Тұран романтизмі
(манифест)
Әрбір ұлттық мектеп мәдениетті зерттеудің өзіндік жолын тапты. Тұрандық өркениеттің мәдени динамикасы, ұзақ дамуда ұлттық мектептерге бөлшектеніп, енді қайта бірігудің қажеттілін әлі сезіне қойған жоқ. Тек саяси парадигмалар тұрғысынан сезінгенмен мәдени аспектілер қалыс қалып тұр.
Тәуелсіздік алған уақыт біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі болып шықты. Еліміздің байлығы халқымызға жететінінен, бәсекеге қабілетті биікке көтерілген экономикасы баршамызды жарылқайтыны күрессіз болмайтыны әбден түсіндік. Капиталистік қоғамға енуміз қара күштердің гүлдеуіне әкелді. Адамдар екіге бөлінді. "Махаббат" пен "ғадауат", «періштелер» мен «хайуандықтың» майданы жүруде. Ортада ешкім қалмады. Дін қорғай ма десек басқа діни секталарды қойып өз исламыздың қырық пышақ болып, қазақ руханиятына тікелей іштен іріте бастады. Ұлттық спорт, музыка мен ұлы айтыс өнерін діни фанатизммен ауыздықтау басталды.
Ұлы Абай реформашыл, жәдидшіл болды. Сол көзқараспен қазақ санасын ұлы көшке бұрды. Ал оны түсіндіретін ғылымға бүгінгі құлдық сана қарсы. Бұл мысал біздің дүниетанымдағы ұлы тақырыптың бірі ғана.
Ал қазіргі уақытта түрлі өнердегі бағыттардың көзқарастарының қақтығысы болып отыр. Осы салдарлар бізге романтизмді көтеру керек екенін алға тартуда. Романтизм де басқа стилдер сияқты қоғамдық құрылыс талабына сай дүркін дүркін қайталана беретін құбылыс. Ол Еурапаға ғана тиесілі емес, барлық халықтардың тарихи дамуының алдынан шығатын құбылыс. Бірақ бірін бірі қайталамайтын құбылыс болып тарихқа енеді.
Бүгінгі өмір ол өткен тарихтың, сол кездегі жобалар мен күрестің жемісі. Ал ертенгі өмір бүгінгі уақыттың күресі мен жоба мен идеяларының нәтижесі болады. Қазіргі уақыт лайланған ағынды өзен сияқты. Ал таза су ішу үшін ағыстың басына бару керек. Сонда ғана Тұран өркениетінің, ұлт өркеиетінің тұнық бастауына, шыңырау тереңінен, шырқау биігіне шыға аламыз. Біздің Романтизмнің эстетикасының талабы да осы. Біз әлемді рухани екі полюске бөліп сеземіз, солай бейнелейміз. Сонда ғана біз өткен тарихтың ойлауының себепкері боламыз. Біздің Ұлы тарихымыз Көне континент Муды есептемегенде Еуразия даласының Аркаимнан басталып бүкіл әлемге сәуле шашқанын ешкім жоққа шығара алмайды.Әлемде бірінші болып металлургияны игергенінен бастасаң бұл деген адамзаттағы ең ұлы тарих болады. Тұран туралы көзқарастардың бастауыда ең ұлысы да ақын Мағжан Жұмабайдың дүниетанымы.Тұран өркениетінің феномен екенін дәлелдеу үшін күрес жүруде.Барлық ғалымдар сезгенмен дәледеуге әлі уақыт керек.
Болашақта бүкіл Тұран жұрты Еуразия кеңістігіндегі өзара ықпалдасып бірігетініміз анық. Сондықтан біз таңдаған бағыт "Тұран романтизмі" деп аталады. Үңги үңілу үшін терең ұғыну үшін бүгінгі өнерге белсенді романтизм жолы ең керекті жол. Романтизм түсінген адамға күрделі де жан –жақты құбылыс және өнердің көркемдік аясының кеңеюуіне ықпал етеді.
Мынау дүбірлі дүйім дүниенің өзі романтизм ұғымына ықпал ете алады. Кешегі Патшалық Ресейдің қирауының басы мен Кеңес Одағының қирауының басы азаттықтың қозғаушы болған тарихымыз үшін біз мақтанамыз. Ерлік тақырыбы, тұлға тақырыбы, тарих жолындағы нешетүрлік өткелдер кезеңі, уақтың рух тақырыбы, өткен мен келешек кеңістігі бізге негіз. Этникалық феномендер: ұлт тұлғалары, ұлы оқиғалар бәрі біздің тақырыбымыз болу керек. Қазіргі суретшілерде тақырып жоқ. Шындық осы. Көркемөнердегі Романтизм бағыты ұлттық жаңғыру мен өнердегі ойларға сілкініс беретін бағыттардың бірі.Ұлттық өнердің жаңғыруында мәдени мұраны пайдалану, жасампаздығын көрсету қазіргі қоғам мен өнердегі негізгі мәселе. Романтик суретшілер біздің рухани және интелектуалдық потенциалымыз. Прогресшілдік пен рухани мұраны ұштастыруды өздерімізге жаңа формада көрсетуге мақсат етеміз. Қазақтың "Тұран романтизмі" осы мақсатқа жұмылдыруы тиіс. Белсенді көзқарастар арқылы өнердегі форма мен санаға сілкініс керек.
Оны жасайтын рухы мықты, көзқарасы анық зиялы суреткер ғана жасайды. Қазіргі уақыт интелектуал суретшілерге зәру. Бір адамның идеясы мәдениет болмайды оны топ жасайды. Мәдениет ешқашан өз өзінен дамымайды. Даму үшін мистикалық субстанция қызметі де, заңда керек емес.
Өнерде қазіргі уақыттағыдай жүйесіздік орын алғанда тек романтизм ғана жол таба алады. Бізді тығырықтан шығаратын жол осы романтизм. Осы арқылы ғана болмыс, мәнділік, трансценденттілік ұғымдары өзінің мәнін алға шығарады. Ұлы идея мен идеалдарды керек етеді.
Ал стиль – идеялық-этикалық, қоғамдық-тарихи мазмұн бірлігіне сәйкестендірілген бейнелеу жүйесінің, көркем түрде суреттеу құралдары мен әдістерінің тарихи қалыптасқан жалпы тұтастығы. Тұран романтизмі арқылы мұндай бірлікке белгілі бір шығармашылық тәсіл негізінде қол жеткізе аламыз. Осы арқылы қоғамның әлеуметтік және экономикалық жағдайы, халықтың өзіне тән ерекшеліктері мен салт - дәстүрлері көрініс таба алады.
Біз үшін стиль «Танымды бейнелеудің көркемдік мұраты» деп қысқа да, нұсқа тұжырым айтамыз. Бұл жерде «таным» - философиялық, ал «көркемдік мұрат» - эстетикалық категория.
Таным жеке көзқарастың қорытылуы болғандықтан, кез-келген шығармашылық негізгі мәселеде көркем түрде шешіледі. Таным дегеніміздің өзі жай ғана абстракция емес, ол – нақтылық, көптеген пайымдаулардың, ой қорытулар синтезінің нәтижесі. Ол - ойлаудың өте жоғарғы дамыған формасы. Ал шығармашылық - адамзат қызметінің жоғары формасы екені белгілі. Ол жоғары интелектінің, жүректің шабытты шалқуының нақты көрсетілетін сипаты. Ал осыны басқарудың жоғары деңгейі сана мен таным болып табылады.
Көркемдік мұрат өзінің сан-салалы сипатымен, мазмұнымен, суреткердің шығармашылық қиялымен, шеберлігімен игеріліп жасалады. Танымы жоқ, көзқарасы жоқ шығармашылықта еш қолтаңба болмайды.Біздің көркемдік мұратымыз "Тұран романтизмі".
Кез-келген шығарма көркемдік әдіс арқылы нұрланып, дараланса мұның бәрі түптің түбінде стильдің ішіне кіретін компоненттер. Белгілі бір тұрақты қайталанып отыратын ерекшеліктер үстемдігі - шын мәнінде көркемдік мұратқа кіретін құрылым ғана. Шығармашылықтың негізгі мәселесі де қалыптасқан стандартты емес міндеттерді жаңаша шешу, оның күрделі құрылымын эстетикалық жаңа биікте, жаңа формада табу.
Біз бірден романтикалық танымды іске асыру барысында эстетикалық үлгіге кіреміз. Ойлау шығармашылық кезінде идеалды үлгіге айналады. Үлгі жасау мен ой бейнесін көрсету - шығармашылықтың негізі. Ол-мұрат, көркемдік мұрат, эстетикалық ой-сана. Көркемдік мұрат танымдық әрекеттің нәтижесі.
Форма – ол ойды бейнелеудегі сыртқы көрініс. Ол - адам адам болғалы дүниетануда, өнерге ұмтылудан бері жасап, үнемі жетілдірумен келеді. Ал көркемдік мұрат танымды бейнелеудің ерекше бір формасы болып табылады. Сондықтан осының бәрі шығармашылық ізденудің жемісі. Жеке адамның ұстаған көркемдік принциптері, бірігіп топтық стилдің ерекшелігін көрсетеді. Бұл ағымдар жеке индивидтердің қолтаңбасы арқылы сараланып, көркемдік әдіс-тәсілдер арқылы жалпылама көркемдік мақсатқа жұмсалады. Стильдің тууы үшін белгілі бір ағымда көркем бітім мен идеялық мазмұн арасында жаңаша қатынас қалыптасқан кезде ғана жүзеге асады. Өзіндік стиль - ол сол эстетикалық талғамға сай өзінше пайдаланып дамыту жүйесі. Сондықтан жеке шығармашылықтағы стиль - ең алдымен, шеберлік мәселесі ол әркімге тіреледі.
Шығармашылық адамзат қызметінің жоғары болмысы бола отырып, жоғары интеллектінің нақты бағытталған сипаты.Сондықтан интелектісі жоғары суретшілерді біріктіреміз. Кез-келген көркемдік шығармашылықта көркемдік мұратты басқарудың жоғары деңгейі болып сана, яғни таным болып табылады. Танымның міндеті - көркем мұратты, оның күрделі құрылымдық мәселелерін шешу үшін қалыптасқан. Сондықтан таным шығармашылықта жетекші рөл атқарады деуге болады. Ол үшін өнердегі - «мазмұн» мен «форма» ұғымдарын біріктіру керек. Өнердің эстетикалық көрінісі танымның маңыздылық жемісі. Яғни, дүние көркемдік тұрғыда танылып, оған көркем баға беріліп, жаңа көркемдік ақиқат жасалады. Ал біздің көркемдік мұрат белгілі бір эстетикалық тұжырымды бейнелеу мен орнықтыру құралы болып табылады. Кез-келген көркемдік мұрат дүниетаным мен тығыз байланысты. Сондықтан таным мен көркем мұрат бірін-бірі толықтырғанда ғана стиль туады.
Еліміздің Тәуелсіздігінің ширек уақытында біз мәдениет стилінде, өнердегі стилдерді қалыптастыра алмадық. Тарихи тұрғыдан жаңаша қарау принципі үшін де жаңа көзқарас керек. Тұран өркениетіне деген қызығушылық бізге мирас болып қалды. Бүкіл Тұрандық мәдениеттің басын біріктіру үшін рухани күш қуаты бар қара шаңырақ иесі Қазақ елі бастау керек. Бұндай атау беріп және алғашқы ту ұстаушы да біз боламыз. Ол бүгінгі ұрпақ, азаттық замандастары мен ұрпақтары. Біздің романтизм ол суреткерлердің уақты түсінуге деген рухтың өзін өзі сипаттауға ұмтылысы болмақ.
"Ұлтқа қызмет қылу - мінезден" деп ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай бұл жерде өз өзін сөзбен де іспенде көрсете алатын нағыз азаматтық көзқарастары орныққан, белсенді интелектуал суреткерлер керек. Уақыт ол бізге берілген бақытты ұрпақтың асқын санасының мистикалық күші. Қазіргі өнер үшін жасық, қорқақ білімсіз тобыр керек емес. Оның бастауында Суретшілер одағындағы ұйымдасқан сыбайлас топтан басталып, алға ұмтылмайтын не суретші емес, не өнертанушы емес тоғышар буынмен жалғасып жатқан надан буынның басшылығы мен басқармасы ұйытқы бола алмай тұр. Осындайлардың кесірлерінен үкіметтің идеологиясынан бөлініп саяси экономикалық реформалар тұсындағы ұлттық көркемөнердің қоғамдағы орны шет қалды. Осының өзі өнердің өзін-өзі тану мен дамуына өте кері әсер беріп отыр.Суретшілердің көбі жан тыныштығын ойлап, ақ пен қара бояуды, ажырата алмайтын халге түскен.
Қазіргі өнерге түсінігі шамалы, рухани болмысы мешеу, мінессіз, тобырлық санаға тірелген суретшілер қаптауда. Осы бір орта деңгей барлық шығармашылық қуатарды семдіріп жайылып барады. Қазақстан суретшілерінде, психикалық мінезінде нарцисизим ауруы белең алған.Тек пленэр мен табиғи көріністер салғандарына мәз. Өнер жігерсіз кері кеткен дүниеге айналып барады. Өнердегі ойсыздық пен жайбарақаттық, идеалдардың жоғалуы, өнертанушылардың тат басқан саналары мен өнердің болашағын ойлауға деген ниетсіздігі, қазіргі өнердің көркемдігін көзден бал бұл ұшырды. Бұның бәрі өнеріміздің ішкі қайшылықтары.
Қазақстан өнертанушылары заманауи өнер мен постмодернистік өнерді анықтауға өрелері жетпей отырғанда біржақты солардың ығына жығылуға болмайды. Рухани електен өтпей орынсыз еліктеу еш өнер емес. Мәдениет біріңғай абтракцияға айналса, не постмодернистік бағытқа кетсе тік құрдымға кетеді.
Суретшілерге түрткі керек. Романтикалық философиялық пайым керек. Уақыт талабы осы. Уақыттың дағдарысынан шығатын тың қорытынды осы. Романтизм арқылы тоғышарларға соққы беруміз керек. Өнерді жаңалау үшін, жаңа формалы, жаңа ырғақты, жаңа сипатты, бірақ ұлттық тарихымызды, ұлы тұлғаларымызды, ұлттық салтымызды жаңа уақытқа лайықтап, жаңа сатыға көрсетуміз керек. Жаңа стилдік проблема алға шықты. Уақыт өте жылдам қозғалуда. Бұл романтизм жаңа көркем философиялық бағдарлама, бұл дүниені түсінудің жаңа идеологиялық қызығушылығы, стилдік сатысы. Романтизм дем беруші рух дамытушы. Ал өнердің постмодернистік ағымдарында еш рух жоқ.Талант оларға дарыған емес. Бір күндік өнерді насихаттаушылар батыста да сол қалпында. Біздің өнертанушылар постмодернизмнің есірік идеясымен әлек. Егерде оны прогрес деп қабылдасақ мәдени мұрамыздан айырыламыз. Модернизация ұлттық дүниетанымның жаңаруға қабілеттілігмен өлшену керек. Еурпаның қайталағаны керек емес, ол жаңалыққа жатпайды.
Үш ғасырға созылған отарлық пен тоталитарлық қыспаққа түсіп, ұлттық сананы уланған өнерді еркін мінезге тәрбиелеу керек.Ұлтсызданудан арылудың рухани тірегі осы "Тұран романитизмі", ол ұлттық болмыстың, тарихтың көрінісі болу керек.
Өнерді тек шеберлік деп түсіну қате. Тақырып ол рухани болмыс. Үлкен стилде өткен тарихтың ес жадтары сақтала отырып уақтың сахнасына алып шығады. Қазір бізде бос кеңістік қалыптасқан. Біздің міндет осы кеңістікті жаңа идеалдармен толықтыру.
Романтизм, жанр тазалығындағы қалыптасқан қағидаларды бұзады. Романтикалық стильдің басты ерекшеліктерінің бірі-қайғылы және күлкілі, әдемі және таңғажайып кереғарлық негізінде керемет комбинацияларды араластыру. Энергиялық күш, белсенді образдар мен идеялардың көрінісі, көркемдіктіктің ерек күші, күрделі эксперессиялық форма, ішкі динамика, аласапыран бояу.
Біз ой санаға төңкеріс жасау үшін, белсенді романтизмді ту ғып көтереміз. Уақыттылық процессті қарасақ романтизм жаңа реформалық мәдениеттің ұйымдастырушы формасы болып табылады. Асқын, алапат энергия болмаса бетбұрыс жасалмайды
Біз үшін идеал – шексіз, абсолютті, керемет, мінсіз және жұмбақ, әрі тылсым мистика. Уақыт біздің рухымыздың бейнесіндегі мистикалық көрініс,бұл әлемдік рухтың көрінісі. Осыны сезінудің өзі романтика.
Бірақ бейнелеу өнері нақтылықты жақсы көреді. Түсіндіруге жақындап, рухты сіңіріп көрсетуге талпынады.
Романтизм теоретиктерінің бірі В.Шлегель былай жазды: «Әуелі біз тек табиғаттың даңқын асырып дәріптедік, қазір біз идеалдың даңқын асырып дәріптеп жүрміз. Адамдардың өте жиі ұмытатыны,бұл нәрселер өзара тығыз байланысты, өнерде табиғат мінсіз болуы керек, ал идеал табиғи болуы керек». Адам рухындағы қарама-қарсы ойлардың ұйытқысы ретінде, құштарлықтардан,тілектерден, романтикалық психологизмнің принципімен, типтендіру арқылы ғана көре аламыз. «Өнер нақты шындықтың суреті емес, идеалды іздеген шындықтың талабы» - деп Жорж Санд айтқан.
Біз осы идеалдар арқылы Тұран мәдениет стилін бір қырын ғана, ұлттық мәдениеттің «гендік жинағы», танымдық өмір салтының көркемдік мұраты деп ұғына аламыз. Сондықтан, "Тұран романтизмі" стилі, сол Тұран мәдениетінің бейнесінен, дәстүрлі құндылықтарының дүниетанымынан, өзіндік көркемдік бейнелеудегі мұраттарынан, басқа көптеген құндылық қырларынан хабар береді.
Кез-келген мәдениет ұлттың күллі рухани, әлеуметтік, эстетикалық құбылыс ретінде, тұтас болмысын осы «танымдық өмір салтының көркемдік мұратын» жоғалтқанда өмір сүруін тоқтатады. Ал заманға сай икемделсе өмір сүруін жалғастырады. Тұран романтизіміне бірігетін суретшілер өз мақсаттарына адал, интелектісі жоғары адамдарды ғана біріктіреді. Біз бүгін нағыз рухани соғыстың үстіндеміз. Біздің міндетіміз ата бабалар мирас еткен мұрагерлікті бойымызға сіңіріп жаңа өнердің даңқты жолын бастау.
Уақыт бізден алыстап кетті. Идеал арқылы жақындауымыз керек. Дүниені игерудің, өмір сүру салтының аса маңызды мазмұны да, шын мәнісінде осы эстетикалық мұрат. Ол – абсолютті қажеттілік. ХХІ ғасыр қазақ көркемөнерінің жаңаша бағытта реформаторшыл "Тұран Романтизмі" арқылы пайымдауымыз керек. Еркіндік оның заңы, оның патшалығы – рух.
Жанарбек Берістен, профессор