Сенбі, 23 Қараша 2024
Тамыр 5484 6 пікір 12 Мамыр, 2018 сағат 16:22

 Насыр Фазылов.  Қазақтарым – қардашым

 

Өзбекстан Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері, Өзбекстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Қазақстан Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығы мен халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Түркістанның тумасы − Насыр Фазылов қазақ әдебиетіндегі біртуар азаматтармен өте жақын араласқан. Нәкеңнің қазақ әдебиетімен достық байланысына сүйсінген бір топ  естелік-әңгімесін   өзбек тілінен аударып оқырманымызға ұсынып отырмыз.

 Базарға бармашы

Мұхтар аға Әуезов өте тәртіпті, сөзді екі қылғанды жақтырмайтын, уәдесін орындай алатындарды аса қадірлейтін адам болды. Күндердің бір күнінде өзінің сыйласы, сырласы Қалибек Қуанышбаев Мұхтар ағаның үйіне келіп, екі мың сом қаражат сұрапты.

− Мен, өзің білесің, әңгіменің ашығын ұнатам, − депті оған Мұхтар аға. – Қош, қажетіңді берсем, қашан әкеліп бересің?

Әйгілі әртіс те екі ұштыға салмай:

− Жиырмасыншы майға! – деп жіберіпті.

Мұхтар аға сол жерде екі мыңды санап беріп, столының үстінде тұрған календарды парақтап, жиырмасыншы май жазылған парақтың тұсына «…екі мың сомды әкеліп береді,» −  деп бадырайтып жазып қойыпты. Бұл оқиға март айында болған екен.

Әне-міне дегенше, мамыр да келіп жетеді. Қалибек аға Мұхтар ағаның ертелеп, Мұқан Төлебаев көшесіндегі гүлзар бақта сейіл құратындығын жақсы біледі екен. Әзілкеш әртіс  емес пе, ойлап-ойлап бір шешімге келіпті: әлдекімнен көр-жер артатын есек арба алып, оның үстіне ескі бесік, шелектер, үш-төрт сынық ара, кәкір-шүкірмен толтырып, Мұхтар аға серуендейтін көшені бетке алыпты. Ұзақтан Мұхтар ағаның сұлбасын көрісімен, есегін айдаған болып, айғайлай бастапты.

− Ыхы, арам өлгір! Ыхы, арам қатқыр! Базарға кешігеміз, ыхы!

Мұхтар ағаның көзі оған бірден түсіп:

− Әй, әй, Қалибек! Қайда барасың? – деп сұрапты.

− Базарға, − депті Қалибек аға.

− Базардан не қыласың?

− Базарда не істеймін, − депті әртіс. – Міне, мыналарды сатамын. Бүгін жиырмасыншы май ғой. Сенен алған екі мың сом қарызымды қайтаруым керек.

− Қой, қой. Ұят болады. Үп-үлкен адамсың. Болды, болды, кештім.

− Кешкен болсаң, дәптеріңнен өшіріп қой!

− Өшіремін. Тек базарға бармашы, − деп жалыныпты оған Мұхтар ағамыз.

 Сен ұттың

Қайсы бір жылы ... барып-келуіміз жиілеген еді. Ол кездерде көп кездесулер  болатұғын: бірде анау мемлекеттің астанасында, бірде мынау мемлекеттің астанасында. Осы уақытқа дейін, көктем мезгілінде балалар әдебиеті күндері болып тұратын. Онда барша мемлекеттерден балалар жазушылары қатысатұғын. Бұл іс-шаралар балаларға да, балалар жазушысына да мерекедегідей көңіл-күй сыйлайтын. Кезек Алматыға келгенінде Өзбекстаннан Латиф Махмудов екеуіміз бардық. Мейір-шапағат мол жылдар ғой, бізді қазақ бауырларымыз құшақ жайып күтіп алды. Өзбек делегациясын Рахматулла Райымқұлов деген жазушы басқарып жүрді.

Аталмыш шараның екінші күні Рахматулла аға мені шетке шығарып:

− Насыр, хабарың бар ма? Баукеңнің әйелі қайтқан. Бүгін асы. Өзбек ағайындар бір көрініп, көңіл сұраса артық болмас еді, − деді иығыма қолын салып.

− Е, барамыз… Бауыржан аға өзбек халқының да батыры, − дедім Латифжанға қарап. Латифжан да бұл пікірді мақұлдады.

Біз үшеуміз табалдырықтан аттағанымызда, Бауыржан ағаның жанында бір топ зиялылар топтанып отыр екен. Үлкен бөлменің төр жағына кресло қойып, ағаның өзі сонда жайғасыпты. Көңіл сұрау барысында, бір сәт үзіліп қалған сұхбат тағы да өз арнасына түсті. Көріп отырмын, ол кісі біздің бұл келісімізді Ташкенттен әдейілеп көңіл сұрауға келгендей қабылдап, қауқылдап қалды. Сөз арасында әңгімелескісі келді білем:

− Әй, Насыр, − деді маған бұрылып қарап. – Білесің бе, менің үшінші атам − өзбек.

Осы сәт: «Сөз келгенде атаңды да аяма» дегеннің керімен, көңіліме алған сөзді іркіп қала  алмадым:

− Бәсе, сіз сияқты атақты батыр қазақтардың маңдайына қалай біткен деп, мен де таңырқап жүруші едім.  Ата-бабаларыңыз өзбек екен да!

Бұл жауапты естіп, даурығысқан топ үн-түнсіз қалды. Айтуын айтсам да, енді не болады деп, өзім де шошып кеттім. Әскери адам. Әр сөзі зілдей ауыр. Жай сөйлегенінің өзі де команда бергендей естіледі. Аз үнсіздіктен соң, аға бірден сөзге келді:

− Тұрыңдар!

Бәрі орындарынан ұшып тұрып, қатып қалған. Кейін өзі де орнынан тұрып, маған қарай құшағын жайды.

− Кел балам, сен ұттың.

Айналамыздағылар, құдайға шүкір дегендей, еркін тыныс ала бастады. Мен ақырын жүріп, ағаның алдына бардым. Ол кісі мені баурына басты.

 Олай жүгіреді, былай жүгіреді

Бірде Алматыға барғанымда, «Қайрат» пен өзіміздің «Пахтакор» командалары ойнайтын болып қалды. Қонақүйде рахаттанып футбол тамашалайтын болдым деп отырсам, күтпеген жерден Ғабиден аға Мұстафин телефон шалып, үйіне қонаққа шақырғаны. «Об-бо!» − дедім өкініп. Бармайын десем, футболды көзім қимай тұр. Ақыры: «Оның үйінде де телевизор бар шығар» деп ойлап, баруға бел будым.

Ас желініп, дастарханға шай келгенінде, ойын басталатын уақыт та болып қалды. Ағадан кешірім сұрап, телевизор қойдырдық. Экранда доптың суреті көрсетіліп, футбол музыкасы ойнай бастағаннан-ақ, ағамыз орнынан тұрып кетті.

− Ә, аға?! Бірге көрмедік пе?! – дедім жалғыз көруге ыңғайсызданып.

− Жоқ, − деді ол жымиып. – Слишком однообразно. Олай жүгіреді, былай жүгіреді!

Сол сәт жанымда ағаның Қайрат деген ұлы отырған. Егер ол: «Қоя беріңіз, Насыр аға. Әкем футболды түсінбейді, өзіміз тамашалаймыз» демегенінде, білмедім, телевизорды өшіріп, футбол қызығынан құр қалар ма едім?!

Аяғыңыз майданда болған ба, аға?

Қазақтардың Әбділда Тәжібаев деген үлкен ақыны бар. Сол ақын соғыстан кейінгі жылдары билікпен келісе алмай, Ташкентте жүрген кездері болды. Оны біздің Усман Юсупов баурына алып, сый-құрмет көрсетті. Барлық жағдайын жасауға көмектесті. Міртемір, Эргаш ақындар оны жалғызсыратпай, өздерімен бірге алып жүрді.

Усман әкәнің өзі:

− Қазақ ақыны зерігіп қалмасын. Ташкент төңірегінде қазақтар көп қой. Сол жаққа алып барыңдар, кездесулер өткізіңдер, − деп оларға пысықтапты.

Содан, күндердің бір күнінде, Әбділда ағаны Сарыағаш жақтағы бір ауылға алып шығып, оқырмандармен жүздестіріпті. Кездесу өте әсерлі өткенге ұқсайды.

Кездесуден кейін, клубтан шыға бере, ақынды бір топ жас қоршап алып сұрақ-жауапқа алыпты. Ақын да бұрқыратып, жауап қайтарыпты. Сонда бір сүйкімді ғана жас қыз, Әбділда ағасына мынадай сауал қойыпты:

− Аға, аяғыңыз майданда болған ба?

Әбділда ағаның бір аяғы тума ақсақ. Сол үшін де таяқпен жүреді. Күтпеген сұраққа ақын былай деп жауап береді:

− Жоқ, қалқам, жеңгеңнің үстінен жығылып түсіп… осылай болып қалды.

Тыңдап тұрғандар қыран-топан... Сұрақ берген қыз сорлы, ұялғанынан топ ішіне жалт бұрылыпты.

*         *          *

Әбділда ағаның аяғына қатысты қойылған сұрақты мен Міртемір әкәдан есіткен едім. Ішек-сілесі қатып отырып, әңгімелеп беріп еді, марқұм. Міне, арада қаншама жылдарды артқа тастап, Әбділда ағамен әкелі-баладай жақындасып кеттік. Ақынның елу жылдық тойында да, алпыс жылдық тойында да, жетпіс жылдығы мен сексен жылдық тойларына да қатыстым. Өкініштісі сол, дағдарыс жылдарына тұс келген сексен бес жылдық тойына бара алмай қалдым.

Әлі есімде, 1969 жылдың қақаған қысында Әбділда ағаның алпыс жылдығы аталып өтті. Желтоқсан айы болатын. Алматының қысы қаһарына мінгені сондай, «түф» десең, түкірігің жерге түспейді. Ташкенттен көпшілік болып бардық: Міртемір әкә, Шухрат әкә, Толқын Рүстемов және мен. Той тарқаған соң, бәрімізді Әбділда аға үйіне шақырды. Қазақтардың жазушы ақсақалдары – Сәбит аға, Ғабит аға, Ғабиден ағалар да сол жерде. Мен олармен бірге отыруға ыңғайсызданып, арғы бөлмеде отырған Әбділда ағаның Рүстем деген ұлымен әңгімелесіп отыра бердім.

Үй-іші ақынға арналған тарту-таралғыға толып кетіпті. Шапандар, Әбділда ағаның портреттері, үлкен-кіші шағын қораптарға оралған сыйлықтар…

− Ана қораптағы не? – деп сұрадым Рүстемнен.

− Магнитофон, − деді Рүстем. Сосын қораптың қасына барып, сыртындағы этикеткасын оқыды. – «Днепр».

Ол кезде «Днепр» магнитофоны таптырмайтын дүние еді.

− Жазады ма?

− Жазса керек, − деді Рүстем екі ұшты. Артынша жылтыр қорапты аша бастады. Жап-жаңа, ішінде кассетасымен жылтырап тұр.

− Қане, қойшы, − дедім қызығып. Әп-сәтте Рүстем де қызығып, әуреленіп қалды. – Мен қазір әкең туралы бір әңгіме айтып берем. Жазып ал да, кейін өзіне тыңдат. Мақұл ма?

− Жарайды, Насыр аға.

Рүстем лезде магнитофонды токқа жалғады да, микрофонды тексеріп көрді. Істеп тұрғанына сенім білдіріп:

− Ал, енді сөйлеңіз… − дегенде, мен ағаның аяғы не үшін ақсағандығы жайында, жоғарыда айтылған оқиғаны көркем тілмен әңгімелеп бердім.

Рүстемнің ішек-сілесі қатты.

− Енді мұны әкеңе тыңдат…

− Әрине, − деп ол күлкісін тия алмай, магнитофонды жинастыра бастады.

− Қой, қазір емес, − дедім сасқалақтап. – Қазір кісілер бар, ұят болады.

− Ештеңе етпейді, − деді де Рүстем қонақтар отырған бөлмеге зып берді. Мен олармен бірге отыруға батына алмай, табалдырықта қалып қойдым.

Магнитофоннан автордың қазақша-өзбекше аралас даусы жаңғырды. Барлығы бірден құлақтарын тігіп, тыңдап тұрды да: «Жоқ, қалқам, жеңгеңнің үстінен жығылып түсіп…» деген жерге келгенінде,   жатып кеп күлсе бола ма?!

Сара апа да сол жерде болатын. Әбділда ағаға қарап:

− Қой-ей, мен не саған, үстімнен жығылып, аяғың сынатын түйе ме едім? – деді қызарып.

Сара апаның жауабы одан бетер бізді күлкіге қарқ қылды.

Біз де орысшаны білеміз!

Қалтай Мұхамеджанов деген тамаша қазақ драматургы бар. Атақты. Шыңғыс Айтматовпен бірге драма жазып, Америкаға да танылған. Қазақтардың алдыңғы қатарлы сықақшыларының бірі. Сол адам бір күні жұмыс кеңсемізде қонақ болып, шыққан кітаптарымның бірін сыйға тартуымды өтінді. Кітап сыйлағанымнан кейін, оған міндетті түрде қолтаңба жазып беруім керек! Қолыма екі томдық таңдамалы шығармаларымның бірінші кітабы түсіп қалды да, былай жаздым: «Қалтай аға! Біз өзбектер де орысшаны білеміз: өзбектерге балтай-шалтай ненадо, только Қалтай надо!»

Тезірек жөнелт

1989 жылы Әбділда аға Тәжібаевтың сексен жылдық тойына Өзбекстаннан Саид Ахмад әкәміз екеуміз қатысатын болдық. Той иесіне не тарту жасайтындығымыз жөнінде екеуара ақылдасып, ақыры мынадай шешімге келдік. Ол кісінің портретін жақсылап салдырып, алып барғанды жөн көрдік.

− Бұл жағына алаң болма, балам, − деді Саид Ахмад әкә. – Ендігісін өзім тындырамын.

− Портретті өзіңіз салмақсыз ба? – деп сұрадым таңырқап. Саид Ахмад әкәнің суретшілігінен аз-маз хабарым бар еді.

− Жоқ, менің бір тамаша суретші досым бар. Онымен Жезқазғанда таныстық. Неге таңырқайсың, балам? Түрмеде бірге болғанбыз.

− Ол кім екен? Мен танимын ба?

− Танисың. Четкаускас деген кісі. Өзбекстанның халық суретшісі. Өзі де портретті айнытпай салады да. Біздікіне келгеніңде көзің түсіп пе еді? Шешемнің портретін салдырғам. Жүдә, айнытпай қойған да.

Четкаускасты жақсы білетін едім. Аздап ішкілікті тәуір көретіні болмаса, өте талантты суретші.

− Бола ма, балам?

− Болғанда қандай! – дедім қуанып. – Енді ақсақал, тағы бір әңгіме бар. Ол жақта Қалтай деген құрдасым да алпысқа келіп қалыпты. Әлбетте, ол да үйіне шақырар… сол досымыздың да портретін…

− Болды, түсіндім. Қалтайдың суреті бар ма, сенде? Тауып қой. Оны да салдырамыз.

Сонымен, Алматыға екі бірдей портрет көтеріп бардық. Ойлағанымыздай, Қалтай да үйіне шақырды. Портретті өзіне көрсетіп, үйінің төріне іліп қойдық. Бір қуанды, бір қуанды, енді қоя беріңіз. Оның себебін кейін білдім: Қазақстан Жазушылар одағы портрет сыйлау былай тұрсын, ауызша да құттықтамаған екен.

Үстел үстінде сөзден-сөз шығып:

− Енді аға, бұл арада жалғыз тұрғаныңыз жараспай тұр. Жеңгеміздің де портреті жаныңызда тұрса, − дедім. Байқап тұрмын, Қалтай ағаның да, жеңгемнің де көздері жайнап кетті. – Егер мақұл көрсеңіздер, жеңгемнің бір суретін ала кетсем.

Ташкентке жеңгемнің суретін ала келіп, Четкаускасқа бердім. Ол өте тамаша суретші, бірақ созбалаңға салды. Арада үш-төрт ай өткен соң, жеңгемнің портретін алып келді. Айнытпай бейнелепті. Сөз жоқ. Дереу Алматыға, Қалтай ағаға телефон соқтым.

− Алло, Қалтай аға, ассолому алейкум, − дедім бірдеңе бүлдіргендей жалбақтап. – Сол… бір қасық қанымызды кешіңіз, аға?

− Ә, не болып қалды?!

− Суретшісі құрғыр, жеңгемді қыз қылып қойыпты.

− Не дейд?!

  • Портретін айтам да.

Сәл-кем үнсіздіктен кейін, әзілді түсінгенге ұқсайды, әуелі рахаттана күліп, кейіннен:

− Олай болса, тезірек жөнелт, − деді. – Маған жеңгеңнің қыз кезі керек болып тұр.

Сәл өтпей, Қалдыбек Сейданов Алматыға бара жатқан екен, содан портретті беріп жібердім.

Золотой ғой, золотой!

Асқар Сүлейменовтың аудармасы бойынша Алматыда, Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» пьесасының қойылымына орай, ол жақтағы ағайындар авторға қосып, мені де шақырып қалды.

Міне, екеуміз де чемодандарымызды көтеріп, Ташкент аэропортында самолеттің ұшуын күтіп тұрмыз. Уақыты келгенде, тіркелуге шақырды. Билеттерімізді тіркетіп болып, үлкен арбаның биіктігіндей темір құрылғыдан өтуіміз керек. Бірінші болып, Саид Ахмад әкә өтті: құрылғы «қыңқ» демеді. Сосын мен. Бірден қызыл шам жанып, безілдеп кетті.

− Қалтаңызда қандай темір бұйымдарыңыз бар? – деді сол жерді күзетіп тұрған мундирлі жігіт − Барлығын бұл жаққа алып қойыңыз.

Мен қалтамнан темірлерді алып, құрылғының астынан тағы өттім. Манағы жағдай: қызыл шамы жанып, қоңырау шырылдады.

− Қалтаңызда тағы неңіз бар?

− Басқа ештеңем жоқ, − дедім мен шынымен алаң болып.

Менің ыңғайсыз жағдайда тұрғаныммен жұмысы жоқ, Саид Ахмад әкәм:

− Бұл баланың өзі золотой ғой, золотой – деді қашанғы әдетімен сарылығыма тиісіп. - Золотой болған соң, өткізбей жатыр да.

− Маған қараңыз, − деді жаңағы жігіт Саид Ахмад әкәнің сөзіне көңіл бөлмей. – Қалтаңызда сигаретіңіз бар ма?

− Бар.

− Алып столға қойыңыз.

− Мен қалтамдағы бір қорап «Опал» сигаретін алып, үстел үстіне қойдым да, құрылғыдан қайта өттім. Мыңқ етпеді. Барлық бәле сигарет ішіндегі қорғасын қағазда екен.

Былай шыққан соң, Саид Ахмад әкәма ренішімді айтып жатырмын.

− Менің қандай күйде тұрғаныммен жұмысыңыз жоқ, қалжыңдап тұрсыз.

− Қоя бер, балам. Мен сені мақтадым ғой.

− Өйтіп мақтағаның бар болсын!

"Алпамыс" кімдікі?

Алпысыншы жылдары өзбек және қазақ әдебиетінің өкілдері жиі-жиі кездесіп, олар өзара әдебиет жайында, ұлттық мақтаныштарымыз бен құндылықтарымыз туралы пікірлесіп тұратын. Бір жолы Алматыға барғанымда, сондай жақсы пікірлесудің болғанын бұл күнде сағынышпен еске алам.

«Алматы» қонақ үйінің төртінші қабатына орналасқам. Сәлем беруге бір-екі жас жазушы келіп қалды.  Ол уақытта қонақтың құрметі үшін, бір кесе шайға шақыратын және ол ішкіліксіз тарқалмас еді. Біз де заманауи дәстүрден шет қала алмай, бір-екі шишаның аузын аштық. Мұндай шақта әңгіменің қыза түсетінін білесіз. Қызғанда да, әркім өз ұлты мен өз жұртының пайдасына бұрып, қажет болса бәстесіп, асқақ отаншылдық сезімдерге ерік беріп, керісетінбіз. Бұл пікірлесу де соның төңірегінде болды.

Неден басталды өзі? Тақырып − фольклорға, фольклордан эпостарға өтті. Барлық дастандар бір-бір талқылаудан өткеннен кейін, мен әдейі сөз төркінін «Алпамыс» дастанына бұра қойдым.

− Баяғыдан бері ауыздарыңды көпіртіп, анау дастан анадай, мына дастан мынадай дейсіңдер, − дедім оларға сынай қарап. Негізінен алғанда, барлық дастандар біздің «Алпамыс» дастанына жетпейді. Ондай дастан ешкімде жоқ.

Отырғандар мені енді көргендей, көздері бақырайып қалды. Сезіп отырмын, дауыстарын көтеріп, дауласа кетуге батына алмай отыр. Сөздің авторы – қонақ. Дауласпай-ақ қоя қояйын десе, болмайды – ұлттық қазына қанжығада кетпекші. Ақыры біреуі жай дауыспен, былай тіл қатты.

− Насыр аға, сіз айтып тұрған «Алпамыс» дастаны біздікі ғой…

Мен топтағыларды қыздыру үшін, наразылық білдірдім.

− «Алпамыс» өзбектердің дастаны.

− Қазақтікі, − деді отырғандардың бірі. Даусы зілді және ашулы шықты.

Мен де бір төмендесем, бірдеңемнен айрылып қалатындай:

− Дауласудың қажеті жоқ, − дедім, − «Алпамыс» өзбектікі.

− Нәке, таласпаңыз, ол біздікі.

− Қане, сіздікі болса… сөзіңізді дәлелдеңіз, − дедім көзіне тура қарап.

− Несін дәлелдейді? Дәлелдеудің қажеті жоқ, ол ерте-ерте замандардан бері қазақтардың дастаны.

− Мен де бұл дастанды кеше дүниеге келді деп жатқаным жоқ. Қайсыбір естеліктерде айтылғандай, ондағы басты кейіпкерлердің салт-дәстүрлері қазақтікі ме? Соны айт та.

− Несін айтайын? Қазақтікі екені анық.

− Ол жөн емес та, ағайын. Бірдеңеге таластың ба, туралығын дәлелде. Дәлелсіз құрғақ сөз есепке алынбайды, − деймін күліп. Байқаймын, ақын-шіркіндердің түсініктері терең. Тағы біраз үзеңгі тартсам, үзіліп кететіндей дәрежеде. Жындай аласардым. – Болмаса, бұндай қыламыз: бәстесіп ойнайық. Егер «Алпамыс» дастаны қазақтардыңкі екендігін дәлелдей алсаңыздар, мен қазір алдарыңа екі коньяк қоямын. Егер, мен дәлелдей алсам, сіздер екі коньяк қоясыздар. Келістік пе?

− Келістік!

− Ондай болса бастаңыздар…

− Жоқ, әуелі сіз бастаңыз.

− Жоқ, әуелі дауласушы тарап бастау керек. Бұл – бір. Екіншіден – біз жастарды құрметтейміз, − дедім иіліп. – Қане, тыңдайық!

− Жоқ, Нәке, өзіңіз бастаңыз. «Өзбек − өз ағам» деген қазақ. Әрі ағалығыңыз бар.

Байқағанымдай, дауласу үшін жөні түзу дәлелдері болмағандықтан, құрмет қылғансып, сөз кезегін маған беріп тұр.

− Әй, − дедім зорға көнген болып. – Талдасақ талдай береміз де. − Аз-кем ойға батқандай, үнсіздік сақтап тұрып, сөзімді сабақтадым. – Әуелі мені аға деп құрметтегендеріңе, жол бергендеріңе ризамын. Енді Алпамысқа келсек, ол әуелі Байсын деген жерде туған. Байбөрі мен Байсары да, Алпамыстың сүйіктісі Баршын да сол жерден. Дұрыс па?

− Дұрыс.

− Сол жер қазір Өзбекстанның құзырында, − дедім мен жаңалық ашып жатқандай. – Мен сол дәлелге ғана  сүйеніп, Алпамыс біздікі демеймін. Шоралар билігі кезеңінде мұраларымыз шатасып кетті. Әне жерге бір сызық жүргізіп, мына жағы − Өзбекстан, ана жағы − Қазақстан деп, белгілеп берді ағаларымыз. Бұған әрі дегенде елу жыл болды. Одан ілгері бұл жерлер қазақтікі болуы да, өзбектікі болуы да мүмкін. Дұрыс па?

− Дұрыс.

− Алпамыс Өзбекстан өлкесінде туғандығы үшін ғана өзбектердікі демеймін. Мен бұл дәлелдің өзі жеткіліксіз деп санаймын.

Көріп тұрғанымдай, дауласушылар жеңілдеп, мен оларды біраз тыныштандырып, басқа дәлелді нақтылауға көштім.

− Қане, айтыңдаршы? Байбөрі мен Байсары кім?

− Ағалы-інілі…

− Бәрекелді! Баршынайдың Алпамысқа қандай жақындығы бар?

− Оны кім білмейді? – деді дауласушының бірі мойнын созып. Оның сөз саптасында «соны да білмейді, тағы таласып отыр» дегендей, өзімбілермендік сезіліп тұрды. – Алпамыстың сүйіктісі ғой.

− Бұл сөз анықталды. Туыстық жағынан, ол Алпамысқа кім болады, деп сұрағаным ғой.

Ешкімнен үн шықпады. Шамасы, сөз төркіні қайда бұрылып бара жатқанын сезіп қалды. Мен тағы сұрақ қойдым:

− Немерелес ағайын, ә? Солай ма?

− Солай…

− Олай болса, сендер маған айтыңдаршы, қазақта жігіт − немере ағайынының қызына үйленеді ме?

− Жоқ…

− Дұрыс. Қазақтарда ондай ғұрып жоқ. Немере ағайынның қызына үйлену былай тұрсын, сіздер алыс ағайыннан да қыз алмайсыздар. – Дауласушыларды байқасам, баяғы екпіндерінен қайтқандай. Бірдеңе қылып, олардың көңлін көтермесем болмайтындай. Әңгімемді және жалғадым. – Қазақ халқынан ақылды халық жоқ, егер білсеңіздер. Олар ағайыннан қыз алыспайды, қыз беріспейді. Ал өзбектер – ағасы інісімен, бөлесі бөлесімен құдандаласады. Бұл – жаман. Медицина да мұны құптамайды. Романовтар династиясы Ресейде үш жүз жыл билік жүргізгенде, шеттен қыз алмай, нұқыл билік басындағылар бір-бірімен құдандаласа беріп, тек, тұқым айни бастағанда ғана бір данышпан: «Егер осы аристократтар қанына дембіл-дембіл бөтен мұжықтардың қаны қосылып тұрмағанында, династия әлдеқашан жынданып кетер еді,» − депті.

− Өзіміздің қожалардай… − деп күлді даугерлердің бірі. Бұл оның мені мақұлдағанындай көрінді.

− Ә, жарайсың, − дедім күліп. – Содан ба, халқымызда «Жынды қожа» деген түсінік бар.

Әңгіме түгесіліп қалғандай болды. Даугерлердің бірі: «Жоқ, бізде алыс-беріс жасай береді» деп наразы болған жоқ. Алпамыс біздікі дейін десе, ол өзінің немере қарындасына ғашық болған. Қазақтарда бұған тыйым салынған. Ешкім де ауыз ашып, бірдеңе дей алмады. Тым-тырыс! Ақыры өзім үнсіздікті бұздым:

− Қане, енді коньякты кім алып келеді?

− Онысы бұнысына, бұнысы онысына қарады. Ақыры бір ақын орнынан қинала тұрып, тысқа шықты. Ешкімнен үн шықпады. Ләм-мим жоқ. Бір кезде бағана шығып кеткен ақын оралды. Қолында екі коньяк бар, оны үстел үстіне қойды. Ресторан буфетінен алынғаны білініп тұр. Этикеткаларында ресторанның мөрі басылған.

− Қане, жақынырақ отырыңдаршы, − дедім күліп.

Олар үстелдің айналасына жайғасты. Мен бөтелкелерді алдарына жақындатып қойдым.

− Насыр ағаларың ешқандай ішкілік ішпейді, − дедім бөтелкелерге қарап. – Бұны енді өздерің ішесіңдер. Бұл – бір! Екіншіден біз аға-інілерміз. Ортамызда таласатын дәнеңе жоқ. Сол себепті Алпамыс та өзбектікі емес. Ол бәрімізге ортақ. Бұл дастан Орта Азияда тұратын барша халықтікі. Біз де Алпамыс дейміз, сіздер де. Керек десеңіз, қырғыздардың Манасы да Алпамысқа барып тіреледі. Негізінде – Алпманас. Білесіздер, «Алп» дегені – батыр, үлкен, денелі дегені. Бәрі бір. Оның есімі ана халықта ондай, мына халықта мұндай – әрқалай өзгерістерге ұшырай береді. Так что, көңілдеріңе алмаңдар. Сезіп тұрмын, сіздер Алпамысты ғана емес, халқыңыздың ұлттық мақтанышын, қазынасын қорғап қалмақшысыздар. Бәрекелде, отаншылдық рухтарың мықты екен. Ал енді менің осы айтқандарымды ағалық ақыл көріп, әрі тост орнына қабылдап, алдарыңдағыны алып қойыңдар, інішектер!

− Кеттік!

Стакандар көтеріліп, бәрі бір-бір «ухілеп» қойды. Ухілеудің сыры ішкілікке қатысты ма, я болмаса Алпамыстары өздеріне бұйырғаннан ба, білмедім, отырғандар біраз жеңілдеп қалғандай болды.

Алматыдан қуыласың

Марқұм Тұрап әкә Хамза театрына директор болған жылдары көп игі істерге мұрындық болып еді.

Хамза театрының әкімшілігі Алматыдағы Мұхтар Әуезов театрымен келісіп, спектакль алмасатын болды. Және олар бұл жаққа Уйғұн мен Иззат Сұлтанның «Науайы» спектаклін алып келетін болып, біздің театрымыз ол жаққа Мұхтар ағаның «Абай» трагедиясын қойып беретін болды.

Қызу жұмыс басталды. Бұлай деуімнің себебі – бұл шараларға менің де қатысым бар болатын. «Абай» трагедиясының өзбекше аудармасын жасау маған тапсырылған. Күндіз-түні жұмыс істеуге тура келді. Тұп-тура он күн ішінде туындыны аударып, алып барып бердім. Хамза театрының ұжымы аударманы оқып көріп қабылдады. Оны сахнаға қою үшін, Алматыдан Әуезов театрының бас режиссері Әзербайжан Мәмбетовты шақыртты.

Әне-міне дегенше,  қойылымның премьерасы да болып, бәріміздің оған көңліміз толды. Әсіресе, Абай ролін сомдаған халық әртісі Яқуб Ахмедовтің ойынына, қазақ туғандарымыздың да көңлі толатындығына кәміл сендік.

Қойылым Ташкентте бес-алты мәрте ойналып, бой үйренгеннен кейін, Алматыға әкелініп, Мұхтар Әуезов театрының сахнасында қойып ек, аншлаг болып кетті. Мұның бірінші себебі – «Абай» драмасы Алматыда ойналмағанына он бес-жиырма жыл болған, көрермендер сағынып қауышқан. Екінші себебі – біздің бұл қойылымды өзбек туғандарымыз қалай қояды деген қызығушылық бар еді. Құдайға шүкір, қазақ көрермендері әр екі сұрағына спектакльден жауап тапты. Әртістеріміздің шынайы ойнағаны соншалық, базбіреулер көз жасын сығып алды.

Спектакль аяқталғаннан кейін, сахнаға әртістеріміз, режиссер, Қазақстан компартиясының мәдениет істері бойынша жауапты хатшысы Әшірбек Сығаев шығып, спектакльге қатысқан мәдениет қызметкерлерін сәтті ойынмен құттықтады. Абайды, яғни Яқуб Ахмедовты құшақтап сүйді. Кейін спектакльдің режиссері Әзербайжан Мәмбетовты топ әртістің алдына алып шығып, оған қаратып, былай деді:

− О құлағыңмен де, бұ құлағыңмен де естіп қойыңдар, ағайын. Егер сүйікті Абайымызды осы сахнада, өзбек туғандарымызға қойғаныңдай қойып бермесең, Алматыдан қуыласың. Түсіндің бе?

Бұл оның зілі ме, әзілі ме?! Сөз астарында біздің өнер шеберлеріне деген әуестік пе, немесе осы спектакльдің өз сахналарында қойылмағандығына деген реніш пе, нәзік бір өкпе есіп тұрды.

Әзербайжан Мәмбетов сезімтал жігіт емес пе, оның жанын ұққандай, тез жауап берді:

− Айналып кетейін, ағайын. Егер бар ғой, Абайды мына Яқуб Ахмедовқа ұқсап, сомдай алатын актер тауып бермесең, сен де Алматыдан қуыласың!

Олар қосыла күліп, бір-бірін құшақтап, құттықтасты. Екеуара туындаған салқындық лезде көрермендер шапалағының астында көміліп қалды.

Адамгершілік

Алматыда бір жиын себеп болып, Орта Азия және Қазақстан жастары ортасында отырмыз. Бір қырғыз ақыны жындай құйғытып, қадірліміз Қадыр Мырзалиевті балағаттай жөнелмесі бар ма?! Түкке түсінбей қалдық. Жауаптасу Қадырға қиын болды. Қонақ ештеңені елейтін емес. Ыңғайсызданған Қадыр орыстарды балағаттап кетті. Біз не дерімізді білмей, ештеңе ұқпастан, аңырайдық та қалдық. Жанында отырған Тұманбай араға түскен болып:

− Қой, Қадыр. Сенімен ұрысқан қырғыз, айдаладағы орыста нең бар? – деді.

Сонда Қадыр ағамыз сәл жымиып:

− Оңбаған орыстар біледі екен ғой! Бізді мақтағысы келсе: «Молодец, казах!» − деп мақтайтын да, жек көргенде: «Сволочь, киргиз!» − деп ұрысатын, − деді.

Мұның себебін кейін түсіндік. Орыстар қазақтарды XIX ғасырға дейін «қырғыз, қара қырғыз» деп атапты. Көпшілік ортасында өзінің де, өзгенің де қадірін түсіргісі келмеген қайран ағамыз, әлгі қырғызға орыстар арқылы адамгершілікпен тойтарыс беріпті.

Бұл қандай тас?

Ташкентте жазушылардың жиыны болып, оған Жұбан Молдағалиев ағамыз да қатысты. Жеңгеміз – ағамызбен бірге. Сол жиын өтіп жатқан күндері екеуін қонаққа шақырдық. Өзіңіз білесіз, ол кезде молшылық. Дастархан да аста-төк: түрлі-түрлі тәттілер, жемістер, шишалар дегендей… Жұбан ағаның шишаларға қарамай қойғанына біраз болған екен, тек шай ішіп отырды. Дастарханда жал-жал үйіліп, алаулап тұрған науатқа көзі түсті де, кенет қолына ұстап, тамашалай бастады.

− Әй, Насыр! Бұл қандай тас? – деп сұрады менен.

− Бұл «науат» деген тас, − дедім.

− Бұл тастың не қасиеті бар?

Осы сұрақтан кейін, арқам қозып, ағама қалжыңдадым:

− О-о, бұл тастың үш қасиеті бар. Бірінші қасиеті – бұл тасты шайға салып ішкен адам тұп-тура Жазушылар одағына бірінші хатшы болып кетеді. Екінші қасиеті – белді бақуат қылады. Үшінші қасиеті – бұл тасты тұтынған адамның әйелі күнде қуанып жүреді!

Жұбан аға бұл әңгімені көздері жайнап тыңдап тұрды да:

− Қане, сал кесеге! – деді. Мен де науаттың бір кесегін кесесіне салып жібердім. Науатты қасықпен айналдырып-айналдырып татып көріп:

− Тәтті ғой! – деп тамсанды.

Әңгіме сонымен бітті. Ас-судан кейін, қонақ үйге жеткізіп салдым. Жиын да бітіп, олар Алматыға ұшып кетті.

Бұл әзілді аузыма құдай салды ма, ағамыз көп өтпей, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы болып, онша-мұнша ауруынан да айығып кетті.

Сол шақта Ташкентке танымал жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаев келді. Біздің шаңырақта отырғанында сөзден-сөз шығып, Жұбан ағамен арадағы әңгімені еске алдық.

− Енді былай істейсіз, − дедім мен Шерхан ағаға. – Алматыға барғаныңыздан кейін, Жұбан ағаның алдына кіресіз. Насыр сізге бір тас жегізген екен. Сол тастың үш қасиеті барын айтқан екен. Нәтижесінде екеуінің жүзеге асқаны, яғни бірінші болып кеткеніңіз туралы есітіпті, саулығыңыздың жақсарғанына қуаныпты. Ал үшінші қасиеттің әсері жөнінен бейхабар екен. Соны сұрап жатыр, дейсіз.

Шерхан аға:

− Айтамын, айтамын… − деді күліп.

Алатау

Алматының дәл төбесінде, ақ шашты Алатаудың баурайында, әдемі бір мекен бар. Бұл «Алатау» санаторийі. Санаторий өте жайлы орынға орналасқандықтан, оның саф ауасынан бір дем жұтып, гүлзар бақтарын бір айналған адам кез келген дертінен сауығып кетеді.

Санаторийдің бас дәрігері – Абай деген жайдары, ашық-жарқын жігіт болатын. Орынбасары – Жамбыл да жігіттің жампозы. Санаторий күнде  қарбалас: біреу келеді, біреу кетеді. Келіп дем аламын дегендер сан-мың! Әрі бәріне бірдей жолдама табыла бермейді. Әсіресе, жаз айларында.

Сондай бір күндердің күнінде санаториге ақын Сырбай аға Мәуленов келіпті. Қараса, орын жоқ. Оның үстіне ағамыздың жолдамасы да жоқ көрінеді. Абай мен Жамбыл орталарына алып, ақталудың ретімен, жағдайдың тігісін жатқыза бастаған екен, ағамыздың ашуы келіп, ащы тілімен:

− Сендер өздеріңнен өздерің не деп тұрсыңдар! Бір Абай мен бір Жамбылдың ортасына жалғыз Сырбай сыймайды ма?! – депті.

Абай да, Жамбыл да, Сырбай да – ақын. Ақынның тапқырлығына жауап таба алмаған олар, орынбасардың бөлмесін уақытша босатып, ағамызға бере тұруға мәжбүр болыпты.

Өзбек тілінен аударған: Гүлдәрия Әшірбаева

Abai.kz

                                      

 

 

 

 

 

 

 

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475