Шыңғысхан қазақ тілінде сөйлеген
Шыңғысты хан көтеріп, ұлы хан мәртебесін берген жері өзіміздің қазақ жері Ертіс аймағындағы (Семей облысы) Шыңғыс тауы болып табылады және сол тайпалардың барлығы қазіргі қазақ елінің құрамында.
«Біздің қазақтың ескі сөзінше: - Бұл Шыңғыс тауының Шыңғыс атанғаны баяғыда Шыңғыс хан тамам мұңғыл - татарды алып, үлкен хан болғанда, осы Шыңғыс тауында қол астындағы елдердің тайпа басы бектері келіп, мына Қарауыл өзенінің күн шығыс жағындағы хан биігінің басына ақ киізге салып, хан көтеріп Шыңғысты алып шыққан. ...Шыңғыс ханның шын аты Темушин еді. Сол үлкен хан болғанда, Шыңғыс қойды, мағынасы – бек мықты, зор деген сөз.
Бұл таудың Шыңғыс атанғаны, сол ана биіктің Хан биігі атанып, осы біз қыстап отырған өзеннің Хан өзені атанғаны, бәрі де сол Шыңғыс хан атымен байланысты», деп жазыпты Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Түрік, Қырғыз, Қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде. «Каримов, Хусайнов ошеркасының матбағасы» Орынбор қаласы, 1911 жыл. (50-51бет).
«Хижраның бес жүз тоқсан тоғызыншы (жаңа есеппен 1202 жылы) доңыз жылында қырық жасында Шыңғысты хан көтерді. Найман кіре деген жерде үлкен той жасап, ас берді» («Түрік шежіресі» 58 бет).
«202. Барыс жылы (1206 ж.) киіз қабырғаларының ішінде тұрған халықты дұрыс жолға салған кезде, Онон өзенінің бастауында жиналыс өткізді. Осы жерде ақ ту көтеріліп, Шыңғысхан хандыққа сайланды. Осы жерде Мұқалыны гован сайлады. Осы жерде ол Жебеге найман Күшлік-ханның ізіне түсіп, жорыққа шығуды бұйырды» («Асыл аңыз» 259 бет).
Енді біз осы келтірілген деректердің қайсысы шындыққа жатады деген сұраққа жауап іздер болсақ, Шәкәрім атамыздың дерегін таза шындық деп қабылдауымыз керек. Себебі, Шәкәрім атамыздың келтірген дерегінің тарихи-топономикалық айғақтамасы сол жерде әлі тұр. Меніңше, дәл осындай дәлелге ақыл-есі дұрыс жан баласы дау айтпаса керек-ті. Оның үстіне тарихи деректердің қай - қайсысы да Наймандардың сол замандарда Ертіс өзенінің жоғарғы жағында орналасқанын жазады. Оның үстіне қазіргі Шыңғыстау, Хан биігі, Хан өзені орналасқан аймақтың, сол заманда Әбілғазы атамыз айтқандай Найман кіре аталғанын қосыңыз.
Осы айтылғандардан шығатын қорытынды, Шыңғыс хан атамыздың сонда қазіргі тарихымызда жазылып жүргендей, ата-бабаларының атамекені, қазақ даласына «қоныс аударған» мезгілі 1219 жыл емес, 1202 жыл. Ал, шындығында бұл қоныс аудару емес, олардың өз ата-мекендеріндегі қыс-қыстау, жаз-жайлауларындағы емін-еркін көшіп-қонып жүруі болып табылады. Сырт елдің тарихшылары Қазақтың Ата салтын білмегендіктен әртүрлі жаңсақ болжамдар жасай берген.
Шыңғыс ханның тегінің қазақ, оны хан көтергендер қазақтар екендігін Маңғыстаулық Қалнияз ақын Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы Хиуа ханы Мұхаммед – Рахимге:
«Аржағым алаш ұранды
Ел едік байтақ құралды
Хан көтерген қазақпыз
Шыңғыс хан – арғы бабаңды» деп жырлаған. «Маңғыстаудың жыр-дастандары» (52 бет). Қазақтың тек қана өз баласын хан көтеретініне кімнің қандай дауы бар?
«Құпия шежіренің» түпнұсқасының қазақ тілінде жазылғандығын жан-жақты зерттеп дәлелдеген қазақтың тарихшы ғалымы Қ.Данияров өзінің, «Шыңғысхан тарихы» атты кітабында «Моңғолдың құпия шежіресін» - «Казахский героический эпос Чингисхана» деп атаған (Қ.Данияров «Шыңғысхан тарихы» 90-92 беттер).
Осы құпия шежірені «Моңғол» тілінен «Моңғол» тіліне аударған Моңғолияның тіл ғылымының докторы Д.Церінсодным былай деп жазыпты: «Құпия шежірені» көне моңғол тілінен қазіргі моңғол тіліне аудару үшін мынадай шығармаларды пайдаландық:
1. «Құпия шежіренің» Козин бастырған нұсқасы мен орыс тіліне аударған дәптері (С.А.Козин. «Сокровенное сказание», том 1. 1941).
2. Лувсынданзын шығарған жазба “Алтын шежіре”.
3. «Құпия шежіренің» Кафаров жазған көшірмесі мен сөз асты аудармасы.
4. Кафаровтың қытай тілінен орыс тіліне аударған нұсқасы (Архимандарит Палладий
(Кафаров). «Старинное монголькое сказание о Чингиз хане»).
5. «Құпия шежіренің» Хэништің 1935-1939 жылдары бастырған көшірмесі мен сөздігі.
6. Рашид ад-Дин жазған моңғол тарихы және Березиннің орыс тіліне аударған дәптері.
7. «Құпия шежіренің» қытай тілінен моңғол тіліне Барға (ру аты) Цендісүрін аударған нұсқасы (екі дәптер).
8. «Шыңғыстың тегі», «Алтын шежіре», «Моңғолға қатысты тарихтар мен сөздіктер», «Құпия шежіренің» Позднеев жасаған жартылай көшірмесі, Алтын-Ошыр жасаған көшірмесі, Хэниш аударған жартылай аудармасы, Владимирцовтың «Моңғолдың қоғамдық құрылысы» атты кітабы т.б.
Бұл кітаптарды арқау ете отырып «Құпия шежірені» көне моңғол тілінен байырғы моңғол әрпімен көшіріп жазып, ұғынылуы қиын әрбір сөзге түсінік бердік. Бұдан кейін бұл көшірмені негіз ету арқылы ежелгі, түсініксіз сөздер мен сөйлемдерді қазіргі моңғол адамына ұғынықты сөз-сөйлемдермен алмастырып, бүгінгі моңғол тіліне аудардық. Себебі бұдан 700 жыл бұрынғы моңғол тілі қазіргі моңғол тілінен анағұрлым басқаша болғандықтан, оны аздаған зиялылар болмаса, қалың жұртшылықтың түсінбейтіні даусыз. Сөйтіп, «Құпия шежіренің» нақты нұсқасын тек зиялылар үшін басудан гөрі, алдымен оны моңғол оқырмандарына таныстыру мақсатымен шығарманың мән-мағынасын өзгертпей, тіл көркемдігін бұзбай ұсынып бастырып отырмыз». Бұдан шығатын қорытынды, жоғарыда көрсеткенімдей Шыңғысхан заманындағы мұңалдар таза қазақша сөйлеген және олардың бәрі де қазақ деп аталған. Ал бүгінгі моңғолдар өзге жұртпен, әсіресе қытаймен араласып, Мұңалдай ұлы аталарының атын сақтап қалуға шамалары жетпей мұңалдан «моңғолға» айналып кеткен. Өздеріңіз бір сәтке ой жүгіртіп қараңыздар, Шыңғыс хандай ұлы тұлғаны дүниеге әкелген Қазақтың кенжесі, қарашаңырағының, Мұңал ошақтың иесі, Адайдың кенже немересі Мұңалдың аты мен тілін сақтай алмаған елге не айтуға болады. Ал, қазақтар, оның ішінде, әсіресе адайлар, сол Шыңғысхан заманындағы аталарының атында, рулық шежіресінде, тілінде, салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында, тіпті бәрі-бәрі, бәрінде түгел сақтап бүгінгі күнге жеткізді. Сондықтан бүгінгі Моңғолия Қазақтың қара шаңырағынан бөлініп отау тіккен көп баласының бірі болып табылады.
Қазіргі Моңғолиядағы моңғолдардың өз ата – тектерін ұмытып, өзге халыққа айналып кеткенін мына бір ауыз сөзден де көруге болады. Құпия шежіреде «Моңғолдың ауыруық (аурақ, ауруық) ордасы» деген сөз жиі қолданылған. Бүгінгі Моңғолиядағы моңғолдар, тіпті олардың тіл ғалымдары да бұл сөзге тиянақты түсінік бере алмауда. Мысалы, жоғарыда аты аталған иоңғол ғалымы Д.Церінсодным былай деп жазады. «Мүмкін бұрынғы «Ауыруық» сөзі көнеленгендіктен, моңғол сөзінің мақамына орай құбылып, озат деген ұғымды білдіретін «абырғы» (чемпион) сөзі болып өзгерген. ...Мүмкін Ауыруық деген атау «абырғы – үлкен, ағу – үлкен» деген сөз емес, қазіргі моңғол тіліндегі ағұрыс, уырхай (ағуырхай), ағулық, ағуылғы деген сөздермен тектес. Ауыруық сөзі тегінде зат қоятын қойма, қамба (ағулық) деген мағынаны білдіретін тәрізді. ХІІІ ғасыр кезінде қаған ордасының орталығын Ауыруық деп атаған сияқты. Батыс Моңғолияда қойманы уырх деп те атайды. Керліннің Көде аралы қазіргі Байұлан (Байұлы М.Қ.) екені даусыз. Сол сияқты Көде аралдың Долан Бұлтығы – қазіргі Долад, Керліннің Ауруығы – қазіргі Абырғы деген пікірді біз ұсынып отырмыз» дейді.
Бұдан шығатын қорытынды, өздерініз көріп отырғандай қазіргі моңғолдар «уық» деген сөзді түсінбейді, оны архаизм деп отыр. «Ауыр уық» таза қазақ сөзі. «Уық» деп, қазақтың киіз үйінің шаңырағын тірейтін, яғни шаңырақ пен керегелердің арасын жалғап тұратын ұзын ағаш сырықшаларды айтады. Сонда «ауыр уық» сөзі, тікелей сүйегі ауыр үй, ауыр орда болып шығады, ал «Құпия шежіреде» алып орда, орталық орда деген мағына да қолданылған.
Менің осы келтірген дәлелімнің тағы бір бұлтарпас айғағын Шыңғыс қағанның өз ұрпағынан шығып хан болған және өз тарихын өзі жазып қалдырған Әбілғазы атамыздың «Түрік шежіресі» атты тарихи еңбегінен де көруге болады. Бұл еңбектің біз үшін бірден – бір құндылығы, оның таза көне түрік тілінде, яғни қазақ тілінде жазылуы. Атамыздың өз айтуынша, «Бұл тарихты жақсылы-жаманды баршасы білсін деп түрки тілімен жаздым. Түрки тілімен, соншалық бес жасар бала түсінетіндей етіп жақсы жазыппын, түсінікті болсын деп шағатай түркісінен, парсы, араб тілдерінен бір сөз қоспаймын» деген (30 бет). «Түрік шежіресін» әлемнің көптеген елдері, оның ішінде әсіресе түрік елдері өз тілдеріне аударып жатқанда, бұл еңбек қазақ тіліне аударылған емес. Оның себебі – шығарма тілінің басқа тілдермен көп араласпай, таза сақталған көне түркі тілі, яғни оның қазақтың Ана тілі екендігі. Мұндай пікірді Әбілғазы шығармаларының тілін зерттеген А.Н.Кононов, С.Н.Иванов, Т.Р.Қордабаев сияқты ғалымдар да растайды. Бұл дегенің барлық түрік халықтарының түп қазығы, ата жұрты, қара шаңырақ иесі - Қазақ елі екендігін айғақтаса керек. Демек, Шыңғыс хан заманында (ХІІІ ғасыр), одан 300 жылдан аса уақыттан кейінгі Әбілғазы хан заманында (ХҮІІ ғасыр) барша халық қазақ тілін жақсы білген. Демек, бүкіл әлемге түгелге жуық билігін жүргізген, Шыңғысхан империясының мемлекеттік тілі қазақтың Ана тілі болған.
Қытайдың «Тайпин Хуаниұижи» жинағында: «Түріктер бие сүтінен жасаған қымызды ішіп қызып алған соң, ән шырқап, бір-бірімен өлең айтысады» деп жазылған (196 бөлім, «Түрік шежіресі» тарауы). Біз бұдан қазақ өмірінің барлық саласында кең жайылып, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан ақындар айтысының бұдан мың жыл бұрынғы батыс түрік қағандығы дәуірінен бері келе жатқан дағдылы дәстүрі екендігін, ал бүгінгі қазақтардың сол түрік қағанаттығының заңды жалғасы екендігін көреміз. Себебі, бүкіл жер бетіндегі дүние жүзі елдерінің еш бірінде тіл, сөз өнері дәл біздегідей дамымаған. Мұның түп-тамырын Адам атаныңда, Қазақ атаныңда бір тілде сөйлегенін көрсетеді деп тұжырымдауға болады.
Мәдениеттің ең үлкені – тіл. Мәселен, қытайлар тілін жинақтап келе жатқанына 2300 жыл болды. 1968 жылғы дерек бойынша, қытайлар 500 мың түбір сөзін жинапты. Ал ағылшындар 250 мың түбір сөз жинай алды. Ағылшын мен қытай отырықшы өмірінің тілін жинаған. Ал біз көшпелі мен отырықшы өмірдің тілін екі қолымызбен ұстап ХХІ ғасырға ендік. Ғалым Ж.Бабалықұлының есебі бойынша, қазір қазақта 10 млн. түбір сөз бар. Сондықтан, ең бірінші орында тілді жоғалтып алмай, сақтап қалу барлық қазақ азаматының парызы болып табылады.
Тіпті Шыңғысхан заманынан көп бұрынғы, әлем тарихында Скиф, Сақ, Гун, Түрік (Батыс, Шығыс атанған екі қағанаттыңда) атанған елдердің бәрінің де мемлекеттік тілі қазақтың Ана тілі болған. Солардың бірі ҮІ-ІХ ғасырлар аралығында Орта және Орталық Азияда үлкен империя орнатқан Көк Түріктерді көптеген зерттеушілер қазаққа қимай ұйғыр тілінде сөйлеген деп жазып жүр. Түп-тамырымен қате тұжырым. Олардың бәрінің де ортақ тілі қазақтың Ана тілі болған. Оны өзге елдердің ғалымдары да мойындайды. Мысалы, түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы мынадай деректер келтіреді.
«Он шақты жыл бұрын Түркияда түркітанушы ғалымдардың үлкен симпозиумы болды. Оған Монголиядан мен де қатыстым. Аталмыш симпозиумда Өзбекстаннан келген философия ғылымдарының докторы, профессор Б.Р.Каримов ортаға ерекше ұсыныс тастады. Оның «Ортатүрік» теориясы бойынша түркі мәдениеті мен тілін сақтап отырған тек қазақтар ғана екен. Сондықтан, қазақ тілі болашақта түркі халықтарының ортақ тілі болуы тиіс деді. Лингвистикалық және танымдық, этнографиялық ұзақ жылғы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде осындай қорытындыға келген екен. Алайда, оны бірден Ташкент ғалымдары ортаға алып жеп қоя жаздады. Б.Р.Каримов бұл теориясын әлі де жалғастыруда». (Үш қиян № 16. 24.04.2009 жыл).
Осы айтылғандардың тағы бір бұлтартпас дәлелі, Шыңғыс ханның арғы аталары Қарахандар әулеті билігі кезінде өмір сүрген қазақтың әйгілі ғалымы М.Қашқаридің 1072 жылы басталып, 1075 жылы біткен «Түркі тілдер сөздігінде» көрсетілген 246 мақал-мәтелдің бірді-бір сөзі өзгерместен бүгінгі күнге жетіп, қазіргі қазақтар арасында күні бүгінде де өз мәнін жоймай қолданыста жүр.
Қазір 49 мемлекет өздерінің тегі түрік екенін кәміл мойындайды. Осы елдердің бәрі де бастапқы да, сонымен қатар басқа да көптеген елдер таза қазақ тілінде сөйлеген. Тіпті күні бүгінде де, елбасымыз айтып жүргендей қазақ тілін меңгерген адам түріктің он жеті елімен еркін сөйлессе, қалғандарымен аудармашысыз ақ түсінісе алады.
Шыңғысхан қағанатының Қазақтың Ана тілінде сөйлегендерінің бұлтартпас айғағы ретінде мына бір деректерді қаперлеріңізге бере кетейін: Күн (Ғұн) қағаны Мөде б.з.д. 209 жылы құрған империядан бергі 1500 жыл ішінде қазіргі Мұңалия (Моңғолия) аймағында қазақ этносын құраған көптеген рулар мен тайпалар рулар өмір сүрген. Бүгінгі күні Керілген (Керулен) өзенінің арнасынан 25 шақырым жердегі Шыңғыс ханның жазғы жайлауы Аваргада 1990 жылы қойылған ескерткіште қырықтан аса қазақ тайпасы мен руының таңбасы қашалған. Олар: арғын, бағаналы, балталы, шапырашты, беріш, ошақты, жалайыр, тарақты, тама, табын, жаппас, шекті, қаңлы, телеу, керей, алаша, таз, ысты, адай, сарыүйсін, дулат, уақ, қоңырат, рамадан, алтын, кете, төртқара, қарасақал, жағалбайлы, шеркеш, сиқым, албан, ботбай, шымыр, матай және терістаңбалы. Моңғол тарихшыларының айтуынша, Шыңғысхан қағанатының негізін қалаған осы рулар. Қазіргі таңда бұл ру, тайпалардың бәрі Қазақ халқының құрамында. Олардың бәрі сол кезде қалай сөйледі, күні бүгінде де солай сөйлеп келеді. Бұл күмәнға да, дауға да жатпайды.
Жоғарыда көрсетілген деректерден Қазақстанның тіл мен тарих ғылыми әлі сол бұрынғы күйінде жаттың тілі мен іліміне тәуелді болып отырғанын айқын көреміз.
Тарих тағлымы: Бүгінгі күні ұлтын «қазақ» деп жазып, Қазақтың Ана тілінен қашып жүргендер үшін келешекте опық жейтін күн туады. Ол күн алыс емес.
Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы, Маңғыстау
Abai.kz