Мұрат Бектенов. Құрманғазының ұрпақтары
Соңғы жылдары күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының өміріне және оның ұрпақтарына қатысты тың деректер табылуда. Айталық, «Атырау» газетінде Шаттық Досқайырқызының «Құрманғазының ұрпағы арамызда жүр» (18 наурыз, 2006 ж.), белгілі журналист Рахмет Иманғалиевтің «Атырау» газетінде «Құрманғазының шөбересі Аққыстауда тұрады» (28 шілде, 2007 ж.), «Құрманғазы: ақиқат пен аңыз» (3 қараша, 2007 ж.), «Ана тілі» газетінде «Құрманғазының жыры мен мұңы» (20 қараша, 2008 ж.) атты мақалалары жарияланған болатын. Құрманғазының ұрпақтары жөніндегі ізденістер одан әрі жалғасуда. Біз төменде Атырау өңірінің тарихы мен шежіресіне, рухани мұрасына қатысты тақырыптарға қалам тербеп жүрген Мұрат Бектеновтің ұлы күйшінің ұрпақтарына қатысты деректерді толықтыра түсетін мақаласын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Соңғы жылдары күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының өміріне және оның ұрпақтарына қатысты тың деректер табылуда. Айталық, «Атырау» газетінде Шаттық Досқайырқызының «Құрманғазының ұрпағы арамызда жүр» (18 наурыз, 2006 ж.), белгілі журналист Рахмет Иманғалиевтің «Атырау» газетінде «Құрманғазының шөбересі Аққыстауда тұрады» (28 шілде, 2007 ж.), «Құрманғазы: ақиқат пен аңыз» (3 қараша, 2007 ж.), «Ана тілі» газетінде «Құрманғазының жыры мен мұңы» (20 қараша, 2008 ж.) атты мақалалары жарияланған болатын. Құрманғазының ұрпақтары жөніндегі ізденістер одан әрі жалғасуда. Біз төменде Атырау өңірінің тарихы мен шежіресіне, рухани мұрасына қатысты тақырыптарға қалам тербеп жүрген Мұрат Бектеновтің ұлы күйшінің ұрпақтарына қатысты деректерді толықтыра түсетін мақаласын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Осыдан екі жыл бұрын Исатай ауданының орталығы Аққыстауда жол жиегінде машинамен жанармай сатып тұрған бір жігітті кездестірдім. Машинама жанармай құйып болғасын одан аты-жөнін сұрадым. Өйткені ол маған тектінің ұрпағындай көрінді, түр-тұлғасы, сом денесі, бет-пішіні тегін адам емес екендігін көрсетіп тұрғандай еді.
- Аға, мен өзіңізді сырттай танимын, бірақ сіз мені білмейсіз. Мен Астрахань жағынан келгенмін, зайыбым Орынгүл - осы ауылдағы Мұханбетқалиев Темірханның қызы.
Ал мен оған өзін бір көргенде-ақ тектінің тұяғы сияқты көрінгенін айттым. Жігіт күлді де: «аты-жөнім Кәкім Құрманғазиев, кәдімгі күйші атаның шөбересімін, Құрманғазының Қази, Құбаш деген ұлдары болған, мен сол Құбаштан өрбіген ұрпақпын» демесі бар ма!
- Құрманғазы атаның ұрпағын көріп тұрғаным рас па? - деп қуанғаннан құшақтай алдым. Өзім Нарын құмында туып-өскендіктен ұлы күйшінің күйлерін көкірекке жаттап қана қоймай, шежіре қарттардың таңға айтатын әңгімесін тыңдап қалғандықтан, Құрманғазының ұрпағын көруді армандаушы едім. Қараңызшы, міне, шөбересімен кездесіп тұрмын.
Осы күтпеген кездесу туралы Құрманғазы атамыздың өмірін зерттеп жазып жүрген жазушы Ләтифолла Қапашевқа телефон шалдым. Ол Астрахань облысы, Володар ауданы өңірінде туып-өскен. Құрманғазы өмірінің соңғы кездері осы жақта өткені белгілі. Менің жақсы хабарыма жазушы ағамыз да елең ете түсті. Ол Кәкіммен қалайда кездесу керектігін айтты. Атырау қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрының бас режиссері Чапай Зұлқашовқа Кәкімді ертіп барып таныстырдым, ол күйшінің ұрпағын Құрманғазыша киіндіріп, сақал-мұртын қондырып суретке түсіріп алып, бейнесін көргенімізде Чапай таң-тамаша болды.
- Мынау қолдан сомдалған емес, нағыз күйші Құрманғазының өзі ғой! - деді. Ақын Қойшығұл Жылқышиев та «Кәкім аумаған Құрманғазы ғой, күйшінің өзін көрмесек те, көңілде жатталған бейнені сол күйінде көргендей болдық» деді. Осы суретті Қаршыға Ахмедияровқа жібердім. Кәкім былтыр Алматыға барып, Ләтифолла Қапашевпен кездесіп, екеуі Қазақстан Жазушылар одағында, Құрманғазы атындағы консерваторияда болады. Сол жолы Қаршыға іссапарда болып, онымен жолыға алмайды. Кейін Қаршыға туған жеріне соңғы рет келгенде ол жігітпен кездескісі келгендігін айтты. Кәкім ауысымды жұмыста болды да, кездесудің сәті түспеді.
2009 жылы мамыр айында Ләтифолла ағамыз екеуміз Құрманғазы, Дина, Аманғали, Ерғали тәрізді аты аңызға айналған адамдардың жүрген жолдарымен Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала, Жалпақтал, Ескі Таловка, Көктерек, Мәстексай елді мекендерін араладық. Құрманғазы қайтыс болғаннан соң ұлы Қази мен әйелі Әуес, екі қызы Көктерекке көшіп келген. Әуес ана осы жақта дүниеден өтеді. Ал Құрманғазының інісі Байғазының ұрпағы Самара облысына қарай қоныс аударады.
- Кішкентай кезімде әкем екеуміз Самара жаққа барып, ағайындарда екі-үш күн қонақ болғанбыз. Бірақ есімде ештеңе қалмапты. Орыс жерінде өсіп, орысша тәрбие алғандықтан, кезінде көп нәрсеге мән бермеппіз ғой. Тек артынан кеш түсініп, өкініп жүрмін, - дейді Кәкім әңгімесінде.
Құрманғазының туған жері Бекетай құмындағы Жиделіден біздің Айбас ауылының арасы алпыс-ақ шақырым еді, көршілес, іргелес ауылдың адамдары бір-бірімен құдандалы, тума-туыс болғандықтан ұлы күйші туралы әңгімені шежіре қарттар майын тамызып айтар еді. 1978 жылы анамыз Марфуға екеуміз Жаңақалаға бара жатқанда Елтай елді мекенінің батыс жағында Қостан деген жердегі бір үйде түстендік. Отағасы Дүзбаев Бұқар (1914 жылы туған) соғысқа қатысқан. Ол кісі Құрманғазының тек қана күйші емес, ақын әрі батыр болғанын айта келіп, былай деген еді: «Құрекенің жалды Құрманғазы атанғаны жөнінде ел ішінде көп тараған. Мен тек қана сол әңгімелердің бір-екеуін ғана айтайын. Құрманғазының өз нағашысы Беріш Бесқасқа руының Қараша атасынан Мәтіғұл, яғни оның қызы Алқа күйшінің анасы, ал қарт нағашылары Таз руынан шыққан батыр Төремұрат әкесінің апалары болып келеді. Сағырбайдың әкесі Өтепберген Мәтіғұлмен бесік құда болады. Алқа тұрмысқа шыққан соң күйеуі Сағырбайға «саған алты Алашқа танымал ұл тауып беремін» дейді. Алқа бала көтергенде босанатын күні асып кетеді, одан қорыққан енесі молдаға барып кітап аштыртады (Жұбан молда болса керек). Молда: «екі баланың салмағындай ұл бала дүниеге келеді, келін жеке үйде өзі босанып, баласының кіндігін өзі кессін, қырық күн ешкім көрмесін, арқасында омыртқасын қуалай өскен жалы болады» деген екен. Сол айтқаны рас болып, жалды Құрманғазы атануы да содан шығар». Өздері Қамыссамар көлдерінің оңтүстік-батыс жағында алпыс шақырымдай жерде болған, Сағырбай қыстауы сол маңда, Сағырбайдың зираты, атақты күйші Аршанның құлпытастары қатар жатқаны жөнінде Аршанның баласы Төлегеннің де айтып отыратынын естіген екен. Ләтифолла Қапашев бір күні маған телефон шалып, былай деді: «Шаттық Досқайырқызы Дюсова Құрманғазы қызы Халифаны біледі, өзі Мақатта музыка мектебінде жұмыс істеген. Бұл туралы Кәкімге айтып едім, қолы тимей жүр ме, хабар жоқ» деді.
Мен Атыраудан анықтама бюросына хабарласып, Мақаттағы Л.Шахатов атындағы мектепке телефон соқтым. Сөйлескен адамым арқылы Шаттықты тауып алдым. Ол Құрманғазының қызы Халифа 18-ші ауыл, Бесікті елді мекенінің қасындағы зиратта жерленгенін, басында ескі құлпытасы және соңғы кезде қойған белгісі барын айтты. Шаттық екеуміз Құрманғазықызы Халифа мен Құрманғазыұлы Құбаштан, яғни ұл мен қыздан тарайтын ұрпақтарды Атырау қаласында кездестіруді ұйғардық. Үстіміздегі жылы 24 қазанда Атыраудағы ұлым Қайраттың үйінде Құбаштың ұрпағы Кәкім және Халифаның ұрпағы Жаңылсынның көңіл толқытар кездесу сәтіне куә болдық. Құрманғазының ұрпақтары тағдыр талайынан бір ғасырдан астам уақыттан кейін, шамамен 125 жылдан соң, бір-бірін осылай тапты!.. Сонымен 18-ауыл, Бесікті елді мекеніндегі Халифа әженің қайынағасы Меңдібайдан тараған Алманның қызы Қырмызыны ертіп, Қарасудағы қауымға бардық. Зиратқа дұға оқып, Халифа анамызға тағзым еттік. Ұрпақтарының жаңадан қойған белгісінде былай деп жазылған: «Руы Қызылқұрт, Құрманғазықызы Меңдекен зайыбы ХАЛИФА 1869-1958. Тас қойған ұрпақтары». Ал Халифаның немересі Иденнің баласы Бақыт қойған құлпытастағы жазу төмендегідей: «Руы түрікпен адай. Бөлімі Қосай туысы. Байбол Өрезек Қожықов Меңдекен әйелі Халифа Құрманғазықызы 1869 жылы туып, 1958 жылы 23.III. март күні қайтыс болды». Ұл мен қыздан тараған екі ұрпақтың балаларын ортаға алып, зират басында фотосуретке түстік.
Нарында туып-өскен Құрманғазының қызы Халифаны Жайықтың Азия бетіндегі Жылойға ХІХ ғасырдың аяқ шенінде қандай тағдыр айдап келді екен деген орынды сауал туындайды. Халифа 16-17 жаста болса керек. Қызды алып қашпақ болып Алтынжарда жігіттер арасында қайғылы оқиға болады. Құрманғазы үлкейген шағында қыздарын күң еткізбеуді, ұлдарын бөтен жерде қалдырмауды ойлайды, сөйтіп, екі қызын өзінің туған ауылына, ағайындарының ортасына аттандырады, сол қызының біреуі Халифаны жасырын түрде Жайықтың арғы бетіндегі қарт нағашылары, руы Таз Төремұрат батыр ұрпақтарының қамқорлығына жіберуге мәжбүр болады. Енді бір қызын құрлық арқылы қазіргі Құрманғазы ауданы жағына өткізіп жіберсе керек. Сол кездегі Атырау өңірінен балық аулаушылар желкенді кемемен өздерінің аулаған балықтарын Астраханьға тапсырып тұрады екен. Жылой өңірінің ауқатты бай адамы Қожықпен жақсы таныс болған Құрманғазы Халифаны балықтан босаған үлкен емен бөшкелердің біріне салып, жасырын түрінде оның кемесіне тиеттіріп жібереді. Қуғыншылар Халифаның ауылда жоғын біліп, Жылойдан келген кеме ғана емес, Атырау өңірінен келген барлық кемелерді тінте бастайды, мұны сезген Қожық Халифаны бөшкеге салып, бөшкені құрсаулап жіп байлап, кеменің көрінбейтін жағына суға тастайды. Кемені тінтіп-тексерушілер ештеңе таппай кеткен соң балықшылар қыз тығылған бөшкені жоғары көтеріп алып, Жылой бағытына кете барады. Құрманғазының қызы Халифаны Қожыққа тапсыру себебі, Жылой өңіріндегі қарт нағашылары болып келетін Төремұрат батыр ұрпақтарына арқа сүйеп, оларға қызын аман-есен тапсыруды өтінген болса керек.
Бірақ Қожық Төремұрат ұрпағына ештеңе айтпай, Халифаны өзінің баласы Меңдекенге қосады. Қожық ұрпағы кейін бай, дәулетті адамдар болады. Олар 1910 жылы Қожыққа Иманқара, Қойқараның темірқазық жағындағы Ошақ деген жерде жүзге тарта үй тігіп, ат шаптырып, дұға бағыштап, ас береді. Қожықтың ұрпағы Кеңес өкіметі кезінде кәмпескеге ұшырайды, ұрпағының көбі айдауда болып, елге қайтпайды. Түрлі оқиғаларды бастан өткізген Халифа анамыз ұрпағына өмір өткелдерін, көрген киындықтарын ашып айтпаған, сірә, оларға кесірі тиер деп ойласа керек.
Халифа тек өзінің қартайған шағында ғана руы Қызылқұрт Құрманғазықызы екендігін Қырмызыға айтқанын ұрпақтары есіне алады. Бірақ бекер айттым-ау деп аузын баса қойыпты. Ғазиз ана 1946 жылы айықпас ауруға тап болып, екі аяғынан бірдей айырылып, мешел болады. «Халифа ақындығы, өлең айтқыштығы, айтқанын жұртқа тыңдата білетін қасиеті бар адам еді» дейді оның көзін көргендер. Тас ашатын, көріпкелдік қасиеті болған. Қыз ұзатып, келін түсіретін той, бесік тойы және т.б. түрлі мерекелерде қолма-қол өлең шығарып, сол күнгі жағдайға қарай жанынан ән шығарып айтады екен. Әсіресе, ескіше жыр-дастандарды жатқа айтыпты. Көбінесе ол кісінің жырлаған жыры мұңды болыпты. Мергеннің әйелі Сатым мүгедек енесі Халифаны мәпелеп бағып, тойларға, салтанатты жиындарға оны кіршіксіз ақ қапқа салып алып, арқалап барады екен. Сатым 1956 жылы, Халифадан екі жыл бұрын қайтыс болады. Ұрпағы осындай сыйлап бағудың арқасында мүгедек болып қалғаннан кейін де оның он екі жыл ғұмыр кешуі ұрпағының анаға, әжеге деген шексіз махаббатының шуағы болса керек. Осы ұрпақтың келін түсіру, қыз ұзату тойларын өткізу, өмірден өткен адамдарды аттандыру Алман босағасында өтіпті, бұл әулеттің үлкені де, кішісі де Халифа әже тірі кезінде өз анамыз деп есептеген, тек қана ол кісі дүниеден озғаннан кейін оның бәрінің де қарт әжесі екенін біледі. Халифа әжеміздің ұрпағының алдында қандай сый-құрметке ие болғандығын осы көріністерден білуге болады. «Бір есте қалғаны, ол кезде біздер мән бермейміз ғой, - дейді Мерген баласы Қуаныш, - айтқандарынан түсінетініміз, зорлық-зомбылық, зобалаң заманның күнкөрісін, тұрмыс-тіршілігінің ауыр болып, тамақ асырау үшін көшіп-қонып, кәсіп іздеп жаяу арып-ашып, сергелдеңге түскендері туралы, туған жерге деген сағыныштарын арқау ететіндерін білетін едік. Әулетіміздің қонысы Жылойдағы «Қызыл жем» деген колхоз болды. 1938 жылдары жағадан теңіз тартылып, колхоз ыдырай бастайды да, балық аулау кәсібі тоқтайды. Соғыс басталғасын әскерге одақ ел ішінен киім-кешек жинап, қолғап-шұлық тоқытып, ал азаматтарын бронь арқылы соғысқа жібермей, Жайық арқылы теңізге шығып, балық аулау үшін осы 18-ші ауылға, яғни Бесіктіге көшіріп әкелген.
Иденнің бір баласы Қуаныштың әкесі, Халифа әжеміздің немересі Мерген Құлсарыдағы сырқат балдызының жағдайын біліп келемін деп барған жерде оны көшеден ұстап алып, соғысқа алып кетеді. Балықшыларға берген соғысқа алмау жөніндегі қағазы қолында болмаса керек, содан кейін ол кісіден хабар болмаған, тек қана екі-үш рет хат жазған. Осыларды зарыға жырлаған бір ғана шумағын айтайын деді.
«Қызыл жем» колхоз еді Жылойдағы,
Табысымыз 15 мәнет бұл айдағы.
Бұл Бақсай көрем деген жерім бе еді
Тап қылған бұл Бақсайға Құдай-дағы.
«Халифа әжеміз іске өте шебер болатын, ол кезде тігін машинасы болмайтын, қайып тіккен (тігіс түрі) көйлек, бешпеттерінен тігісінен мін табылмаушы еді. Киіз үйдің басқұры мен бауларын, алаша, кілем тоқитын. Ол кісінің шебер қолынан шыққан шыңыраулы шиі (жіңішке талдан, ақ шиден), өрнек салып тоқыған шиі күні кешеге дейін болған. Талай ауылдың ісмер әйелдерін жинап алып, әдемі оюлары бар түрлі тұскиіз басатын еді. 1956-57 жылдары астанамыз Алматыдан арнайы келген көрме ұйымдастырушылар ел ішіндегі қолөнершілер жасаған туындыларды жинақтап, арнайы көрме ұйымдастырамыз деп әжемізден алып кетті, содан ешқандай дерек болмаған» деп еске алады Қуаныш.
Шаттық Досқайырқызы өзінің «Құрманғазының ұрпағы арамызда жүр» деген 2006 жылы 18 наурыздағы «Атырау» газетіндегі мақаласында «Меңдібайдың әйелі Ажар Жаппастың қызы, менің әжем Ысмағанбеттің туған апасы, менің кәрі әкем Қосыннан бір қыз, үш ұл туған, олар: Ажар, Қыдыр, Бермұқан, Ысмағанбет, ал Халифа шешем менің әкемді нағашы бала дейтін, неге десеңіз, Қожықтың шешесі - Қосымның туған қарындасы» деп еске салады. «Халифа шешем орта бойлы, ат жақты, жұқалтаң келген келбетті адам еді» деп Қырмызы да, Қуаныш та айтады, бірақ ол кісінің қуанып, жадырап отыратынын сирек көруші едік, қанша бейнет көргенмен шашында бір тал ақ шаш болмайтын дейді олар әңгімесінде.
Меңдекеннің баласы Иден өте шебер болған, домбыра тартып отырып, күйдің ырғағымен төрден есікке, есіктен төрге дейін теңселіп отырып жететін. Иден атақты күйші болған, Қызылордада өткен республикалық көркемөнерпаздардың байқауынан бірінші орын алған, елге келген соң көп кешікпей 1935 жылы кенеттен ауырып қайтыс болады.
Иденнен үш бала - Сағын (1926 ж.т.), Бақыт (1930 ж.т.), Айтжан (1932 ж.т.). Сағын Андреевскийде (Индер ауданы) балалар үйіне тапсырылып, сонда өсіп соғысқа аттанады, алғашқы кездерде Чкалов деген қаладан «соғысқа аттанғалы жатырмыз» деген хаты келеді, содан кейін хабар-ошарсыз кетеді. «Айтжан аузымен домбыраның сазын, ырғағын айнытпай келтіріп, аузымен неше түрлі күй тартқанда, біз де соған еліктеп қосылатын едік» дейді Қуаныш. Ол бір жоқшылық кезеңі ғой, елде домбыра жоқ еді. Айтжан 15-тер шамасында мал бағып жүріп, боранда малмен бірге ығып, үсіп өледі. Бақыт ФЗО-да оқып, дәнекерлеуші (сварщик) мамандығын алып, Құлсары, Қошқар, Сағыз, Комсомольскіде жұмыс жасайды. Сол кездерде әжесі Халифаны және басқа туыстарын Қошқарға көшіріп алып, бір-екі жыл тұрады да, әжесі бұл жерге үйренісе алмағандықтан Бесіктіге кері көшіп келеді, ал Бақыт Алманмен бірге теңізге балық аулауға шығады.
Бақыттан жеті бала қалды, олар: Нұрсұлу, Галя, Орындық (Орынай), Жаңылсын (Жаңыл), Серік, Мақсот, Қайреден. Ал Шаттықтың бір ағасы Елтай Мақатта, оның баласы Тұрар өсіп келеді, енді әкесінің інісі Амантай Құлсарыда тұрады.
Құрманғазының Қази, Құбаш деген екі ұлы болған. Қазидың ұрпағын зерттеу немесе іздестіруді тарихшылардың үлесіне қалдырайық. Құбаштан - Төлеу, Төлеген, Кәрім. Кәрім ұрпағы Володарда, Төлегеннен өрбіген Кәкім Аққыстауда, Дариға, Әлима, Әсима Атырау қаласында тұрады. Төлеуден туған Танзила және оның балалары Салахиден, Саламат, Салауат, қыздары Бақытжамал, Зоя Атырау өңірінде тұрады. Құбаштан туған Жұманың Зияда деген қызынан Рашид, Дамир, Мұрат, үш қызы - Алтын мен Сәния Ақтау қаласында, Әния Алматыда, олар Құсайыновтар әулетінен тарайды. Ұрпақтарының айтуы бойынша, Құрманғазының Халифадан басқа төрт қызы болған, бірақ олар жөнінде сұрағанда әжемізден «олардан мен көз жазып қалдым ғой. Олар қазір өмірде жоқ болар, ал ұрпақтары бар екендігіне сенімім мол. Ол бір кез ағайын-туыс түгілі, әке-шешесінің есімін еске сақтау мүмкіндік болмады ғой» деп көзіне жас алып күрсінгенін көргенімізде, қазбалап сұрай берудің өзі сондай қиын екенін сезінетінбіз. Көп нәрсені әжеміз ашып айтпай, өзімен бірге ала кетті ғой...» - дейді ұрпақтары.
Атырау облысы,
Исатай ауданы
«Ана тілі» газеті