Әли ОМАР. Қораниттер - Асланның Астананы бағындыру идеясы
Соңғы кездері елде діншілдер де, күншілдер де қаптап кетті. Әрқайсысы биліктің ертеңгі қам-қарекетімен жанталасуда. Солардың бірі, бірі емес-ау бірегейі, ел тізгінін уысында ұстауға ұмтылып жүрген Президент Әкімшілігінің қазіргі жетекшісі Аслан Мусин. Өз пиғылын астыртын жүзеге асырып жатқан Асекең қалың бұқараның жүрегіне жетудің рухани жолын таңдапты. Әлгі, Атырау жақтан қылаң берген қораниттердің «қорасына» қаракөз бауырларымыздың көптеп кіргізілу себебі де осы болса керек.

Естеріңізде ме, баяғыда мемлекет басшысының інісі Қайрат САТЫБАЛДЫ мырзаның ислами партия құрамын деп жініккені. Ендеше, сол Қайрекеңнің қылтасы қиылған идеясын, бүгін Александр Машкевич сияқты алпауытқа арқа сүйеген Мусиндер әулеті өз кәдесіне жаратып бағуда. Сонау Сирияға барып діни сауатын ашып қайтқан Асланның бел баласы Аслбек Мусиннің қораниттерге қолдау көрсетіп, дәстүрлі дінінен алшақтап қалған қазақтың жас-кәрісінің миын тегіс «улауы» да сондықтан. Қасиетті Құран Кәрімді қазіргі заманға сай өзгертіп, кешірілмес күнәға батқан қораниттердің көздегені жетпіс жыл орыстың отарында болып иманынан айрыла бастаған қазақы жамағатты Алланың хақ жолына түсіру емес, арзан уағызбен қатарына қосып алып, Ислам партиясын құру. Діннің атын жамылып жымысқы саясат жүргізген шіркіндердің бұдан бөлек ойы жоқ. Әйтпесе, сол қораниттеріңіз шынымен де Құранның ережелерін берік ұстанған болса, жалпақ жұртқа қарап «мұсылман баласы арақ ішіп, есірткі қолдануға болады» демес еді. Қасиетті Құранда көрсетілген тыйымдарды жеңілдету арқылы көпшіліктің көңілін аударуға тырысқан «діндарлар» күні ертең Асланның шашбауын көтеретін ислами партия құрып, биліктің жалына жабыса кетсе қайтпек керек? Жабысқаны былай тұрсын, Машкевичтердің айтқанынан шыға алмайтын адам сол партияның күшімен алда-жалда мемлекет басына шығып жатса, бүгінгі күніңмен жылап көрісетін заман сонда туады. Билікке қатысты әңгіменің шетін алты айлық жерден алдын ала біліп қоятын Ақордадағы ең ұлық адам бауырына басқан «шұбар жыланның» күн өте келе уы күшейген сәтте аямай шағарын қалай аңдамайды?! Атакасын Атыраудан бастаған Асланның аяғына дейін баруға бекінгенін көрмей ме? «Күшік асырап ит еттім, балтырымды қанатты...» деп ертең Абай атамызға ұқсап опық жеп жүрмесек жарады.