Нұрболат Аманжол. Мектепте орамал тарту орынсыз ба?
Орамал дауы облыстарды аралап кетті. Кеше ғана Шымкент қаласындағы шу білім және құқық қорғау қызметкерлерін орнынан бір көтерсе, енді редакциямызға Жамбыл облысына қарасты Қордай ауылындағы Б.Бөлтірікова атындағы №4 мектептің 5 оқушысының арызын арқалап, «Зәкәт» қайырымдылық мекемесінің директоры Райхан Шынтасова келді. 5 оқушының арызын қорыта, өзі де шағым хатын жаза келген. Айтуынша, мектеп басшылығы, нақтырақ айтқанда, директордың орынбасарлары Роза Бисетайқызы мен Гүлшат Ілиясова жеті қызды кабинеттеріне кіргізіп алып, «орамалдарыңды шешпесеңдер шықпайсыңдар», - деп бір сағат уақыт қамап ұстаған екен...
Орамал дауы облыстарды аралап кетті. Кеше ғана Шымкент қаласындағы шу білім және құқық қорғау қызметкерлерін орнынан бір көтерсе, енді редакциямызға Жамбыл облысына қарасты Қордай ауылындағы Б.Бөлтірікова атындағы №4 мектептің 5 оқушысының арызын арқалап, «Зәкәт» қайырымдылық мекемесінің директоры Райхан Шынтасова келді. 5 оқушының арызын қорыта, өзі де шағым хатын жаза келген. Айтуынша, мектеп басшылығы, нақтырақ айтқанда, директордың орынбасарлары Роза Бисетайқызы мен Гүлшат Ілиясова жеті қызды кабинеттеріне кіргізіп алып, «орамалдарыңды шешпесеңдер шықпайсыңдар», - деп бір сағат уақыт қамап ұстаған екен...
- «Суретке түсіріп бүкіл мектеп оқушыларының алдында масқаралаймыз» деп және әртүрлі сөздермен кемсітіп, қыздарға қатты қысым жасаған. Дәліздегі балалар есіктің әйнегінен қыздардың жылап тұрғанын көрген. Менің тәрбиеленушім Юсупова Махдия, сол мектептің оқушысы, мұндай психикалық және моральдық қысымға шыдай алмай депрессияға түсті. Олардың талаптарын орындаудан мүлде бас тартқаны үшін оны мектептен қуа бастады. Бұл қыз дүнген, мұсылман отбасынан шыққан, туылғанынан басы орамалдан ажырамаған. Орамалсыз жүру - ол үшін жалаңаш жүрумен тең. Сондықтан ол мектеп әкімшілігінің талабын түсіне алмады да, содан күйзеліске түсіп, қатты қиналып, ауырып қалды. Қыз өз-өзіне қол салып жібере ме деп қорыққанынан оның анасын шақырып, үйіне қайтарып жібердім. Себебі өзім қажылыққа кетіп бара жатқан едім. Қажылықтан қайтып келгенімде, Махдия әлі де мектепке бармаған болып шықты. Маған хат жазып: «...олар мені қатты кемсітіп, адам орнына көрмейді» деп, мектепке барудан мүлде бас тартты. Оқуға бармағанына екі ай болып қалды, - дейді Райхан Шынтасова.
Қолымызда 5 қыздың қолы қойлыған, мектеп оқушысы Юсупова Махдияның атынан жазылған хат жатыр. Мұнда да Райхан Шынтасованың сөзін растайтын фактілер келтірілген. Одан бөлек, қыздардың жеке жазған хаттары, Махдияның анасы жазған шағым да бар. Бәрі мектеп басшылығын «қысым көрсетті» деп айыптайды.
Редакцияға түскен арыз хаттар негізінде №4 мектептің директоры Геннадий Солодовниковқа хабарластық. Алайда оның айтуынша, мектепте мұндай қысым көрсету, оқушыларды қамап ұстау оқиғасы мүлде болмаған. - Рас, оқушыларға мектептің өз жарғысы бар екені, ол бойынша мектепте арнайы униформа кию қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте арнайы мамандардың қатысуымен дөңгелек үстел де ұйымдастырдық. Өзі мектепте басына орамал тағып, хиджаб киетін қыздар көп те емес, бар болғаны 5-6 қыз. Алайда оларды қамап алып, қысым көрсету оқиғасы болған жоқ. Мен орынбасарларыммен де сөйлестім, олар да мұндай қатігездікке бармағандарын айтып, ант-су ішті. Біз жабайы емеспіз ғой, балаларды қорқытатындай...
- Қыздар хатында басқаша жазған...
- Қыздар не жазбайды?.. Ондай оқиға болған емес...
- Ал «Зәкәт» қайырымдылық мекемесінің директоры Райхан Шынтасова сізге жазған 3 хатына жауап ала алмай отырғанын айтады. Ол кісімен сөйлестіңіз бе?
- Иә, ол мектепте ұйымдастырылған дөңгелек үстелге келді, қатысты, сөз сөйледі. Сөйлегенде неше түрлі нәрсе айтып, мені айыптап жатты. Бірақ жағдай былай ғой, мектепте түсіндіру жұмыстарын жүргізуге біз міндеттіміз. Қайталап айтамын, тек түсіндіру жұмыстарын ғана, алайда біз оларды мәжбүрлей алмаймыз. Бұл қыздар, жақсы, мектеп бітірді делік, олар қайда жұмыс істейді? Қайда барса да, басындағы орамалына қарап, еш жер оларды жұмысқа алмайды ғой. Өйткені көп жерде өздеріне сай униформа болады. Олар жұмыс беруші болғандықтан, біздей емес, қатаң талаптар қояды. Осындай мәселелерді айтып, ескертіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ал олар бізді қысым көрсетіп жатыр деп айыптайды. Сенбесеңіздер, келіп көрсеңіздер болады, оранған қыздар мектепте оқып жүр, оларды мәжбүрлеп шешіндірген ешкім жоқ.
- Бірақ хатта көрсетілгендей, мектеп оқушысы Юсупова Махдия 2 айдан бері сабаққа бармай жатыр екен...
- Дәл қазір нақты аты-жөнін білмеймін, бірақ қателеспесем, сол болуы керек, бір қыз, рас, мектепке келмей жүр. Тоқсандық бағасы шықпағандықтан, онымен жұмысты қолға алғалы жатырмыз. Әрі күттік, бері күттік, анасына да хабар салдық, болмады...
Екі жақ екі түрлі әңгіме айтады. Пікірлер - қарама-қайшы. Мұны мектеп басшылығы мен оқушылар, ата-аналар арасындағы келіспеушілік деп қоя салуға да болар еді. Алайда бұл - орын алып жатқан қайшылықтардың басы да, соңы да емес. Жаңа жыл енді басталды десек те, ел мектептерінде хиджабқа қатысты осымен екі мәрте айқай-шу шықты. Шымкенттегі шуға енді міне, Қордайдың мәселесі қосылды. Ертең өзге де өңірлерден осы тектес келіспеушіліктер шықпасына кепілдік жоқ.
2009 жылы алғаш мектептегі хиджаб кию мәселесі сөз болғанда, құзырлы екі министр екі түрлі жауап берген болатын. Әділет министрі Рашид Түсіпбеков ел Конституциясының 22-бабын бетке ұстап: «Еліміздің әр азаматының наным-сенім бостандығына құқығы бар. Бұл құқық ел тұрғындарының өздерінің діни ұстанымдарына сәйкес әрекет ету еркіндігінен тұрады. Конституцияның келтірілген қағидасын ескере отырып, заңдар киімге, соның ішінде хиджабқа қатысты республиканың білім беру ұйымдарының оқушылары үшін қандай да бір шектеулер қарастырмайды» деп жауап берсе, «Білім заңына» сүйенген сол уақыттағы Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев: «Білім алушыларға мектеп формасын енгізу мәселесі білім беру мекемесінің құзырына жатады» деген-ді.
Міне, осы жауаптан кейін-ақ министрліктер арасындағы текетірес дереу мектеп басшылығы мен оқушылар, ата-аналар арасына ауысты да кетті. Өйткені мектеп формасы мәселесін министрлік шешпейді, мектептің өзі шешеді. Орамал дауының облыс аралап кетуінің де басты себебі осы - Білім және ғылым министрлігінің мектептерді жағдайға жығып бере салуы болып отыр.
Жоғары жақтан қалыптасқан мәселеге қатысты бір нүкте қойылмайынша, даудың түйіні тарқатылмайды. Қайта ушыға түспек. Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, Франция да, АҚШ та, діни даму жөнінен біз үнемі үлгі алатын Түркия да бұл жағдайды бастан өткерген, өткеріп те келеді. Мәселен, Франция 2004 жылы мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге тыйым салатын арнайы заң қабылдаса, АҚШ керісінше, бұл жөнінен азаматтарға толық еркіндік берді. Түркия болса, мемлекеттік білім беру мекемелерінде хиджаб киюге заңдық тұрғыда тыйым салғанмен, жекеменшік оқу орындарына шектеу қоймады. Оқу орындарында хиджаб киюге тыйым салғаннан кейін Франция мен Түркияда студенттердің басқа елдерге кетіп қалуы көптеп орын алған. Қазақстан үшін біреудің жолын қайталаудың еш қажеті жоқ. Әр елдің ұстанымы, тарих-тамыры басқа. Дегенмен бұл дауға бір нүкте қоятын кез келген сықылды. Әйтпесе, қоғамды мына жалғыз сауал әбден сарсаңға түсіріп бітеді: «жақсы діндар болған дұрыс па, әлде жақсы азамат болған жөн бе?»...
«Айқын» газеті