Ілия Жақанов. Таңғажайып махаббат
Лирикалық эссе
(Жалғасы. Басы мына сілтемеде: http://abai.kz/post/62096)
Алматыда тағы да алтын күз еді. Алатаудың етегі сарыала шапан жамылып, желсіз, жауын-шашынсыз бір сарша тамыз күндер маужырады да тұрды. Бір күні Фрунзеден қырғыз радиосы музыка редакциясының бас редакторы, өткен жылы ғана Алматы консерваториясын профессор Брусиловскийдің класынан бітірген композитор досым Алтынбек Жаныбеков келе қалды. Алтынбектің тілегімен дирижер Василий Калистратьевич Лисица “Даниярдың әнін” эстрадалық-симфониялық оркестрге түсіріп, әнші Суат Әбусейітовтың орындауында магинитопленкаға жаздырдық. Алтынбек қуанып: “Үлкен бір мақсатты ісіміз еді, жақсы, сәтті болды” деп, әнді Фрунзеге ала кетті.
Кейін қыс түсе бір жақсы күндерім Фрунзеде Алтынбекпен бірге өтіп жүрді. Сондай бір жүздесу... Алтынбек пианинода шебер ойнайтын-ды. Рояль клавишын суша сапырады. Алтынбек шабыт құшағында дүрілдеп отырып, биік тенор дауысымен “Даниярдың әнін” бір шырқап алды да, маған беймәлім сырдың шетін шығарды.
Ол желпіне сөйледі: -Мен сол жолы Алматыдан өте көңілді қайттым. Өйткені, біздің басшылар маған қалайда”Даниярдың әнін” алып келуді тапсырған-ды. Оған өзің көмектестің. Қош, сол бір күндерде бір чех композиторының “Жәмила” спектакліне жазған музыкасының партитурасын алып отыр едік. Қолымызда “Даниярдың әні” және бар. Осы екі шығарма үшін көркемдік совет отырысын шақырдық. Оған Қырғыз ССР-ы Ғылым академиясының корреспендент мүшесі Азиз Салиев, белгілі дирижер, СССР халық артисі Асанхан Жұмахматов және басқа да мүшелері келді. Лениндік сыйлықтың лауреаты Шыңғыс Айтматовтың өзі қатысты.
“Даниярдың әні” тыңдалды. Отырғандар бірінен соң бірі әнді тебірене сыпаттады. Оның кеңдігі, тереңдігі, биіктігі… жан- жүректі аялаған нәзік лиризмі, романтикалық жалынды лебі… қырғыз, қазақ әуезінің бір-біріне етене кірігіп, білінбей жымдасып кеткен таңғажайып тылсым иірімдері… Даниярдың кітаптағы болмысының дәл ашылғандығы, жан тебірентер эпизодтарды осы әннің қалай көтергені, Жәмила бейнесінің жарқырай түскені… Шыңғыс прозасының музыкалы тынысы, бәрі-бәрі сөз болды. Ең соңында сөз алған Шыңғыс Айтматов: «Иә, ән өте… өте сәтті жазылған. Маған ұнайды. Ол жай ғана сөз. Бұдан да құдіретті бірдеме деуім керек еді, аузыма орайлы сөз түспей қойды. Мен Алматыда болған телевизиялық пресс-конференцияда алғаш рет осы әнді тыңдағанда, ой бір, қиялға берілдім... дүниеде қазақ әніне жететін не бар екен деп таңғалдым. Алтынбек інім, сен бүгін “Даниярдың әнін” қазақтың тағы бір тамаша әншісінің орындауында тыңдаттың. Разымын. Бұл әнді енді қырғыз әншілері де айтып көрсін! Айтсын, біздің әншілер! Бұл ән тым алысқа… алыс- алыс жерлерге жететін ән!» - деді.
Алтынбек мені тағы бір көтеріп тастады.
“Даниярдың әні” содан бастап қырғыз эфиріне шықты.
Келер жылы, иә, 1965-жылы қырғыз радиосының “Кутмандуу болсун, күнүңөр” деген әдеби-музыкалық хабарында “Даниярдың әні” алғаш рет қырғыздың мемлекеттік опера және балет театрының әншісі, қоңыр үнді баритон Салмарбек Шералиевтің орындауында қырғызша шырқалды. Бұл жолы да Шыңғыс Айтматов радиоға өзі келіп, комитет председателі Әлия Батаханованың кабинетінде тыңдап: “Менің Даниярымды қырғыз таулары мен қазақ даласы толғана тыңдап жатыр”, - деп жан жүрегі елжірепті.
Қырғыз музыкасының бағы үшін туған терең ойлы, сезімі сергек, шабыты ыстық дирижер Асанхан Жұмахматов “Даниярдың әнін” қуаты зор толғаныспен симфониялық оркестрге түсіріпті. Тамаша партитура жасалыпты.
“Даниярдың әнін” қырғыздың талантты тенорлары таласа шырқады. Ән солардың ішінде енді бірде СССР халық артисі Тоқтанәлі Сейіталиевтің (Алматы консерваториясының профессоры Бекен Жылысбаевтің шәкірті) кең тынысты шырқау үнімен Москвада Орталық телевидениеден берілді.
Шыңғыс өзінің бір сапарында “Даниярдың әнін” Ташкентте Навои атындағы опера және балет театрының бас дирижерына тапсырыпты. Кейін ол Фарух есімді дирижердің қолына тиіп, ол өзі басқаратын “Интернационалдық оркестрдің” тенорларымен көп жерді аралап, даңққа бөленіпті. Концерт қойған жердің бәрі “Даниярдың әнін” өзбек операсынан ария деп қабылдапты. Кейінірек келе-келе Өзібекстанда бұл ән “Қырғыз әні” ретінде тараған.
“Даниярдың әні” қырғыздың драмтеатрларында қойылған “Жәмила” спектаклінде тұрақты лейтоматив болды.
Қырғыздың “Ала тоо таңшыйт” атты әндер жинағына “Даниярдың әні” қырғыз әні боп кірді.
Әннің өрісі кеңейе түсті. Ән Қытайдың Шыңжаны мен Монголияның Баян-Өлгийіндегі қазақтарға дейін жеткен.
“Даниярдың әні” қырғыз, қазаққа ортақ аңызға айналды.
Дәл осы кезде өзіміздің Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрының белді әншісі, өте жарқын үнді лирикалы тенор Юрий Якунин “Даниярдың әнін” Төлеу Шахановтың аудармасымен орыс тілінде радиоға жаздырды.
* * *
1972-жыл. 6-қараша. Сол күні кешкі сағат жетіде Алматыда Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театры сахнасында өзбек әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне арналған қортынды концерт болды. Бұл концертке мен қатыса алмадым. Соның ертеңінде жұмыста отыр едім, кабинетіме СССР халық артисі Ермек Серкебаев кіріп келді. Өзінің еркелете сөйлейтін ізетті әдетімен:- Мә, Илюша!-деп қолыма буклет сияқты жасалған концерттік программаны ұстата берді, -ішін аш та оқы!
Буклетті аштым. Мұқтар Ашрафидан басталған Өзбекстан композиторларының орта тұсында: “И.Джаханов. Қырғыз әні – “Менің Жәмилашым.” Орындаушы- Өзбек ССР Новои атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі Райым Жұматов, симфониялық оркестр” деген сөздерді оқыдым. Жымиып Ерекеңе қарадым.
-Солай, “қырғыз” інім, адам кейде табанының астында алтын жатқанын білмейді. “Даниярдың әні” дейтін әніңнің шыққанына біраз жыл бопты, оны біздің опера әншілері де орындап жүр екен. Мән бермеппін. Кеше сол әніңді өзбекстандық тенор, ой, сорғалатты бір. Залдың дүркірей қол соққанын көрсең сен! Бірақ, ол концертте мен сені көре алмадым. Ох, как хорошо написано, сенің бұл әнің! Нағыз бельканто шеберлерінің арманы! Дай мне эту песню! Бұл – менің әнім! Менің жүрегімнің сыры!
“Даниярдың әні” – бүгінде Ермектің теңіздей буырқанып, не даланың кешіндей қоңырлаған толғаулы үнінде.
Ермектің кең тынысты, биік те шалқымалы үнін тыңдаған атақты композитор Сыдық Мұхамеджанов: - “Даниярдың әні” –қазақ пен қырғыздың жаны. Сенің композиторлық атыңа осы бір ән де жетеді! - деді бір жолы.
* * *
1973-жыл. Жаз айы. Фрунзе қаласында Орта Азия мен Қазақстанның үздік өнерлі әншілерінің аймақтық конкурсы өтті. Осы байқауда “Даниярдың әнін” орындаған Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрының әншісі, тенор Қанат Құлымжанов менімен бір кезекті репетиция өткізіп отырып былай деді: - Әр әншінің жұлдызын биіктетін бір әні болады. Сол әніңді тапсаң – бағыңның жанғаны. Мен үшін –“Даниярдың әні” сондай ән! 1970-жылы қаңтар айында профессор Болат Сарыбаевтың фольклорлық ансамблімен Үнді еліне бардық. Оның үш штатында, совет мамандары салып жатқан Алахабат гидроэлектростанциясының жұмысшылары мен инженерлерінің алдында, Делидің өзінде концерт бергенімізде “Даниярдың әні” орындалғанда шыбынның ызыңы білінбеді. Үнді жұрты ыстық сезімді, әнге тез балқитын шабытты жұрт. Сонда бір үнді азаматы: “Әнімізде де, үнімізде де ұқсастық бар екен. Сіздің жаңағы әніңіз сүйген жүректің лүпілі… сөнбейтін жалыны!” деді, қиыла мөлдіреп.
1972-жылдың қараша айын Сирия, Ливанда өткіздік. Біздің делегация құрамында – Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Бақыт Әшімова, Абай Байтоғаев және бишілер тобы бар еді. Ол елдерде де қазақ әні еркін шырқалды. Сирияда Француз телекомпаниясы менің орындауымда “Даниярдың әнін” киноға түсіріп, сатып алды. Сонда бір ресми қағаздарды толтырып жатып, француз режиссері: “Бұл “Даниярдың әні” қай операдан ария?” деді. Мен не дерімді білмей, сасқалақтап: «Ғафу етіңіз, ешқандай операдан емес, ол ән – әлемге әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың “Жәмила” повесінің негізінде жазылған ән. Бәлкім, бұл шығарманың француз тілінде шыққанын білетін де шығарсыз?» - дедім. Француз режиссері: “Осы әнді жазған композитор қай консерваторияны бітірген?” - деді байсалды үнмен. Мен тағы да ыңғайсызданып: “Ешқандай консерваторияда оқымаған жан”, - дедім. Француз режиссері күлімсірей бас шайқап: “Жоқ, мүмкін емес… мүмкін емес!”, - деді...
Жанымды жібек самалдай желпитін мұндай оқиғалар көп-ақ.
* * *
“Даниярдың әні” бір күндері атақты тенор, СССР халық артисі Әлібек Дінішевті толқытты. Тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемге Советтің ән мектебінің классикалық үлгісін танытқан бұл бір сирек бітімді ғажайып әнші бір күні маған телефон соғып: -Аға, сізде “Даниярдың әні” деген ән бар, бұл ән маған - мечта! Арман! Маған бұрынғы оркестровкалары ұнамайды. Мен біздің сүйікті Ерекеңнің… иә, Серкебаевтың орындағанын тыңдадым, камералық оркестрмен. Гениально! Баритондарға да келеді екен. Бірақ, бұл әннің құдіретін тек лирикалық тенорлар ғана көрсете алады. Ол – мен! Сіз рұхсат етіңіз, бірақ, араласпаңыз, дирижер Гурьяновпен өзім сөйлесемін. Біреулердің айтуына қарағанда, ол анау-мынауға көнбейтін тоңмойын деседі, бірақ, оркестровкаға мығым көрінеді. Мен көнсе көнді, көнбесе туған нағашым – Ришат Абдуллиннің тізесіне басам. Көндірем қалайда! Ха-ха-ха! - деп шегі қата күлді.
Бір аптадан кейін дирижер Гурьянов келді де Дінішевке оркестровка жасағанын, онымен репетиция өткізгенін айтты. Сөйтті де оқыс күліп жіберді: - Өзіңіз білесіз, контрабаста ойнайтын әлгі жалтыр бас, қыли көз еврей… сол біздің үстімізден арыз жазып, жүйкемізді құртып жүр. Жалықпайтын жалақор. Біздің оған айтатын жалғыз ғана сөзіміз: “фальш ойнама” дейміз. Оған иланбайды ол. Бір өзі бір оркестрді шаршатты мүлде. Дінішев алғаш рет бізге репетицияға келгенде оркестрді тыңдап тұрды да: “Отличная оркестровка! Великолепно!” деді. Оркестр екінші рет қайталай бастағанда Дінішев біздің әлгі “маэстроға” “сіз контробасыңызды дұрыстап келтіріңізші! Фальш жіберіп отырсыз!” деді. Құдай сақтасын, дәл сол сәтте оркестрдің не күйге түскенін елестетіп көріңізші! Ешкімнің сөзін елең қылмайтын контрабасист жыны басылып, жым болды. Дінішевтің сұсы керемет екен! Және қандай нәзік сезімді музыкант! Әлібек екеуіміз “Даниярдың әнімен” осылайша табыстық. Тереңірек шүйіркелесе келе білдім Дінішев консерваторияға дейін фортепианода және хор-дирижерлық бөлімде оқыпты. Ал, бұл білім қай вокалистте бар? Аһа, Ермек Серкебаев те солай екен ғой. Екеуі де теңдесі жоқ бельканто! Сіз бақыттысыз, “Даниярдың әні” осы екі әншінің орындауында өзінің шырқау шыңы - апогейіне жетті. Сіздің осы әніңізге әлемді таңғалдырған “Вернись, в Сорренто!” әнінің даңқты жолын тілеймін, - деді, қолымды қатты-қатты қысып.
Көп ұзамай “Даниярдың әні” эфирден беріле бастады. Әлібектің үнін тыңдаған сайын ішімнен “Адамға қандай ғана үн бітеді?” деп таңғала берем, таңғала берем. Әлібек болса, кездескен сайын “Перед вами я в долгу, ағашка!” деп, ерке- назбен құшып, сүйеді. Мен де оған сүйініп: “Ой, Әлібек, ол қандай қарыз? Қайта осы әннің бар құпиясын ашқан… оны талай жүрекке тәтті сыр ғып жеткізген саған қарыздармын, мен!” деймін.
Осындай тебіреністі лебізді Шыңжандағы тамаша тенор Хамит та айтты.
“Даниярдың әнінің” жыры таусылмайды. Оның қилы-қилы хикаясын ақтық демім біткенше еститін шығармын…
(Жалғасы бар)
Abai.kz