Жұма, 22 Қараша 2024
Білгенге маржан 8592 0 пікір 31 Мамыр, 2018 сағат 08:38

Ұлылардың ізі қалған үйлер

1928 жылға дейін Қарқаралы уезі Семей губерниясына қарады. Сол жылы Қарағанды облысы құрылып, Баянауыл жеке аудан ретінде облыс құрамына енді. 1938 жылы Павлодар облысы құрылғанда Баянауыл Павлодардың құрамына өтті. Баянауыл ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай өлкетанушы Алтынбек Құрманов және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Бауыржан Адамбековпен Баянауылдағы тарихи мәнге ие ескі үйлерді аралап шықтық.

Бүгінгі күні Баянауылдың қарағайынан қиып бір темір шегесіз салынған тарихи мәнге ие үйлер қазіргі заманауи жабдықтармен жаңартылуда. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи, мәдени мәні бар ғимараттарды бүгінгі жас ұрпаққа таныту, насихаттау мақсатында аталған тарихи үйлерге ескерткіш тақта орнату – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Баянауылда ұлы тұлғаларымыздың табан ізі қалған қара шаңырақтар аз емес екен. Жолбасшымыз Алтынбек Жұматұлы әр үйге жеке-жеке тоқталып, тереңнен сыр шертті.

«Сәтбаев көшесі, 18-ші үй»

Қазіргі Сәтбаев көшесі бойындағы 18-ші үйде (суретте) ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың бірінші жартысында Баянауылдағы алғашқы сауда үйінде приказщик болып істеген Солтан Әбілғазыұлы тұрған екен. Онымен бірге Мәшһүр Жүсіп атамыздың інісі Қасен сатушы болып жұмыс істеген. Мәшһүр Жүсіп атамыз сол кездерде Баянауылға келгенінде осы үйге ат байлап, түсетін болған. Және осы шаңыраққа сол кездегі Баянауылдың белгілі қолөнер шеберлері, ұсталары, атап айтсақ, Сағынай ұста, Субек ұсталар арнайы келіп мәжіліс құрады екен. «Бұл әңгімені маған көзкөргендер Иманғали Мәненұлы қария және үй иесінің інісі Құдайберген Әбілғазыұлы ақсақал айтып берді», - дейді Алтынбек аға.

«Ә.Марғұлан көшесі, 35-ші үй»

Әлкей Марғұлан көшесіндегі 35-ші үй – Лекер қажы Құрымбайұлының үйі. Лекер қажының жылқысы үйір-үйір, мал-мүлкі есепсіз болған деседі. Орыс-қазаққа бірдей сыйлы адам екен. Бірақ, баймын деп тасымаған, кеудесін көтермеген. Керсінше, аймақтағы жетім-жесірлерге қол ұшын созып,  қамқорлық көрсеткен. Лекер Құрымбайұлы мұсылман баласының ұлы сапары – қажылыққа екі рет барған адам. Алғаш рет 1901-1902 жылдары қажылық сапарында болып келеді. Дегенмен, ел ішінде дау шығып, қажы Меккеге екінші рет баруға бел байлайды. Кетпес бұрын 1909 жылы Баянауылдың ортасынан ағаш үй салғыза бастайды. Сол уақытта қазаққа үй салу үлкен қиямет еді. Себебі патшалық Ресей қазақ даласының шұрайлы жерлерін отарлаған кезеңі болатын. Бұл – қажының ел ішіндегі зор беделі мен еңбекқұмарлығының тағы бір көрінісі.

Қажы екінші рет ұлы сапарға шығар 1909 жылы құрылысы басталып, 1911 жылы аяқтаған бұл үйге Лекер атамызға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сапардан аман-есен оралғанына қайырлы болсын және салған ағаш үйіне құтты болсын айта келіп, үш күн қонақ болған. Бұл үйде Алтынбек Құрманов 1999 жылдан бері тұрады. Қажының тікелей ұрпағы Лекерова Бақыт апа Хабиболлақызынан сатып алған екен. Бұл әңгімені өлкетанушы Иманғали Мәненұлы ақсақалдан естіген.

«С.Торайғыров көшесі, 25-ші үй»

С.Торайғыров көшесіндегі 25-ші ағаш үй – ХХ ғасырдың басында орман кондукторы Бутаковтың үйі болған. Кезінде ұлы ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы осы Бутаков арқылы ішкі Ресейден қағаз, сия, қалам сияқты елде тапшы заттарды алдырып отырған. Баянауылға келгенде Бутаковтың ағаш моншасына түсіп, бәйбішесінің қолынан сары самаурыннан шәйін ішіп, әңгіме-дүкен құрып, қонақ болады екен. Ол моншаның тек орны ғана қалған.

Бутаковта үш қыз бала болған екен, ұл бала болмапты. Дастархан басында Бутаков пен бәйбішесі әулие атамыздан бата сұрап, бір ұл тілеңіз, - деп өтініш етеді. Ықыласына риза боған Мәшһүр Жүсіп: «Я, Жаратқан Алла! Бұл пендеңе қонақ болса да бір ұл бергейсің!», - деп батасын беріп, ас қайырады. Айтқанындай, шекесі торсықтай ұл көріпті. Мойнына тұмар байлап жүреді екен. Сұраған жанға: «Мен Мәшһүрдің баласымын», - деп жауап қайырады екен. Шынымен де бұл бала қонақ болды, Ұлы Отан соғысында хабарсыз кетті. Бұл әңгіме өлкетанушы Алтынбек Құрмановқа  Иманғали Мәненұлы ақсақалдың аузынан жеткен.

«Бектұров көшесі, 26-шы үй»

Бектұров көшесі 26-шы үйдің тарихы өз алдына үлкен ғибратты әңгіме. Осы үйде ұлы ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жатып, Баянауылдағы мешіт-медіреседен дәріс алған. Ғұлама өз жазбаларында: «Ол кезде 5 жаста едім. Әкем Көпей ат артына мінгізіп, Нәжімиден хазіреттің үйіне әкеліп: «Хазірет тақсыр, мына баламның еті сенікі, сүйегі менікі», - деп тастап кетті», - деп өзінің 116 ауыз ғұмырбаянында өлеңге қосып жазады. Бұл үй жөнінде өлкетанушы Алтынбек Құрманов: «Иә, бұл 1836-64 жылдары болған оқиға. Бүкіл қазақтың өткені мен кеткенін, үш жүздің шежіресін, даналықтың көсемі, ұлы ғұламаның алғашқы әріп таныған шағының кәугері», - деп баяндайды. Бүгінгі осы үй тұрған Бектұров көшесі ол заманда Байжан хазірет көшесі аталған екен. Байжан хазірет көшесінде сол әулеттерден Нәжімиден хазірет, Зиядден хазіреттер қоныс қылған, бүгінгі Баянауылға белгілі Серікжан, Кәрімжан, Сәлімжан Зияденовтер осы әулеттен қалған тұяқ. Бұл деректі Алтынбек Жұматұлы Иманғали Мәненұлы, Бәкір Қазыханұлы, Төрелебай Шарапиденұлы Мәшһүр Жүсіп немерелерінің аузынан естіген екен.

«Қ.Сәтбаев көшесі, 2-ші үй»

Сәтбаев көшесіндегі 2-ші үйде Қазақ автономиясы құрылған 1920 жылдары №10-шы Баянауыл учаскесінің халық соты болып істеген Қаныш Имантайұлы Сәтбаев тұрған. Бұл үйде, сондай-ақ, 1925 жылдың 25-ші тамызында Қазақстанның халық жазушысы Қалмұқан Исабаевдүниеге келген. Бұл деректі өлкетанушы Алтынбек Құрмановқа 1996 жылы Баянауылға келген сапарында жазушының өзі айтқан екен. Ұлылардың ізі қалған осы үйде қазір №2 Баянауыл орта мектебінің ұстазы М.М.Баек тұрады. Үйдің іргесінде Баянауылдан шыққан тұңғыш әйел-коммунист Татьяна Леонтьевна Комарова-Бельденинованың құрметіне ескерткіш тақта қойылған. «Ащы да болса, тарихи осы белгінің жанында халықтың сүйікті перзенттері, бірі осы шаңырақта тұрған, екіншісі дүние есігін ашқан Қаныш Сәтбаев пен Қалмұқан Исабаевтың есімдері жазылған тақта тұрса, қандай ғанибет!», - дейді өлкетанушы.

Баянауылдағы алғашқы ағаш үйлердің бірі – осы үйді Леонтий Бельдениновке жергілікті ауруханада фельдшер болып жұмыс жасаған уақытында жұмысқа жақын болу үшін Қарабек ұста салып беріпті. Леонтий Бельденинов қайтыс болып, артында қос қызы мен жары қалады. Үй өте үлкен болғандықтан Баянауылда емделе жүріп, қызмет атқарған Қаныш Сәтбаевқа жалға берген. Сондай жалға алушы Исабай қарттың отбасында Қалмұқан дүниеге келген екен. «Татьяна Комарованың сіңілісі Капиталина Леонтьевна Черкашына ауырып жатқанда және өмірден өтер кезде ұлы жазушы Қалмұқан Исабаев бұл үйге екі рет әжемнің хәлін біліп кетуге келген еді. Ол өзімен бірге ере келген достарына «Міне, осы үйде мен дүниеге келгенмін», - деп айтты. Ал, соңғы рет келгенінде есік алдына шығып, айналаға қимастықпен көз салғандай болды. Сол сапарынан кейін 3-4 жыл өткен соң өзі де бақилық болды», - дейді үй иесі. Жазушы өмірге келген уақытта бұл үйге Александр Васильиевич Черкашын ие болып отырған. Ол 1971 жылы академик Сәтбаевтың ұсынысымен дала геологы Қосым Пішенбаев жайлы кітап жазыпты. Өкінішке орай баспа бетін көрмеген қолжазба М.Баекта сақтаулы тұр.

«Жарылғапберді көшесі, 8-ші үй»


Жарылғапберді көшесіндегі 8-ші үйде Қызылтау болысы Жүсіпбек Аймауытовтың ағасы Оспанның тамыр досы, әрі Қызылтау болысының хаттамашысы Серебренников деген казак-орыс мұжығы тұрған. Жүсіпбек Аймауытов 1907 жылдан бастап Баянауылдағы орысша-қазақша екі кластық мектепте оқыған шағында Серебренниковтың үйінде тұрғанын өз естеліктерінде толығынан жазады. Бұл туралы академик Серік Қирабаев: «1907 жылы Жүсіпбек молдалықты тастап, Баянауылға барып орыс мектебіне түседі. «Оспанның (Аймауыттың інісі. С.Қ.) Серебрянников дейтін тілмашы мені тәуір көруші еді. Баянда соның үйінде жаттым. Баянда бір қыс оқып, екі бөлімін бітіріп, келер жылы Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық школына барып емтихан ұсындым», - дейді. Жүсіпбек Аймауытовтың 2002 жылы шыққан бес томдық шығармалар жинағына жазған ғұмырбаяндық алғысөзінде академик бұл мәліметті «Қазақ әдебиеті» газетінің 1988 жылдың 23-ші желтоқсанындағы санынан алғанын келтіреді.

Өлкетанушы Алтынбек Құрманов заңғар жазушы Жүсіпбек тұрған осы үй жайлы деректі Иманғали ақсақалдан да естігенін айтты.

Ұлы тұлғалардың ізі қалған қастерлі орындардың қатарында – Баянауылдағы алғашқы мектеп үйі бар. Ғимарат 1895 жылы салынған. Алғашқыда шіркеудің приходская школасы болған. Бұл мектепте бүгінгі қазақ ғылымының, әдебиеті мен мәдениетінің негізін қалаған тұлғалар Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Қалмұқан Исабаев т.б. білім алған.

Сонымен бірге, баянауылдықтар үшін ерекше маңызды ғимарат – қазіргі Баянауыл ауылдық әкімшілігінің ғимараты. Ол Кеңес үкіметі орнағанға дейін станица атаманы Алексей Зоновтың үйі болған. Жаңа үкімет тәркілеп, 1920 жылы қазақ автономиясы құрылғаннан кейін халық сотына берілген. Сол жылдары бұнда академик Қаныш Сәтбаев қызмет еткен.

Баянауылда сонымен бірге Қажымұқанның досы Субек ұстаның үйінің орны ғана қалса, Сағынай ұстаның үйінің орнында «Қазпошта» ғимараты орналасқан. Ал, енді бүгінгі «Халық банкінің» орнында ұлы ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұстазы Қамараддин хазірет Бижомартұлының үйі болған. Кезінде сол үйде Алаштың ардақтысы Сұлтанмахмұт ақын жатып хазіреттің баласы Әбдірахман мағзұмнан Баянауыл мешіт-медіресесінде дәріс алған. Осы үйде Сұлтанмахмұт Торайғыров алты айда отыз пара құранның 15-ін жатқа айтып, «Жарты қари» атанған балалық шағы өтті. Осы Қамараддин хазірет шаңырағына Баянаула дуанының аға сұлтаны Мұса Шорманов және басқа да елдің игі жақсылары ат басын тіреген.

Қазақ халқы «Өткендерін ескерген – өскендіктің белгісі», - деп бекер айтпаған болар. Аудан халқы үшін – ұлттың ұлы перзенттерінің ізі қалған қарашаңырақтар қашанда қастерлі. Туристік аймақ ретінде ерекше дамып жатқан Баянауыл тек қана тұмса табиғатымен емес, терең тарихымен тамсандырады. Баянауылға келсеңіз, сіз де, мәртебелі оқырман, ескінің көзі осы ғимараттарға бір соқпай кетпеңіз!

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,

Баянауыл ауылы

Ұлт порталы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315