Сенбі, 23 Қараша 2024
EXPO - 2017 7284 24 пікір 6 Қазан, 2017 сағат 12:45

ЭКСПО: Елдің де, Елбасының да мерейін үстем етті!

Ел мерейін асырған ЭКСПО көрмесі де аяқталды. Аброймен аяқталды. Әуелде дүниежүзілік көрме туралы көп сыни пікірлер болғаны жасырын емес. Ел-жұрт екі ұшты пікірден ЭКСПО көрмесінің келешегін бұлыңғыр көрді. Бұл екі арада Ермегияев бастаған топтың көрме жұмысын тежеген даулы оқиғасы жығылғанға жұдырық секілді болғанымен, Елбасы экс-әкім Есімовті көрменің басшылығына тағайындап, мәселенің оң шешімін тапқан еді.

«Время» басылымы анти-дағдарыс менеджері атанып үлгерген Ахметжан Есімовтің екі жылда жүргізген жұмысына шолу жасапты. Жасапты да, Ахаңды «анти-дағдарыс менеджері» деп атапты. Біз де өз кезегімізде, Ахметжан Есімовтің саяси биографиясына шолу жасағанды жөн көрдік.

Алғашқыда ЭКСПО көрмесінің келешегіне күмәнмен қараған скептиктер мен сыншылар Ермегияев әлегінен кейін дүниежүзілік көрменің өткізілуіне екіұшты қарады. Миллиард қаржысы қолды болған, құрылысы орта деңгейге жетпеген нысандардың барынан-жоғы еді.

«Ұлттық компанияның басшылығына Үкіметпен, барлық өңірлердегі әкімдермен, ондаған мемлекет басшыларымен бірге жұмыс жасай алатын, инвестиция мен технология тарта алатын білікті адам керек», - деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз кандидатын тағайындады. Ол – экс-әкім Ахметжан Смағұлұлы Есімов болды.

 «Өте аз уақыт қалды. Көрмені жоғарғы деңгейде өткізуіміз қажет. Бұл үшін ұлттық қордан ақша бөлеміз. Бөлінген ақшаның әр тиынын өз орнымен пайдалану керек!». Бұл – Президент Назарбаевтың Ахметжан Есімовке берген қатаң тапсырмасы еді.

Ахаң көрме тізгінін ұстаған кезде көрменің ашылуға тиіс уақытына небәрі 21 ай қалған. Есімов ЭКСПО-ға келген уақта  құрылыс жұмыстары орталанып та үлгермегені есімізде.

Рас, Ахметжан Смағұлұлы жұмысының жүйесі кеткен көрмені қолға алды. Бас-аяғы екі жылда дүниежүзі жұрты Астана шаһарын бүкіл әлемдік көрменің орталығы деп танып, туристер лек-легімен Арқаға ағылып жатты.

Әуелде көрмені 2 миллион турист тамашалайды деп топшылаған. Астана төрі биыл 4 миллион туристті қонақ етті. Бұл межеленген жоспардан екі есеге көп көрсеткіш.

Көрме павильондарын ұзын-ырғасы 30 миллион адам кіріп көрген. Ілкідегі жоспар бойынша 5 миллион адам көрме павильондарын көреді деп жоспарланыпты. Бұл дегеніңіз, туристер бір көрме павильонын бірнеше мәрте қайталап көрген деген сөз.

Оның үстіне, Астана төрінде өткен дүниежүзілік көрмені 28 мемлекеттің басшысы, 36 премьер-министр, 11 парламент жетекшісі мен 70-тен астам министр келіп көрді. Көрді, тамсанды.

Міне, ЭКСПО Халықаралық көрмесі осылай аяқталды. Ал Ахаң туралы қоғам пікірі әр қилы. Біреулер Ахметжан Есімов БАҚ-қа жиі шықпайтын адам десе, енді біреулері Ахметжан Есімовті білікті басшы деп біледі. Алматылықтар экс-әкімді «Көк-жайлау»  кешені үшін жақтырмайды. Енді бір топ Алматы метросы үшін Ахаңа ақжарма алғыстарын айтып жүр.

Иә, Ахметжан мырза 2015 жылы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ басшылығына тағайындалысымен, көрме құрылысындағы кетеуі кеткен көп жұмысты қайта жандандырды. Бір кездері көрме жұмысын нөпір сынның астына алған көп саясаткер ЭКСПО туралы пікірлерін өзгертті.

Шетелдік компаниялар "Астана ЭКСПО - 2017" көрмесіне келіп қатысу үшін өз павильондарын реттеуге 200 миллион АҚШ долларын жұмсады. Ал ұлттық компания өз шығынын әуелде жоспарлаған 816 миллиард теңгеден, 452 миллиард теңгеге дейін қысқартты.

Елбасының жіті қадағалауымен, Ахметжан Есімовтің күш салуымен ЭКСПО көрмесі өз деңгейінде өтті. Көрменің абыроймен өткені елдің де, Елбасының да беделін көтергені сөзсіз.

Халқарада Астана – ЭКСПО көрмесін өткізуімен ғана емес, басқа елде баламасы жоқ көркем ғимараттарымен, Арқа жазығындағы арман қала образымен танылғаны рас.

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404