«Күйкентай» деген көше бар..
1991 жылы Алматы қаласында 1986 көше болды. Сол көшелердің 86 пайызының атауларының не Алматы қаласына немесе Қазақ еліне, оның тарихына ешқандай қатысы жоқ болатын. Әлі есімде, бір күні Жасарал Қуанышәлин екеуміз, таңға дейін отырып, 300-дей көшенің атын өз білгенімізше ауыстырып, Алматы қаласының басшылығына ұсындық. Бұл – біздің ономастика саласындағы алғашқы еңбегіміз болатын, сонда да болса, әрбір шартты ауданға белгілі бір салаға қатысы бар адамдардың аттарын беріп, жүйеге түсіруге тырысқанымыз есімде. Бір аудандағы көшелерге сазгер, әнші, күйшілердің аттары берілсе, енді бір ауданға батырлар мен хандардың есімдерін ұсындық. Құдайға шүкір, солардың ішінде Абылайхан (Коммунистический), Наурызбай батыр (Дзержинский), Қабанбай, Бөгенбай, т.т. ұзын саны 13 көшеге біздің ұсынған аттарымыз қойылды. Бұл мәселе Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ ұлты көп қоныстанған елді мекендерде кең қанат жайып, тез шешімін тапса, солтүстік, шығыс аймақтарда жергілікті тұрғындардың қарсылығына да кезікті...
Былтыр қараша айында Алматы қаласының 100 көшесінің атаулары ауыстырылды. Әңгіме ауыстырылған атаулардың 99 пайызының бұрын да қазақ тілінде болғанында емес (меніңше, қайталанатын көше атаулары ауыстырылған сияқты), обьектілерге қоюға мүлдем болмайтын атаулардың пайда болуында.
Мен бұл атауларды екіге бөліп көрсеткім келіп отыр. Біріншісі – «Хан шатыр», «Нұрлы жол», «Нұр әлем», «Нұрсая», «Нұрлы таң» сияқты көше атаулары. Әрине, соңғы уақытта жағымпаздық жайлап кеткен Қазақ елінде «Нұр» сөзін қолдану – анектодтық деңгейге жетті (Жаңа салынып жатқан құрылысқа қандай атау бересіңдер деген Президенттің сұрағына «Нұрплаза» деп атаймыз» деген Н. Смағұлов мырзаға Нұрсұлтан Назарбаев «Осы жағымпаздықты қайдан үйрендіңдер?» дегенін де бәріміз естідік). Өз басым, мүмкін баяғыда осындай бір тарихи тұлғалар болған шығар деп тарихты қайта қарап шығып, «Нұрлы жол», «Нұрлы әлем» деген не бір батырды не бір биді таба алмадым. Бұл атауларды кімдердің ұсынғаны және, ең бастысы, оған қандай негіздеме жасағанын да кездестіре алмадым... «Хан шатыр» деген көшеде «Хан шатырдың» өзі орналасса, түсінікті болар еді, ал Астанадағы бір дүкеннің атының Алматыдағы көшеге берілуі – ақылға симайды. Екіншісі – көшелерге «Бүркітті», «Лашын», «Ақбөкен», «Аққу», «Бозторғай», «Мұзбалақ», «Қарлығаш», «Шағала» т.т. сияқты аң-құс атауларының берілуі. Жастарға бұл атаулардың қандай патриоттық тәрбие беретінін білмеймін, бірақ торғай, қырғи, қарсақ, түлкі, т.б. ит-құстардың ренжитіндерінде дау жоқ. Меніңше, ешбір елде кездеспейтін, Алматы қаласының ономастика комиссиясы бастаған бұл жаңашылдық бағытты белгілі бір жүйеге келтіру қажет сияқты. Олай болмаған жағдайда, алматылықтардың жаңа бастамасы жануарлар әлемінде үлкен дау-дамай тудыруы ғажап емес. «Лашынның менен қай жері артық» деп ертең қаршыға шалқасынан түссе, «Бозторғайға көше бергенде қараторғай тоқалдан туды ма» деп қараторғайдың көшіп кетуі де мүмкін. «Шағала» деген атауды Атырау мен Ақтаудың көшелеріне берсе түсінер едік, ал теңізге ешқандай қатысы жоқ Алматыға берілуінде тек жемқорлықтың белгісін көреміз, бұл жерде бармақ басты, көз қысты болғаны анық» деп шымшық біткен шуылдаса не істейміз? Өз басым, бұл жаңа бастаманы жүйелеу үшін, үлкен көшелер мен даңғылдарға «Кит», «Піл», «Арыстан» деген сияқты ірі аңдардың аттарын, ал шағын, не тұйық көшелерге «Құрт», «Құмырсқа» немесе «Шыбан-шіркей» деген атаулар беруді ұсынамын.
Осы жерде сәл шегініс жасап, бұрынғы кеткен қателіктерді қайталамау және қоғамдағы осы бір оң өзгерістерді бірізділікке салып, ономастика мәселесін өркениетті, жүйелі және заңды түрде жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы институтпен бірлесе дайындаған, 2016 жылы жарық көрген «Ономастика және көрнекі ақпарат: міндеттер мен ұсыныстар» (Сала мамандарына әдістемелік көмек) деген еңбегіне көңіл аударайық. Осы бір өте пайдалы, практикалық тұрғыда жазылған тамаша жинақтың негізгі бөлімі «Обьектілерге атау беру және қайта атау тәртібі» деп аталады.
1. Объектілерге атау беру және қайта атау кезінде:
3.1.Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы мемлекет меншігіндегі объектілерге, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға және басқа да әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрамдас бөліктеріне (даңғылдарға, көшелерге, орамдарға, саябақтарға, көпірлерге) атау беру және оларды қайта атау жөнінде шешім қабылдау кезінде ең бірінші кезекте қазақ халқының, қазақ елінің тарихында айрықша орын алатын, жалпы халық білетін әрі құрмет тұтатын ұлы тұлғалардың, аса көрнекті мемлекет, қоғам, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің, мемлекеттік жоғары наградалармен марапатталған және басқа да ерекше еңбек сіңірген жеке адамдардың есімдерін беруді негізге алуы қажет;
Осы бір нақты да түсінікті сөз тіркестері - Қазақ елінің заңдарында емес, барлық дерлік мемлекеттердің заңдарында бар, өмірдің өзінің қажеттілігінен туған, объектілерге ат қоюда, заңнан көрі дәстүрге айналып кеткен талап. Алматы қалалық ономастика комиссиясының мүшелері үшін осы нұсқаудың тағы бір жерінде төмендегідей бап берілген:
3.5. Облыстық, аудандық маңызы бар қалалардағы объектілерге, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға және басқа да әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрамдас бөліктеріне (даңғылдарға, көшелерге, орамдарға, саябақтарға, көпірлерге) атау беру және қайта атауда бірінші кезекте осы ұсынымның 3.1. тәртібін басшылыққа алады;
«Алматы қаласы» десе, сөздің бәрі қала әкімі Бауыржан Байбекке тиетіні анық, бірақ нақты бұл жағдайда «ономастика әлеміне жаңалық әкелген» алайда «шағаладан пара алғандар» - Алматы қалалық ономастика комиссиясының мүшелері деп ойлаймын. Жоғарыдағы еңбекте те бұл құрылымның міндеті анық көрсетілген:
3.6. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан ономастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіруге қатысты ұсыныстарды (қабылдау/қарастыру) зерделеу және пысықтау мақсатында құрылған ғалымдар мен ономастика саласының мамандарынан тұратын жұмыс топтарының сараптамаларын негізге алады;
Меніңше, Алматы қаласы үшін ономастикалық комиссияның сараптамасының қажеті шамалы сияқты. Сонда да болса, біздің ғалымдар мен ономастика саласының мамандарының көшелерге «Нұр әлем», «Нұр сая» немесе аң-құс атауларын бергенде қандай негіздеме жасағанымен танысқым келеді. Мүмкін, Алматы әкімшілігі мен мәслихаты келешекте ономастика комиссиясын таратып (жоғарыдағы атауларды берген комиссия мүшелерінің өздері-ақ, ертең комиссия құрамынна шығуға арыз беретін болар деп ойлаймын), олардың орнына зоология мен биология мамандарын шақыртса да жетіп жатыр. Айтпақшы, өкінішке орай, бұл әбден жауыр болған «Нұр» сөзі мен «жануарлар әлемі» енді он жыл бойы өзгермейді:
3.8. Объектілерге атау беру, атау берілген (өзгертілген) күнінен бастап он жыл өткеннен кейін ғана жүзеге асырылады;
Қысқасы, осы он жылдың ішінде не Алматы қаласының көшелері бітеді немесе жан-жануарлар мен құстардың, жәндіктердің аттары бітеді...
«Обьектілерге атау беру және қайта атау тәртібінде» ұсынылатын атаулардың қандай болуы керек екендігі де тайға таңба басқандай көрсетілген:
3.11. Ұсынылатын атаулар Қазақстан Республикасының тарихы мен мәдениетіне, мемлекеттік және қоғамдық мүддеге, моральдық және адамгершілік қағидаларына сәйкес келуі тиіс, сонымен бірге нысан атаулары атқаратын қызметіне сай ақпарат беруі тиіс.
«Ақбөкен» мен «Бозторғайлар» - сөз жоқ, позитивті атаулар, алайда олардың тарих пен мәдениетке, мемлекеттік және қоғамдық мүддеге де, нысанның атқаратын қызметіне де адамгершілік қағидаларға сай ақпарат беріп тұр деп айта алмаймын. «Күйкентай» көшесінде тұрамын!» дегенде, бойымызды ерекше бір патриоттық сезім билеп, тарихымыздан қуат аламын деп айта алмаймын.
Ең қызығы, осы еңбектің 6.3 тармағындағы «Мағыналары тар атаулар немесе жалпылық сипатта болатын, жеке тұлғалардың есімдеріне меңзейтін және тарихи-дәстүрлі атауларға негізделмеген атаулардың берілмеуі қадағаланады (Мысалы: Ботагөз, Қарлығаш, Замандастар, Мектеп, Мерей, Мұрагер т.б.)» деген жолдар Алматы қалалық ономастика комиссиясының мүшелеріне арнап жазылған сияқты. Біздің талдап отырған атауларымыздың барлығы дерлік жалпылық сипатта және тарихи дәстүрлі атауларға негізделмегені анық. Айтпақшы, біздің Комиссияның шектен шыққаны соншалықты, осындай атауларды беруге болмайды дегенге мысал ретінде келтірген «Қарлығаш» атауын да бір көшеге беріп тастапты. Бұл – «сендердің тәртіптеріңді де, талаптарыңды да ұрғаным бар» дегені болар.
Енді бұрын-соңды болмаған осы ақымақтықтың (басқа сөзім жоқ) қайдан шыққанына білейін деп Алматы қалалық Тіл басқармасының бөлім бастығымен пікірлестім. Оның түсіндіруінен ұққаным біреу-ақ: Жоғары жақтан көшелерге адам есімдерін беруді шектеу туралы бұйрық түсіпті-міс. «Ономастика және көрнекі ақпарат: міндеттер мен ұсыныстарда» бұл мәселе елді мекендерге байланысты ғана шектелген: 5.4. Қалаларға, қала үлгісіндегі кенттерге, аудандарға, ауылдарға, ауылдық округтерге кісі есімдері берілмейді; Бірақ бұл талаптың көше атауларына ешқандай қатысы жоқ. Әрине, соңғы уақытта адам аттарын беруді шектеу деген мәселе Президент әкімшілігі тарапынан көтерілгенінен де хабардармыз. Алайда бұл бастама әлі заңға не жарлыққа айналған жоқ сияқты. Сонымен бірге адам аттарын беруді шектеу дегеніміз – оған тиым салу емес, сол аттардың, тұлғалардың біздің тарихымыздағы орнын жан-жақты анықтау деп түсіну керек. Тарихы қысқа немесе енді ғана мемлекет құрған елдерде (АҚШ, Канада, Австралия,т.т.) көшелерді нөмірлеу, немесе елді мекендерге басқа елдердегі қалалардың, елдердің, жерлердің аттарын беру бірден көзге түседі. Мысалы, Америкада Перу (3), Париж (9), Киев, Москва, т. т. қалаларды жиі кездестіресіз. Ал Нью-Иорктің тұрғыны «51 көше мен 5 авенюдің қиылысында кездесейік» десе - таң қалмайсыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бес-алты генералы мен «Тәуелсіздік декларациясын» жазған жеті-сегіз арыстарынан басқа тарихи тұлғалары жоқ елдер ғана көшелеріне «қарлығаштың» атын беруі мүмкін. Ал алты ғасыр тарихы бар, 300-ге жуық танымал батырлары мен 30-дан асатын хандарының іздері тарихта қалған қазақ халқының көшелеріне «Нұр әлем» мен «Ақбөкеннің», «Руханият» пен «Ізгілік» деген аттарды беру – қай сасқанымыз!
Дос Көшім
Abai.kz