Жұма, 22 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 10390 28 пікір 28 Наурыз, 2018 сағат 08:39

Қытайда 150 миллион жұмыссыз бар. Олар бізге келсе не болмақ?!

                                        ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың

                                                                   Сенат депутаттарының   назарына

Қолданыстағы «Жер кодексінің» 24-бабында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін  шетелдіктерге жиырма бес жылға жалға беру қарастырылған. Алайда   Президентінің  Жарлығы бойынша  5 жылға мораторий жарияланды.

Бұл баптың заңдық күшін мүлде жоймасақ, яғни жерді шетелге беру нормасы сақталып қалса, тек 2021 жылдың 31 желтоқсанынан  кейін  елімізге ең алдымен  Ұлы Қытай азаматтары ағылып келеді. Оның басты себебі шекаралас ел және еңбек күші жетіспеу проблемасы. Сонымен қатар, ҚХР бала туу саясатында қатаң тыйым болуы.

Ол жақта 150 миллионнан астам адам жұмыссыз екен. Қытай үкіметі қабылдаған «Батысты игеру» бағдарламасында осы жұмыссыздар Қазақстан рыногын игеруге жұмылдырылмақшы. Олардың астыртын саясаты -

соғыспай жаулап алу. Ал қара қытай  қаптаса  ұлттық қауіпсіздігімізге, Тәуелсіздігімізге,  экологиямыз бен ұлттық генімізге қауіп төнеді.

1.Геосаяси жағынан қателік

Тарихтан белгілі, СССР мен Қытай елі арасындағы қарулы қақтығыс 2 наурыз 1969 жылы Қиыр Шығыстағы Даманск  аралындағы және 1969 жылы 13 тамызда Қазақстанның Жалаңашкөл деген жерінде болған еді. Бұл қарулы қақтығысты ұмытпауымыз керек және осы оқиға бізге үлкен сабақ болуы тиіс.  25 жылдан кейін шықпаймын деп үшін күш көрсету әбден мүмкін. Ол кезде Қазақстанның қауіпсіздігіне ешкім кепіл бере алмайды. Ал біздің Қарулы Күшіміздің  әлеуеті төмен және әскер саны аз - барлығы 74 мың сарбаз, ал Қытай Халық республикасында әскер саны - 2 млн. 500 мыңдай екенін ұмытпайық!

Өзге дамыған елдерде жерді жалға беру тәжірибесі бар екенін жақсы білеміз.  Бірақ оларда заң халық мүддесіне негізделген және біздер секілді қазба байлық жоқ.  Ол елдерде шетелдіктерге қойылатын талаптар өте жоғары және жергілікті халықтың мүддесі үшін заң жүзінде бәрін орындатады. Сыбайластық-жемқорлық жайлаған елімізде жерді жалға беру туралы сөз мүлде қозғауға болмайды. Елімізде жерді жалға алған шетелдіктер әбден қызығын көріп, кеткісі келмегесін, біріге отырып,  қомақты қаржылары арқылы сан құбылып өзгеріп отыратын заңдарды өзгертуге ықпал етіп, ол жерлерді біріктіріп  мәңгі сатып алып, үй ішінен үй тігулері мүмкін.  Оған тарихтағы жағдай дәлел. Бұрынғы Палестина жерінің 56%-ы (14 мың км2) шетелдіктерге беріліп, 1948 жылғы жер дауына  (сатылуына және жалға берілуіне)  байланысты аяқ асты 1948 жылы Израиль мемлекеті құрылганын тарихтан жақсы білеміз.

2.Тәуелсіздігіміздің  іштей шайқалуына апаруы ықтимал

Елімізге келген шетелдіктер  мемлекетіміздің әлсіз заңдарына  мүлде бағынбайтынын көріп жүрміз. Инвестиция ағыны арқылы елімізде тайраңдап жүрген  шетелдіктердің (түрік, араб, индус, т.б.) жергілікті халыққа жазықсыз тиісіп басынулары және  қыздарымыз бен қарындастарымызға қырғидай тиюлері осы сөзіме дәлел.  Бас қаламыз Астанадағы «Абу-Дали Плаза» кешеніндегі кикілжіңнің соңы үлкен қақтығысқа ұласып кетуге қалғаны билік басында отырғандарға сабақ болуы тиіс. Ал, Ақтөбе қаласында Қытай елінің бір азаматына 10 шақты полиция қызметкері күштері жетпеген видеодан көргенбіз. Бір қытай азаматына  күші жетпесе, олар жерімізді 25 жылға жалға алып,   жүз мыңдаған қытайлықтар келгенде не болатыны айтпаса да түсінікті.  Инвестиция құйып отырған шетелдіктердің заңсыз әрекеттерін қадағалауға қауқарымыз жетпей отыр. Сол себепті, олар талтаңдап өздерінің отандастарын  жақсы, жеңіл жұмысқа тартып, ал  ақшасы аз, ауыр жұмысқа жергілікті халықты тартып отырғанын білеміз.  Шетелдіктер жерді жалға алса елімізге өтірік туристер мен  жалған жоғары қажетті мамандар  ағылатыны сөзсіз. Кубаға кезінде сарбаздар жұмысшы болып ағылғанын ұмытпаңыздар.

3.Әлеуметтік теңсіздік қалыптасады

Қазақстан Ресейге  «Байқоңыр» ғарыш айлағын 2050 жылға дейін жалға берді. Одан не ұттық?  Ұтқанымыздан ұтылғанымыз көп болды. Мүмкін мемлекеттік қазынаға қомақты қаржы құйылған шығар. Алайда оның игілігін халық көрмесе, ол материалдық құндылықтың құны бір тиын. Есесіне, Байқоңырда ұлттық мүддеміз бен ана тіліміз тапталып, рухани құндылықтарымыз  езіліп  жатыр. Көрші  елдің  заңы жүріп, үстемдігі орнап, ал қаракөз балаларымыз солардың тарихы мен мәдениетін оқыса,  жергілікті халық  тұрмыстық жағдайын ойлаудың өзі қорқынышты. Амалсыздан өзге елдің азаматтығын алуға мәжбүр болып отырғаны ащы болса да шындық. Егер жеріміз  шетелдіктерге берілсе, елімізге келген шетелдіктердің барлығы Байқоңырдағы  жағдайдай әркім өз үстемдігін орнатып, өз заңдарын жүргізетіні сөзсіз. Одан соң, келімсектер ұлттық рухани құндылығымызды таптап, мемлекет құраушы- қазақ халқының намысына тиісе берсе, әлеуметтік теңсіздіктен орнауынан және шетелдіктердің үстемдік жүргізуінен  оны арты үлкен қақтығыстарға ұласып,  тәуелсіздігіміздің шайқалуына соқтыру мүмкін.

4.Экономикалық қауіпсіздік

Аукциондар мен конкурстар жемқорлыққа жол ашып береді.  Сауда-саттықты ұйымдастыру ашық әрі әділ өтеді дегенге күдігіміз басым.  Жемқорлық жайлаған, заңы әлсіз қоғамда шетелдіктер  аукцион мен конкурстарды ұйымдастырушылар мен  уәкілетті органдардың лауазымды тұлғаларын және мемлекеттік мекемелер басшылары мен  қадағалау органдарының қызметкерлерін және  арандары ашылған, қара бастарын ғана ойлаған және әкім -қарарларды оңайлықпен сатып ала алады.

5.Экологиялық қауіпсіздік.

Жерді жалға алған қытайлықтар өнімді көбірек алу үшін  химикаттарды белсенді пайдаланатынын білеміз.  Оның арты жердің және экологияның бүлінуіне,  өсімдік шаруашылығының құруына апарып соқтырады.  Ал жерді пайдалануын  қадағалаймыз деу бекер сөз. Қадағалау органдарын оңайлықпен сатып алады.

6.Ұлттық –рухани кодымыз жойылып, қанымыз бұзылады 

1980 жылы Мәскеу  олимпиадасынан  (81 елден  6475 спортшы қатысқан) кейін  және 1985 жылы XII Бүкіләлемдік жастар мен студенттер фестивалінен  (157 елден 26 мың адам қатысқан) кейін Мәскеу қаласында тұратын  қыз-келіншектердің шетелдердіктерден  аяқтары ауыр болып, босанғандары, аборт жасатқандары, тіпті  студент қыздарға  өздерінің «генетикалық ақпаратын»  салып кеткендігі туралы көптеген деректерді кездестіруге болады.  Айтайын дегенім,  «сананы тұрмыс билейді» демекші, әлеуметтік тұрмыстары  нашар, жұмыссыз қаңғып жүрген қазақтың қаракөз қыздары мен келіншектері күн көрістері үшін шетелдіктерге жалданып, оларға мазақ болуға мәжбүр болады.  Ал оның арты ассимиляцияға ұласады, яғни 25 жыл  ішінде  келетін  миллиондаған қытайлар мен шетелдіктерге біртіндеп сіңіп, ұлтымыз  жұтылып кетеді.

Кейбір арсыз қыздарымыз бен қарындастарымыз  шетелдіктердің ақшасы  мен байлығына  булығып,  «міне шетелдік жігіттер керемет, барлық жағдайымызды жасауда» деп, арандату арқылы қазақ жігіттерінің намыстарына тиюлері мүмкін (қазірдің өзінде солай жасап жатыр). Ал, бұл сөздер өздері арба сүйреп, қыс бойы құрылыста жүріп,  күндерін әзер көріп, баспанасыз қаңғып жүрген  қазақ жігіттерінің  намыстарына қатты тиіп, оның арты шетелдіктерді ұрып-соғып,  үлкен қақтығыс пен кикілжіңге соқтыртатынын ұмытпауымыз керек.

Түйін:  Парламенттің Сенат пен Мәжіліс депутаттары және Үкімет мүшелері  ұлт болашағын, ұрпақ тағдырын, мемлекет қауіпсіздігін ойласа, жерді шетелдіктерге сатуға да, жалға да бергізбеуі тиіс. «Қыздың арын қорғаған ұлттың болашағы зор болады» - деп ата-бабамыз өсиет еткен. Қыздың арын қорғау әрбір қазақ баласының қасиетті борышы, ата-баба аманаты. Әрбір қазақ қызы біздің әпке-қарындасымыз. Сол себепті, жоғарыда келтірген қауіп-қатердің  алдын алу үшін «Жер кодексін» ұлт мүддесіне сәйкес қайта қарап, жерімізді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қатаң тыйым салуымыз қажет. Ұлттық-рухани кодымыз жойылып, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

Талғат Қатауов

Орал қаласы

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322