Әлеуметтік нысандар салуға жер жетпей жатыр
Алматы облысында қалалар мен ірі елдімекендердің бас жоспарларын жасауға қыруар қаражат бөлінгенімен іс жүзінде ондағылар орындалмай қалыпты. Бас жоспарларды елең қылмаған әкімдердің жерді кім көрінгенге қалай болса солай таратуының нәтижесінде бүгінде кейбір қалалар мен аудан орталықтарында мектептер мен ауруханалар және тағы басқа да әлеуметтік нысандар салуға қажетті жер телімдері табылмай қалатын болыпты.
Алматы облысында қалалар мен ірі елдімекендердің бас жоспарларын жасауға қыруар қаражат бөлінгенімен іс жүзінде ондағылар орындалмай қалыпты. Бас жоспарларды елең қылмаған әкімдердің жерді кім көрінгенге қалай болса солай таратуының нәтижесінде бүгінде кейбір қалалар мен аудан орталықтарында мектептер мен ауруханалар және тағы басқа да әлеуметтік нысандар салуға қажетті жер телімдері табылмай қалатын болыпты.
Басқаны айтпағанда, Жетісудің бас қаласы болып саналатын Талдықорғанда қала құрылысы мен бас жоспарының нормаларын бұзу үйреншікті нәрсеге айналған. Мәселен, соңғы жылдары көрікті үйлер көптеп салынып жатқан «Қаратал» шағын ауданында бюджет қаражатына тұрғын үй және әлеуметтік сала нысандары құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүзеге асыру барысында көптеген қиындықтар алдыдан шыққан. Нысандарды орналастыру барысында оларды тұрғызуға немесе төсеуге қолайлы жерлердің жекеменшікке өтіп кеткені анықталып, түсінбестіктер етектен тартады. Жекменшікіке жер бергенде әкімдер пайданы ғана ойлағандықтан, халыққа қызмет ететін нысан тұрғызылуы керектігін де ысырып қояды. Осы шағын ауданда футбол алаңын салу үшін жер іздегенде бірде-бір телімнің бос еместігі анықталған. Ал 280 орындық балабақша құрылысы үшін ескі іргетасты бұзуға қосымша қаржы бөлінген. 900 орындық зияткерлік мектептің іргетасын құю барысында инженерлік желілердің орындарын ауыстыруға тура келген. «Мүшелтой» шағын ауданының оң жағындағы аумақта салынып жатқан спорт кешені маңынан 320 орындық балабақшаға орын бөлінгенде, жердің барлығы жекеменшікке сатылып кеткені алдан шыққан. Мұнда да алға жылжыған уақытпен бірге қанатын кеңге жайып келе жатқан қаланың бас сәулетшісі мен облыстық басқарманың бастықтары, қала әкімі мемлекеттік және халықтық мүддені қалайша қараусыз қалдырған деген сауал пайда болады.
Қалалар мен аудандар әкімдері тұрғын үй, әлеуметтік сала және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстары үшін қажетті жер телімдерін сақтап қалу мен тиісті қорға алуды жүзеге асырмаған, қорландырмаған. Соның кесірінен нысандарды жобалау кезінде сметалық есептерге аумақты дамыту үшін қосымша қаражаттар енгзіліп, бюджет артық шығындарға ұшырауда. Былтыр жылдың соңына таман Боралдайда қазақ тілінде оқытатын 1200 орындық гимназия ашылды деп сүйіншілеттік. Осынау ел-жұрт жылдап күткен білім ошағының құрылысына бөлінген жерді қайта жоспарлау үшін жерглікті бюджеттен қосымша 165 млн. теңге қарастырылыпты. Осылайша, кенттің көшелерін жарықтандыру мен абаттандыруға, тұрмысы төмендерді қолдауға және тағы да басқа бірінші кезектегі қажеттілікті қанағаттандыруға жұмсалуға тиісті жергілікті қазына миллиондаған теңге шығынға ұшыраған. Ал Есік қаласында мектепті салу кезінде ескі іргетасты бұзу үшін ғана қазынадан қосымша 165 млн. теңге жұмсалыпты. Қаскелең қаласында тұрғызылатын 320 орындық балабақша салуға берілген жердің бағасын қоса есептегенде нысанның құны бірден шарықтап 1 млрд. 80 млн. теңгеге жетіпті. Мұндай нысандардың басқа аудандағы құрылысы 580 млн. теңгенің айналасында болғанын ескерсек, қаскелеңдік әкімқаралардың да мемлекеттік мүддесі дегенде араны ашылып кететінін аңғара аламыз. Облыстық әкімдік араласқаннан кейін барып, балабақшаға бюджет қалтасына лайықты жер телімі беріліпті. Осы Қарасай ауданындағы Іргелі , Райымбек, Жандосов ауылдарын таза сумен қамтамасыз ету жүйесін салу барысында құрылыс жүретін жердің негізгі бөліктері жекеменшікке беріліп кеткені анықталып, екі жақтағы түсінбестіктерді шешуге біраз уақыт пен шығын кеткен.
Талғарда тұрғызылатын аудандық аурухана салынатын жердің аумағы жетпейтіндіктен құрылыс тұрғызылатын жер телімін бірнеше рет өзгертуге тура келген. Осында 320 орындық балабақша салуға жер мүлде табылмай отырған көрінеді. Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш және Қарғалы селоларында тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар құрылыс жүргізілетін жерлердің жекменшікте екендігіне байланысты тоқтап тұр. Әкімқаралардың жер сатуға құнныққаны соншалық, Қарасай және Талғар аудандары әкімдіктері Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің аумағындағы су қорғалатын аймақтарды да пышақ үстінде бөліп, таратып жіберіпті. Жерге қатысты бұдан басқа да былық-шылық жетерлік. Қасиетті қара жерді сатуда халықтың қамын емес, қарақан бастарының пайдасын ойлағандар, ауылдар мен қалаларда мектептер мен ауруханалар, балабақшалар мен тағы басқа да әлеуметтік нысандар салу, су және жылу құбырларын тарту қажеттігін мүлде естен шығарған. Соның кесірінен дағдарыс қай жағымыздан келіп қалады деп алаңдап отырған әлеуметтік нысандар салуға деп әрең табылған жарамсыз жерлерді құрылысқа дайындауға, оларда орналасқан ескі ғимараттар мен іргетастарды бұзуға шақта халық қазынасынан миллиондаған теңге қосымша шығындар жұмсауда. Осы тұста жоғарыда аталған Талдықорған, Қаскелең, Есік, Талғар қалалары мен Боралдай кентінде қорғалатаны, қорғалмайтыны бар аумақтардан гектарлаған жерлерді меншіктеп алып, биік дуалдармен қоршап, зәулім үйлерді салып тастағандардың әрекеті қаншалықты заңды деген сұрақ еріксіз көңілді мазалайды. Жекелеген қалталылылар атшаптырым аумақтарды өзіне қаратып алғанда, мектеп пен балабақша, аурухана салуға жер табылмай жатыр деу тіптен ақылға сыймайды.
Отырысқа жиналғандар алдында жария болған жөнсіздіктерге орай сөз алған Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов бірқатар аудандардың әкімдері мен Талдықорған қаласының басшылығын қатаң сынға алды. Олар да, облыстың бас сәулетшісі де өздерінің әрекеттерін ақтап алар сөз таппады. Серік Әбікенұлы барлық әкімдер мен тиісті қызмет салалары басшыларына жерге және құрылыс пен сәулетке қатысты кемшіліктерді тез арада қалпына келтіруді тапсыра келе, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Алик Темірбаевтың жұмысына «қанағаттанғысыз» деген баға беріп, оның келесі есебін алты айдан соң тыңдап, сол кезде қызметте қалатын немесе қалмайтынын шешетінін айтты. Қалай болғанда да, болашақта дамуы аса үлкен деп болжанып отырған елдімекендер мен қалаларда бүгінде басқана айтпағанда әлеуметтік нысандар салатын ұлтарақтай жер қалмаған сыңайлы. Қадам бассаң, алдыңнан жекеменшік жер телімі шығады.
Болат Абаған, Алматы облысы.