Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 8680 30 пікір 8 Қаңтар, 2018 сағат 08:46

Орысты жиып ел қылған – варяг-қыпшақтар...

«Қаңғыбастрады жиып, қалың ел қылдым»

                                                   /Көкетай хан. «Манас» жыры./

«Русьте саяси бірлік пен тәртіп орнатты деген варяг-рустардың

                          мәселесіне Киев княздігінің  мәселесі алып келеді».

                                                   /Сергей Платонов. Орыстың ұлы тарихшысы/

 

Орыстардың алғашқы князі деген Рюрик жөнінде зерттеулер жүргізген  ресейлік тарих ғылымдарының докторы Игорь Данилевский Рюриктің аңыз тұлға екенін айтады.  Былай деуінің басты себебі, Рюриктің шыққан тегі туралы нақты деректердің жоқтығынан болған.  Бір анығы, Рюриктің шығу тегінің варяг және рус деген сөздердің этимологиясымен  тығыз байланысты екені.  Міне, осы варягтарды орыс тарихшылары солтүстіктік викинг, норман, шведтерге жатқызады.  Алай да, орыс мифологиясы мен тарихи деректер варягтардың Кіші Азия жақтан келгендерін айтады. Миф дегеніміздің жасырын мағыналы мәлімет екені белгілі. Миф жалған, ақиқат және де мағынасы ұмыт қалған болып келеді.  Мифология ілімін жақсы меңгерген зерттеуші ғана бұл жалған миф пен ақиқат мифті танып, жалған мифтің пайда болуының себебін түсіндіріп, ұмытылған мағыналардың құпиясын аша алады. Орыс жылнамашылары ең алдымен шежірешілер болған, сондықтан да, олардың Рюриктің шыққан тегін білмеулері мүмкін емес.  Алай да, саяси жағдайларға байланысты олар өздерінің жазғандарында  халықтар жөнінде жасырын мағыналарды қалдыруға мәжбүр болғандай.  Қыпшақтарды  «половцы» дегендерімен бірге олар  өздерінің жазып қалдырған жылнамаларында тағы да «аққу-қаздар», «турлар», «Самның балалары» деп те атаған.  Бұл жердегі турлар дегендері турандықтар, яғни, бұқа елі дегендері еді.  Аққу-қаздар дегендері,  қаз+ақ деген сөзді аққу-қаз, яғни, Олжас Сүлейменов айтқандай  «страна белых гусей» деп ұққандарынан болса керек.  Қазақ шежірелерінде осы сияқты жасырын мағыналы мәліметтер өте көп кездеседі. Тіпті,  «Маңғолдардың құпия шежіресінде» де жасырын мағыналардың бар екенін талай жерде айтқан едік.  Ал енді, варяг дегеніміз де қыпшақтарды білдіреді.  Сондықтан да, орыс жылнамашылары өздерінің жазғандарында «половцы» деген сөздің орнына  варяг сөзін қолданғандай. Орыстың «враг», яғни, жау деген сөзі де осы варяг сөзінен болса керек, өйткені, варяг-қыпшақтар ғасырлар бойы словендерді шауып отырған.  Рюрик осы варягтардың рус тармағынан болған.  Өз кезегінде варяг деп  Вара өңірінен шыққандарды айтқандай.  Мәселен, орыстар теңіз адамын моряк, Перьм қаласынан шыққанды пермяк дегендері сияқты Варадан шыққандарды варяг деп атаған болса керек.  Вара дегеніміз Серкібол Қондыбай айтқандай, қыпшақтардың мифоэпикасындағы жер жұмағы, алыстағы ұымытылған арман отандары.  Осымен қатар бұл Вара кеңістігі осы күндерге дейін сақталып қалған. Аңыз бойынша Вара кеңістігіне жеті мыңға жуық жан-жануарлар қамалған екен. Сондықтан да, болар, ежелгі орыс тілінде «вар», «варок»   деп малды қамайтын загонды айтқандары. Және де орыстың «забор», яғни, «за варой» деген сөзі де олардың ерте замандарда  қыпшақтардың Вара кеңістігін білгендерін  айтып тұр.  Арийлік Авестадан біздер Вара үйінде тек қана салауатты, иманды адамдардың өмір сүргендерін көреміз.  Олар біздің нақты ата-бабаларымыз қаңлы-қыпшақтар болған. Жарқын да, қысқа өмірін қазақтың арғы  тегін зерттеумен өткізген ғұлама ғалым Серікбол Қондыбай марқұм: «Қазақ дегеніміз – исламның суфийлік және ханифалық ағымы мен қыпшақтанып кеткен ежелгі Вара-Ұрым идеясының тоғысуынан шыққан пенде» дегенде, «ұрым» деп осы Вара кеңістігінің бір фонетикалық нұсқасын айтқан еді.  Осымен қатар Серікбол «ор», «ур» деген сөздердің де, Вара атауының фонетикалық нұсқалары екендерін айтқан.

Тақырыбымыз Рюрик княздің шыққан тегінің қыпшақ екендігінде болған соң, біздер ең алдымен ежелгі қыпшақтардың кімдер болғандарын  ұғуымыз керек. Сондықтан да, бұрын жария көрген «Шыңғыс хан және қыпшақтар» атты мақалымызда айтылғандарды қысқаша шолып өтелік. Ең алдымен, ежелгі қыпшақтардың ақсары бет-әлпетті, алтын шәшті, жасыл-сұр түсті көзді  болғандарын айта кету керек.  Ежелгі тохарлардың қорымдарына жасалған археологиялық зерттеулерден біздер жасыл-сұр түсті көздің арийлердің белгісі екенін түсінеміз. Шығыс ханның руының атауы «борджигин» дегеннің  кидан тілінде «жасыл-сұр көзділер» дегенді білдіретінін де естідік. Орыстар қыпшақтарды «половцы» деп «полова», яғни, «сабан» сөзіне қатысты айтқан. Яғни, шәштәрінің сабан түсті болғандарына  қатысты.  Ертеде: «Нағыз қазақ – сары қазақ» деп аталарымыз бекер айтпаған.  Словендер болса, қыпшақтардан көздерінің көгілдір аспандай болғандарымен ғана ерекшеленген.  Сондықтан да олар осы күнге дейін бірін-бірі көздерінің түсіне қарай  «голубчик», «голуба» деп атайды.

Рашид-ад-дин Қыпшақ дегеннің ағаштың қуысында  босанған әйелдің баласының аты екенін айтқан еді. Яғни, қыпшақ дегеннің түбірі ағаштың «қабықшасы» дегендей. Осы жалған мифке қатысты орыстар  қазақтарды, қыпшақтарды «чурка» деп атаған. Әрине, бұл жалған мифті Шыңғыс ханның идеологтары ойлап тапқан. Бұл жалған мифтің пайда болуының себебін біздер алдыңғыда айтқан едік. Оған тоқталып жатпаймыз. Қазақ арасындағы қыпшақтардың шежіресінен біздер қыпшақ этнонимінің бастапқы нұқасының кави+шақ (сақ) болғанын түсінеміз.  Яғни, кавилік сақтар деген сөз. Башқұрттар мен әзербайжандар қыпшақ дегенді «қыб+сақ» деп айтады. Сақтар ежелгі арийлердің  ұрпақтары екендерінде ғылымда еш күмән жоқ, және де қыпшақтардың генотипі индоевропалық R1a, R1b болып келеді. Рюрик әулетінің бір бөлігінің генотипі де осындай. Сақ, саға, дегеніміздің парсы тілінде ит дегенді білдіретіні белгілі. Яғни, сақ дегенді ит елі деп түсінуге болады. Ежелгі арийлер болса ит жануарын қадыр тұтып, адамнан кейінгі екінші әулиеге санаған соң, оларды да ит елі деп түсінуге болады. Сонымен, қыпшақ дегеніміз «кави» және «сақ» деген сөздерден тұрады. Көрнекті түркітанушы ғалым Сергей Кляшторный ежелгі қыпшақтардың тарихи деректерде «кывчак ковы» деп те аталғандарын айтады. (Қазақстан. Лепопись трехтысячилетий»). Яғни, бұл жерде «кави қыпшақтар» деп айтылған болса керек. Ал енді, шежіредегі қыпшақтардың атасы деген Көбеқалыптың есіміндегі «көбе» сөзі қазақшаланған «арилік «кави» сөзі де, «қалып» дегеніміз – қалыбы, болмысы дегенді білдірсе керек.  Яғни, болмысы Кави дегендей. Кави дегеніміз  біріншіден абыз-ақын дегенді білдірсе, екіншіден патша дегенді білдіреді.  Абыз-ақын деп Көк Тәңірінен келген дауысты өлеңмен жеткізетін қасиетті адамдарды айтатын болған. Қазақтың арасында қазір де көрегендік сөздерін өлеңмен жеткізетін қасиетті адамдар жетіп жатыр. Олар ежелгі кавилердің ұрпақтары болады. Ертеде бұндай қасиетті адамдар ел билеген болған соң, кейінгі Авестада кави сөзі патша дегенді білдірген.  Сондықтан да, кави+сақ дегенді патшалық сақтар деп те ұғамыз. Яғни, Геродоттың айтқан «царские скифы» дегені осы кависақтар болмақ.  «Қазақтың қысқаша тарихын» жазған тарихшы Нығмет Мыңжан патшалық сақтар дегенді «хан дәуірі» деген де еді. Зороастра дінінің пайғамбары Заратуштраның қолдаушысы болған патша Кави Виштаспаны кейбір деректерде Кай Гуштасп деп те атайды. Қазақ мифологиясынды Кейқуат атанып жүрген арийлік патша Кави Кубад, Кави Каватаны да Кай Кавад деп атайды. Фарсида Кай Кобад дейді. Демек, кай, кайы деген этнонимнің бастапқы нұсқасының кави, яғни, абыз ақын, патша болғаны. Яғни, кай дегеніміз де, кави атауының фонетикалық нұсқасы болады. Міне, осыны білген орыстар біздерді кай+сақ атаған. Мәселен, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының жариялаған, Ресей патшалығының  Зайсан округі бойынша статистикалық басқармасынан қалған  өте құнды шежіреде қазақтар Қай әулетінен тарап тұр. Яғни, Қай-Алаш-Қазақ... Демек, қыпшақ, кависақ, кайсақ, қазақ атаулары ежелгі патшалық сақтардың ұрпақтарын  білдіретін  бір мағыналы,  әртүрлі фонетикалық нұсқалар болады. Қайсақ сөзіне «з» әрпін арабтар енгізген болса керек. Өйткені, олардың тілінде Қосай дегеніміз  хузай, хузаа деп айтылады. Сонда қайсақ дегеніміз қайзақ, қазақ болып айтылып кеткендей.   Ежелгі орыстар «касог» деген. Және де, арғықазақ мифологиясында біздерді қазақ атаған арабтар екендері айтылатыны белгілі.

Қыпшақтарда хан, қаған әулетінің болғаны белгілі. Бұл әулет арийлік Кай әулетінен бастау алады. Сондықтан да, қыпшақтағы бұл әулетті Кай Ұран деп те атайды. Османның да, кайы-қыпшақтардан болғаны белгілі, сондықтан да, оның әулеті әлемде монархиялық әулетке жатқызылған.  Шыңғыс ханның әулеті болса, каи-қыпшақтардан болмаған соң, монархиялық әулетке саналмаған.  Осымен қатар, ежелгі тарихшылар айтқандай, қаңлы мен қыпшақтардың бір массив екендері анық. Мәселен, орыс деректерінде «половцы орюплюеве» дегендер аталады. Бұл сөз  «арбалы қыпшақ» дегенді білдіреді.  Арбаны ойлап тапқан қаңлылар екендері белгілі болған соң, арбалы-қыпшақ дегеннің қаңлы-қыпшақ дегенді білдіретінінде күмән жоқ. Тарихи деректердегі «ильбари кипчак» дегендері де «елбөрі» емес, «арбалы»  болмақ.  Қыпшақтардың атасы қытай ғұн-түрікке де, олардың төтемі көк бөріге де  еш қатыстары жоқ екендерін жоғарыда аталған мақаладан біле жатарсыздар. Каңлы этнонимі қыпшақтардың тарихи отандарына қатысты айтылған болса керек.  Мәселен, Сергей Кляшторный «қаңлы» деген этнонимнің  ежелгі турандардың Кангха қамалының атауынан болғанын айтады.  Ал енді, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді болса, қаңлы атауының Сырдарияның ежелгі Канка атауынан болған дейді. Сырдария өңірі қаңлылардың ата қонысы болады. Алай да, Мәмбет Қойгелді Сырдарияның бұрынғы Канка атауының әлгі Кангха қамалының атауынан болғанын түсіне алмаған.  Сырдарияның бұрынғы Канка атауы бұл өзеннің ежелгі Кангха қамалының  ортасынан ағып жатқанынан болған. Авестада бұл Кангха қамалы Кангха-Вара деп те аталады. Өйткені, бұл қамал бастапқыда  авесталық Ием патшаның топан судан сақтану үшін салған Вара үйі болған еді. Сондықтан да, осыны білген Бируни Кангха қамалын Иемнің салғанын айтқан екен. Демек, бұл қамалдың нақты атауы кезегіне қарай Вара-Кангха болған. Міне, осы Вара-Кангха атауынан қазіргі Фарғана, яғни Ферғана аңғарының атауы пайда болған дейміз.  Демек, Фарғана дегеніміз де, ежелгі арийлік Вара-Кангха қамалының атауының фонетикалық нұсқасы болмақ. Ежелде Канка аталған Сырдария өзені осы Ферғана аңғарының дәл ортасынан ағып жатыр. Яғни, бұл өзен Авестада айтылғандай, Ием патшаның Вара үйіне кіргізген суы болмақ.  Ферғана аңғарының Мырзашөлге қараған жалғыз қақпасы Вара үйінің кірер есігі болмақ. Осымен қатар, бұл Ферғана аңғары әйгілі Ергене қоң болады. Бұл жердегі «ергене» сөзі де өз кезегінде Вара-Кангха атауының фонетикалық нұсқасы болса, «қоң» дегеніміз қоныс болса керек. Яғни, Вара-Кангха қонысы – Ергене қоң.  Серікбол Қондыбай «қоң» дегенді қоңғ, қаңғ, қаңғлы деген еді. Бұл сөздің де жаны бар. Яғни, тау шатқалындағы Қаңлы болмақ. Қалай айтсақ та, бұл сөз Вара-Кангха қамалына  тіреліп  тұр.  «Алпамыс» жырындағы Ергене қоңнан шыққан қоңыраттардың: «Қарақан тауда қамалым» дегендері – Қара Кангха тауындағы қамалды айтқандары еді. Қоңыраттық Жиделі-Байсынның да, осы маңда екені анық.  Тарихи деректерде хонкират деп таңбаланып жүрген қоңырат этнонимінің бастапқы нұсқасы кидан тілінде кангха+арат (кангха елі)  болса керек деген едік. «Мен де бей лу» кітәбінің авторы Чжао Хун Шыңғыс хан мағолдарын зерттегенінде олардың «ерекше ру ша-то» екендерін айтқан. Ал енді, қытайтанушы Мункуев ша-то дегендердің Қытайдың солтүстігіне Ферғана аңғары жақтан келгендерін айтқан еді.  Бұл жерде Чжао Хун «ерекше ру» деп Қияттарды айтқан болса керек.  Қият атауының бастапқы нұқасы Қиян - парсы тіліндегі «кейаниан», яғни, патшалық Кай әулеті дегенді білдіреді. Сондықтан да, Ергене қоң оқиғасының дастандық нұсқасында онда кеткеннің бірінің атын Қайан дейді.  Қият дегеніміздің бастапқы нұсқасы алдыңғыда айтқанымыздай Қай+ут болмақ. Бұл жердегі «ут» жалғауы от, ошақ, әулет дегенді білдіреді. Атам қазақтың: «Келелі елде қаңлы бар, қаңлыдан хан көтер» дегені, осы Кангха қамалынан шыққан патшалық Қай әулетін айтқаны екен дейміз.

Сонымен, орыс жылнамаларындағы варяг дегеніміздің варалық, яғни, Вара қамалының адамдары екендері белгілі болды. Гректер варанг деп те атаған.  Қыпшақтар кезінде Европадағы   Дунай өзені мен  Балтық теңізінің жағалауына дейін көшіп-қонып жүргендіктерінен ол теңіздің сол замандағы атауы Варяг теңізі еді. Тарихи деректерде варягтардың аты Византия, Константинопольге қатысты аталады.  Яғни, варягтардың шығу тегін болжаған  норман теориясына қарама-қайшы келетін Кіші Азияға қатысты аталады. Және де, Рюриктің боярлары деген Аскольд пен Дир елімізге қайтамыз деп Константинополь жаққа кетеді. Яғни, олардың келген жақтары норман теориясына сай солтүстік емес, оңтүстік жақ болады.  Қыпшақтар көшпелі арийлерге жататын турандықтардың ұрпақтары болады. Тур дегеніміз жабайы бұқа болғандықтан біздер Туран дегенді бұқа елі деп ұғамыз. Сондықтан да, қыпшақтар шежіресінде Мүйіздіден, яғни, бұқадан тарап тұр. Найман хандығын құрған сир-қыпшақтар болса, сегіз өгіз (сегіз бұқа) бірлестігін құрып өздерін Өкірештен, яғни, кіші бұқадан таратады.  Хандары бұқа атағын алады.  (Білгі бұқа, Бай бұқа, Кете бұқа). Ежелгі наным-сенімде  бұқа - патшаның символы  болған.  Осыдан біздер қазақтың төре дегенінің Тур дегеннен қалғанын айтқан едік. Бұл жерде «кіші бұқа» дегеніміз бұқаның ұрпағы, тақ мұрагері  деген мағынаны береді. Өкіреш дегеніміз парсы тіліндегі «укар» - ірі қара деген сөзден болған. Өзбек тілінде «өкір» деп айтылады.  Наймандардың бір таңбасы  бұқаның мүйізін білдірсе, екіншісі, біздер «шөміш» деп надандықтан атап жүрген таңбамыз бұқаның ноқтасын білдіреді.  Бұл ноқта таңба Қай әулеті патшаларының бәрінің жеке таңбалары болады. Яғни, ноқта таңба патшалық әулетті білдіретін таңба, сондықтан да, шежіреде наймандарды төре-найман деп атаған. Наймандардың қаңлы-найман деген атағы тағы бар. Бұқаның екі мүйізін ертеде Қосай деп те атаған. (ай мүйізді). Ертеде Қосай деген ел де болған, гректер «коссеи» деп атаса, басқа тарихи  деректерде «касситы» (косаиты) деп аталған. Ежелгі өркениетті касситтерді Олжас Сүлейменов пен Еренғайып Омарлардың қазақтар дегендері бекер болмаған. Алай да, шежіреден хабары болмаған олар «кассит» дегенді хас ит, хас ит дегенді хас сақ, хас сақ дегенді қазақ деп долбарлай салады.  Ежелгі көшпенді коссей-кассит дегеніміз біздіңше Қосай елі қыпшақтар еді. Қыпшақтардың Айбас деген ұрандары да бұқаның айға ұқсаған мүйіздерін айтқандары болады.  Ежелгі Египет барельефтерінен біздер бұқаның басында шалқасынан жатқан жарты айды көреміз. Яғни, бұл айдың екі ұшы бұқаның екі мүйізі ретінде көрсетілген.  Ал енді, мұсылманның символы деген  айшықтың анығында кайы-қыпшақ Осман әулетінің таңбасы екені белгілі. Демек, бұл символдың да аты Қосай болмақ.  Арийлердің ұғымында осы айшықтың ұрығынан бұқа жаралған болған екен. Сондықтан да біздер арийлік «Ведидадтан: «Шық, шарықта айшық! Сен, бұқаны тудырушысың!» деген сөздерді оқимыз.  Осымен қатар біздер Тамғалыдағы тастардағы арийлердің заманының суреттерінен Ай Тәңірі мен қасиетті сиыр ананың жыныстық қатынасқа түсіп жатқандарындағы  көріністі байқаймыз.  Яғни,  Туран әлемінде  айшық пен бұқа бір ұғымды білдіретін болған. Тур дегенді қазақтар «дүр» деп, осы сөзбен бұқа сияқты алып күш иесін айтады.  Мәселен, орыстардың богатырь деген сөзі қыпшақтың баһа+дүр деген сөзінен қалған. Ал енді, баһа, бұқа және орыстың бык деген сөзі өз кезегінде қасиетті қара бұқаны ең алғаш баққан авесталық алтын мүйізді Воху Манның атынан қалған болса керек.  (Воху- бұқа).

Сонда, қыпшақтан шыққан  Рюриктің аты словен тіліндегі Ра+рог дегеннен болған. Ра дегеніміздің күн екені белгілі, ал енді «рог» деп бұл жерде ай да, бұқа да айтылып тұр. Словендер Рарог деп төменге сорғалаған сұңқардың таңбалық бейнесін  айтқан. (пикирующий сокол). Бұл сорғалаған сұңқардың бейнесі  Рюриктің жеке таңбасы болған еді.  Және де, бұл төменге сорғалаған сұңқардың бейнесі, айшық пен бұқаның мүйізінің ортасындағы күнді білдіреді.   Яғни, төмен сорғалағандағы артына қарай жіберген сұңқардың екі қанаты айшық пен мүйізді білдірсе, екі ортасындағы құйрығы күнді білдіреді. Міне, сондықтан да бұл таңбаны  ертедегі словендер Рарог атаған.  Бұқаның мүйізіндегі күн деген мағынада. Осымен қатар, Рарог сұңқардың  бұл бейнесі  Шыңғыс ханның үш аша таңбасына ұқсас келген.  Египет барельефтерінен біздер бұқаның мүйізінің ортасында күн, арқасында сұңқар бейнеленген көптеген суреттерді көреміз. Тіпті, күн басты сұңқарды да көреміз. Демек, сұңқар да күннің бір символы болған, сондықтан да, ертедегі словендер оны «огненный сокол», яғни, «отты  сұңқар» атаған.  Рюриктің ұрпағы Ярослав Мудрыйдың күміс теңгесінен біздер үш аша таңбаның ортасындағы ашасының басына  күннің отырғызылғанын көреміз.  Қола дәуірінде салынған дәл осындай суретті біздер  Тамғалыдағы тастардан да көреміз. Онда ортасына күн орнатылған үш аша таңбаның қасында архар жануар салынған екен. Архар күннің символы екені белгілі. Демек, біздің арийлік бабаларымыз біздерге үш аша таңбаның Күн Тәңірінің символы екенін айтып кеткен. Осымен қатар, Ярослав Мудрыйдың күміс теңгесіндегі сурет бұқаның мүйіздерінің арасындағы күнді білдіріп тұрған Рарог атты таңба болмақ. Және де, бұқаның мүйіздері жоғарыда айтқанымыздай айшықты да білдіреді. Бұл көрініс ай мен күннің арасындағы  байланысты айтып тұр.  Сондықтан да, аталарымыз кезінде ұстанған зороастра дінінің Авеста кітәбінде: «Ең тамаша, күн мен айдың арасындағы байланысқа дұға қылайық!» деп айтылған екен.  Және де, Сирия, Египет, Турция жерлеріндегі тарихи ескерткіштерден біздер айшықтың үстіндегі күннің суреттерін көреміз. Сонымен қатар айшық бұқаның мүйізіне ұқсатылып  көрсетілген. Біздің туымыздағы күн де, айшық пен бұқаның мүйізіне ұқсатылып салынған, қанатын жайған бүркіттің үстінде тұр.  Айшық пен күннің бейнесі  арийлердің сакральді таңбасы болады.  Князь Оболенскийдің Ресей империясының Ішкі істер министрлігінің мұрағатынан тапқан Тоқтамыс ханның жарлығында басылған таңбадан біздер бұқаның мүйізінің ортасындағы айқыш таңбаны көреміз. Шоқан бұл таңбаны «бычачья голова» деген екен. Айқыш таңбаның Күн Тәңірінің белгісі екені белгілі.  Яғни, бұл жерде де мүйіздің ортасында күн көрсетілген.  Осымен қатар бұл таңба үш ашаны да еске салып тұр. Және де, үш аша таңба да, жалпы арийлер мен Кай әулетінің  патшаларының таңбасы болады. Ежелгі Юечжи-Кушан патшалығының алтын теңгесінде де біздер патшаның қолынан үш аша таңбаны көреміз. Қыпшақтардың осы үш аша таңбасына қатысты орыс мифологиясындағы жағымсыз кейіпкер, үш басты айдаһар  Змей Горыныч пайда болған.  Горыныч дегендері тау шатқалындағы Вара-Кангха қамалын айтқандары еді.  Бұл Змей Горыныч Авесталық Ажи-Дахаканың символы болады. Осы авесталық атаудан қазақта айдаһар деген сөз пайда болған. Ал енді, Қосайға қатысты орыс мифологиясында енді бір жағымсыз кейіпкер -  лунный Кощейдің аты пайда болған.  Мәселен, орыстар қыпшақтың ханы Кончакты – «Кощей поганый» деп атаған.

Сонымен біздер Рарог дегеннің екі мүйіздің арасындағы күн екенін ұқтық. Скандинавтық тілдерге  бұрмаланып айтылған Рюрик есімінің басты нұсқасы да осы Рарог болады. Бәлкім, ол заманда Рарог деген сөз қыпшақ дегенді білдірген болар. Рюриктің заманына дейін қыпшақтар Аравия, Египет жақта болып келген. Мәселен, пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с.-ның туғанына екі жүз жыл бұрын Аравияда Қосай деген рудың  болғаны белгілі.  Әнес Сарай ағамыздың зерттеулеріндегі пайғамбарымыздың бесінші атасының Қосай аты оның қайын жұртының атауы екен.  Арабша Хузай деп айтылады. Ал енді, ислам дінін жете зерттеген француз ғалымы А. Массэ «Ислам» атты кітәбінде Меккені шеттен келген хузаа (қосай) тайпасы басып алғанын айтады. Қорайыш дегендер осы хузааның құрамында болған екен.  «Керейдің айқыш таңбасы» атты мақаламызда біздер бұл қорайыш дегендердің «Киелі кітәпте»  аттары аталған хорейлер болуы мүмкін деген едік. Бір қызығы, христиан дінінің пайда болуына дейінгі 5 мың жыл бұрынғы хуррит-хорейлердің сақталып қалған барельефтерінен Керейдің айқыш таңбасын көреміз. Керейдің айқыш таңбасының христиан дінінен қалғандығы жөніндегі  пікірдің жаңсақ екенін жоғарыда аталған мақаламыздан біле жатарсыздар.

Египеттік қасиетті қара бұқаның қыпшақтар мен турандықтарға да қатысы бары күмән келтірмейді. Египеттің қасиетті қара бұқасының маңдайында біздер «тұмар» деп атайтын дұрыс үшбұрыш таңбасы болған.   Бұл үшбұрыш таңба қасиетті сиыр ананың ұлы деген ұғымды білдіреді. Сондықтан да, бұл үшбұрыш таңбаны ғалымдар «символ женского начала» дейді.   Яғни, әйел ана жатырының символы дегендері. Египеттегі ежелгі барельефтердің бірінен біздер жалаңаш әйелдің мүсініндегі күнтимесінің айналасында  дұрыс үшбұрыштың сызылып тұрғанын көреміз.  Қыпшақ ханзадасынан туған орыстың ұлы жазушысы И.Бунин де, әйелдің күнтимесін «қара үшбұрыш» деп те суреттеген еді.

Енді, төменге сорғалаған сұңқарды айталық. Орыстар үмітсіз надандықтарынан бұл сұңқардың төмен қарай жемтігіне сорғалап бара жатқанын айтады.  Осымен қоймай олар өздерін арийлердің ұрпақтарына жатқызып  мақтанады.  Егер де, олар біздер сияқты арийлердің ұрпақтары болса, онда, бұл сұңқардың Вара үйіне құдайдың сөзін жеткізу үшін сорғалап келе жатқанын айтар еді.  Авестада бұл құстың аты Каршипта деп аталған. Сұңқардың жылдамдығы найзағайға теңеледі. Және де, орыстың сұңқарды сокол дегені қыпшақтың соқ+ол дегенінен болған. Яғни, аспанда ұшып жүріп азығын теуіп, соғып алатын болған соң. Осыдан біздер Рюриктің сұңқарының скандинав, швед, нормандарға, викингтерге  еш қатысы жоқ екенін түсінеміз.

Енді шведтерді айталық. «Сен-Бертенские анналы» деген 9-шы ғасырдан қалған тарихи деректе франк королі Людовикке Константинопольдің елшісімен бірге рус, рос дегендер келген екен. Олар  (рустар) өздерінің патшаларын қаған атаған дейді деректе. Король Людовик бұл рустардың свейлер екендерін анықтады дейді. Свей дегені француз тілінде свеон деп айтылатын болған  соң, орыстың надан ғалымдары осы свей-свеондарды шведы деген еді. Тіпті, свинья дегендері де бар. Сонда шведтерде қайдағы қаған? Свей дегеніміз кімдер? Нұх пайғамбардың шежіресінен біздер свейдің Сыбай екенін түсінеміз. Бұл Свей-Сыбай дегеніміз «половцы-кыпчаки» дегендердің шежірелік атасы болады.  Яғни, Сыбайдан Алаш, одан Сейілхан, одан половцы-қыпшақтар. Сейілхан дегеннен біздер біріншіден – ежелгі қыпшақтардың хан әулетінен  екендерін, екіншіден – олардың көшпенділер (сейіл-серуен) екендерін түсінеміз.  Сыбай (свей) дегеніміз өзімен өзі, жалғыз дегенді білдіреді.  Осылай деп олар Вара-Кангха қамалына кеткенде аталған болса керек.  Ал енді рус, рос дегендері қыпшақтың орыс дегенінен қалғандай. Жоғарыда айтқанымыздай Ор дегеніміз Вара атауының бір фонетикалық нұсқасы болады. Сонда орыс дегеніміз орлық дегенді білдірмек. (варяг-варалық). Орыс деген сөздің бастапқы нұсқасы аталас, аналас, қоралас дегендердегі сияқты  «орас», «орлас»  болуы мүмкін.  Мәселен, кейбір шежіре деректерінде тобықты-орыс деп айтылатыны белгілі. Осыған қатысты надандар Тобықтыны шешесінің орыстың бір Иванынан тауып алғаны жөнінде лақаб айтады. Ал енді, Рашиденнің деректерінен біздер тобықты-қият дегенді көреміз. Қият болса Вара-Кангха - Ергене қоңнан шыққан тайпа болады. Сонда тобықты-орыс дегеніміз тобықты-қият деген сөздің бір нұсқасы болмақ. Орыс деп бұл жерде Ордан (Варадан) шыққан тайпа айтылып тұр.

«Жер шары қыпшақтың бақыты» дегендей, қият-қыпшақтар Ергене қоңнан шыққаннан кейін жер шарын аралап кеткен. Меніңше, Ергене қоң оқиғасы осыдан 5-7 мың жыл бұрын болған. Солтүстікке барған қият-қыпшақтар Ергене қоңды еске алып бір өзеннің атын Аргуни қойса, варягтар  Европаға келіп өздері салған қаланың атын Аркона қойған.  Осымен қатар Орхон деген сөздің мағынасы – Ор қонысы болса керек. Рюриктер Ладога өзенінің жағасына үшбұрышты қамал да салған. Аргуни мен Аркона атауларының Ергене, Вара-Кангха дегеннің бір фонетикалық нұсқалары екендері сөзсіз.  Ал енді, орыстардың «Ипатьев жылнамасында»: «Афетово же колено и то варязи, свеи, урмане, готе русь...» деп айтылады.  «Афетово колено» (Яфет)  дегендері Япшының ұрпақтары деген сөз.  Бұл жердегі свеи, варяги, русь деген этнонимдердің этимологиясын түсіндірдік. Ал енді, «готе» деген этноним біздің есімізге Бируни айтқан «коти», яғни, қамал дегенді еске түсіріп тұр.  Ежелгі үнді географтарының  Ямаготи дегендері Иемнің салған Вара-Кангха қамалын айтқандары еді.  (Яма-Ием, готи-қамал). Осы Иемнің атына қатысты орыста яма, яғни, шұңқыр дегенді білдіретін сөз пайда болғандай.  Осымен қатар готе дегендердің Каспий теңізінің маңынан келгендері тарихтан белгілі. Әлкей Марғұлан болса, Ергене қоңда Каспий теңізінен де келгендердің де болғандарын айтқан еді. Спартиан, Прокопий сияқты ертедегі тарихшылар готе мен геты дегендердің бір халық екендерін айтқан екен. «Керейдің айқыш таңбасы» атты мақаламызда біздер таңбаларына қарай Кіші жүздегі кетелерді Месопотамиядағы хеттердің ұрпақтары деп болжаған едік. Қайткенде де, бұл готе, гетелердің Европаға Каспий теңізінің бойынан кеткендері анық. Сонда, готе дегеніміз қамалды білдірсе, варяг, орыс, рус деген сөздердің синонимі болмақ. Ал енді, урман дегендері де Ор адамы деген мағына береді. Ур сөзі де Вара атауының бір фонетикалық нұсқасы болады. Ман дегеніміз арийлердің ұғымындағы алғашқы адам болады. (ур, ор адамы). Мәселен, қыпшақтардың европалық ку+ман деген атаулары қу – лебедь, ман – адам деген сөздерден тұрып аққу адам, аққу елі дегенді білдіреді.  Тобықты-қияттан шыққан Құнанбай қажы Қият дегеіннің аққу қыздың баласы екенін бекер айтпаған.  Ол кісі қияттың қыпшақ екенін білген, сондықтан да, Құнанбай үйінің күйеу баласы болған Мұхтар Әуезов өзінің әдеби зерттеулерінде қиятты – қият-қыпшақ деп атаған.  Және де, орыс жылнамашылары қыпшақтарды «гуси-лебеди» деп атайды.  Осыдан біздер, орыс жылнамасындағы варяги, свеи, готе, русь, урмане деген этнонимдердің Вара-Кангхадан шыққан қыпшақтарды  айтып тұрғандарын түсінеміз.

(Жалғасы бар)

Қайрат Зарыпхан, шежіретанушы

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371