Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Жаңалықтар 4324 0 пікір 12 Қаңтар, 2011 сағат 08:15

Мамытбек Қалдыбай. Қазақтың Димашы

Кеңес өкіметі кезеңінде Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған, қазақтың аяулы ұлы Дінмұхаммед Қонаевтың бүгін туған күні. Ал, биыл Димекеңнің туғанына 99 жыл толып отыр. Азаматтығы мен адамшылығымен халқының жүрегінен орын алған Дінмұхаммед Қонаевты елі атын атамай Димаш дейді. Бұл - Димекеңе деген құрметтің шексіздігін, сыйластықтың мәртебесін паш етеді. Тұлға үшін халықтың құрметінен асқан сый жоқ екені аян.

«Абай-ақпарат»

Күн ашық, мезгiл сәскетүс. Ағаш бiт­кен ұлпа қар жамылып, мүлгiп тұр. Аязды аяз демей Шоқан Уәлиханов ескерткiшi маңында Сәбит Хайырұлы Жаданов аға екеумiз серуендеп жүрмiз. Әңгiме айтушы - ол, тыңдаушы - мен.

- Москва экономика институтын бiтiрдiм. «Сүйген қызым бар, үйленем. Осында қызметте қалам» - деп үйге хат жазып жiбердiм. Ол хабар құлағына тиiсiмен Орал облысының алыс ауданында тұратын әкем Мәскеуге жетiп келдi.

- Сен оған үйленбейсiң. Кiмге үйлену керегiн өзiм айтам. Елге қайт! - дедi бұйырып.

- Әке, өтiнем, жеке iсiме араласпаңыз. Ол қызды мен жанымдай жақсы көрем.

- Өшiр үнiңдi! - деп ары қарай сөйлетпей қойды. - Ұзынқұлақтан естуiмше, Қонаев келiп «Москва» қонақ үйiнде жатқан көрiнедi. Мен сол кiсiмен кездесiп, сенiң болашақ қызметiң жөнiнде сөйлесем.

Кеңес өкіметі кезеңінде Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған, қазақтың аяулы ұлы Дінмұхаммед Қонаевтың бүгін туған күні. Ал, биыл Димекеңнің туғанына 99 жыл толып отыр. Азаматтығы мен адамшылығымен халқының жүрегінен орын алған Дінмұхаммед Қонаевты елі атын атамай Димаш дейді. Бұл - Димекеңе деген құрметтің шексіздігін, сыйластықтың мәртебесін паш етеді. Тұлға үшін халықтың құрметінен асқан сый жоқ екені аян.

«Абай-ақпарат»

Күн ашық, мезгiл сәскетүс. Ағаш бiт­кен ұлпа қар жамылып, мүлгiп тұр. Аязды аяз демей Шоқан Уәлиханов ескерткiшi маңында Сәбит Хайырұлы Жаданов аға екеумiз серуендеп жүрмiз. Әңгiме айтушы - ол, тыңдаушы - мен.

- Москва экономика институтын бiтiрдiм. «Сүйген қызым бар, үйленем. Осында қызметте қалам» - деп үйге хат жазып жiбердiм. Ол хабар құлағына тиiсiмен Орал облысының алыс ауданында тұратын әкем Мәскеуге жетiп келдi.

- Сен оған үйленбейсiң. Кiмге үйлену керегiн өзiм айтам. Елге қайт! - дедi бұйырып.

- Әке, өтiнем, жеке iсiме араласпаңыз. Ол қызды мен жанымдай жақсы көрем.

- Өшiр үнiңдi! - деп ары қарай сөйлетпей қойды. - Ұзынқұлақтан естуiмше, Қонаев келiп «Москва» қонақ үйiнде жатқан көрiнедi. Мен сол кiсiмен кездесiп, сенiң болашақ қызметiң жөнiнде сөйлесем.

Ол кезде Димаш Ахметұлы Қазақ ССР-i Ғылым академиясының президентi едi. Бөлмесiн оңай таптық. Әуелi әкем есiгiн қағып, iшке енуге рұқсат сұрады.

- Рұқсат, рұқсат, - деп Димаш Ахметұлы бiздi орнынан тұрып, өте жылы қабылдады.

- Ассалаумағалейкум! - деп әкем кәдiмгi ауылдағы емiн-еркiн жүрген әдетiнше даусын соза сәлем бердi.

- Уағаликумассалам. Төрлетi­ңiз. Бөлмеме қазақтың кең даласы кiрiп келгендей болды ғой, - деп Димаш Ахметұлы сымбатты, сұлу жүзi нұрлана құлпырып, әкемнiң созған қолын ықыластана алды. Өзi Тәжiкстан Ғылым академиясының президентi Ғафуровпен сөйле­сiп отыр екен. Бiзбен амандасып болысымен әрiптесiне бұрылып:

- Сiз кешiрерсiз. Әңгiмемiздi кейiн жалғастырармыз. Ауылдастарым кеп қалыпты. Бұл кiсiлер жай жүрмейдi. Рұқсат етсеңiз, осы туғандарымның шаруасын тыңдайын, - дедi. Ғафуров бiзбен сыпайы қоштасып, жайлап басып, бөлмеден шығып кеттi.

Әкем өзiн қысқаша таныстырып:

- Айнам Димаш, Мынау менiң балам. Экономика институтын бiтiрдi. Мұның есi-дертi - Мәскеуде қалу. Мұнда қалса, орыс боп кете ме деп қорқам. Тағы бұл сүйгенiм бар, соған үйленем дейдi. Мен ауылымдағы бiр қызға құда түсiп келдiм. Әкеңнiң тiлiн ал деп балама айтшы, ұрысшы, - дедi бейне Димекеңдi бұрыннан танитын адамша өзiмсiне сөйлеп.

Димекең жымия езу тартып:

- Ақсақал, қазiр ондай заман жоқ. Мен балаңыздың үйлену мәсе­лесiне араласып, көмектесе алмаспын. Ұлыңыздың оқуы жақсы болса, Алматыға келсiн, аспирантураға қабылдаттырайын, - деп уәде бердi.

Әкем қуанғаннан Димекеңнiң қолын қысып, қатты сiлки қоштасты. Көп ұзамай: «Москва экономика институтына хат жазып, аспирантурадан бiр орын алдық. Алматыға келiңiз» - деген Қазақ ССР-i Ғылым академиясының ви­цепрезидентi Сокольскийден жеделхат келдi.

Поезбен 3-4 күн жол жүрiп, Алматыға жетiп, институтта бiрге оқыған жолдасым Камал Кетебаевтың үйiне қонып, ертеңiне аспирантураның жатақханасынан орын алдым. Аспирантура емтиханының барлық пәнiнен емтиханды «беске» тапсырдым. Көңiлсiзбiн. Сүйген қызым Сапураны:

- Сен қазақша үйрен, - деп курстасым - қазақ қызына қосып, Ақмола облысына жiбергем.

Арада бiраз уақыт өттi. Есi-дер­тiм Мәскеуге, сүйген қызыма жету. Жiгiттер менiң жағдайымды түсiнiп, ортадан ақша жинады. Жолға же­терлiк қаржы қолыма тиiсiмен аспирантураны тастап, Москваға тайып тұрдым.

Сәбит бiраз бөгеле ойланып, сөзiн жалғады.

- Мәскеуге келiсiмен Арнаулы жоғары бiлiм министрлiгiне барып, жағдайымды айтып түсiндiрiп:

- Мамандығым бойынша менi Камчаткi ме, Магадан ба, әйтеуiр Со­вет одағының кез келген түкпi­рiне жiберсеңiздер де барамын, - дедiм.

Ол кезде институт бiтiргендерге жол кiресiн, көшi-қон ақшасын төлейтiн әрi барған жерiнде үш жыл iстеуiң керек. Тағы бiр тиiмдiлiгi - үй бередi. Тәртiп солай. Минстр­лiктегiлер:

- Әзiрге Магадан, Камчаткiге орын жоқ. Мына Орлов облысының Ливный деген қаласындағы «Ливждромаш» заводына экономист боп барасың ба? - дедi.

- Барамын. - 1953 жылы 24 желтоқсан күнi айтқан заводқа кел­дiм. Жатақханадан бiр бөлме алдым.

Заводта абырой-беделiм жаман болған жоқ. Кiлең орыстардың арасында белсендi жас ретiнде көзге түс­­сем керек, бiр жылдай аудандық комсомол комитетiнiң хатшысы боп iстедiм. Сапура оқуын бi­тiрiп, заводқа техник боп орналасты.

Үш жыл тез-ақ өте шықты. Әкем:

- Қазiр Димаш Ахметұлы Қонаев Қазақ ССР-i Министрлер Кеңесiнiң төрағасы. Сен сол кiсiге хат жаз, - дедi.

- Жазбаймын.

- Жазасың! Өзiм айтып отырам, - деп менi желкелеп, дегенiне көндiрдi.

«Айнам Димаш, алыстан, Ресей жерiнен сәлем берушi ағаң Хайыр. Үкiмет басына келгенiңiзге қуа­ныш­тымыз, тiлектеспiз. Менiң балам орыс боп бара жатыр, лажын тауып өз қарамағыңызға алсаңыз қалай болады?» - деген сөздер жазылған хатты маған сенбей, почта жәшiгiне өзi апарып салды. Бiраз уақыт өткеннен кейiн: «Қонаев жоспарлау комитетiнiң бастығына тапсырма бердi. Ол балаңызды әйелiмен жұмысқа орналастырады, бiраз уақыттан кейiн үй бередi» - деген жауап алып, әкем есi шыға қуанды. Мәскеу арқылы поезбен бес тәулiк жол жүрiп Алматыға келдiк. Димаш ағаның соншалықты ұқыптылығына, берген уәдесiне берiктiгiне тағы көзiм жеттi. Жоспарлау комитетiне аға экономист боп орналастым. Ол уақытта бала бақша мәселесi тiптi қиын едi. Әйелiм бiр жасар қызымды бағып, уақытша үйде отырды...

Жоспарлау комитетiнде Мәс­кеу­ден оқып келген кiлең жалындаған жастармыз. Арамызда Санжар Оразов, мар­құм Ни бар. Көп ұза­май менi Алматы қа­лалық пар­тия комитетiнiң бiрiншi хатшысы К.П.Третьяков өзiне шақырып алып:

- Сен Ресейде аудандық ком­сомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы боп iстепсiң, тәжiрибең жетер­лiк. Алматы қалалық комсомол комитетiнiң екiншi хатшысы боласың, - дедi. Мен:

- Мамандығым бойынша iстей бер­гiм келедi, - деп қарсылық бiл­дiрiп едiм, көнбедi. Ол кезде партияның айтқаны айтқан едi ғой. Оны жақсы бiлесiз.

- Иә, ол рас.

- Алматы қалалық комсомол конференциясында мен қалалық комсомол комитетiне екiншi хатшы боп сайландым. Кiшкентайымнан орыстардың арасында өсiп, орыс мектебiнде оқығандықтан қазақ тiлiн, салт-дәстүрiн, әсiресе, алматылық қазақтардың жан-дүниесiн жақсы бiлiңкiремейтiн мен күнi-түнi iзденiп, бар күш-жiгерiмдi, уа­қытымды қазақ болуға жұмсадым.

- Мұныңыз шала қазақтарға үлгi екен.

- Жұрт «Балық жоқта бақа да - балық» демесiн деп талпындым. Арада алты ай өткенде, яғни 1959 жылы Алматы, Талдықорған облыстары қосылып, мен Алматы облыстық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы боп сайландым. Кейiн Министрлер Кеңесiнiң төрағасы Мәсiмхан Бейсебайұлы менi Қазақстанның Мәскеудегi тұрақты өкiлiнiң орынбасарлығына ұсынды.

- Ол қызметке жiберерде Диме­кең қабылдап, сiзбен сөйлестi ме?

- Сөйлестi. Сәбит, Уайымдама, ешкiмге жалтақтама. Тек екi шартым бар. Бiрiншi, келiннен арыз түс­песiн. Екiншi, мына Зухра Шәрiпқызынан сақ бол. Бұл кiсiнiң талабы қатал. Қалғандарының бәрiнен сенi қорғаймын, ешкiмге жем етпеймiн. Мәскеу алыста, мен көрмеймiн деп ойлама. Бүгiн бiрдеменi бүлдiрiп қойсаң, ертеңiне таңертең маған жетедi. Мы с тобой под стеклянным колпаком работаем, - дедi.

Бұл бiр нәрсеге ұрынып қалмасын деген қандай әкелiк ақыл десеңiзшi?! Бiрер ай өте Мәскеуге Димекең келдi. Бастығым Өтешқали Атамбаев, Димекең үшеумiз ас үйде сөйлесiп отырмыз. Димаш Ахметұлы:

- Қалай, Сәбитке ризасың ба? - деп сұрады.

- Былай ризамын. Сауатты. Тек мұның жолдастары көп екен. Мейрамханаға жиi барады. Қонақта жиi болады, - дедi Өтешқали аға.

- Әй, сен қызық екенсiң. Жап-жас, шашы бұйра, көркем жiгiт. Мәскеуде жүр. Астында «Волга». Сәбит қазiр қыдырмағанда қай кезде қыдырады?

- Ойбай, Димеке, оны айта көр­меңiз, құлағын көтермеңiз. Бiр­деңе болса, сiзге арқа сүйейтiн болады.

-  Арқа сүйейтiн жiгiт Сәбит емес, ол - сен, - деп Димекең әзiлдей күлдi.

Димаш Ахметұлы өз тұсында лауазымды орындарға бiр басшыны ұлы жүзден, екiншi басшыны кiшi, не орта жүзден қойды. Сөйтiп таразы басын тең ұстады. Димекеңдi мен әдiлдiктiң ақ туы деп толық сенiммен айта алам. Әзiлiнiң өзi қандай әдемi десеңiзшi!

- Сәбит, халiң жақсы ма? Бә­кеңнiң (Бәйкен Әшiмовтiң) көңiл күйi қандай? Жұмыстан кейiн бөтен тапсырма бермей ме? - деп те әзiлдейтiн. Димекеңнен ештеңенi жасыруға болмайтын, тыңшылары жетiп артылатын. Мен:

- Жоқ, ондай жоқ, Димеке, бiлмеймiн, - десем:

- Әй, сен бiлсең де, айтпайсың ғой, - дейтiн күлiп.

Димаш Ахметұлы да пенде ғой. Пендешiлiгi болғанмен де ұлы адам едi. Мәскеуде абырой-беделi керемет мықты болды. Ол беделi Брежневпен достығынан ғана емес (кейбiреулер солай деп ойласа, қателеседi), Димекең ондай үлкен бе­делге өзiнiң адам сенбестей кiр­шiксiз таза адамгершiлiгiмен, жан-жақты терең бiлiмдiлiгiмен, ғұламалығымен, iскерлiгiмен, адамдарға деген мейiрiм-сүйiспеншiлi­гiмен жеттi десем, қателеспеймiн. Димаш Ахметұлы қарт министр­лердiң бәрiн бiлетiн, бәрiмен құшақтасқан дос едi.

- Тұрақты өкiлетте сiздер немен шұғылдандыңыздар?

- Тұрақты өкiлеттегi бiздiң не­гiзгi жұмысымыз мемлекеттiк Жоспарлау комитетiмен тығыз байланысты болатын. Оның нешетүрлi қыры мен сыры бар. Мен алғаш Жос­парлау комитетiне барғанымда, ондағылар:

- Қонаев бұрын бiзге өзi келетiн едi. Қазiр КОКП Орталық Коми­тетiнiң Саяси бюро мүшесi. Ендi ол кiсiнi көру қиын, - деп қимастық сезiммен өздерiне жақын тарта сөйлестi. Бұл менiң мәртебемдi өсiрiп, бәрiмен ортақ тiл табысуыма көмектестi. Осының өзiнен де Димекеңнiң абырой-беделi аңға­рылса керек.

Ерекше мән бере айтатыным, орталық үлкен мекемелерде мәселе бiрден бiрiншi бастықпен шешiл­мейдi. Әр бөлiмде цементтi, көмiрдi, темiрдi, астықты, қаржыны, т.б. бөлетiн орта буын­ды мамандар бар. Солармен тiл табысуың керек. Тiл табыса алмасаң, жағдай қиын. Мәселен, биыл Қазақстанға пәлен миллион тонна цемент берейiк дейдi. Оны бөлiмдегi мамандар белгiлейдi. Олар әзiрлеген құжатқа министр амалсыз қол қояды. Түсiндiңiз бе? Мәселенi шешетiндер министрлер емес, орта буын мамандар. Осыған байланысты тұрақты өкiл қызметiнiң маңызы үлкен. Бiрiншi­ден, жауапты кiсiлермен танысып, қоян-қолтық араласа жү­рiп, Республикамызға не керектiң бәрiн бiлесiң. Екiншiден, Мәскеуге келген басшы кадрларымыздың кiм екенiн, мiнезi, iскерлiгi жағынан жете танисың. Мұның күнделiктi жұмысыңа көмегi өлшеусiз көп.

Әр халықтың өз менталитетi бар. Бiз керемет қонақжай халықпыз деймiз. Бiрақ бiреуге бiрдеме берiп, өзiмiзге бiрдеме алуға жоқпыз. Басқа халықтар мәселе шеше­тiн кiсiлерге арақ-шарабын, ман­даринiн, алма, жүзiмiн, қауын-қарбызын алып барады. Бiзде ондай ештеңе жоқ.

- Сiз Мәскеуде Қазақстаннның тұрақты өкiлi боп ұзақ iстедiңiз. Жинаған тәжiрибеңiз туралы ой бөлiссеңiз?.

- Мен Мәскеуде нағыз кеме­лiме келiп, толысқан кезiмде Бәй­кен Әшiм­ұлы Әшiмовпен 14, Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевпен 4 жыл тұрақты өкiл боп жұмыс iстедiм. Сондағы байқағаным, ол жерде дұрыстап жұмыс iстеген адам­ға Республикаға көп пайда келтiруге болады. Бiздiң қожайынымыз - одақтағы министрлер. Алпауыт завод-фабрикалардың, шаруашылықтардың қожа­йыны солар. Бiздiң үлесiмiзде тек шағын өндiрiстер, басқа ештеңе жоқ.. Министр­лермен шипажайларда, жиналыстарда танысып, көп жұмыс iстеуге тиiс­сiң. Бiр байқағаным, Димекеңе дейiнгi бiрiншi хатшылар бiреуден құтылғысы келсе, оны республикадан Мәскеуге бiр-екi жылға тұрақты өкiл етiп жiбере­дi екен. Мұның қате тәжiрибе екенiн, iскер тұрақты өкiл Республикаға көп пайда әкелетiнiн Димаш Ахметұлы түсiндi. Олай дейтiнiм, менiң көзiмше Бәйкен Әшiмұлына:

- Бәйкен, сен мына Сәбитке тиме. Осы орында 1968 жылдан iстеп келедi. Бәрiмен таныс, жақсы, мәселелер шешiлiп жатыр, - дедi. Обалы не керек, Бәйкен Әшiмұлы маған тиген жоқ.

- Димекеңе ренжiген кезiңiз болды ма?

- Бiр рет те ренжiген кезiм болған жоқ. Димекең жас кезiнен-ақ халық сүйiспеншiлiгiне бөленген өте керемет кiсi ғой. Кей әңгiменi айтқанда көзiне жас алып, бар шын­дығын алға жаятын.   Онысы - маған сенгенi едi.

- Димекең Мәсiмхан Бейсебайұлын зейнеткер жасына жетер-жетпесте орнынан алды. Оның себеп-сырын бiлмейсiз бе?

- Бiрде оңаша сөйлесiп отыр­ғанда: «Димаш Ахметұлы, Мәсiм­хан ағаны неге орнынан алдыңыз?» - деп сұрадым.

- Оған тағар кiнәм жоқ. Ол - таза ауыл шаруашылығы маманы. Қарағандыға барғанда болат балқытатын пештiң жалынынан жасқанып, былай терiс айналады екен, - деп басын алып қашып көрсеттi.

- Мәсiмхан ағаның орнына келген Бәйкен Әшiмұлы да Қарағандыда iстегенi болмаса, ауыл шаруашылық маманы емес пе? - деп едiм, Димекең жауап қатқан жоқ.

- 1964 жылы Димаш Ахметұлы қайтадан Қазақстан Компартиясы орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы боп сайланды ғой. Сол кездегi ең басты өзгерiстер есiңiзде ме? - деген менiң сұрағыма:

- Есiмде, - деп Сәбит Хайырұлы бөгелмей жауап бердi. - Ең үлкен өзгерiс - Димаш Ахметұлы бұрын белгiсiз Пәрiмбетов, Кетебаев, Ибрагимов, Тәкежанов тәрiздi 17 жас жiгiттi бiрден министр етiп өсiрдi. Бұл таңғаларлық, жан сүйсiнерлiк батыл шешiм едi. Тағы аса қуанарлық жағдай - әлгi жас министрлер жұмысты жақсы алып кеттi. Бәрi шетiнен «сен тұр, мен ата­йын» деген сайдың тасындай саңлақтар едi. Неге олар саңлақтар деп кейде ойланам. Олардың тұрмыстық жағдайлары онша мәз емес те болатын. Әлде ал­ған тәр­бие­лерi ерекше ме?

- Менiңше, шыққан тегi мықты-ау. Тегi мықты болмаса, құр тәрбиемен айтарлықтай нәтижеге жету қиын тәрiздi.

- Шамамда солай-ау. Олар елге белгiлi, кезiнде көп жылдар әр саланы басқарған қарт министрлер­дiң орнына келдi. Кейiн олардың көбi зейнеткер­лiкке шыққан соң, Жоспарлау комитетiне қызметке ауысты. Жоспарлау комите­тiнiң төрағасы, Мәскеу экономика институтында бiрге оқыған досым Камал Кетебаев едi. Қызылордада әке-шешесiз өскен, студент кезiнде Маркстi шұқ­шиып оқыған, тiк мiнездi, тәртiпке қатал, өте мықты экономист болатын.

- Базбiр бiлгiштер Аралдың тартылуына Димаш Ахметұлы кiнәлi дейдi. Бұған сiз не айтар едiңiз?

- Ол - жала. Жақсылықты да, жамандықты да бiрiншi бастыққа аударатын ауруымыз бар ғой. Аралдың құлдырауына бiрiншi Әмудария мен Сырдарияның жоғарғы арнасында тұрған Өзбекстан, Түрiк­менстан, Тәжiкстан, Қырғызстан айыпты. Өйткенi Аралға құятын судың көп мөлшерiн мақтаға, күрiшке, үлкен химия, түстi металдар заводтарына бұрып алды. Арал суының тартылып, көп байлықтан айырылып, күйзелген, бiрiншi дабыл көтерген - Қазақстан, оның басшысы Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев. Жоғарыдағы елдер бiзге жоспар бойынша берiлетiн су мөлшерiн жiбермей қойғандықтан Мәскеудегi үлкен Министрлер Кеңесiнiң төрағасы Косыгиннiң орынбасары Зия Нұрұлы Нұриев басқаратын сарапшы топ жыл сайын осы бес елдiң су шаруашылығы министрлерiн жинап, жаздың күнi әр Республикаға тәулiгiне қанша литр су керек екенiн есептеп, мөлшерiн бекiтетiн. Соның өзiнде де көршiлер түнде өздерiне керек суды артық мөлшерде бұрып ала беретiн фактiлер анықталған. Осыған байланыс­ты бiздiң жағдайымыз өте мүшкiл болды. Сондықтан Аралдың тартылуы жөнiнде Димекең атына айтылған сын дұрыс емес.

- Бекежановты, Статениндi, Лысыйды қамады. Димекеңнiң сақшысы Горяйновты қудалады. Бұлар шынымен қылмыскер жандар ма едi?

- Қайдағы қылмыскер? Кол­бин­нiң мақсаты - Қонаевтың үстiнен жауапқа тартатын дәлелдер жинау болатын. Мысалы, Лысый шаруашылық басқармасының бастығы, бейнелеп айтқанда, үлкен даяшы. Жасы 45-ке жетпеген оны түр­меге отырғызғанда әдiлетсiздiкке шыдай алмай, өлiп кеттi.

Статениндi соттағанда күйеуi­нiң ақтығына сенген, iрi терапевт-дәрiгер әйелi о дүниелiк болды. Сонда әйелiмен қоштасуға түрмеден Статениндi 1-2 сағатқа жiбер­медi. Полковник сақшы Горяйновты шаңырағынан қуып, партиядан шығарды. Асанбай Асқаров жалғыз болмасын деп облыстық, аудандық партия комитеттерiнiң 3-4 хатшысын, бөлiм меңгерушiлерiн қамады.

- Оңтүстiк Қазақстан облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Мырзашев та өлiп кеттi ғой.

- Иә, мен Мырзашевты бұрыннан бiлетiн едiм. Ол Қостанай облысы Есiл аудандық партия коми­тетiнiң бiрiншi хатшысы боп жүргенде мол астық өсiргенi үшiн Еңбек Ерi атанды. Өзiмен Мәскеуге, сессияға келгенде танысқам. Кейiн үлкен күйеу баламның әкесi, құдалар ауылына шақырып, Екi­бас­тұзға бар­ғанымда Мырзашев жұбайым Сапура екеумiздi қарсы алып, 2-3 күн қасымызда болған. Ол кезде Павлодар облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Ерпилов, Павлодар облыстық атқару комитетiнiң төрағасы Мырзашев едi. Кейiн Оңтүстiк Қазақстан облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшылығына ауысты. Колбин КСРО Жоғарғы Кеңесiне депутат боп сайланатындықтан оны Мырзашев Созақ ауданында қарсы алып, ана ауылға, мына ауылға апа­рып, сайлаушылармен кездес­тiредi.

Арада екi-үш күн өткенде Колбин Мәскеуге келдi. Әуе жайдан мен оны жалғыз қарсы алдым. Машинаға отырар отырмастан:

- Жолдас Жаданов (Колбин ескi большевиктерше жолдас деп сөйлей­тiн), сiздiң бiлгенiңiз дұрыс. Мен шындықты, Мырзашевтың қалай өлгенiн өз аузымнан айтайын. Бүгiн «Правда» газетiнде «Мырзашев жүрек талмасынан өлiп кеттi» деген көңiл айту шықты ғой. Оны солай деп жаздырған мен.

Үйiнде болғанымда ол өте жабырқап, көңiлсiз жүрдi.

- Сен неге бұлай көңiлсiзсiң? Шаршасаң, бiрер жұмаға демалыс ал, - деп едiм:

- Ештеңе емес, шаршағаным әлi-ақ ұмытылады деп қалған. Мен кеткен соң, белдiгiмен асылыпты. Маған жеткен хабар осы.

Отбасына жағдай туғызу, жерлеуiне көмек көрсету керек. Сол маған жеңiл болсын деген оймен газетке жүрек талмасынан қайтыс болды деп жазғыздым, - дедi.

- Таза жiгiт едi, Оңтүстiкке бауыр басып та үлгерген жоқ едi, - дедiм мен. Геннадий Васильевич:

- Бiр досы көп ақша берген тәрiздi. Өлiмiне сол себеп болған. Ұяты бар адам екен, - дедi қабағын түйiп.

- Колбин өтiрiк айтуы да мүм­кiн ғой.

- Мүмкiн. Өйткенi мен ресми адаммын, Қазақстанның өкiлiмiн. Маған жұрттың сенетiнiн жақсы бiлетiн ол алдын ала айтып, басын арашалағысы да келуi ықтимал.

- Бiздiң естуiмiзше, оны Колбин: «Қонаевты пленумда жамандап сөйлемесең, түрмеде шiрiтем» - деп қорқыт­қан дейдi.

- Ол жағын бiлмеймiн. Маған айт­қан сөзi әлгi.

- Жерлегенде жаңа костюмi де болмапты. Оны магазиннен сатып алыпты.

- Мүмкiн. Ол уақытта солай едi ғой. Жалпы, мен бiлетiн Мырзашев iскер, адал, жақсы азамат едi. Әйелi қазiр Алматыда тұрады. Көрген сайын Сәке деп жылыұшырай амандасады.

- Министрлер кеңесiнiң төрағасы Бәйкен Әшiмұлының қызметiне қандай баға бересiз?

- Бәйкен Әшiмұлы iскер кiсi едi. Республикамыздың шаруашылық салалары жұмысын дұрыс жолға қойып, Димаш Ахметұлының КОКП Орталық комитетi­нiң саяси бюро мүшесi ретiнде өзiне жүктелген жұмыстармен алаңсыз айналысар уақытын көбейттi. Димекең кейде Мәскеуге он күнге, не екi жұ­маға ке­тiп қалатын. Мұндай мүм­кiн­дiк ол кiсiде бұрын болған емес.

Хрущев, Брежнев, Косыгин бастаған делегация құрамында шетелдерге шығып тұрды, кейiн Жоғарғы Кеңес Президиумы, Кеңес үкiметi атынан делегацияны өзi басқарып, Жапонияға, Кореяға, Египетке, Араб елдерiне барды.

Ол кезде Кеңес үкiметi мен Жапонияның арақатынасы онша емес едi. Димекең Жапония үкiметi басшыларымен ортақ тiл таба бiлдi. Өзбек Акрам Мұхитдинов екеуi Араб елдерiн Кеңес одағына бауыр бастыруына көп ықпал жасады. Нәтижесiнде арабтар бiздiң социа­листiк бағытқа көшкiлерi келдi.

Димекеңдi мұсылман елдерi жақсы көрдi. Олармен ортақ тiл табысуына ол кiсiнiң әкесiнiң молдалығы, Құранды бiлетiндiгi көмек­тестi.

Хрущев Мао-цзедунмен шатасып қалған уақытта Димекең Шыңжаң өлкесi жергiлiктi басшыларымен келiсiп, Алматыда ұйғыр радио хабары арнасын ашты.

- Бұл үлкен жұмыс қой.

- Әрине, үлкен жұмыс. Тоқете­рiн айт­қанда Димаш Ахметұлы халықаралық қарым-қатынас мәсе­лесiнде айтарлықтай жемiстi жұмыс iстедi. Тек оны арнайы зерттеу керек. .

- Мансап адамды бұзады деген сөз бар ғой.

- Ол сөзге мен сенiңкiремеймiн. Олай дейтiнiм, Димекең бiр өзгермей кеттi ғой. Басына қатер төн­генде де өзiн өзi ұстай бiлдi. Ол кiсi мемлекеттiң артық бiр тиынын пайдаланған жоқ. Шiркiн, қандай тазалық десеңiзшi?! Адалдықты бәрi­нен жоғары қойды. Таза екенiмдi сезiп, ол кiсi менi құлай жақсы көрдi.

- Шынымен мемлекет мүлкiн пайдаланған жоқсыз ба?

- Пайдаланған емеспiн. Димекеңмен қарым-қатынасымның жақсы екенiн бiлетiндер ауылдағы бауырларыма, қарындастарыма өздерi үй бердi. Шынымды айтайын, бiздiң сондай жағымпаздығымыз бар. Өз бетiмше ешкiмнен ештеңе сұраған да, дәметкен де емес­пiн. Балаларымның мәселесi өзiнен-өзi шешiлiп жатты. Қызметiмдi адал ат­қардым. Сондықтан Димекең менi ұзақ ұстады, маған өзiне сенгендей сендi. Қажет деген кезде, қолдап, қорғады.

- Димекең соны байқаған шығар?

- Әрине, байқады. Ол кiсi өте сезiмтал едi.

- Мәсiмхан Бейсебаев туралы не айтасыз?

-  Ол кiсi де адам танитын, «мы­нау менiкi, анау өзгенiкi» деген ой атымен жоқ едi. Адами, пар­тиялық жолды заң ретiнде ұстан­ған, байсалды да салмақты, принцип­шiл, өте таза адам болатын.

- Ендi Жұмабек Тәшенов туралы пiкiрiңiздi бiлгiм келедi.

- 2004 жылы Сағындық Кенже­баев (менiң комсомолдағы бастығым), Кәрiшал, бәрiмiз Тәшеновтiң 90 жылдығын атап өту үшiн Қарағандыға бардық. Оған қаржы бөлген - Болат Әбiлев. Қарағандыда, Шымкентте болдық. Сонда Кәрiшал Тәшеновтi мақтап, Қонаевты жалтақ деп төмендетiп сөйледi. Кезiнде Кәрiшалдың бiр кiтабының Мәскеу­де жарық көруiне көмектескем.

- Сiз баланың сөзiн сөйлейдi екенсiз, әлi есеймепсiз, - дедiм ренжiп. - Мен сiзге шындықты айтайын, Тәшеновтiң «тентектiгiндей» тентектiктiң керегi жоқ. Ол басшы адамға жараспайды. Ал Димекеңдi батыл емес, жалтақ дейсiз. Орыс халқында « Ласковый теленок двух маток сосет» деген мақал бар. Димекең өзiнiң мiнезi, бiлiмi, мәмле­герлiгi, кең­­дiгi, ақылдылығы арқылы үлкен үкi­меттен де керегiн ала бiлiп, өзiнiң сая­сатын жүргiздi.

Димаш Ахметұлы Өзбекстанға Оңтүстiк Қазақстан облысын, Түрiк­менстанға Маңғыстауды беруге тiкелей қарсы болғаны үшiн орнынан алынды. Бұл ерлiк пе?

- Ерлiк! - дедi Болат Әбiлев.

- Әрине, ерлiк! - дедiм мен де. - Менiң пайымдауымша, Тәшенов Ми­нистрлер Кеңесi төрағалығына лайықты адам емес едi. Себебi, ол кiсi мәмлегер емес.

- Сәлкен Дәуленұлы Дәуленов туралы қандай ойдасыз?

- Ол кiсi Қазақ ССР-i Министрлер Кеңесi төрағасынан босатылып, Жоспарлау комитетiне бөлiм меңгерушi болып келдi. Мен iс басқарушы едiм. Сонда таныстым. Әйелi орыс.

Iлияс Омаров ағамыз Жоспарлау комитетi төрағасының орынбасары. Көбiне Сәлкен, Iлияс аға үшеумiз бiрге жүрдiк, бiрге қыдырдық. Сәлкен аға маған кең, терең, жұмсақ адам боп көрiндi. Куйбышев экономика институтын бiтiр­ген. Сәбитжан деп менi қатты сыйлады.

- Министрлер Кеңесi төрағалығынан қалай түсiп қалдыңыз? - деп сұрағанымда:

- Оңтүстiк Қазақстан облысына iссапармен барғанымда Оңтүс­тiк Қазақстан облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Исмаил Юсупов қонақ еттi. Ойымда түк жоқ. Сөйтсем, ол iшкiлiктi әдейi ұйымдастырған екен. Ертеңiне бiрден Москваға хабарлаған. Ол маған обал жасады, - дедi.

Байқауымша, Дәуленов өте дұрыс адам едi. Мiнезi жұмсақ, кiшiпейiл. Артық сөзi жоқ, бiреудi жамандау дегендi бiлмейтiн. Соңғы кезде көп iштi. Себебi, баласы тiлiн алмайтын. Маған Сәлкен аға бақытсыздау боп көрiндi.

- Димекеңнiң әкесiмен кездес­тiңiз бе?

- Кездеспедiм. Ол кiсi қайтыс бол­ғанда, жұбайым екеумiз Алматыда жүр едiк. Бәйкен Әшiмұлы­ның жары Бақыт жеңгей, әйелiм Соня, мен үйiнде оңаша отырғанда, Зухра Шәрiпқызы:

- Димаш Ахметұлы әкесiнiң айтқанын екi етпейтiн. Сөзiне құлақ асатын. Менi бiрде тыңдап, бiрде тыңдамайтын. Ендi мен қорқам. Бұдан былай Димаш­қа кiм қандай ақыл бередi? - деп жылап, қайғырды.

- Ой, жарықтық-ай, Ахмет ақсақал тегi есi бүтiн кеткен екен-ау, ә? Димекеңдей кiсiге ақыл айтудың өзi де оңай емес-ау, - деп мен таңғалдым. - Сiз Нұртас Дәндiбайұлы Оңдасыновтың өмiрiмен таныссыз ба?

- Аздап таныспын. Сiз ше?

-  Бiрде бастығым Өтекең, Өтешқали Атамбаев кабинетiне шақырды. Iшке енсем, қарсы алдында сымбатты қарт кiсi отыр.

- Бұл кiсi Нұртас Дәндiбай­ұлы Оңдасынов деген ағаң болады. Естуiң бар ма? - дедi Өтекең.

- Естуiм бар. 13 жыл Қазақ ССР-i Министрлер Кеңесiнiң төрағасы болғанын бiлем, - деп мен орнымнан тұрып, күлiмсiрей басымды иiп, қолын қайта алдым. Ол кiсiнi бiрiншi рет көруiм.

- Нұртас ағаң бiздiң бастауыш партия ұйымында есепке тұрғысы келедi. Қазақстаннан қол үзгiсi жоқ. Сен Бауман аудандық партия комитетiне барып, сөйлес.

Сөйлесiп, ешнәрсе шығара алмадым. Содан ол кiсi өзi барып, бiрiншi хатшыға кiрiп, келiсiп, Нұртас Дәндiбайұлын бiздiң бастауыш партия ұйымына есепке алды.

Өтекеңнiң орнына мен төраға бол­ған соң, партия жиналысында Нұртас ағаны ылғи төрге отырғызатынмын. Ол кiсi парсы - қазақша, қазақша - арабша сөздiк жасап көп еңбектендi. Жаз­ғандарын тасқа бастыруға көмектес­кенiм де бар. Бiзге жиi келiп тұратын.

- Димекең зейнеткерлiкке шығатыны туралы айтушы ма едi?

- Айтатын. 1986 жылғы 16-съезден кейiн бiзге бiр келгенiнде қо­лын сермеп (Димекеңнiң қолы ерекше ұзын едi ғой) қойып:

- Мына белсендiлер, ойпырмай, жанды қоятын түрi жоқ. Менi еңсе­рiп бара жатыр, - дедi. - Өзiм де зейнеткерлiкке кетсем деп жүрмiн. Кетем, 75 жас та жақындап қалды ғой.

- Димекең өзiнiң жағдайының әлсiрей бастағанын қай кезден сездi?

- Горбачев қалай КОКП Орталық Комитетiнiң бас хатшысы болды, солай Димекеңнiң хал-ахуалы нашарлай бастады.

- Димаш Ахметұлынан кейiнгi Қазақстан Коммунистiк партиясы орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы Г.В.Колбинмен арақатынасыңыз қалай болды?

- Димекеңдi сыйламағаны үшiн Колбиннен бойымды мүлде аулақ ұстадым.

- Димекең қызметкерлердiң бәрiне талапты бiрдей қоюшы ма едi?

- Бiрдей қоятын, жұрттың бә­рiн бiрдей көретiн.

- Тұрақты өкiл боп жүрген кезi­ңiзде арандатушылық әрекеттерге бар­ғандар болды ма?

- Талай болды. Қалай жанбай, күймей аман қалдым деп кейде ойға батам. Аман қалғаным - Ди­ме­кеңнiң кеңдiгi, әдiлдiгi. Екiншi маған қорған бол­ған - Нұрсұлтан Әбiшұлы.

- Димаш Ахметұлы бiреуге қиянат жасапты деген сөздi естi­дiңiз бе?

- Естiген де, сезген де емеспiн.

- Менiң түсiнбейтiнiм, Геология министрi Шахмардан Есенов Димекеңнiң үстiнен бiр құшақ арыз жазған дейдi. Ол кiсiнi ондай жағдайға не итермеледi?

- Шахмарданның арыз жазғаны - шындық. Оған мен де түсiне алмадым. Маған Қазақстан Компартиясы орталық комитетiнiң хатшысы, бюро мүшесi Шәпет Қоспанұлы Қоспанов:

- Димекең Есеновтi қатты көтердi, қатты қолдады. Оның жазған арыздарын Қазақстан Компартиясы орталық комитетiнiң бюросында қарадық. Димекеңнiң ешқандай кiнәсi жоқ. Есенов шатасты, - дедi.

Сөйткен Шахмарданға Димаш Ах­мет­ұлы иненiң жасуындай жаманшылық жасаған жоқ. Оның бiлместiгiн кешiрдi.

Димекеңнiң кеңдiгi - қастық ойлаған адамдардың өзiне де кең­пейiлдiк танытты. Исмаил Юсу­повтi Орал облыс­тық атқару коми­тетiнiң төрағасы еттi. Нағыз қудалауға лайықты адам сол едi. Ол үш ауданды Өзбекстанға берiп жiбер­генде, Димекең қатты ренжiдi. Тiптi түнерiп, ұнжырғасы түсiп кеттi. Сол сәттегi түрiн көрiп, қатты аядым. Көпке дейiн қабағы ашылмай, ешкiммен сөйлеспей қойды.

Үш ауданды қайтарып аларда Нияз­бековтi комиссия бастығы етiп жiбердi.

- Зухра Шәрiпқызы өзiн қалай ұстау­шы едi?

- Өр ұстайтын. Намысқой едi. Зухра жеңгей Бәйкен Әшiмұлының бәйбiшесi Бақыт Әсетқызымен жақсы дос едi. Бiр жағы көршi. Бақыт, тағы бiраз әйел Димекеңнiң арнайы вагонымен Ленинградқа, Сталинградқа, тағы басқа қалаларға қыдырып барады. Ең соңында Балтық теңiзi жағалауын аралап, Мәскеуге қайтып келедi. Ендi Димекең вагонын Рига вокзалынан Қазан вокзалына әкеп, Қазақстан поезына тiркеу керек. Ол жай мәселе емес.

Зухра Шәрiпқызы Мәскеудi бi­раз аралап, тұрақты өкiл Өтешқалиға:

- Ертең бiздiң вагонды сегiзiншi поезға қос, - дейдi.

- Жарайды.

Өтешқали өкiлдiктiң шаруашылық жағын басқаратын Вахитовке Рига вокзалында тұрған вагонды Қазан вокзалына жеткiзудi тапсырады. Ол әрекеттенiп, ештеңе шығара алмайды.

Өтекең кабинетiне менi шақырды.

- Сәбит, жаңа маған Димекең телефон соқты.

- Ей, Өмеке, ана Зухра екi-үш күннен берi үйге қайта алмай жатырмын. Вагонымды поезға қосар емес дейдi ғой. Не ана МПС (Министерство путей сообщение) саған жақын ба, маған жақын ба деп ренжiп, тұтқаны ұясына қондыра салды. Ол кiсiнiң менiмен бұлай сөйлескенi бiрiншi рет. Шаруам бiттi, - дедi мұңайып.

- Шаруам бiттi дедi ме?

- Иә, солай дедi. Ендi мына iспен өзiң айналысшы?

Көп жыл Темiржол министрi бол­ған Бещевтiң бiрiншi орынбасары, Еңбек Ерi Николай Алексеевич Гундовинмен жақсы қатынаста едiм.

Николай Алексеевичке телефон соғып:

- Сiзге жолықсам деп едiм, - дедiм.

- Сәбит, келем десең, кел. - Барып, жағдайды айттым.

- О, мен Димаш Ахметұлын ерекше сыйлаймын, барлық кезде құрмет­теймiн, - деп тапсырма берiп, сол күнi Рига вокзалындағы вагонды Қазан вокзалына жеткiзiп, сегiзiншi поезға тiркедi.

Зухра Шәрiпқызына Атамбаев екеумiз бардық. Мен жаспын. Орыс мектебiнде оқығандықтан ба, сөздiң астары болады, оны кiм қалай қабылдайды дегеннен хабарым жоқ.

- Зухра Шәрiпқызы, Димекеңе телефон соғып, неге сонша айқай-шу шығардыңыз? Мiне, мәселе шешiлдi ғой, - дедiм. Ол кiсi маған жақтырмай, қадалып қарады да, үндеген жоқ.

Кейiн Алматыға жолым түскенде әйелiм екеумiз үйiне кiрiп, сәлем бердiк. Шай iшiп отырғанда Зухра Шәрiпқызы:

- Сәбит, сондағы «Димекеңе телефон соғып, неге сонша айқай-шу шығардыңыз?» деп айтқан сөзiң көңiлiме қатты тидi. Өзiмдi ұстап, Атамбаевтың алдында бетiңдi қайтара алмадым. Менiмен ешкiм бұлай сөйлеспейдi, сөйлескен емес, - дедi. Сонда Зухра Шәрiпқызының мiнезiнiң бiр қырын таныған едiм. Ол кiсi Диме­кеңнiң менi жақсы көрiп, шын ниетiмен қамқорлық жасағанын бiлгендiктен көңiлiмдi жықпаған тәрiздi.

Бiздiң қасымызда Димекеңнiң резиденциясы болатын. Зухра жеңгей Мәскеуге жолы түскенде сол резиденцияда жататын. Мен Димаш Ахметұлы жоқта рұқсат сұрап барып, жағдайын бiлiп тұратынмын. Бiр жолы барсам, Димекең атына келген Саяси бюроның сыртында «мүлде құпия», «ерекше құпия» деген жазуы бар қызыл конверттердi ашып, оқып отыр екен. Бұл   жеңгемiз­дiң Кеңес үкiметiндегi не болып, не қойып жатқан жағдайдың бәрiн бес сау­сағындай бiледi деген сөз.

Мәскеуде ылғи көрiп жүрдiм, Димаш Ахметұлы жиналысқа кетерде, Зухра жеңгей Димекеңнiң омырауындағы жұлдыздары дұрыс тұр ма, үстiнде қыл-қыбыр жоқ па деп ағамызды балаша мәпелеп, сылап-сипайтын. Ол кiсiнiң Диме­кеңдi құрметтеуiнен бiр мiн таба алмайсыз. Екеуiнiң бiр-бiрiне ғашықтығын тiлмен айтып жеткiзу мүмкiн еместей.

- Кiсi қызығарлықтай десеңiзшi?

- Иә, кiсi қызығарлықтай. Зухра жеңгейдiң қолынан кiтап түспейтiн.

- Димекеңнiң кеңесшiсiн бiлесiз бе?

- Бiлем. Ол - Атымтай Қисанов. Атымтай ағаның жасы Димекеңнен үлкен едi. Екеуi бiр-бiрiмен шынайы, ашық араласатын. Димекең зейнеткерлiкке шыққанда да Атекең ылғи қасынан табылды.

- Зухра Шәрiпқызы қайтыс бол­ғанда сiз қайда едiңiз?

- Зухра жеңгей келмес сапарға аттанғанда мен Мәскеуде едiм. Бiр жыл өткенде әйелiм екеумiз Димекеңе көңiл айтқалы үйiне бардық. Есiктi Атымтай аға ашты. Димекең менi құшақтап, амандасты.

- Әй, Димаш, сен неге Сәбиттi құшақтап, жақсы қарсы алып жатырсың? Бұл сенi сатып кеттi ғой, - дедi.

- Жо-жоқ, Атеке, Сәбит менi сат­қан жоқ. Бұл жiгiт өте жақсы жiгiт. Хош келдiң, айналайын, төрлет. Бiздiң қойымыз ана қырдың астында. Алдыртайын ба? - деп Димекең әзiлдеп күлдi. Үйiнде бiраз сөйлесiп отырдық.

Мен үшiн Димекең - ұлы тұлға. Ол кiсiнiң жұмыстан басқа жұмысы жоқ едi. Ойлайтыны - тек жұ­мыс, туған халқының қамы болатын.

- Димекең жай күндерi кiмдер­мен араласты?

- Ол кiсi өзiнiң қанаттас бюро мүшелерiмен ғана араласты.

Қоштасар сәтте Сәбит Хайырұлының:

- Маған қайсыбiр колбиншiл­дер: «Сәке, бiздiң күнiмiз туды. Қай жаққа шығасың, тез өзiңдi анықта» - дегенде, мен оларға: «Айналайын, бауырларым, маған өкпелемеңдер, мен Диме­кеңдi сатып кете алмаймын, Димекеңдi сатқаным - әкемдi сатқаным» - дегенi ой-санамды дүр сiлкiндiрдi...

 

Түпнұсқадағы тақырып: «Тұрақты өкіл»

«Жас Алаш» газеті

 

0 пікір