Жұма, 22 Қараша 2024
Жөн-ақ 5396 1 пікір 28 Наурыз, 2018 сағат 09:32

Шенеуніктерге тек кіріс қана емес, шығыс декларациясын да толтырту керек

Сыбайлас жемқорлық жайлаған жерде ешбір істе береке болмайды. Экономикамыз алға баспақ түгілі, адымы мүлдем ашылмай  қалады. Рухани сана құлдырауға айналады. Өйткені қоғамда «Бәрін де ақша шешеді» деген жалған да құйтырқы ұғым біржолата үстемдік құрады.

Баланың сәби кезінен-ақ оны балабақшаға орналастыру үшін біреуге пара беруге тура келеді. Демек, туғаннан-ақ сәбидің санасы уланды дей бер. Кейін ол есейе келе мектепке барғанда ата-аналардың ақша жинап жатқанын тағы да көреді. Енді жоғары оқу орнына түсу біріншіден ақылы болса, екіншіден дәріс алуға ерінсең, оқытушының алақанына бірдеңе салсаң, зачетің мен емтиханың дайын. Қызметке орналасу үшін де алдымен тамыр-таныстық, сосын қомақты пара қажет. Міне, осылайша жас өмір ақшаның құлына айналып, әбден тығыраққа тіреледі. Орысша айтқанда «заколдованный круг» қалыптасады. Оның үстіне бізде шетелдердегідей өз білімі мен ақылыңның арқасында жақсы мансапқа жеткізетін «әлеуметтік лифт» деген механизм мүлдем қалыптаспаған. Мықтының балалары ғана жоғары қызметке лайық. Тек әкесінің биік биліктің маңында жүргендігі үшін ғана. Көрмей отырған көз жоқ қой. Министр болу үшін не белгілі бір академиктің немесе парламент депутатының еркесі боланың мақұл. Басқадай жол жабық.

Мінекей, сыбайлас жемқорлықтың жеңілмейтін жауға айналуының басты себебі осы. Оны мұндай құбыжық еткен өзіміз.  Оның үстіне біздегі билік басындағылар «Жалпы, сыбайлас жемқорлық дегенді мүлдем жеңу мүмкін емес. Ол барлық мемлекеттерде де бар» деген елді шатастыратын, онымен күрестің мәнсіз екендігін ашықтан-ашық насихаттайтын теріс пікірлер айтады. Сонан соң жемқорлықты жоям дегеннің салы суға кетіп, ұнжорғасы түспей қайтеді. Оны жеңу мүмкін болмаса, күресіп әуре болудың не қажеті бар? Билік басында отырғандар кей-кейде айтылатын сөзді ойланып барып айтса болмай ма? Әлде бұл өздерінің құйрығына қылжуыр байланғандардың әдейі таратып жүрген арам насихаты ма? Бұған нақты фактілермен, әдемілеп тұрып тойтарыс беретін адамның шықпай жүргені, не нәрсені білдіреді? Шетелдердегі жемқорлықпен күрестің мән-жайын жақсы білетін, осы саладағы аса білікті бір азаматтың бүкіл елімізден табылмауы қалай? Әлде ондайлар да «Аш құлақтан, тыныш құлақ» деген аса ыңғайлы ұстанымды қолайлы санай ма? Сонда елдің санасын жаңғыртып, осынау өтірік насихаттың бет пердесін кім ашады?

«Бақсақ, бақа екен» дегендей жемқорлықтың жеңілмейтіндігі жайлы әдейі таратылатын ақпараттың қып-қызыл өтірік екендігін бұл жайттан хабардар жанның қай-қайсысы да жақсы біледі екен. Мұны біз кездойсоқ байқап қалдық. Жақында облысымызда Мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі Қостанай облыстық департаментінің Қостанайдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық баяндама жобасын қоғамдық тыңдау шарасын ұйымдастыруға байланысты өткен басқосуда бұған көзіміз анық жетті. Жалпы бұл құжат міне екі жыл бойы еліміздегі жемқорлық деңгейін төмендетуге әсер ететін құрал есебінде қызмет атқарып жүр.

Департамент басшысының орынбасары Ерлан Салықбаев (суретте) неге екені белгісіз ескірген фактілерді алға тартып, сонау 2016 жылғы атқарылған істерді тілге тиек етті. Былтырғы жылдың қортындысы жайлы мүлдем тіс жарған жоқ. Жарайды мұны Салықбаев мырзаның еншісіне қалдырдық. Алайда айтайын дегеніміз мүлдем бұл емес. Мәселе Салықбаевтың өзімізді талай жылдардан бері жемқорлықты алдырмас қамал ретінде сендіріп, қалың жұртшылықты адастырып келген жалған тұжырымның тас-талқанын шығарды.

Ол алдымен әлемнің дамыған елдерінде жемқорлық деңгейінің әдетте тым төмен болатындығын тайға таңба бақандай етіп дәлелдеп берді. Сонан соң жемқорлықты қабылдау индексінің мәнін ашып айтты. Мәселен, Финляндия, Дания және Сингапур  секілді елдерде әлгіндей түсіну индексі 80 баллдан жоғары болып есептелінеді. Олар  жемқорлықтан азаттық деңгейі  жоғары елдердің ондығынан мықтап тұрып орын алады. Бұл нені көрсетеді? Бұл дегеніңіз аталмыш елдерде жемқорлықтың мүлдем жоқ екендігін айқын айғақтайды. Сонда жеңілмейтін, яғни «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» мықтымыздың айбары мен айбыны  қайда қалды? Арыстанға емес, тесікке тығылатын тышқанға айналды емес пе? Сонда бүкіл елде адастырудың, жалған жолға салудың, теріс бағыт берудің сыры неде? Елімізді шырмауықша шырмап алған жемқорлықты жеңіп шығамыз деп онымен шынымен бел шеше күресудің орнына, өздернің әлсіздігін жалған тұжырыммен бүркемелеу ме?  Бұлай деуімізге Салықбаевтың тағы да келтірген фактілері жауап беретін секілді. Оның айтуынша жемқорлықтан мүлдем азаттық деңгейі бойынша рейтингте Қазақстан тек қана 29 баллға ғана ие екен. Бұл дегеніңіз әлемдегі 176 орынның  131-ші орнына жайғасқан дегенді көрсетеді. Сөйтіп біз жемқорлық бойынша Беларусь (79 орын), Армения (112 орын), және Молдованы (121 орын) әлдеқашан артта қалдырыппыз.

Демек, шын кіріссек елімізді жегі құрттай жеп жатқа кеселді мүлдем сылып алып тастаудың мүмкіндігі мол екен ғой. Ол үшін заң алдында қандай да лауазым иесі тең жағдайда жауап беретіндей жағдай орнаса болды. Елімізде дәл осындай ахуал қалыптасты ма? Жалпы, жуық арада ондай әділдік орнай ма? Әлде қалталылар мен қаһарлылар алдында ол заңымыз тым жаус баланың күйін кешіп жүр ме?  Әңгіме, міне осында.

Осы мақаланы жазу барысында тағы бір жаңа мәліметтерге жолықтық. Еліміз былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Tranparency Internftional (TI) ұйымының жариялайтын Жемқорлықты қабылдау индексі бойынша тоғыз орынға жоғарылап, 180 мемлекеттің ішінде 122-ші орынға шығыпты. Ерекше бір мақтанатын жағдай болмаса да, бұл да болса осы індетпен күресудің ептеп жанданып келе жатқандығынан хабар берсе керек. Алайда біз әлі де Чехия (42), Грузия (46), Хорватия (57), Черногория (64) және Белорусь (68) секілді күні кеше ғана бір шаңырақтан шыққан елдерден тым артта қалғанымызды да мойындауымыз керек. Ал алдыңғы бестікке кірген Жаңа Зеландия, Дания, Финляндия, Норвегия мен Швейцария тәрізді елдерге жету мүлдем орындалмайтын арман шығар. Бұған әлгі аталмыш ұйымның өз зерттеуінің соңындағы қорытынды сөзі куә. Онда «нәтижеге жасалған сараптама үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ-ты басып-жаныштау жемқорлық деңгейінің жоғары болуымен байланысты екенін көрсетіп отыр. Бүкіл әлемде жемқорлықпен күреспекке талпыныс бар болғанымен, көп елде бұл проблеманы шешуде алға ілгерілеу өте баяу жүріп жатыр» делінген. Мұны да ешкім жоққа шығара алмас.

Тағы бір түйін. Бізде, неге екені белгісіз, дүниежүзінде жемқорлықпен күресте өзінің аса тиімді әрі таптырмас тәсіл екендігін мың мәрте дәлелдеген шенеуніктердің кіріс және шығыс декларацияларын тапсыруы қолға алынбай отырғандығы таң қалдырады. Мәселен, тек кіріс декларациясын енгізу —жартылай шара ғана. Сонымен қатар шығыс декларациясын енгізу аса қажет. Сонда ғана шенеуніктердің халықтан ұрлаған байлығы өзінен-өзі ашылады. Айталық, жылдың қорытындысы бойынша шенеунік әлгі екі декларацияны тапсырады. Ол міндетті түрде баспасөзде ашық жарияланады. Мұны прокуратура секілді заңды қадағалайтын органдар сүзіп шығады. Сонда айталық, белгілі бір шенеунік аса қымбат көлік сатып алды делік. Оны сол шенеунік қандай табыспен алғандығын дәлелдеуі қажет. Дәлелдей алмаса, еш сөзге келместен ол мемлекет меншігіне айналады. Яғни жемқор шенеунік қара бет болып, бар абыройдан айрылып, ақыры басы дауға қалады. Бұдан артық қандай нәтиже керек? Бұл жерде бір ғана қорытынды туады. Әлгіндей декларацияны енгізбей отыру — жемқорлықпен шынайы түрде күресіп жатырмыз дегенге үлкен күмән туғызады. Әлде ол жоғары билік басындағы кейбіреулерге шаншудай қадалып отыр ма екен? Мүмкін олар халықтан жымқырған қымбат дүниелері мен мол ақшасын жасырып үлгіре алмай жатқан жайы бар шығар?

Жайберген Болатов

Қостанай.

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5313