Жұма, 22 Қараша 2024
Тұлға 8674 7 пікір 27 Қараша, 2017 сағат 11:44

Зұлхарнай ағайдың бейнесіне құрметпен бас иемін...

1986 жылдың күз айы болатын. Пединституттың жатақханаларының жанынан жұмысқа кетіп бара жатқан Зұлхарнай Алдамжарұлын кездестірдім. Жүрісімді жеделдетіп, қасына жақындап келіп ағаймен амандастым. Сау-сәлем алысқан соң, екеуміз жүре сөйлестік. Зұлхарнай ағайға өзімнің ғылыммен айналысқым келетінін айттым. Ойымды құптады. Бір-екі күнен кейін кездесетін болдық.

Профессор Алдамжаров докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін өзіне ғылыми ізденуші етіп бұрынғы студенті Ғабит Кенжебаевты (қазір ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор) алмақшы болған екен. Бірақ  оны пединституттың сол кездегі ректоры профессор Нәжман Күнқожаевқа ізденуші етіп беріпті. Одан кейін осы институттың жас түлегі Лесқали Бердіғожинды алмақшы болған екен, бірақ Лесқали да оқуын бітіген соң әскерге кетіп қалыпты. Сөйтіп жүргенде мен жолығыппын. Маған ғылыми тақырып беріп өзі ғылыми жетекшім болатынын айтты.

«Ағай, мен әлі ғылыми жұмыс жазуға дайын емеспін. Тіпті диплом жұмысын жазып көрмеппін. Сол үшін алдын-ала диплом жұмысы сияқты шағын бірдеңе жазып көрейін, сосын барып диссертация жазуға кірісер едім»- деп едім,-«Онда тұрған не бар, бірден ғылыми жұмысқа кіріс. Босқа уақытыңды өткізіп қайтесің!»-деді. Сөйтіп ғылыми жұмыстың тақырыбын таңдауға кірісіп кеттік.

Профессор Алдамжаров тарихнамашы болатын. Қазақстанда тұңғыш болып тарихнамадан докторлық диссертация қорғаған адам. Зерттеген тақырыбы Қазақстан тарихнамасындағы Қазан төңкерісінің тарихы еді. Маған Санжар Аспандияровтың тарихи мұрасын зерттеуді ұсынды. Отызыншы жылдары қуғын-сүргіннің құрбаны болған Санжар Жапарұлы Аспандияров қазақтан шыққан тұңғыш медик әрі тарихшы-ғалым болатын. Енді осы ғұламаның тарихи еңбегін зерттертеп, оған тарихнамашы ретінде баға беру міндеті жүктеліп отыр.

Бұрын-соңды бірде-бір тарихи мақала жазып көрмеген мен үшін бұл үлкен жұмыс еді. Оның үстіне ғұлама-тарихшы ежелден бергі қазақтың тарихын жүйлендіріп жазған кісі болатын. Мұндай энциклопедиялық білімі бар ғалымның тарихи мұрасымен айналысу қаншалықты ауыр екенін сезіндім. Тақырыптың күрделілігі соншалықты тіпті зерттей алмайтын сияқты болып көрінді маған. Кейін білдім, «Профессор Асфендиаров-как историк» деген тақырыпқа Зұқаң, студент кезде өзі диплом жұмысын жазған екен ғой. Сірә бұл тақырып бойынша өзінің жинаған материалдары болған сияқты.

Біздің үйде  13 томдық «Қазақ совет энциклопедиясы» болатын. Санжар Аспандиаров туралы қысқаша мағлұматты тауып алып, өзімнің алғашқы ізденісімді бастап кеттім. Зұлхарнай ағайдың берген тақырыбы тарихи тақырып па, әлде тарихнамалық тақырып па- әлі дұрыс түсініп жүргенім жоқ. Дегенмен, күнде кезектесіп қаладағы «Н. Островский» атындағы облыстық кітапхана мен «Дом Политпросвещениенің» кітапханасына барамын. Тарихнамалық мақалалардың жазылу стилін үйренгім келіп «Вопросы истории» журналына шыққан көптеген тарихнамалық мақалаларды көшіріп алдым. «Тарихшы болу барлық тарихшының қолынын келеді. Арасында тек біреуі ғана тарихнамашы болады!»-дегенді естігенім бар еді. Осы айтылған нақыл сөздің шындығын енді түсіне бастадым.

Зұлхарнай ағай институттың ғылыми кеңесінің шешімімен 1987 жылы мені Алматыға жіберді. «Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына» ізденуші ретінде тіркеліп келуім керек болды. «Профессор Кеңес Нұрпейсовке барасың, сол кісі өзі көмектеседі саған!»-деді. Танысқан соң Кеңес ағай мені қасына ертіп алып институт директорының орынбасары профессор Төлтай Балақаевқа алып барды. Сол жерде қай бөлімге тіркелетінім шешілді. Көп кешікпей институттың «Ұлы Отан соғысы тарихы мен Қазақстан тарихнамасы» деп аталатын бөліміне тіркелдім. Осы барған сапарымда көптеген тарихшы-ғалымдарды көрдім. «Пушкинка» деп аталатын қазіргі Ұлттық кітапхана мен Ғылым академиясының кітапханасына жазылдым. Бірқатар ғылыми еңбектермен таныстым. Осылай бір жыл өте шықты. Атырауға келіп кафедра алдында ғылыми есебемді бердім. Жұмысымды одан әрі жалғастыру үшін ізденіс мерзімімді тағы бір жылға ұзартты. Сөйтіп ізденуші болған екі жылым негізінен кітапханаларда өтті. 1989 жылы қыста тарихнамаға байланысты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Атыраудан Зұлхарнай Алдамжаров келді. Аэропорттан өзім күтіп алдым. Конференцияда ағай баяндама жасады. Баяндамасы жақсы шықты. «Сырым Датұлы- жарты ғасырлық тарихты қамтитын бір кезеңнің өкілі болған. Профессор Вяткиннің «Батыр Сырым» деген еңбегінен басқа бұл тақырып бойынша жазылған дұрыс еңбек жоқ. Одан бері елу жыл уақыт өтті. Жаңа заман талабына сай етіп бұл тақырыпты қайтадан зерттеу керек деп санаймын!»-деді. Ғалымдар қол шапалақтап жатыр. Кейін бұл тақырып зерттеу жұмысының обьектісіне айналды. Осы келген сапарында мені профессор Григорьевпен таныстырып кетті. Владислав Константинович партия тарихы институтында жұмыс істейтін еді. Ең бастысы, Кеңес ағаймен жақсы қарым-қатынас орнатып кетті. Маған Алдамжаровтың шәкірті деп қарап, көп жәрдемдесті Кеңес ағай. Тарихтан кандидаттық минимумды тапсырғанда осы Кеңес ағай қабылдап, «бес» деген баға қойып берген еді. Иманды болсын, бұл екі ғалым бірін-бірі өле-өлгенше сыйлап өтті.

Зұлхарнай ағай жыл сайын жаз айларында Мәскеуге барып, ғылыми зерттеу жұмысымен айналысатын болыпты. Бір жылы осындай мақсатпен Мәскеуге барған кезде өзінің ғылыми жетекшісі Дахшлейгердің қайтыс болғанын естиді. Дереу Мәскеуде тұратын Григорий Федоровичтің қызын тауып алып, көңіл айтады. Сөйтсе қызының Алматыға ұшақпен баруға ақшасы жетпей тұр екен. Зұлхарнай ағай өз ақшасын төлеп ұшаққа билет алып беріпті. Ақшасы таусылған соң барған ғылыми ізденісін ерте аяқтап Атырауға қайтқанын осы Кеңес ағайдан естідім.

Аспандияровтың ғылыми мұрасын ғылыми тұрғыда зерттеу менің қолымнан келмеді. Тақырыптың күрделілігі, хронологиялық кең ауқымы, өзімнің шектеулі мүмкіншілігім қолымды байлады. Бұл тақырыптан бас тартуыма әсер еткен тағы бір себеп, тарих институтының сол кездегі директоры, профессор Сүлейменов көптен бері Аспандияровты зерттеп жүрген екен. Келесі жылы кітап шығарайын деп жоспарлап қойыпты. Бірде мені шақырып алып екеуміз біраз сөйлестік. Сөзінен түсінгенім, «Менің кітабым шыққаннан кейін сенің тақырыбыңның маңызы болмай қалады»-деп айтқаны ғана. Онысы дұрыс екен. Мен Рамазан Бимашұлының зерттеуінен артық бұл тақырыпқа ештеңе қоса алмас едім. Осы хабарды естіген соң бөлім меңгерушісі Қозыбаев Манаш Қабашұлына бардым. Манаш ағай маған «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан мұнай өндіру өнеркәсібінің тарихы» деп аталатын жаңа тақырып берді. Өзі менің ғылыми жетекшім болуға келісті. Мен жедел Кеңес ағайға бардым, Кенақаң ойланбастан: «Жақсы тақырып екен. Манаш Қабашұлы сені қорғатады. Сенің етің Манаштікі де, сүйегің Зұлхарнайдікі болып қалады ғой!»-деді. Қуанып кеттім. Жатақханаға жеткесін мән-жәйді түгел айтып Зұлхарнай ағайға хат жаздым. Зұлхарнай ағай жауап берген жоқ, бірақ кездескенде өзінің қарсы емес екенін айтты. Ризашылығын білдірді. Осылайша енді мен Манаш Қозыбаевтың аспиранты болдым. Диссертациямды қорғап ғылым кандидаты болуым осы Маңаш ағай Қозыбаевтың арқасы екенін айтып кеткім келіп отыр. Кейін бір «күлегеш» ағамыз мені әжуалағысы келіп, «профессор жетекшісін академикке ауыстырып алған, қу бала!»-деп келекелеп жүрді. Бірақ Зұлхарнай ағай мұндай пендешіліктен биік болды. Қайта өзі барып мені Манаш Қозыбаевқа тапсырып кетіпті. Көрген жерде жылы тартып ақыл-кеңесін айтып отыратын еді. Тіпті бірде мейрамханаға апарып қонақ еткені бар. Әбілсейіт Мұхтар, Сайполла Сапанов үшеуміз, Алматыға бір келген сапарында Зұлхарнай ағайға амандасайық деп қонақ үйге іздеп барғанбыз. Түс кезі болатын. Зұқаң бізді «Алматы» қонақ үйінің мейрамханасына алып барды. Бір ай Англияда іс-сапармен болып келген екен. Мейрамханада отырып көрген-білгенін айтып отырды. «Көшеде бір үлкен қаралы жиын кетіп барады екен. Ішінде бастарына қара орамал таққан жас қыздар бар. Бәрінің көңілі қажулы. Сұрап қарасам осыдан 350 жыл бұрын өмір сүрген Оливер Кромвельді еске алу үшін жиналған жиын екен»-деп ағылшындардың ата-бабаларын қалай құрметтейтінін айтып таң қалып отырды.

Зұлхарнай ағай жүрегі кең, көңілі ақ адам болатын. Қарындасым оқуға түспекші болып бір жылдары абыр-сабыр болып қалғаным бар. Шарам біткен соң Зұлхарнай ағайға айттым. Сол кезде бізге қол үшін берген адам болды. Көзінің тірісінде ағайдың жақсылығын баса айта алмадым. Қасына ергендердің сөзінен қысылған сияқтымын. Енді қысылатын ештеңе жоқ. Өмірден озған адамды мақтағанның еш сөкеттігі болмас. Қанша уақыт өтсе де өзімді Зұлхарнай ағайдың алдында қарыздармын деп есептеймін. Ғылымға алғаш аяқ басуым да, Алматыға барып ғалымдар көшінің соңына еруім де осы Зұлхарнай ағайдың арқасы екенін еш ұмытқан емеспін. «Бір күн ұстаздық еткен адамды бүкіл ғұмыр бойы сыйла!»-деген қағида бар емес пе? Бұл шәкірттің парызы болып табылады. Зұлхарнай Алдамжарұлы сияқты ұлағатты ұстаздың бинесіне құрметпен бас июді өзімнің шәкірттік парызым деп санаймын!

Мұхитов Қабибек Сәдірұлы, Атырау мұнай және газ университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333