Астана қалалық көші-қон полициясы құжат қабылдаудың еш жерде жоқ «үлгісін» жасап алыпты
Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
агенттігінің төрағасы А. Шпекбаевтың
және
Ішкі істер министрі Қ. Қасымовтың назарына
Астана қалалық көші-қон полициясы қызметі басқармасы Қытай Халық Республикасынан көшіп келіп, тұрақты тіркеуге тұруға және азаматтық алуға өтініш білдірген қандастарымыздан құжат қабылдаудың ешбір қала мен облыстарда жоқ жап-жаңа «үлгісін» жасап алыпты.
Атап айтар болсақ, аталған басқарма тұрақты тіркеуге тұруға және азаматтық алуға өтініш білдірген қандастарымыздан құжат қабылдағанда қандастарымыздың өтінішін, өмірбаянын төте жазумен (Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиімен) жаздыртып және сауалнама-өтінішін төте жазумен (Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиімен) толтыртып, оны аударма орталықтарына біздің қазіргі қолданыстағы кириллица аудартып, ол аударманы нотариуспен бекіттіріп барып қабылдауда.
Заңға жүгінер болсақ, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 және 2016 жылғы 28 қаңтардағы №85 бұйрықтары бар.
Сол екі Бұйрықта тұрақты тұруға және Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтінішхатқа (өтінішке) қандай құжаттар керек екені ашық жазылған.
Мысалы, мынау Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға өтініш берген қандастарымыздан талап ететін құжаттар тізімі:
1) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсатты беру туралы өтініш-сауалнама;
2) өтініш берушінің ұлттық паспортының көшірмесі және түпнұсқасы, азаматтығы жоқ адамның құжаты, жарамдылық мерзімі өтініш берген күні күнтізбелік 180 күннен астам болуы тиіс;
бірлескен өтініш берген кезде баланың туу туралы куәлігі немесе 16 жасқа толмаған баланың жеке басын растайтын баланың туу туралы куәлігі немесе басқа құжаттың көшірмесі және түпнұсқасы (салыстыра тексеру үшін);
3) оның азаматтығы бар немесе тұрақты тұратын мемлекетінің жазбаша келісімі, ол кету парағы не шетелге тұрақты тұруға арналған рұқсатты растайтын басқа құжат ретінде жүруі мүмкін (босқындар деп танылған немесе Қазақстан Республикасында пана ұсынылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды және егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қытай Халық Республикасынан келетін этникалық қазақтарды қоспағанда);
4) өтінішхат берушінің қолымен мемлекеттік не орыс тіліндегі өмірбаян;
5) этникалық қазақтарды, бұрынғы отандастарды, Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында болған адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар негізінде жеңілдетілген тәртіпте Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқығы бар адамдарды және олардың отбасы мүшелерiн қоспағанда, "Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаттар алуға үміткер шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында болу кезеңінде өздерінің төлем жасау қабілеттігін растау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 26 қарашадағы № 1185 қаулысына сәйкес өзінің төлем қабілеттілігін растау туралы құжат;
6) азаматтығы тиесілілігі немесе тұрақты тұратын мемлекетте соттылығы (соттылығының болмауы) туралы тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген құжат (Қытай Халық Республикасы азаматтарының этникалық қазақтарын қоспағанда, егер өзге халықаралық шарттарда көзделмесе);
7) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға 14-тен 18 жасқа дейінгі баланың нотариалды куәландырылған келісімі;
8) өтініш берушіге тұруға тұрғын үй ұсыну және тұрақты тіркеу есебіне қою туралы жеке және заңды тұлғамен нотариалды куәландырылған шарт не нотариалды куәландырылған келісім;
9) "Шетелдіктерде және азаматтығы жоқ адамдарда болуы олардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 664 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2011 жылғы 24 қазанда № 7274 болып тіркелді) сәйкес шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға келуге тыйым салынатын сырқаттардың бар-жоғы туралы шетелдіктің медициналық куәландыру туралы анықтамасы;
10) мөлшері 35х45 мм 1 фотосурет;
11) тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген басқа мемлекеттің азаматтығының болмауы және тоқтатылуы туралы анықтама (азаматтығы жоқ адамның куәлігі жоқ азаматтығы жоқ адам өтініш берген кезде).
Ал, мынау Қазақстан Республикасының азаматтығына өтініш берген қандастарымыздан талап ететін құжаттар тізімі:
1) бұрынғы азаматтықтан бас тарту туралы нотариалды куәландырылған өтініш;
2) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сауалнама-өтініш;
3) өлшемі 3,5х4,5 см төрт фотосурет;
4) осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Заңның 1-бабында көзделген шарттарды сақтау туралы міндеттемесі;
5) жеке басты куәландыратын және басқа мемлекеттің азаматтығына тиесілігін растайтын құжаттың көшірмесі;
6) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын оралмандар – оралманның куәлігі;
7) жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар – осы оқу орында оқитын фактісін растайтын жоғары оқу орнынан анықтама;
8) ұлтын растайтын анықтама;
9) мемлекеттік баж салығын төлегені немесе оны төлеуден босатылғаны туралы құжат.
10) саяси қуғын-сүргіннің құрбандары болып табылатын адамдар – ақталғаны туралы соттың шешімі немесе саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпағы болып табылатынын растайтын құжаттар.
Көріп отырсыздар, аталған Бұйрықтарда паспорт, туу туралы куәлік, бұрынғы азаматтығынан бас тарту туралы өтініш, оралман куәлігі ғана нотариалды куәландыру міндеттелген.
Ал, тұрақты тіркеуге тұрушылар мен азаматтыққа құжат тапсырушылар өтінішін, өмірбаянын және сауалнама-өтінішін өзге әліпбимен жазып, кириллицаға аудартып, ол аударманы нотариуспен бекіттіреді деп еш жерде жазылмаған.
Қандастарымыздың айтуына қарағанда, бір бет қағазды төте жазудан кириллицаға аудару пәленбай мың теңге тұрады екен. Оған апарып, нотариустың ақысын қосыңыз. Басқан артық жол, кеткен уақыт, босқа шығындалған ақшаны ойлап жатқан көші-қон полициясы қызметі басқармасы жоқ!
Бір қарап, Ұлы Дала Елінің Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшу туралы Жарлыққа қол қойып, Еліміз үшінші өнеркәсіптік революция жасап жатқан тұста, Астана қалалық көші-қон полициясы қызметі басқармасының 20-ғасырға кері шегініс жасап жатқанына күлкің келеді екен.
Қытайдың құқайынан әбден зәтте болған байқұс қазақтар кириллицаға емес, латын жазуымен жаздырып, ағылшын тіліне аудартып кел десе де бүгежектеп «Мақұл, тақсыр!» дегенге дайын тұратын көрінеді. Егер, еркіне жіберсең, көші-қон полициясы қызметкерлері ұялмай-қызармай бұл қадамға да баруы мүмкін!
Қазір Елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша алып қадамдар жасалып жатыр. Өтініш пен өмірбаянынды қолмен жазып отырмай-ақ, компьютермен тергізіп кел десе, оған қуана-қуана келісуге болады. Ал, сауалнама-өтінішті көші-қон полициясы қызметкері қандастарымыздан бетпе-бет сұрап отырып, өзі толтырса, қолы қарысып қалмайды ғой.
Қысқасы, бұл – Заңға жасалып жатқан қасақана қайшылық! Одан қала берді, қандастарымызды, көзін бақырайтып қойып, қорлау!
Одан да сорақысы бұл шектен шыққан бюрократия! Тіпті, аудармашылармен жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық та болуы мүмкін!
Астана – Қазақстанның беделі. Жалпы Қазақстан халқы тұрмақ, бүкіл дүниежүзі Елордамызға көз тігіп, бақылап отырады. Астананың әр мекемесі тұрамақ, әрбір тұрғыны басқа өңірге үлгі, өнеге көрсетуге міндетті!
Сол үшін, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен Ішкі істер министрі Қ. Қасымовтан бұл мәселені тексеріп, жөнге салуды, осы келеңсіздікке жол берген Астана қалалық көші-қон полициясы қызметі басқармасы басшысы мен қызметкерінің жауапкершілігін қарастыруды және орынсыз шығынға ұшыраған қандастарымыздың қаржысын өндіріп беруді өтінем!
Ауыт Мұқибек
18.04.2018
Астана
Abai.kz