Сенбі, 23 Қараша 2024
Ауыс-түйіс 9216 22 пікір 23 Желтоқсан, 2017 сағат 18:43

67-дегі Есімовке қызмет бұйырды. 55-тегі Мырзахметов қайда барады?

Өткен жолы ғана Елбасының өз қолынан "Еңбек Ері" деген атақты алған Ахаң, Ахметжан Есімов жаңа қызметке тағайындалды.

Президенттің тапсырмасы бойынша Ахаң енді "Самұрұқ-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорын басқарады.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бар, Президент әкімшілігінен Әділбек Жақсыбеков бар, премьердің жап-жаңа орынбасары Өмкең, яғни Өмірзақ Шөкеев, Ахаңды жаңа жұмыс орнына апарып, командасымен таныстырды.

Таныстырып жатып сөз алған Бақытжан Сағынтаев мырза, Ахаңның еткен еңбегін айтып, мемлекеттік күрделі міндеттерді орындаудағы жоғары кәсіпқойлығы мен жауапкершілігі жайлы жылы сөйледі.

"Қордың алдында Мемлекет басшысының қойған өте маңызды, оның ішінде трансформациялау бағдарламасын одан әрі іске асыру бойынша міндеттері тұр", — деді Бақытжан Сағынтаев.

Сөйтіп, алпыстың жетеуіне келген (67 жас) Ахаң, ақыры "Самұрұқ-Қазынадан" бір-ақ, шықты. Басқасы басқа, БАҚ-та дәл осы Ахметжан Есімовтің енгіді қызметтік карьерасы қалай қарай ауатыны жайлы талқы қызу болды.

Ахметжан Смағұлұлы 1950 жылы 15 желтоқсанда туған. Елбасының жерлесі, тіпті. Алматы облысы, бұрынғы Қаскелең ауданының тумасы. Сондықтан болар, Ахаң Астана жақтағы ақ жағалылардың жасырын жарысында, жанама айқасында "тяжеловес" саналатын.

1. Есімовтің тағдыры қалай шешілді?

Оның үстіне саяси өмірбаяны өрлеу үстінде келе жатқанын көрсететін бұл адам ЭКСПО-дан кейін "Еңбек Ері" атанды. Ауы мен бауы бітпеген ЭКСПО-ны өткерісімен ентігін баса қоймайтыны екібастан белгілі еді.

Дегенмен, саяси ортада Есімовтің ендігі креслосы - Сенаттағы бос тұрған бір орын деген болжамдар айтылды. Себебі, Сенаттың қазіргі түр-сипаты саясаттағы пенсионерлердің пансионаты іспетті.

Тіпті, Ахаң "Алматыға қайтып келіп, Баукеңнің, Бауыржан Қадырғалиұлының қызметі жоғарылайды екен" деген сыбыстар тарады.

Өткен бейсенбіде Алматы активі кештетіп, апыл-ғұпыл жиын өткізгенде шыққан әңгіме еді бұл. Ештеңе өзгерген жоқ. Баукең, Бауыржан Байбек өз қызметінде қалды. Әйтсе де, сегіз күннен бері тым-тырыс жатқан Асқар Исабекұлы Мырзахметов те, Байбекпен рокировка жасауы бек мүмкін деген алып-қашпа әңгімелер айтылып жүр. Мұнда да Бауыржан Байбек ПӘ-ге баруы мүмкін деген болжам айтылды.  Бұл болжам ғана. Өйткені, Астананың ауа-райын болжап біле алмаймыз.

Ахаңа қайта оралайық. Ол дағдарыс менеджері деген атты - кіші Ермегяевтің шашып-төккенін жиып, істемегенін істеп, ЭКСПО-ны уақытында өткізгені үшін алды. Сол үшін мақтау, марапатты көп естіді. Елбасының өзі ерекше разы болып, алғысын айтқаны тағы бар.

Бізде қалай. Бізде Елбасының ризашылығына бөленген адам ендігіде қызмет бабымен өсуі керек. Сол жүріске салсақ, Есімовтің тасы өрге домалайтыны түсінікті еді.

Есіңізде ме, Елбасы 2015-тегі бір жиында елудегі Шөкеевке, жап-жас жігітсің әлі деп еді ғой. Астананың жас категориясын бағалау шкаласымен өлшесек, Ахаң әлі тың.

Енді "Жаңа команда" жайлы айтар болсақ, Ахаң өз командасымен жүретін адам. Алматыдан Астанаға ауысқан кезде де чемоданын жиып кеткен болатын. Соңғы бір-екі айдың шенінде Ахаңның жарнамасы күшейді. Алматыдан арнайы апарған Куянов дейтін күшеншек досы күшеніп жатып жарнамасын жасады.

2. Аз-кем дерек. Ахаңның күні бүгінге дейін жүріп өткен қызметтік жолы:

Ол - 1992 жылдан - Алматы облыстық әкімшілігінің басшысы. 1994 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары. 1996 жылы - ҚР мемлекеттік хатшысы, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Мемлекеттік қаржы салымдар комитетінің төрағасы. 1998 жылы - ҚР Президент Әкімшілігінің жетекшісі. ҚР Бенилюкс мемлекеттеріндегі Төтенше және Өкілетті Елші. 2001 жылы - ҚР ауыл шаруашылығы министрі. 2002 жылы - ҚР Премьер-министрінің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі. 2004 жылы - ҚР Премьер-министрінің орынбасары. 2006 жылдың қаңтар айынан - ҚР ауыл шаруашылығы министрі. 2008 жылдан 2015-ке дейін  Алматы қаласының әкімі. Сосын ЭКСПО-ға келіп тоқтады.

Біз, "Abai.kz" порталы, 2017 жылдың 26-қазаны күні Ахаңның ендігі қызметі жайлы болжам айттық. Сөйтіп, Ахметжан аға салып ұрып  "Самұрұқ-Қазынадан" бір-ақ шығуы мүмкін дедік. Рас екен. Бұл да ықтимал болжамдардың бірі еді. Егер Есімовтің бір кездері Мемлекеттік қаржы салымдары жөніндегі комитетті басқарғанын ескерсек, "Самұрық-Қазынаның" кілтін қолына алуға ыңғайы келетін.

Ахаң премьерлікке келіп қалуы мүмкін деген болжам айтылды. Бұл да қызық болжам еді. Бірақ, Президент бұл қызметке биліктегі үшінші буын өкілдерін қойғысы келетінін ымдап жүрген.

3. Қазақстанның Үкімет басшыларының жасы 40-54 аралығында

Дейтұрғанмен, мына қызыққа қараңыз, 1991 жылдан бері Үкіметті тізгіндеген жігіттер 40 пен 54-тің арасында болған. Мысалы, сортына қарамай Үкіметті басқарған Сергей Терещенко (1991 жылы) сол кезде 40 жаста болды.

1994-те Сережадан тізгінді алған Әкежан Қажыгелдин 42 жаста еді.

1997 жылы Тәуелсіз Қазақстанның үшінші премьері болған марқұм Нұрлан Балғымбаев 52 жаста болды.

Онан соң Қасекең келді. 1999 жылы Тоқаев 46-ға толған.

2002 жылы бұл қызмет Имекеңе бұйырды. Иманғали Тасмағамбетов 46 жаста еді.

Қазір Шығыста жүрген Даниал Ахметов 2003 жылы Имекеңді ауыстырды.  Даниал 49 жаста-тұғын.

2007 жылы Үкімет үйіне Кәрім Мәсімов келді. 42 жаста болатын. Осы отырғанда бақандай бес жыл отырды.

2012 жылдың күзінде Серік Ахметов келіп, көптің көңілі ауды. Секең сол жылы 54-ке толған. Екі жылдан кейін-ақ, "экстренный замена" жасалды.

Қайтадан Кәрім Мәсімовпен қауыштық. Бұл кезде Мәсімовтің жасы 49-да болатын. Сөйтіп, тағы 2 жыл отырды. 51 жасына шыққанда креслосын ауыстырды.

2016 жылы Бақытжан Әбдірұлы келді қызметке. Сол жылы 53 жасқа толған Бәкең әлі бастық.

Осы ретпен келетін болсақ, Ахметжан аға Үкіметтегі темпке тым кәрі болды. Болжағанымыздай-ақ, Ахаң қызметсіз қалмады.

4. Асқар Мырзахметовтің ендігі қызметі қандай болмақ?

Ендігі мәселе Асқар Мырзахметовте. Асекең алпыс екінің жігіті. Қазір 55-те. Үкіметтегі орынын, Ауылшаруашылық министрлігіндегі креслосын Өмкеңе босатып бергелі сегіз күн өтті. Әлі тағайындау болған жоқ.

Шолуымызды әрмен қарай, Асекең жайлы жалғайық. Әуелі Асқар Мырзахметов өз қызметінде мемлекеттік тілге басымдық беретіні бұрыннан белгілі. Оны Асекеңнің есеп беру жиынынан көрдік. Мысалы, өткен жылы Алматыға кеп, Ауылшаруашылығы жайлы есеп бергенде, "Қазақстандағы аңшылардың саны Шыңғыс ханның әскерімен шамалас" дегені көптің есінде қалды. Бұл тұрғыдан келгенде есеп беру жиынын дәл осы форматта өткізген бірден-біреу ғана.

Асқар Исабекұлы, былтырғы Жер дауы кезінде аз уақыт комиссияны басқарды.

Жерге қатысты жеке ұстанымын жасырмай айтып, былай деп еді: "Жерді өзіміздің азаматтарға меншікке беру керек. Онда да заңдық, құқықтық механизмдері өте күшті болуы әрі оның орындалуы қатаң бақылануы тиіс". Бұл Асқар Мырзахметовтің біздің архивімізде сақтаулы өз сөзі.

Асекең де мінсіз деуге келмейді. Дейтұрғанмен, саясат дәлізіндегілердің ішінде судан ақ, сүттен тазасы бар дегенге сенудің өзі утопия. Салыстырмалы түрде осы.

Сонымен, нүкте қояйық. Асекеңді парламенттегі пансионатқа жіберуге әлі ерте. Сонымен, Мырзахметовтің ендігі миссиясы қандай болмақ? Ал Сенатта қаңырап тұрған бір бос орын кімге бұйырады?

Алдағы аптада Астанада ауа-райы құбылуы әбден мүмкін.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364