Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Ел іші... 7077 12 пікір 28 Ақпан, 2018 сағат 14:19

Бұл не деген қарсылық?

Біздің Қостанай облысында тәуелсіздік рухымызды бекітуге септігі тиетін шаралар қашанда ауыр жағдайда өтеді. Өзгесін былай қойғанда, ешкімнің атында емес, тіпті ештеңеден де хабар бермейтін, аты да, заты да белгісіз көшелерді өзгертудің өзі оңайлыққа түспейді. Табандап қарсы тұратындар қашанда табыла қояды. Қисынға келмесе де өзінше уәж айтып, «тарихымыз ғой» дегенді алға тарта қояды,

Сол тарихтың да, уақыттың да әлдеқашан өзгеріп кеткендігін білмейді емес, біледі. Әдейі істейді, қиқарлыққа басады. Сондағы баяғы «біз көппіз, біз мықтымыз, бізбен санаспай көріңдер» деген секілді өзінше қоқан-лоққысының сиқы. Тіпті жаңағы көшеге есімін беруге сол адамның еңбегі мың есе сіңсе де, оны бүкіл халық жақсы білсе де, сондай қыңырлыққа баса береді.

Бір ғана мысал. Аты кезінде бүкіл Одаққа дүркіреп шыққан Кәмшат Дөненбаева апамыз жақында бақилық болып, бұл өмірден аттанып кетті. Енді қыз балалардың ішінен шыққан даңқты диқаншы, Социалистік Еңбек Ерінің атын есте қалдыру міндет емес пе? Оған ешкімнің да, қарсылығы жоқ болар. Өйткені  ол ерлікке пара-пар іс тындырған, кезінде Жоғарғы Кеңестің депутаты болып, үлкен мінбеде сөз сөйлеген, бүкіл Одаққа үлгі болған осынау ғазиз жанға қандай көшенің атын берсек те, артық болмайтындығы бесенеден белгілі.

Обалы не, жергілікті билік жете қимылдап, оған бір көшенің атын беру үшін жедел тыңдау өткізіп, барын салып бақты. Бұдан зиялы қауым да шет қалған жоқ. Ақыры Кәмшат Байғазықызына кезінде Авиационная деп аталып кеткен көшенің атын беруге келісімге келді. Енді бұл шешімді қалалық мәслихат бекітіп, республикалық комиссияға жібереді. Біз бұл жерде бұл шешімнің заңды күшіне айналатындығына сенімдіміз. Тек бір ғажабы, осынау өзі қаланың шетіне орналасқан, бас-аяғы келте, ешкімнің есімін иеленбеген көшеге осы атақты адамның есімін беруге қарсы шыққандар да табылды. О, тоба демеске не шара. Қарап отырсаң таң қаласың. Сол қарсылардың қулығына құрық бойламайтындығын қайтерсің. Бірі «оған бір көшені бергенше, неге анау Юбилейный деген ауданды бермеске» деп, өтірік жанашырлық танытса, екіншісі «алдымен көшені жөндеп алайық, сосын да атын беруге болады ғой» деген сәуегейлікке басты. Мінекей, қиыннан қиыстыратын қарсылық деген осындай болады.

Екіншіден, қаламыздың қақ ортасында «бізге не істей аласыңдар?» дегендей қасқайып тұрған орыстың Гоголь мен Пушкин секілді ақын-жазушылары «мен мұндалайды». Бұларға, әрине, тісіміз батпайды. Өйткені қаламыздың басым бөлігін құрайтын өзге ұлт өкілдері күні ертең  «асылдарымыздан айырып жатыр» деп аттандап шыға келері сөзсіз. Сондықтан да біз бұл жерде жергілікті биліктің әлсіздігі деп ешкімді де сынағалы отырған жоқпыз. Өйткені біз қанша деегенмен өткен жылдың соңында атақты «қызыл большевик» Таран деген кісінің атындағы көшені Тәуелсіздік деп өзгертудегі ойбайға бергісіз айқайды көріп, жағамызды ұстағанбыз. Бейне бір елінен, жерінен айырылып, босып кетердей улап-шулағандығын, оған жергілікті орыстілді газеттер аттан қосып, біраз саяси науқанға айналдырып баққандығын ұмытқан жоқпыз. Дегенмен, жергілікті билік табандылық танытып, барын салып, әділ шешім қабылдауға қол жеткізді.

Бұл дау басыла бере, атойлап екіншісі шықты. Осы жақында ғана, нақтырақ айтқанда, ақпан 24-і  күні тал түсте қаламыздың дәл іргесіндегі Октябрьская деген ауылдың әкімдігінің алдына барлығы 50-60-тан астам қабағы қату, аса ашулы топ жинала бастады. Ауылға сел қаупі туды ма, әлде бір жау шапты ма деп үрейленіп қалдық. Сөйтсек, «бақсақ, бақа екен» дегендей ауыл тұрғындары біреулерден «ауылымыздың атын қайдағы бір Аққайың деп өзгертеді екен» деп есітіп, баяғы аттанына басыпты.  Ештеңені тыңдағысы келмейтін, кәдімгі «тек өзіміздік дұрыс» дейтін еш ес бермейтін қара тобыр. Оларды сабырға шақырмаққа ниеттеніп, мәселенің мәнісін түсіндірмек болған Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Болат Бекеновті тыңдауға ешкім де құлық танытпады. Тек айқайға басады. Оларға өзгенің пікірінің қажеті шамалы. Тіпті жаулық есебінде тануға жақын. Сосын орынбасардың төзімі таусылып, шындап келгенде мұның өзі рұқсат етілмеген жиын екендігін ескертуге мәжбүр болды. Деген тобыр жеңді, орынбасар өз жұмысына кетті.

Бұл топтың беті қайтар түрі байқалмады. Оларға тағы да адамдар қосылып, күзетшілерді былай итеріп қойып, барлығы жергілікті мәдениет үйіне жиналды. Орынбасар осында келіп, тағы да түсіністікке шақыруға ниеттенген.

— Жалпы, жиналыс, бейбіт шеру мен митинг өткізу туралы заң белгілеген нақты ережелер бар, - деді ол жиналғандарға. — Алдымен атқару органына өтініш жазылуы керек. Олай істеген жоқсыздар. Демек, бүгінгі жиналғандарыңыз — мүлдем заңсыздық. Билік қандай да мәселені бірлесе шешуге дайын. Біздің есігіміз кім-кімге де ашық.

Жаналғандардың  бұған да құлақ асқысы жоқ. «Біз ауылдың атын өзгертуге қарсымыз» деуден тайған емес. Заңға да пысқырып қарағысы жоқ. Мұны түсінген орынбасар амалсыз әңгімен тоқтатуға мәжбүр болды.

Жиналған топтың қайсар-қайтпас ниетіне қарағанда олар бұл істе асқан табандылық танытпақ. Мұндай тобырға сенің тәуелсіздігің де, рухани жаңғыруға бетбұрыс жасап талпынып жатқандығың да, тіпті заманның қазір мүлдем басқа екендігіне  пысқырып қарамайтындығы байқалады. Осыны көріп, көңілімізде көп түйткіл қалды. Тәуелсіздігіміздің тағдырының әлі де талай талқыға түсіп, жаңарудың оңайлықпен өтпесіне көзіміз жеткендей болды. Елдігімізге сын әлі алда көрінеді. Жанымызға бататыны осы.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

 

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963