Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2515 0 пікір 22 Қаңтар, 2011 сағат 09:22

«Хрущевкадан» қашан құтыламыз?

Сұрақты дәл бұлай қою - жатақтың бір бөлмесін жалдап тұрып жатқан жарым көңіл талай қазақ баласының қитығына тиетінін жақсы білеміз. «Жаман «хрущевканың» өзіне қолымыз жетпей жүрсе, бұл қай сасқаны?», - дер. Жөн, жөн. Бұл мәселені, «хрущевканы» айтып отырмыз, Үкімет те мойындап отыр. Премьер-министр Кәрім Мәсімов: «Жалпы, бізде қалыптасқан тұрғын үй проблемасы сонау Кеңес заманындағы 60-70-жылдардан «хрущевка» деген атпен белгілі. Бұл үйлер шамамен 20-25 жылға жоспарланған. Ал одан соң халық зәулім, әдемі етіп салынған үйлерде тұрады деген жоспар болды. Бірақ заман өз талаптарын басқаша қоюда. Нәтижесінде, біздің бүгінгі тұрғын үй қорымыз негізінен, сол уақытта салынған үйлерден тұрады» деді.

Сұрақты дәл бұлай қою - жатақтың бір бөлмесін жалдап тұрып жатқан жарым көңіл талай қазақ баласының қитығына тиетінін жақсы білеміз. «Жаман «хрущевканың» өзіне қолымыз жетпей жүрсе, бұл қай сасқаны?», - дер. Жөн, жөн. Бұл мәселені, «хрущевканы» айтып отырмыз, Үкімет те мойындап отыр. Премьер-министр Кәрім Мәсімов: «Жалпы, бізде қалыптасқан тұрғын үй проблемасы сонау Кеңес заманындағы 60-70-жылдардан «хрущевка» деген атпен белгілі. Бұл үйлер шамамен 20-25 жылға жоспарланған. Ал одан соң халық зәулім, әдемі етіп салынған үйлерде тұрады деген жоспар болды. Бірақ заман өз талаптарын басқаша қоюда. Нәтижесінде, біздің бүгінгі тұрғын үй қорымыз негізінен, сол уақытта салынған үйлерден тұрады» деді.

«Хрущевка» дегеніміз - панельді неме­се кірпіштен салынған үш, төрт, бес қабатты, төбесінің биіктігі екі жарым метр, ас үйі алты шаршы метрді құрай­тын, лифтісі жоқ, әжетханасы мен ван­насы бірге, тышқанның ініндей қуыс бөлмелі тар үйлер. КСРО-ның басшысы Никита Хрущевтің билігі тұсында пайда болғандықтан, сол «қасқа бастың» атын алған. Ал бастауына келсек, екінші дү­ниежүзілік соғыстан соң Францияда халыққа баспана жетіспегендіктен, ел басшысы генерал Шарль де Голл панель­ден тез және арзан құрастырылатын дәл осын­дай үйлер салуды ойластырыпты да, ол идея Сталиннің тірі кезінде КСРО-ға импортталған делінеді. Ары қарай Хру­щев іліп әкеткен. КСРО Жоғарғы Кеңесі 1955 жылы қаулы шығарып, соның не­гізінде 1959 жылдан бастап жаппай салы­­на бастаған. Тұрғын үй алаңы әр адамға 9 шаршы метрден келетін норма бекітілген. Мемлекет тегін берген осындай бір типтес үйлердің арқасында кеңестің қарапайым қара орман халқы баспана мәселесін шешіп, өсіп-өнді. Бұл үйлердің бәрі 25 жылға есептелініп, уақыт­ша салынған. 25 жылдан соң ком­мунизм орнап, кеңес халқы барақтан жарыққа шығады деп ойлаған ғой. Жаңа жыл келген сайын көгілдір экраннан түспейтін «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен» атты фильм бар емес пе, осы кинодағы құ­ры­лысын айтпағанда, тіпті есігінің құлпы мен кілтіне дейін біркелкі кеңестік сүреңсіз үйлер орынды шенелген.
«Хрущевкалар» салу күллі Кеңес одағы бойынша 1985 жылға дейін жалғасып келсе, Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербор) 1970 жылдары тоқ­татылыпты. Көне шаһардың патша за­манынан қалған, одан кейін Сталин за­манында жалғасқан қайталанбас сәулет өнеріне көлеңке түсіретіндігін ерте ес­керген. Қазір осы «хрущевкалардың» көбісі қартайып», тұрғындарға қауіп төндіре бастаған. Дегенмен ары кетсе елу жылға шыдайды деп жоспарланған бұл үйлердің «жаны сірі екен», кәсіби мамандар дәл уақытында күрделі жөн­деуден өткізіп отырса, бұл үйлердің жасы 150 жылға дейін жететінін айтады. Біздегі соңғы кезде мемлекеттік бағ­дар­лама бойынша салынған тұрғын үйлер­дің көбісінің қыста жылу ұстамайтын, шатырынан су ағатын сапасыз екендігі анықталып отыр емес пе? Соған қара­ғанда осы «хрущевкаларың» әлі де мы­ғым сияқты.
Әлемнің дамыған елдерінде бүгінде жалпы көлемі 100 шаршы метрден кем пәтер ешқашан салынбайды екен. Ал бізде ше? Бізде қазір бір тұрғынға орта есеппен алғанда 17,0 шаршы метрден келеді екен.
Ал «хрушевкалардың» бір бөлмелісі - 30-43 шаршы метрден аспайды.
Екі бөлмелісі - 41-46 шаршы м.
Үш бөлмелісі - 54-62 шаршы м.
Төрт бөлмелісі - 62-72 шаршы м.
Еліміздің бас қаласы Алматы да «хру­щевкадан» кенде емес. Тұтас шағын аудандар самсап тұр. Әсіресе, бас қала­ның көрнекті алаңдарының бірі болып есептелетін Абай даңғылының бойында бірден көзге түседі. Кеңестік заманның эстетикасын еске салатын тұмшаланған балкондары бар сүреңсіз үйлерге ертең Ақ Азиадаға жиналған жатжұрт­тық­тар­дың назары түспес деймісіз? Кейбірінің үстінен пенхаус пен мансард салынып, жөндеген болып жатырмыз. Ондай көтерме үй салудың өзі заңсыз делінеді. Түгелімен күреп тастау мүмкін емес. Оны экономикамыз көтермейді. Одан да жамап-жасқап, күрделі жөндеуден өткізудің дұрыстығын өмірдің өзі көр­сетіп отыр. Мәселен, кәрі құрлық Еуро­пада ертеректе салынған тұрғын үйлер­дің орнына жаңа нысан салмай-ақ, ір­гетасын, кіреберістерін, дәліздерін, шатырларын, қабырғаларын жылуды шығармайтын, суықты өткізбейтін қаптамалармен қымтау кеңінен етек алғанға ұқсайды. Яғни ескі үйлер жаңа заманның материалдарымен жөнделіп, сәнді болып шыға келген. Осы кәрі құр­лықтың тұрғын үй тәжірибесі Алматыда да қолға алынса, игі болмас па? Оның үстіне, бас қаланың сейсмикалық қауіп­тілігі де бар. Мамандар Алматы қала­сында 1970 жылдан кейінгі салынған құрылыс нысандары тоғыз балдық жер сілкінісі талабына сай тұрғызылғанын айтады. Ал оған дейінгі салынған көп қабатты үйлер мұндай талапқа сай кел­мейді екен. Өйткені 1970 жылға дейін Алматы қаласының техногендік жағ­дайы дұрыс зерттелмеген көрінеді. Олай болса, қаланың дені 1970 жылға дейін тұрғызылған мекемелер мен тұрғын үйлерден тұратынын ескерсек, оларды тез арада бұзып, қайта салу немесе күрделі жөндеуден өткізу керек екені белгілі. Бұл орайда Алатау баурайында алты қабаттан биік үй салмау туралы нұсқауды да ескерген жөн болар...
Ал мұнаралы Мәскеуде «хрущевкаға» арналған музей ашылғалы жатыр. Яғни орыс астанасындағы бір бес қабатты үйді бұзбай, сақтап, келешек ұрпаққа «біздер осындай үйде тұрғанбыз» дегенді аңғарту үшін атамұра ретінде қалдырмақ. Бұдан бұрын жүздеген «хру­щевканы» күреп тастаған Мәскеуде ендігі төрт-бес қабатты үй мүлдем қал­маған да шығар. Мәскеудің экс-мэрі Лужковтың «хрущевкадан» соң 70-жыл­дары салынуды бастаған тоғыз қа­батты үйлерге тиісе бастайтындығын мәлімдегені есімізде.
Жалпы, Ресейде ескі және апатты жағдайда тұрған тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізетін арнайы қорлар құрылғанын айту керек. Мәселен, осындай қор жұмысының арқасында Ресейде 11 млн адам тұратын 11 мың үй күрделі жөндеуден өткізілген көрінеді.
Қанша жерден «хрущевканы» жа­мандасақ та, осындай шағын үйлер ар­қылы КСРО-дағы тұрғын үйдің проб­лемасы шешілгені айдан анық. Ендеше, қазір де мемлекеттік тұрғын үй сая­сатында осы тәсілді пайдаланып, шағын отбасыларға арнап арзан үйлер салудың жөн екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Қала салу мәдениеті бойынша Еуро­паның тәжірибесінен тәлім алуға бо­лады. Ол жақта үлкен қалалардың қа­сынан серіктес қалалар салу сонау екін­ші дүниежүзілік соғыстан соң-ақ басталып кеткен. Лондонның да, Па­риждің де айналасы сондай толған ша­ғын қалалар. Бірақ біздегідей біркелкі сұр үйлер емес, өзіндік архитектуралық мектептен шыққан. Біздегі үлкен қала­лар маңайына шоғырланған қазақ ауылдары мен орыс деревняларының сиқын олармен салыстырудың өзі күлкілі. Ол жақта біздегідей қала мен ауыл, село арасында алшақтық жоқ. Біз­дегідей тұрмысқа қолайсыз хрущевтік бес қабаттылардан халқы қажып отыр­ған жоқ, урбанизацияланудың ежелгі отбасылық, ағайын-туыстық түріне баяғыда көшіп алған.
ҚР Құрылыс және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық істері агент­тігінің төрағасы Серік Нокиннің мә­лім­деуінше, еліміздегі көппәтерлі үй­лер­­дің жалпы аумағы 157,2 млн шаршы метрді құрайды. Оның 50,1 млн шаршы метрі немесе 32 пайызы жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуді талап етеді. Ал тұр­ғын үй қорының 3,8 млн шаршы метрі немесе 2 пайызы тұруға жарамсыз, бұ­зылуға тиісті апатты жағдайдағы тұрғын үйлер болып табылады. Бір ғана Қызыл­жар қаласында қала сәулетін бұзып тұрған, бұдан 60 жыл бұрын салынған 600-ге жуық екі-үш қабатты тозығы жеткен үйлер бар екен. Бұл үйлердің апатты жағдай тудырып оты­руы түсі­нікті. Жаппай жекешелендіру жүргізіле отырып, тұрғын үй-комму­налдық ша­руа­шылық реформасы жү­зеге асыры­лады, соның нәтижесінде мемлекеттік тұрғын үй қоры жеке­шелендірілді. Тұр­ғын үй қорын пайдалану мен жөндеу жө­ніндегі жауапкершілік мемлекеттен жаңа меншік иелеріне - халыққа өтті. Нәтижесі, міне, осындай.
Республикадағы тұрғын үй қорының жай-күйін жақсарту мақсатында об­лыстардың, Астана және Алматы қала­лары әкімдері ескі тұрғын үйлерді күр­делі жөндеу және апатты тұрғын үйлерді бұзу жөніндегі өңірлік бағдарлама­лар әзірлеген. Әл-әзір одан жағдай өзгеретін емес.
Тұрғын үй саласында біздегі соңғы жаңалық, әлемдік тәжірибеге сәйкес еліміздегі тұрғын үй нысандарына тер­можаңарту және жалпы жөндеу жұ­мыстарын жүргізіп, әр пәтердегі жылу қуатын тұтынуды бақылау үшін пәтер иеленушілерге қолжетімді және ұзақ мерзімді несие берілмек көрінеді. Оны жүзеге асыру үшін «тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығының даму қорын» құру ұсынылуда. Аталған қор пәтер иеленушілеріне 3,8 пайыздық мөлшерлемемен 20 жылға несие бермек. Бұл қор құрылса, тұрғын үй саласында біраз нәрсе оң бағытқа бет бұратын сияқты.

«Айқын» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475