Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 7249 15 пікір 14 Мамыр, 2018 сағат 09:47

Қытайдағы қазақтар мәселесі Еуропарламент назарында болмақ!

Астанаға 10-11 мамыр күндері Еуропарламенттің депутаттары келетіні жайлы өткен жолы ақпарлаған ек. Міне, сол депутаттар келді. Алқа-қотан жиын өткізді.

Еуропарламенттің депутаттарымен кездесуге азаматтық қоғам белсенділері де барып қайтқан еді. Олар Қазақстанның ішкі саяси жағдайы жайлы сөз етіп қана қоймай, қазіргі актуалды мәселенің біріне айналып отырған Қытай билігінің өз еліндегі аз ұлттарға жасап жатқан саяси қысымы жайлы да айтқан екен.

Өткен айда Брюссельге барып, "Жаңа Қазақстан" форумына қатысып қайтқан белгілі саясаткер Әміржан Қосанов мырза Еуропарламент депутаттарына Қытайдағы қазақтардың қысым көріп, қудалауға түсіп, кейбірі саяси үйрету лагерлеріне, кейбірі түрмеге қамалып кеткені туралы толық баяндалған үшбу хатты табыстады. Бұл туралы саясаткер өзінің Фейсбуктағы жеке парақшасында хабарлады.

"Қытайдағы қазақ мәселесі Еуропарламент назарында бола бермек. Елдің аманатын орындау керек. Кешегі кездесу алдында Қытайдағы қазақтардың қиын жағдайы туралы да Еуропарламент делегациясына айттым. Еуропаның халықаралық аренадағы орны бөлек қой. Оны да біз қазақ мүддесіне үшін пайдалана білуіміз қажет. Ол туралы біз өткен жолы Брюссельде де сөз еткен едік. "Жаңа Қазақстан" форумы атынан Bashir Canaltay өте орнықты әрі мықты айтып еді. Осы мәселе бойынша арнайы хатты қазақ үшін аса маңызды мәселеде белсенділік танытып жүрген жігіттерден, соның ішінде Ырыс Тоқтасын, Жұмабек Әлімханнан алып, депутаттарға бердім", деп жазды саясаткер.

Айта кетейік, Қытайдағы қазақтардың жағдайы тым ауырлап кетті. Қырық жылғы көрші, геосаяси серіктесіміз деп сенген Қытай үкіметі қазақты террорист, экстремистердің сапына қосты. Құжаттарын тартып алып, Қазақстанға келіп-кеткен әр қазақты түрмеге жапты. Үйінде Құран ұстаған, діни оқулықты ұстаған, ескі кітаптарды сақтағандар сақшылардың жетегіне түсті. Жәбірін көрді. Қазақ жазушыларының кітаптарын оқығандар оқу-тәрбиелеу лагерлеріне айдалды. Себепсіз тергеліп, нақақ таяқ жеді. Тіпті, молда-қожалардың кейбірі түрмеде қайтыс болды деген ақпар да тарады. Қолыңнан келсе шауып ал деген бұл арандатушылықты, әпербақандықты, әлімжеттікті Ши тұтқасын ұстап отырған Қытай билігі күні бүгінге дейін жасап келеді.

Әміржан Қосанов, саясаткер:

-Өкінішке қарай, біз 27 жылдың ішінде Қытайға кіріптар болып қалдық. Оған билік кінәлі. Біз Қытайға тек мұнайымызды сатып жіберген жоқпыз. Намысымыз бен рухымызды да қоса саттық. Қазақстан билігіне қоятын алғашқы талабымыз – көштің көлемін ұлғайтып, Қытайдағы қандастарымызды толық көшіріп алсын! Мемлекет ақшаға кенде емес. Бұған ұлттық капиталды да жұмылдыруымыз керек. Бай-бағландар шетелден әртіс әкеліп, кеуде соққанша, жәрдемге мұқтаж қандастарымызды өз елімізге жеткізіп, үй салып берсін. 

Екіншіден, Қытай біздің мұнай мен газымызға, басқа да табиғи ресурстарымызға зәру болып отыр. Осыны пайдаланып, біздің билік көрші мемлекетке айтсын: "Жазықсыз қамалған отандастарымызды босатыңдар, әйтпесе сендерге шикізат бермейміз!" – деп. Осындай ультиматум қою керек!

Үшіншіден, халықаралық ұйымдардың назарын осы мәселеге аударуымыз қажет. Контрнасихат жасап, Қытайда "содыр", "сепаратист" деген желеумен түрмеге жабылған отандастарымызды босатып алайық. Еуропарламентке шығып, шетелдік белді телеарналардың көмегіне жүгінейік. Қазақта "бұға берсең, сұға береді" деген жақсы тәмсіл бар.

Төртіншіден, шеттен келген қандасымызды "оралман" деп атап, өзектен тебуді доғару керек. Олар біздің отандастарымыз!

Қытайда қуғынға ұшыраған қандастарымыздың жадау күйі осыған дейін де бірнеше рет айтылған. Тіпті бір топ белсенді өткен жылы Астанада арнайы жиын өткізіп, еліміздің Сыртқы істер министрлігіне 100-ден аса арыз-шағым өткізген еді. Алайда ведомство әлі күнге ешқандай шара қолдана алмай отыр.

(26-көкекте Алматыда «Қытай-Қазақстан қатынасы: қандастарымыз неліктен қуғынға ұшырады?» деген тақырыпта қоғамдық тыңдау өткен еді. Сол жиында Әміржан Сағидрахманұлының сөйлеген сөзі, бұл.)

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060