Жұма, 18 Қазан 2024
Әттең... 7830 12 пікір 12 Қыркүйек, 2017 сағат 11:51

Біздің билік орыс тіліне неге «зависим»?

«Орыс тілін білуіміз – біздің тарихи жетістігіміз, басымдығымыз». Бұл - Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтқаны. Қазақстанның негізгі заң шығарушы органын тізгіндеп, үш партиядан құралған 107 депутаттың жұмысын басқарып отырған кісінің дүйім жұртқа айтқан ақылды сөзі осы болды.

Латын әліпбиін енгізудің біріңғай стандарттарын талқылауға арналған Мәжілістегі жиында төраға Нұрлан Нығматулин сөз сөйледі. Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласына тоқталып өткен спикер, орыс тілінің қаз-қалпында сақталып қалатынын, қолданыстан түспейтінін және бір мәрте ескертті.

 «Всем очевидно, что владение русским языком — это историческое преимущество нашей нации. Думаю, что такая твердая и последовательная позиция Елбасы в данном вопросе должна успокоить эмоции и способствовать осознанию всеми, что русский язык как мировой язык, имеющий мощные культурно-исторические корни в нашей стране, будет по-прежнему продолжать играть одну из важных ролей в жизни казахстанского общества», - деді Мәжіліс төрағасы.

Спикер мырзаның солтүстіктегі көрші мемлекеттің тілін біздің елде қолдап, қорғаштап айтқанын қазақ тіліне қотарып едік. "Барлығына белгілі, орыс тілін білуіміз – біздің тарихи басымдығымыз. Орыс тілі әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени тамыры бар тіл ретінде Қазақстан қоғамында маңызды рөл атқара береді" деген Елбасымыздың нақты позициясы дүрліккен жұртты тыныштандырды деп есептеймін», - депті Мәжіліс төрағасы.

Мәжіліс Қазақстанның негізгі заң шығарушы органы, Парламенттің төменгі палатасы болғанымен, Сенаттан гөрі саяси майданның қызып жататын жері. Қазақ тілінің келешегі талқыланған бұл жиында Нұрлан Зайроллаұлының Ресейдің Мемлекеттік тілін қорғаштап сөйлегені қаншалықты саяси сауаттылық?  Орыс тіліне және орыс тілді контентке сұраныс күн санап азайып, қазақ тілінің доминантты тіл дәрежесіне жеткен тұста орыс тілін ортаға салардай спикерді не түлен түртті?

Нұрекең білмейтін көрінеді. Ендеше есіне салайық. Қазақстанда қазақтың әм қазақ тілді азаматтардың саны 82%-ға жетті. 2016 жылдан бері қазақ тілді БАҚ 13%-ға көбейді. 2015 жылы Қазақстанның мемлекеттік тілін меңгергендер 76,3% болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 82,3%-ды құрады. Есесіне, орыстілді азаматтардың саны 0,6%-ға азайған. Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде 2025 жылға дейін қазақ тілін еркін меңгергендер саны 95%-ға жетеді. Бұл «Ranking.kz» жасап түзген рейтинг.

Мемлекеттік тіл ҚР Білім саласында да қарқында дамуда. Қазақ мектептерін тәмамдаған түлектер саны еліміз бойынша 70%-ға жетті.

Қазақ тілі кең өріс алған тағы бір сала – бұқаралық ақпарат құралдары. Әсіресе электронды БАҚ-тар арасында қазақ тілді интернет сайттардың саны екпін алып, 84%-ды құрады. Ал пропорцианалды есеп бойынша, еліміздің 16%-ы ғана орыс тілді БАҚ-ты керек еткен.

Ол аз десеңіз, 1991 жылы еліміздегі орыстардың жалпы саны 5,9 млн болған. Қазір 3,7 млн орыс қалды. Орыстардың саны 2 млн-ға азайды.

Ендеше осындай үстемдікке ие болып отырған қазақ тілі, мемлекеттік тіл неге орыс тілінің тасасында қалып қоя береді?

Бір анығы - орыс тілі  маригиналданған бизнес-элита мен саяси элитаға ғана керек тіл. Яғни, Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин мырзалардың тілі.

Салыстырмалы түрде айта кетейік. Украина орыс тілінен толығымен бас тартты. Білесіздер, Ресейден іргесін аулақ салғанда Президент Порошенко халық алдына шығып, «Прощай, немытая, Россия, страна рабов» деген  Лермонтовтың әйгілі өлеңін оқып тұрып, «орыстың өзінен де, тілінен де» бас тартқанын мәлімдеді. Сөйткен Украинаның 50,9 пайыз халқы орыс тілділер еді.

2014 жылы Молдова ресми орыс тілінен бас тартты. Онда қазір РФ тілі екінші деңгейлі шет тілі ретінде ғана оқытылады. 2014 жылдың 7 қазанында Молдова Президенті Николай Тимофти бұл Заңға қол қойған болатын.

2012 жылы Латвия референдум жасады. Халықтың 77, 22%-ы орыс тілін керексінбеген. Сөйтіп, орыс тілі Мемлекеттік дәрежесінен айырылып, қара базарда қолданатын тіл деңгейіне түсті.

Грузия орыс тілінен сонау 2009 жылы толық тазаланған.

Солай, міне, Нұрлан мырза! Орыс тіліне үйірсек сіздер мен қазақ тілімен өмір сүретін біздің айырмамыз-  осы. Біз зайырлымыз, сіздер «зависимойсыздар».

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

 

12 пікір