Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 18199 0 пікір 29 Желтоқсан, 2010 сағат 22:05

Зарқын Тайшыбай. Абайдың нағашылары мен қайын жұрты туралы

Ұлы Абайдың  өмірі мен шығармашылығына байланысты мағлұматтардың неғұрлым толық болуы үшін оның нағашылары мен қайын жұрты жөніндегі деректерді де қамту маңызды болмақ. Ақынның ата тегі туралы біршама зерттеулер баршылық. Алайда, оның біржарым ғасырлық мүшел тойы кезінде де, кейін де Абайдың анасы жағынан келетін туыстары ескерілген жоқ. Азаматтың қалыптасуына белгілі дәрежеде әсер ететін отбасы, оның ішінде бәйбішесі туралы мағлұматтар аз.

Абай десек - қазақ деп, қазақ десек - әрқайсымыз-ақ бір көтеріліп, қанатымызды бір қомдап қалғымыз келді. Халқының ұлы болып туып, ту ұстары болып өткен данышпан дүниеден жүз жыл бұрын озса да, ұрпақтарына азық болып отыр. Азық болғанда көмейден өтіп, тәнге қуат бергенін емес, көкейде жаңғырып жанға берген рухани байлығын айтамыз. Осыдан жиырма жыл  бұрын бір топта академик Зейнолла Қабдолов: "Апыр-ай, қазақтың бағына Абай тумаса, Абайды айдай әлемге жайған Мұхтар тумаса, не болар еді?" деп қалғанын отырған қауымның ішінде аңғарғаны да, аңғармағаны да, естісе де түсінбегені болғанына өзіміз куә...

Ұлы Абайдың  өмірі мен шығармашылығына байланысты мағлұматтардың неғұрлым толық болуы үшін оның нағашылары мен қайын жұрты жөніндегі деректерді де қамту маңызды болмақ. Ақынның ата тегі туралы біршама зерттеулер баршылық. Алайда, оның біржарым ғасырлық мүшел тойы кезінде де, кейін де Абайдың анасы жағынан келетін туыстары ескерілген жоқ. Азаматтың қалыптасуына белгілі дәрежеде әсер ететін отбасы, оның ішінде бәйбішесі туралы мағлұматтар аз.

Абай десек - қазақ деп, қазақ десек - әрқайсымыз-ақ бір көтеріліп, қанатымызды бір қомдап қалғымыз келді. Халқының ұлы болып туып, ту ұстары болып өткен данышпан дүниеден жүз жыл бұрын озса да, ұрпақтарына азық болып отыр. Азық болғанда көмейден өтіп, тәнге қуат бергенін емес, көкейде жаңғырып жанға берген рухани байлығын айтамыз. Осыдан жиырма жыл  бұрын бір топта академик Зейнолла Қабдолов: "Апыр-ай, қазақтың бағына Абай тумаса, Абайды айдай әлемге жайған Мұхтар тумаса, не болар еді?" деп қалғанын отырған қауымның ішінде аңғарғаны да, аңғармағаны да, естісе де түсінбегені болғанына өзіміз куә...

Уақыт кейуана өз дегенін істеді. Кезінде кім қандай баға берсе де, әкесінің атымен Құнанбайдың ұлы десе де "мен адамның ұлымын" деп кеткен Ибраѕим есімді қазақтың нағашысы кім екен? деген сауал әркімнің көкірегінде тұратын. Абайды білгенде оның нағашы жұрты Шаншар елі екенін білетін. Біле тұра, одан бері кімдер екені көп жұртқа  беймәлім. Бірақ құны қалжың деңгейінде ғана қалып келе жатқан бір мақал бары рас.  "Жігіттің ірік болмағы - нағашыдан, үйдің берік болмағы ағашынан".

"Нағашыдан" деген мақалды шығарған мен емес, халқының Абайын қақпайлап, Қаракесекке тықпалағысы келіп отырған ниетіміз жоқ. Білгеннің артығы жоқ, мына төмендегі біраз сөз Абайдың нағашылары туралы.

Ұлы Абай туралы ұлы Әуезовтен сөз қалған ба, Мұхтар не дейді: "Абайдың өз шешесі Қаракесек ішінде Бертіс тұқымы болады. Ұлжанның әкесі Тұрпанмен бірге туысқан Қантай, Тонтай қалжыңмен даңқы шыққан белгілі мысқылшыл, тапқыр күлдіргілер. Бұл әдет - Бертіс, Шаншар руына түгел жайылған мінез. Осы Шаншардың бұрын-соңды заманға шейін аузынан тастамайтын атақты қуы - Тонтай. Тонтайдың барлық өмірі тұтас күлкі боп кеткен. Түгелімен бастан-аяқ жеке-жеке күлкі әңгімеден құралады. Сол әңгімелерге қарағанда Тонтайлар - қалың қазақ ортасының үнемі көңілін көтеріп жүрген, таусылмайтын думан, ұдайы қызық күлдіргісі. Осы Тонтайдың інісі Тұрпаннан  туған әйел бала - Ұлжан. Ұлжанда тұқымының тауып айтқыш қалжыңшылдығы әбден белгілі болған: ... кесек қалжың, әжуаға да Ұлжан көнтерлі, созырлы, тапқыр болған..."

Қатты сырқаттанып, үшкіртуге тағы молла шақыртпақ болған бала-немерелеріне: "Жазыла-жазыла қожа-молдадан да ұят болды, енді өлмесек болмас" деп өз бетін өзі жапқан, пәниден бақиға күліп аттанған әулие атамыз Тонтай -  Абайдың нағашыларының бірі.

Енді бірде Мұхаң осы ойын өрбітіп: "Ұлжан - мысқылшыл, сатирик, қалжыңшыл адам болған. міне, осы мінездер Абайға, тегінде, шешесі арқылы енуі керек".

Абайдың жас кезіндегі мінезін, өзіне ғана тән ұтқыр да ұшқыр сөз тұрпатының тамырын Мұхаң осылай тапқан, таратқан. Абайдың Абай болуының бір ұшығын ұлы жазушы осылай аңғартып қана өткен. Сол Абайдың кіндігінен өрбіген перзенттерінің аяулысы (әке үшін баланың жаманы болмайды) Ақылбай өз нағашылары туралы:

Нағашым Ер Қазыбек әулие өткен

Пәниден уақыт жетіп ол да кеткен.

Сасқан жан жер түбінен  "Бабам" десе,

Әруағы күңіреніп келіп жеткен, - дейді ғой.

Абай айтқан десе де, сиятын сөз емес пе? Ақылбайдың ақыл-парасаты мен ақындық қарымына тәнті болған Абай кезінде осынау алмастай өткір шындыққа дау айтпаған шығар. "Ұлым-ау, Қазыбек сенің ғана нағашың ба, менің де нағашым ғой" деп, тостағандай көзін бір төңкермегеніне кім куә? Қасында болғанымыз жоқ, қалған дерек те жоқ, өткенге болжау айтсақ, болжауымыз дәйексіз болмаса, реті келіп тұр емес пе?

Енді Абай нағашылары туралы аз-кем сөзді әріден бастайық.

Орта Жүз Арғынның бір бұтағы Мейрам сопының кенжесі Қаракесек атанған Болатқожадан тарайтыны  мәлім. Болатқожаның баласы - Бошан. Ертіске қарай құлағын елді бауыр Бошан дейді, ол бір кезде Қазыбек би ауданы атанып, бір шеті Қарқаралыға жалғас жатқан үлкен өңір. Батысқа қарайғы бөлікті сырт Бошан дейді.

Бошаннан - Таз (басқасын таратпай-ақ қояйық, баршаға мәлім бес Бошан), Таздан - Бұлбұл, Бұлбұлдан - Шаншар. "Болашақты болжаушы Шаншар абыз" атанған бабамызға байланысты әңгімелер көп, олардың жөні өзінше.

Тексіз біреулер айтып жүргендей атам қазақ әйел сыйламаған деген бос сөз. (Сыйлау дегенді кім қалай түсінеді, ол басқа мәселе). Сыйламаса, Қаракесектің ұраны "Қарқабат ана", Әйбике және Нұрбике елдері деп ту көтеріп, атау бере ме?

Сол Шаншар бабамыздың Әйбике, Нұрбике деген әйелдері сонау ХҮІІ ғасырдың аяғында Тәшкенді билеген қатаған Тұрсын ханның қыздары болса керек. Еңсегей бойлы ер Есім ханмен тізе қосып, хан Тұрсынның бүлігін басқанда, Шаншар батыр оның қыздарын олжалап, елге әкеліп, алақанға салып өсіріп, бой жеткізсе керек. Айтпақшы, сол бикелердің біреуі - Қоңырбике тобықтының анасы деп, шежіре айтады.

Аталған  екі анамыздан өрбігендер бұл күнде баршылық, шүкір ұрпағы жаман емес. Айта кетейік, кейбір  "жазушылар" "Айбике" деп жазады. Онысы - қазіргі салтқа сай ат қою жөніне келтіргендігі. Қазір мына біз, бізден бұрын өткендер Әйбике ұрпағымыз деп атаймыз. Соны мақтан тұтамыз.

Сол Әйбикеден тараған ұрпақты Әйбике - Шаншар, Нұрбикеден - Нұрбике Шаншар деп кеткен. Кейін, ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қазақ даласын жат жұрт баса-көктеп билеп, әкімшілік жер бөлісі атауларын бергенде де дәл осылай "Әйбике Шаншар елі" деп жіктеген. Осылай деп болыстық басқармаларға атау берілген. "Таттымбет - киргиз Нурбике Шаншаровской волости" дейтіні сондықтан. Әйтпесе, бәрі бір атаның, бір адамның баласы.

Нұрбике анамыздан Бертіс туған. Бертістің бір баласы Бектемірден Мөшеке, Битен, Шитен есімді балалары болған.

Мөшекеден - Қазанғап. Қазанғаптың 1772 жылы туғаны туралы мәлімет бар. Өлген жылы белгісіз, әркім әртүрлі айтып жүр, көзбен көрген құжатымыз жоқ, сондықтан қашан қайтыс болғанын айта алмаймыз. Қазанғаптан Тәттімбет туғанын бүкіл қазақ біледі. Қазақтың ұлы күйшісі Тәттекең туралы басқа сөз айтпайық, әңгіме Абайдың нағашылары туралы.

Битеннен - Қантай, Тонтай және Тұрпан. Қыр елінде Битенді Шитеннен бөлмейді, тетелес болғандықтан ба, арасына жыл толмай туған егіз деп есептей ме, әйтеуір Битен-Шитен деп қосақтап айтады. Сөйтеді де, Абайдың нағашысы, оның ішінде туған нағашысы Битен-Шитен деп қосақтап жібереді. Орайы келіп тұрса, сөздің жымы қабысып тұрса, айып жоқ қой, әйтсе де Абайдың туған нағашысы - Битен.

Міне, сол Битеннен Қантай, Тонтай, Тұрпан дедік. Мұхтар Әуезовтің деректерінің бұлжымас дәлдігінің дәлелі осындай. Тұрпанның Ұлжан, Молқара атты қыздары болған екен. Ұлжан апамыз - Абайдың анасы.

Кітапта жазылмаса да, Қаракесек ішінде әлі айтылады: "қарадан хан болған, қараңғыда жол тапқан қара барыс Құнанбай" Ұлжан анамызға қарсы сөзге келе бермейді екен. "Сен айтасың, сенің сөзің емес аталарың сескендіреді" деп басылып қалады екен. Сол Ұлжан анамыз - дүниеге Абайды әкелген.

Битенұлы Қантай мен Тонтай туралы Ресейдің отарлаушы үкіметінің жазып қалдырған деректері баршылық. Оқырман қауымға мағлұмат, кейбір үзінділер келтірсек, артық болмас.

Арғы атасынан ел билеп, ақсүйек текті болған Тонтай Битенұлы туралы Омбы мемлекеттік архивінде бірнеше құжат жатыр. (Осы Омбы архиві туралы талай жаздық. Алматыға әлі әкелінген жоқ, құрып кетеді-ау!) Сонда Тонтай Битенов 55 жаста екені көрсетілген мағлұмат өз айтуынша толтырылған. Құжат 1842 жылы жасалған. Яғни, Тонтай 1787 жылы туған болады. Қантайдың қай жылы туғаны туралы қағаз кездестірмедік (бәлкім бар да шығар), бірақ көнекөз қариялар екеуінің арасы 2-3 жас деп отырушы еді. Сонда Қантай 1783-84 жылдар шамасында туған.

Қаракесек - Шаншар ішінде Қантай - Тонтайды қосақтап, Тұрпанды атамай өте беретіні қалай? Сөйтсек, Тұрпан өз шаруасын күткен, көзге түсе бермейтін байсалды, көп тыңдап,аз сөйлейтін адам екен. Мұхаң  "Абай жолында" Ұлжанды қандай байсалды, ойлы бірақ кесімді, айтқанынан қайтпайтын әйел заты ретінде суреттесе, сонысы тағы шындыққа келеді.

Біз келтірген деректер ағайынды Қантай мен Тонтайдың бір орыстың ұлығы (заседатель Негонский) пара алғаны  жөніндегі іске куә болуына байланысты. Тіпті, бұл іске Қазанғап, оның баласы Ырысымбет те қатысты. Олардың да өз аузынан берген жауаптары, бармақтарының таңбалары да бар.

Қантай Битенұлының ауылнай екендігі, оған 50 шаңырақ, 350 жан басы қарағаны көрсетілген.

Бертін келе, 1860 жылдың аяғына қарай Нұрбике - Шаншар елінің жағдайы туралы іс қағаздарда Қантайдың Омар, Тонтайдың Әтеке деген ұлдары туралы мағлұматтар бар. (Кезінде бұл есімдерге көп көңіл қойғанымыз жоқ. Қайта оралар болсақ, құнды деректер көп).

Осылайша, Абайдың нағашыларын Ұлжан анамыздың бауырларына дейін әкелдік.

Енді Ақылбай аузымен айтылған "Ер Қазыбек" деген сөз турасында ойымызды ортаға салайық.

Абайдың ұлы ақын екенін қазақ та, басқа да мойындайды. Ал енді бір аян жағы - Абайдың  шешендігі туралы пайымдаулар олқы жатқан жоқ па?  Ақынның бәрі - шешен бе, шешеннің бәрі - ақын ба? Арғы-бергіні шолып көрелікші. Бұл сұраққа жауап біреу: басқаны білмеймін - Абай әрі шешен, әрі ақын. Айыптап, талдап көрсек, Абайдың шешендігі озық тұрғандай. Оның әр өлеңі - ғақлия, әр ғақлиясы - өлең, Абайдың ақындығы - оның шешендігінің көрінісі.  Абайша төгілдіріп айтатыны, сөзінің салмақты ырғағы, ұйқасы қиналмай, еркін келетіні - ақпа шешендігі.

Реті келгенде, Ахмет Байтұрсыновтың Абай ақындығы туралы пікірін еске салайық: Ахаң Абайдың ақындығына шек келтірмей, жоғары бағалай тұрып, "ұйқас жағынан кемшіліктері бар" демеуші ма еді? Бұған дау айтпайық. Ұйқас кемшіліктерін ой басып кетіп отыратыны шешендіктің құдіреті ғой. Шешендік ойлантпайды. Көмейге келген сөз бұғып қалмайды, айтылып қалады. Абай дәстүрінде жазылып қалады.

Абай - шешен. Абай - әлденеше  қым-қуыт дауды қыздырмаға жеткізбей тап басып шешімін тапқан әділ қазы. "Абайдың алдына барғанда дауыңды ұмытып, оның сөзінен жаныңа дауа тауып қайтасың" дейді екен замандастары. Абайдың шешендігі талай топтағы билігі жөнінде М. Әуезов те, басқалар да аз айтпаған.

Нағашым "Ер Қазыбек" дейді Ақылбай. Нағашысы Қаз дауысты Қазыбек екенін Абай да біледі. Міне, Абайдың шешендік қасиетінің нәрі қайда жатыр.

Абай мен Қазыбекті, Қазыбек пен Абайды қиыстыру әрі оңай, әрі қиын. Оңайы - Абайдың арғы нағашысы Қазыбек. Қиыны - Абай жазып қалдырған мұраларда Қазыбек есімі аталмайды. Билер мен хандар қаѕарға ұшыраған коммунистік сенім-наным заманында бұғып қалған бұл ақиқатқа дл қазір неге жарық сәуле түсірмеске?! Демек, Абай нәрленген шығыс, батыс, тағы басқа қайнарлардың ішінде ерекше бір қастерлісі, ана сүтімен келген қасиеті - Қаз дауысты Қазыбектен!

Сөз орайы келіп қалған екен, Абайдың қайын жұрты туралы әңгіменің шет жағасын бастайық.

Қазыбек бабамыздың ұрпақтары туралы Ақылбай Абайұлы былай дейді:

"Бекболат туып қалған сондай заттан,

Қамысқа қарғағаны - жауын атқан.

Төресі Орта Жүздің Абылайды

Тидің, деп қытығыма - сайдақтатқан.

 

Тіленші одан туып ел билеген,

Арғынға одан қорқып жау тимеген.

Бір өзі Орта Жүзге билік айтып,

Ұрыны залымменен нанша илеген.

 

Алшы-екем би атанған сары қасқа,

Бақ берген қазақ басын шайқамасқа.

Болсын десе болады аға сұлтан,

Еш адам билеген жоқ одан басқа.

 

Жүсіп те артық туған өзім атам,

Сөзім шын, ешбірінде жоқ бір қатам.

Атама өлеңімді сәлемге апар,

Бір тонға өлеңімді берсе, сатам.

 

Осы төрт шумақтың бойында айтылған адамдарға, оқиғаларға тоқталайық. Заты, шын өнер ақылдан шығады, ақыл бұрын-соңғының қорытпасы, ғаделеттің түйіні ғой. Атам қазақ, жалғыз ауыз сөзін де босқа шығын етпеген. Осы әңгімемізге қатысы бар Иманжүсіптің әйгілі өлең-әнінің басталуы қалай еді?

Абылай аспас Арқаның сары белі,

Қуандық пен Сұйіндік жайлаушы еді...

Мына сөздердегі:  "Абылай аспас Арқаның сары белі" деген сөйлемге зер салып көрген кім бар. Ол не? Сары бел, Арқаның белі Алатаудай биік емес, Абылай неге аса алмады?

Сөйтсек, шындық жоғарыда Ақылбай Абайұлы айтқан "Төресі Орта Жүздің Абылайды, Тидің деп титығыма сайдақтатқан" деген сөздермен тікелей байланысып жатыр екен. Оның мәнісі - Абылай хан да пенде ғой, кейінде бір елге жағып, бір елді жығып, әділдік тізгінін бұра артқан кезі болса керек. Сонда Бекболат, бауыры Бөдене батыр Абылай ханға сес көрсетіп, Ерейменнің тауынан шығысқа қарай аттатпай қойған.

Бекболат пен Абылай арасындағы оқиға І. Есенберлиннің "Жанталас" романында айқын көрсетілген. Бұдан Абылайдың беделі кемімейді.

Кейінде Бекболаттың Тіленші деген баласынан туатын атақты Алшынбай би Қарқаралы дуан жаңа ашылғанда аға сұлтандыққа төре емес, қазақ нәсілінен Құнанбайды тағайындатады. "Қарадан хан болған Құнанбай" дейтініміз сондықтан.

Алшынбай да көпке мәлім, одан Жүсіп туады. Жүсіптің қызы Ділдә апамыз - Абайдың бәйбішесі. Ділдә мен Абайдың тойы туралы Абайдың әуелі ұрын келуі, кейін қалыңдығын алуға келгені туралы Мұхтар Әуезов шындық негізінде көркем суреттейді ғой.

Ал, нақты дерекке келетін болсақ, М.Әуезов ХХ ғасырдың 50-жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің студенттеріне оқыған бір дәрісінде (Сәкен Жүнісовтің жазбаларынан) былай депті:

"Құнанбай балаларына Тобықты ішінде бай-билердің қызын ғана әперіп қоймайды, ол неше түрлі саясат, есеппен, тіпті ауыл сыртындағы елдердің қыздарын да әпереді. Бірі - жер мәселесімен, бірі - әкімшілік мәселесімен байланысты болып жатады. Осы құдалық, осы айттыру Абайдың басына да тап болып, Алшынбайдың (Арғын, арғын ішінде Қаракесек) баласы Жұсіптің қызы Ділдәға үйленеді. Ділдә қартайып, өлген".

Ділдә бәйбішеге жолығып, ауызба-ауыз бірнеше мәрте тілдескені, Абай   жөнінде сұрағаны туралы Мұхтар Әуезов одан әрі былай дейді:

"Мен Ленинград университетінде оқып жүрген кезімде, елге келгенде сұрайтынмын. Бірақ, ол бәрін айтпайтын, тек айтатыны: "Біздің ел (қаракесектер) Тобықтыдан мәдениетті және күшті болған соң, Абайды менсінбеген едім, алғашқыда" деуші еді".

Бұл сөздерді көркем шығармада дәйек ретінде пайдаланған ұлы жазушы 16 жасар Абайдың өзі бұрын жүзін көрмеген 17 жастағы Ділдә қалыңдығына алғаш рет ұрын келгені туралы оқиғаны суреттегенін "Абай жолы" романынан оқуға болады.

Мұхтар Әуезов Абайдың қайындап барғанын осылай әспеттеп жазып қалдырды,  сондай-ақ, Абайдың нағашылап, Едірей-Мыржық өңіріндегі бертістерге келгені туралы ел аузындағы әңгімелер де қызық.

Абай өмірбаянына байланысты әрбір деректің біз үшін өте бағалы екені даусыз. Абай атамыздың ат басын тіреген, табаны тиген жерлер де сонша қадірлі болса керек. Алайда, Абайтанудың ұзын-ырғасына қарап отырсақ, оның нағашы жұрты, қайын жұрты қалыс қалып бара жатқанына ішің ашиды.

Басқа ұлт нағашысын, қайнын қадірлемейтін шығар, ол жағы бізге мәлімсіз. Бірақ, Абай-қазақты нағашыларынсыз, қайындарынсыз көзге елестету оңай болып па?

Иншалла, ұлы адамның нағашысы қандай текті болса, қайындары да сол елден. Күн аралатпай барша қазақтың төрінен құдіретті әнімен күңіренген Мәди сол Абайдың туған балдызы. Ділдәнің әкесі мен бірге туған Жүсіптің інісі Бәпидің жалғыз ұлы - осы Мәди батыр, әрі ақын, әрі әнші. Зер сала қараған адамға Мәдидің Абай ауылында болғаны, жездесімен кездескені, тілдескені көрініп тұр ғой. Мәдидің 1880 жылы туғанын еске алсақ, Абай дүниеден қайтқанда атпал жігіт, айтулы азамат, аты шыққан серінің бір көштей ғана жердегі апасы мен жездесіне  сәлем беріп қайтпауы мүмкін емес. Сондықтан, Мәдиді реалист ақын десек, оған Абайдың, Абай ауылындағы ақындар қауымының игі әсері тигеніне дау бар ма?

Қазақтың от ауызды, орақ тілді ғаділ билерінің соңғысы саналатын   Алшекеңнің алдын Абай сан мәртебе көрген. Абайдың сол ауылға барып, күйеу болуы Алшынбай бидің дер шағы, алдынан ел, аузынан сөз кетпеген кезі еді ғой. Ал оның жақсы ұлдарының бірі Жүсіп атамыз Қазыбек тектілердің ішінде бөлек жаратылған, билік айтса жарастыққа жыға береді екен. Басқа ағалары мен інілеріне басалқы айтатын, сөзін өткізетін осы Жүсіп болған.

Сахараның саңлақ биі әрі батыр Құнанбай да құда болам деп әркімге бостан-босқа ұрынбайды ғой. Сол Жүсіптің қызы Ділдә апамыз да айбарына ақылы сай, аймаққа абыройлы бәйбіше болған. Бидің немересі, байдың қызы деп кеңес заманында бағасы төмендегені рас та шығар. Көп  жасады. Сексеннен асып барып дүние салды.

Сол жылы Қарқарлының қара түрмесінің қорған қабырғасының іргесінде Мәди де қастықтың қанды оғынан құлады. Абай ауылының, Ділдә ауылының Жолаушыбай деген ер көңілді сері жігітімен Мәдидің дос болғанын да білеміз. "Ұрлаған жылқысын Тобықтыға апарып өткізіпті" деген айыпты да оқыдық. Сол бір қысталаң заманда апасына барып Мәдидің жүгінгеніне, бата тілегеніне кім таласады? Уақыт жөнімен, оқиға жөнімен қуып отырсаңыз бәрі орайлы сияқты.

Ділдә апамыздан Абайдың өзі айтқандай,  "жақсы" балалары Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия туды. Әрқайсысы артына өшпейтін із қалдырды. Асылдың сынығы асылдығын көрсетеді ғой.

Зарқын Тайшыбай, филология ғылымдарының кандидаты

Петропавл қаласы

«Абай-ақпарат»

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963