертулер енгізіліп, сол өзгертулердің нәтижесінде мемлекеттігімізден айырлып, этникалық жіктелулерге түсіп, өзгеге бодан болған халықпыз. Автор «Тарих және дін» атты бөлігінде автор «Шын тарихтан діндер тарихы жеңіліп қалады. ...» дейді. Автордың жасаған бұл тұжырымы, оның діндер тарихынан мүлде хабарсыз екендігін байқатады. Адамзат тарихындағы түбегейлі өзгерістер жаңа діннің келуімен байланысты болғанын еске алғысы келмейді. Ал, қазақ тарихындағы, жалпы түркі тарихындағы діни-рухани үдерістер тарихынан мүлде хабарсыз. Мысалы, түркілердің ислам дінін қабылдауы түркі қоғамына  қандай өзгерістер әкелді? Түркі қоғамында қандай түбегейлі өзгерістер болды? Қарахан мемлекеттерінің күйреу себептері қайсы? Қожа Ахмет Йасауидің Ислам тарихындағы рөлі қандай? - деген сұрақтарға бас ауыртып жатпай-ақ, оларды белінен бір сызып, өшіре салғысы келеді.  Бұл үдерістердегі діннің рөлі қандай болды? Бұл сұрақтарға тек, Ж.Берістен ғана емес, жалпы қазақтың тарих ғылымы да жауап берген жоқ. Бұл тұрғыдан келгенде бұл мәселедегі автордың қателігін кешіруге де болады. Ендігі кезекте осы сұрақтаға жауабын өзіміз беріп көрелік.

Түрік халықтарының 766/67 жылдары ислам дінін қабылдауы түріктердің жаңа сатыға көтерілуіне ықпалын тигізді. Түріктер арасында ғылым мен мәдениет жылдам қарқынмен дамыды. Түріктер арасынан  мыңдаған ғалымдар шықты. Олар ғылымның барлық саласында ірі жаңалықтарды дүниеге келтірді. Бұл жалпы ислам мәдениеті мен ғылымына қосылған қомақты үлес болды. Мұның есесіне түрік халқының өзінің төл мәдениеті мен дәстүрі күн санап өше бастады. Әсіресе, рухани, мәдени салада бұл үдеріс өте жылдам жүрді. Ол кездегі түсінік бойынша ислам дінін қабылдау араб болу дегенді білдіретін. Түркілер ислам дінін арабтардан тікелей қабылдаған жоқ. Түркі халықтарына ислам діні парсы тілі арқылы келді. Өйткені, ханафилердің басшылығымен көптеген діни, методологиялық маңызы бар кітаптардың араб тілінен парсы тіліне аударылуы ислам дінінің Орталық Азия халықтарына парсы тілі арқылы таралуына ықпал етті. Бұл өз кезегінде ислам дінін қабылдаған халықтардың парсылануына әкелді. Ислам дінін қабылдаған түркі халықтары өздерінің дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен ажырап, толық парсылануға бет алды. Оған дәлелді ұзақтан іздемей-ақ, түркі ғұламалары тарапынана жазылған кітаптар ішінде XI-ғасыр ортасына дейін бірде-бір не діни, не ғылыми, не әдеби шығарманың жазылмауынан көруге болады. Тек, Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білік» атты еңбегі түрік тілінде жазылған алғашқы шығарма болды. Одан  кейін Махмуд Қашқаридің «Диуан луғат ат-Түрік» еңбегі мен Ахмед Йүгнекидың «Ибат ал-Хақа’иқ» атты еңбектері дүниеге келді. Бұл шығармаларды түркі халықтарының қауіпті шепке жақындағанын білдіретін сол дәуір зиялыларының  жанайқайы десе болады.

Түркі халықтары өзінің тілін, дәстүрлі мәдениетін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жоғалтып қойған жоқ. Солармен бірге, көнеден келе жатқан түрік мемлекеттігінің қалыптасқан жүйесін де өзгертуге мәжбүр болды. Оған түрік халықтарының ішкі қоғамдық қатынастарын реттейтін жүйенің шариғат үкімдерімен алмастырылуы тікелей ықпал етті. Бұл біртіндеп түркілік әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің қолданыстан шығарылуына әкелді. Көнеден келе жатқан некелік қатынас өзгертіліп, экзогамдық қатынастар  эндогамдық қатынаспен алмастырылды. Рулас, қандас адамдар арасындағы некелік қатынастар осы кезге дейін сақталып келген рулық, тайпалық жүйелердің ыдырауына әкелді. Ислам дінін қабылдаған түркілерде рулық, тайпалық жүйе ыдыраған соң, мемлекетті басқарудың түркілік жүйесі де ыдырады. Хан билігі бұрынғыдай бүкіл қоғам өкілдері тікелей араласа алатын коллективтік билік жүйесі болудан қалып, орнына жеке билеушінің абсолюттік билігіне негізделген, мемлекетті басқару жүйесі келді. Бұл мемлекетті басқарудың парсылық жүйесі еді. Жалпы XII-ғасыр қарсаңында ислам дінін қабылдаған түркі мемлекеттері: Қарахандықтар, Селжүктер, Хорезм мемлекеттері түгелімен тоқырауға ұшырады. Бұған бір жағынан түркілердің дәстүрлі мәдениетін жоғалтуы себеп болса, екінші жағынан бүкіл ислам әлемін жайлаған саяси, рухани  тоқыраушылықпен тікелей байланысты байланысты болды. Оның себебі, Ислам әлемінде бұл кезеңде араб дәстүршілдігінің, басқаша айтқанда, ахл ал-сунна уа-жамаға бағытының ықпалы үстем болуымен байланысты еді. Дінді ақылмен емес, тек нақыл арқылы тануға тиіспіз деген принципті ұстанған бұл бағыт өкілдері дінді догмаға айналдырды. Бұл үдеріс Ислам әлемінде ғылым мен білімнің тоқырауына әкелді. Қоғам азғындады. Дәстүрлі мәдениеті мен мемлекеттік жүйесінен айырылған, оның үстіне ислам дінінің мұндай тоқырауға ұшырауы ислам дінін қабылдаған түркі халықтарын рухани, мәдени дағдарысқа ұшыратты. Сол кездегі түркі қоғамының қалыптасқан бейнесін Қожа Ахмед Йасауи былайша суреттейді:

Ораза, намаз, иман, ислам қолдан кетті.

Күннен күн бетер деген хадис жетті.

Пайғамбар айтқандарды келіп жетті,

Бұл дүниені қараңғылық басты достар.

 

Ғалымдар бар ілімін малға сатты,

Біліп көріп, өздерін отқа атты.

Өзі амал қылмай, халыққа ілім үйретті.

Дүние үшін діндерін сатты көргін.

 

Түркістан түріктерінде мұндай рухани ахуалдың қалыптасуы түркілердің арабтану үдерісімен қатар жүрді. Егерде бұл Исламдағы рухани тоқырау мен түріктердегі арабтану үдерісін тоқтатпайтын болса, онда Ислам дінінің дін ретінде, түркілердің халық ретінде жер бетінен жойылу ықтималдығы бар еді. Осындай қиын кезеңде Ислам дінін тоқыраудан алып шығып, қайтадан құдіретті рухани күшке айналдырған,  ислам дінін қабылдаған халықтардың жаппай арабтану үдерісін тоқтатқан, әр халықтың ислам дінінде бола тұрып, өзінің дәстүрі мен мәдениетін сақтап қалу мүмкін екендігін Ислам әлемі халықтарына дәлелдеп берген Қожа Ахмет Йасауи болатын. Ол сопылық ілімді тариқат дәрежесіне көтеру арқылы түркілердің рухани-мәдени тәуелсіздігін қайта қалпына келтірді. Ислам дінінен сенімге қатысты бес парызды алып, қоғамдық қатынастарды реттеу жолдарын көне Тәңірлік діннен келе жатқан салт-дәстүрлерге берді. Сонымен қатар, сопылық таным негізінде қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер пайда болды. Түрік тілі қайтадан дін тіліне, ғылым білім тіліне, әдебиет, мәдениет тіліне айналды. Жошы ұлысында Өзбек хан Йасауи жолының мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерілуі мемлекеттің басқару жүйесін толығымен Оғыз қағаннан бастау алатын жүйеге келтірді. Қазіргі күнге дейін қазақ халқында сақталып отырған жүздік құрылым мен рулық-тайпалық жүйе сол кезеңнен қалған мемлекеттің басқару жүйесінің құрамдас бөліктері болатын. Алтын Орда дәуіріндегі мемлекеттің басқару жүйесін былай топтастыруға болатын: кереге-уық-шаңырақ.  Кереге – қара халық; уық – рухани жетекшілер-қожалар әулеті; шаңырақ – хан-төрелер. Бұл жүйенің символы ретінде қазақтың киіз үйін алуға болады. Мұны 19 ғасырда Сыр бойында өмір сүрген әрі батыр, әрі ақын Мәделі қожа өзінің Қанай датқаға айтқан мына мына өлеңінде былай суреттеген болатын:

Қанеке осы жерде туып едім,

Саған келген жауларды қуып едім.

Шаңрағыңды шайқалтпай ұстайтұғын,

Сен кереге болғанда мен уық едім.

Бұл өте берік жүйе болатын. Біріне-бірі тәуелді, бірімен-бірі сабақтас, бірісіз-бірінің күні жоқ жүйнің арасын байланыстырып тұратын оның діні, нақтырақ айтсақ Йасауи жолы болатын. Йасауи жолы абсолюттік билікті қараға да, биге де, қараға да берген жоқ. Тек, шариғатқа берді. Әділет салтанат құрды. Хан есігің алдындағы құлын жазалауға құқы болған жоқ. Шариғат билігі билердің қолында болды. Алтын Орда өз дәуіріндегі ең дамыған мемлекеттердің қатарына шықты. Араб тарихшысы Алтын Ордадағы жағдайды былай сипаттады: «Ертістен төбесіне бір табақ алтынды қойып шыққан адам, бір тілләсін жоғалтпай Дунайға дейін апара алады» - деп суреттеді. Бұл сол кезеңдегі Алтын Орда халқының иманының беріктігі мен  әділеттік прициптерінің қаншалықты биік болғанын көрсетеді. Осындай әділетті, иманды қоғам Жошы ұрпақтарына ұнай қойған жоқ. Олар ханның абсолюттік билікке қол жеткізуін қалады. Өзбек хан өлген соң, оның тағына отырған Жәнібек хан ислам дініндегі араб дәстүршілдігін қабылдады. Асан қайғы бастаған билердің Жәнібек ханға қарсы күресі нәтижесіз аяқталды. Асан қайғы кетерінде Жәнібек ханға: «Қилы-қилы заман болады, Қарағай басын шортан шалады»- деп ескертті. Асан қайғының бұл ескертуін Жәнібек хан елемеді. Асан қайғы болса, соңына ерген халықты ертіп, Ұлытау жне келіп Алаш мемлекетін құрды. Мұның соңы 1359 жылы Жәнібектің ұлы Бердібектің өлуімен Алтын Орда мемлекетінің күйреуіне алып келді. Міне, осылай Жәнібек ханның Йасауи жолынан, басқаша айтқанда, ислам дінінің түркілерде өмір сүру формасынан бас тартқан күні мемлекет күйреп, халқы этникалық жіктелуге түсті. Одан кейінгі кезеңдегі барлық Алтын Орданың ыдырауынан кейін пайда болған хандықтардың барлығы Йасауи жолынан шегінген сайын мемлекеттігінен айырлып отырды. Қазақ хандығының ыдырауы да тікелей Йасауи жолынан шегінумен байланысты болды. Есім ханның «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» Йасауи жолын мемлекеттің басқару жүйесінен ығыстырып шығаруға бағытталған заңдар жүйесі еді. Тәуке хан өзіне бағынғысы келмеген билерді-йасауийа тариқатының өкілдерін Ферғанаға дейін қуып барып өлтіртті. Билердің орнын әр ру, әр тайпаның өзінен шыққан билерге берді. Халықтың рухани тұтастығын қамтамасыз етіп тұрған діни танымның халық санасынан кетуі халықты рухани дағдарысқа түсірді. Нәтижесінде ру, тайпалардың арасындағы бәсекелестік, әлімжеттілік басталды. Мемлекеттік жүйе әлсіреді. Мұны көріп отырған жоңғарлар өздерінің саны жағынан қазақтардан үш есе аз олғанына қарамастан 1723 жылы шабуылға шығып, қазақтардың басына «ақтабан-шұбырынды» атанға қасіретті кезеңді тудырғаны белгілі. Абылай ханның қайтадан халықты Йасауи жолына қарай бет бұрғызуы Қазақ хандығының осындай қанды қырғыннан аман шығуына мүмкіндік берді. Абылай ханның өзінің бұл саясатын соңына дейін жеткізбек болған саясаты жеңіліспен аяқталды. Ру, тайпалардың, жүздердің билігіндегі қарадан шыққан билер Абылай ханға тікелей қарсы шықты. Бұл оқиға «Абылай аспас сары бел» атты аңызда жақсы баяндалған. Қаз дауысты Қазыбек бидің баласы Бекболаттың Абылай хан ордасын шабамын деп келуі, Абылай ханның Арқадан Түркістанға көшуіне, одан ары Самарқандқа баруы, қайтар жолда Ташкентке тоқтап, Түркістанға келе жатқанда сатқындықтың құрбаны болуы, Абылай ханның діни-рухани саясатымен тікелей байланысты еді. Абылай ханның қайтыс болуымен Қазақ хандығы да тарих сахнасынан кетті. Қазіргі күні еліміз тәуелсіздігін алғалы 26 жыл өтсе де, қазақ халқының рухани-мәдени тұтастығын қалпына келтіре алмауы Тәңір Тағаланың берген дәстүрлі діні мен мәдениетіне бет бұрмауымен тікелей байланысты. Ұлттың генетикалық коды сонда. Басқа болуы мүмкін емес. Түркінің сан ғасырлық тарихындағы билеушілердің сол генетикалық кодты алмастырмақ әрекетінің бәрі мемлекеттердің күйреуіне, түркілердің этникалық жіктелуіне әкелген қасіретті қадамдар болды. Сол қателікті бүгін тағы қайталайтын болсақ, онда Ер Түріктің ұрпағын тарих сахнасынан кетіруге апаратын қасіретті қадам болатыны анық. Сондықтан, генетикалық кодты өзгерту бағытында емес, керісінше, генетикалық кодты қайтадан қалпына келтіуге күш салайық. Біз сонда ғана ата-баба әруағының алдында да, болашақ ұрпақтың алдында да жүзіміз жарқын болмақ.

Зікірия Жандарбек

Abai.kz

 

 

19 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052