Шірікбай шишкәр
(әңгіме)
Ол туылғанда жұрттың бәрі қатты қуанды. «Көз тимесін» деп атын Шірікбай қойды. Біреулер Апалон қояйық деген (со кезде біреу космысқа ұшқан). Оған ешкім көнбеді. «Ей, Апалоныңды қой, Шірікбай дұрыс» деді. Тағы біреулер: «Қой бағып, көтен жейді, Қойшыбай қояйық деді (Тағы біреулер – 45, біреулер – Табиғат, біреулер – Жүзбай, біреулер – Марат, біреулер – Алпамыс қояйық деген). Қатты талас болды.
Жабылып жүріп бесікке салды. Жұрттың бәрі сонда «тұштыма» жеді. «Тұштыманың» ішінде неше түрлі тәтті-пәтті: ақ кәмпит, ірис, тоқаш, томпақ күлше, мейіз, өрік, жиде т.б. нәрселер болды. Кейін Стәліндегі Байзақ келіп әкуін кесті. Оған тез жазылсын деп күл септі. Мектепке барды. Бетінде қалы бар апай «партаға бір бала бір қыз болып отырыңдар» деді. Тағы олар 11 перомен жазу жазды. «Кирілисә» әріптерін үйренді. Ыңқылдап жүріп оқып кетті. Үтірді бірақ кез-келген жерге қоя беретін. Нүктені оқта-текте бір қоятын. Суретті қатты салатын. Әсіресе бесжұлдыздың суретін айнытпай салатын. Бәрі бұған «бізге де салып берші» деп жалынатын. Қазақ тілінен беретін апай өңкей құлағын тартып, басына бормен ұратын. Тарихтан беретін Хантөре ағай «Құдай жоқ, Дарбин деген ғалым адамның маймылдан шыққанын зерттеп, тошны дәлелдеген» дейтін. Шірікбай «қазіргі маймылдар неге адам боп кетпейді онда» деп ойлайтын. Бірақ жеме-жемге келгенде ағайдан сұрауға бата алмайтын. Тағы ол тарих кітабындағы басы құстың басы сияқты Тот құдайдың суретіне көп қызығып қарайтын. Тот құдайдың басы құс сияқты, саусақтары адамның саусақтарына құсайды, бұтына қыздардыңкі сияқты гәмәж киіп алған. Шірікбайға сол біртүрлі ерсі көрінетін. «Құдайдың қызтеке құсап гәмәж киіп алғаны несі?» деп ойлайтын. Шірікбай өліп-өшіп көбейту кестесін жаттады. Кейін «Алгебра, химия қонбайды менің мыйыма» деген өлең жаттады. Химияның апайы «осы өлеңді жаттайсыңдар» деді. Балалардың бәрі жоғары кластарда осы өлеңді жаттауы керек екен. Алгебра апай балалардың бәріне «өңкей михоқ» деп ұрсатын. Шірікбай алгебрадан мүлде қақпайтын. Тағы олар «Әндір-мәндір дың-дың, неміс өлсін мың-мың, орыс өлсін бес-алтау, қазақ қалсын аман сау» деген өлең үйренді. Бұны олар қы-хы, лай атыспақ ойнағанда айтатын. Тағы:
Мен айтамын тақпақ,
Сәбеттерді мақтап.
Оң қолымның күшімен,
Соң қолымның күшімен,
Терезеден оқ аттым,
Алтын сағат жоғалттым,
Ұйықтап жатқан пәшістің,
Басынан теуіп ояттым.
Әкел бері қылышты,
Басын кесіп алайын,
Ақ дорбаға салайын,
Кремілге барайын,
Ленін өрден алайын,
Көкірегіме тағайын.
деген тақпақ жаттады. Мектепте тағы «Жаңа жыл» қатты қызық болатын. Бұлар Аяз атамен бірге ән салып, би билейтін, шыршаны дөңгелек боп айналатын. Пиәнербажатый Гүлмирә апай қалай шапалақ ұруды үйретті. Пизрук Төребек екі саусақпен қалай ысқыруды үйретті. Шірікбай «Аяз ата Қызыл дала жақтан я бомаса Ұшбарбас жақтан келетін шығар» деп ойлайтын.
Балалар асық ойнайтын. Шірікбай күрікті онша ойнай алмайтын, көбіне отырып тайдыр ойнайтын. Қағаз тігіп, тас атыспақ ойнайтын. Жәй кәмпиттің қағазы бірге, ышкалаттың қағазы екіге саналатын. Ләңгіге онша емес еді. Лүр тоңқи алмайтын, абойға сәл-пәл бар болатын. Зәкал тебу жідә қиын еді. «Жапа тас» жақта есек көкпар ойнайтын.
Шірікбай тағы «Ата қораз гүж-гүж» деп күркелерді таластырғанды жақсы көретін. Сосын бала кезінде ол аспанға көп қарайтын. Аспанды көк мұз деп ойлайтын. Шөлдегенде оны «кітірлетіп жесең ғой» дейтін. Бұлттарды «қар сияқты болатын шығар» деп ойлайтын. Тағы ол «еркек пен әйел үйленгенде әйел қалай екі қабат болады? Ол үшін не істеу керек? Кейін үйленгенде оны білмей қалсам қайтем?» деп уайымдайтын. Одан кейін ол бала күнінде жөйіттерден қатты қорқатын, «әкетіп қала ма деп».
Оның мектептегі аты «Сорай» болатын. Кейін үлкен кластарға өткенде оны «Шірікбай шишкәр» дейтін болды. Өйткені ол шишкәрлар құсап өңкей шәпкісін қисайтып киетін. Тағы шишкәрләр құсап «шырт» еткізіп түкіретін. Шірікбай шишкәр класта Тәпек, Жерсиден кейін үшінші атаман болды. Төртінші атаман Балқыбек еді. Пиәнерге өтті. Өтер кезде ант ішті. Өмірі галстүгі мыж-тыж боп жүретін. Үйлерінде үтік жоқ еді. «Быпускной» бешір болды. Бешірде апайлары «шаштарыңды тықырлап алмасаңдар болмайды» деген соң бәрі бастарын тықырлап алып келді. Бешірге бір жәшік лиманат, бір шиша тұздалған бәдірең алды. Бешірде олар бәліс билей алмады. Қыздардан ұялды. «Қызықсың ба, қайтіп құшақтасамыз?» деді. Ақыры бәрі «Бұзық телефон» ойнады. Тәпек гитара тартты. «Әппағым» деген ән айтты. Бір рет Монтайтастың көк аптобұсымен Шымкентке барды. Онда «Озераны», «Қырқы базарды» көрді. Сапаралы көкесі өмлет сатып әперді. Ауылда тұқымды бұлай жемейтін, қалада басқа ғып, сәндеп жейді екен.
Одан әскерге кетті. О жақта Сібірде Диәкініп деген иәкүт екеуі бірге шошқа бақты. Әскерден «дембіл» боп, қайыс белбеу тағып оралды. Тағы кәкәрдәсі бар еді. Шығарда етігін әбден майлап, гәрмөшкі ғып алған. Әлбомын қорғасын қағазбен сәндеген. Әскерден келгенінде үйдегілер тоқаш пісірді. Сонда бұл «Што такой «сары домалақ?» деді. Жұрт: «Өлә, мынау қазақша сөйлей алмай қапты ғой» деді. Сонда Шірікбай шишкәрдың әптаритеті бір қатты көтерілген. Жұрт айтты: «Енді бұған үйлену керек» деп. Үйленді. Тәпенге шөп салып, оған от жағып, үстіне май құйды. Осы отқа май құйу – жұртқа бір үркі мәрдән боп кеткен. Өзі «Y» руынан болатын. «Х» руының қызына үйленді. Жұрт: «Бекер қылды, «Z» руынан алуы керек еді» деді. «Z» руының қыздары пысық болады: нанды жақсы пісіреді, тезекті күшті илейді, кірді қатты езеді» деді. Қуғыншы келіп «қызды әкетеміз» деді. Шірікбай қорқып қалды, «шырман әкетіп қала ма?» деп. Олар әшейін «қайтер екен» деп сөйтіп айтады екен. Қуғыншылар арақты сыңғытып ішті. Қуырдақты опырып жеді. «Киіт беріңдер» деді. Киіт берді бұлар. Киітке помбарқыт, әтлес көйлек, пиәнерски кәстүм-шалбар берді.
Артынан «Беташар» болды. Бетті Әміржан ашты. Беташардың палауын Тәшкенбай басты. Жұрт «палаудың күріші сәл тірі боп қапты е» деді. Шірікбай «күріш қайтіп тірі болад?» деп ойлады. Жұрт сосын: «Үй боп кетсең болды» деді. Ақыры үй боп кетті.
Әкесі: «Балам, мені қаламның нанымен емес, сәләркінің нанымен асыра» деді. Сол сөз құлағында қалып қойған. Содан ол әуелі Тұрбатта үшілишеде оқыды. Онда «Дыты» айдауды үйренді. Елге оралды. Шірікбайдың тұрған жері – «Күйік шалған» сапқозы. Сапқоз директоры – Леб Абрамыбыш Реплянскіи ед. Реплянскіи – әбден кіркілтайы толған біреу болатын. Шірікбай №2 пермада тұратын. Аты – «Үш бастау». Ауыл әдемі. Онда теңіз толқыны сияқты түрлі-түсті әдемі жоталар бар. Әсіресе «Дәу жота» әдемітұғын. Шірікбай күнде кешке пада келер кезде сол жотаға шығып, ауыл жаққа қарап отыратын.
Ауылда бидайық, сасыр, құлқайыр, ноқатек, мышықкөт, ботатайлақ, қызғалдақ, сарғалдақ, бәйшешек, қақы, мәсі-кебіс т.б. өседі. Адамдары шетінен әския. Мысалы, Дәрібай деген кісі бар. Ол әңгіме айтпақшы болса сөзін мапаздап «мәшәр түм» деп бастайтын. Оның қандай сөз екенін ешкім білмейді. Қойшыбай өмір бойы гөш боп сапқозда жұмыс істеді. Іскәртқа барды, сағман бақты, қыш құйды, сабан жинады, мақтаға кетті, қырқымға шықты, күкпеге қой салды, қозығұйрық терді («Ирек сайда» көп шығатын), пәсепке қатысты т.б. Талай рет айлық, преміиа, ыстаж алды. Бір рет «Сәциәлістік еңбек жарысының озаты» деген шетінде сары шашағы бар қызыл жалауша алды. Оны жақсылап жуған. Арақ ішуді тез үйренді. Бірақ «зәкүскә» жеуге жоқ еді. Онша сәндеп, келістіріп істей алмайтын. Мұрнымен иіскеп, кейбіреулер әртістер құсап күшті істейді ғой. Олар ішкенде көбіне құрт, пияз не «Кілки» деген кәнсервіге нан батырып жейтін. Балқыбек ішкен кезде «Бір күні бәріміз өлеміз ғой» деп жылайтын. Бұл бәріне қызық көрінетін. Алғашқыда «Бермұт» деген бино ішті. Жұрт «осы бино жақсы» деген. Гәгәдә пибо ішетін. Пибо жоқ кезде боза ішетін. Ел қатарлы темекі шекті. Кейбіреулер «Примә», кейбіреулер «Беләморкәнал» шегетін. Жұрт бұған «Астыра» шек деді. «Пилтірі барды оқығандар шегеді» дейтін олар. Бұл «е, е, е...» деді (бірақ кейін бірыңғай Келестің насыбайына көшті).
Ол кезде «Мәдениет және тұрмыс» деген дәу сбетной журнал болатын. Ауылға өңкей келетін. Пәштәлөн Кемпірбай көп әкелетін. Сыртының суреті әдемі еді, жүдә. «Ленін өсиеті» деген қағазы сарғыш аудандық гәзет алатын. Оман шиша орауға, қол сүртуге жақсы еді. Шірікбай демде үлкейді. Жұрт «сен енді кісі болдың, дастарқан басында бата қайыруың керек» деді. Оны үйреніп алды. Батаны «аман сақтап, әбиір бермен» бастап, «қайда жүрсең Қыдыр әлейкіс сәләм шылауыңда болсынмен» аяқтайтын, сосын «әминді» айтып, нәшіне келтіріп бет сипайтын. Жұрт «Шірікбай батаны мықты беретін боп кетіпті» деді. Құдайы тамаққа барарда ол «шатасып қалмайын» деп, батасын іштей қайталап, дайындалып баратын. Батаны жақсы беретін болған соң көбіне басты бірінші Шірікбайдың алдына қоятын. Содан ол «Шора» базардан міштәр сатып алды. Шірікбай бірден бастың өзі жақсы көретін жерлерін: құлағын, көзін, шүйдесінің жұмсақ жерін кесіп жеп алатын (Шірікбай тағы шіләйді жақсы көретін). Қалған жерін жұртқа беретін.
Кейін жұрт «жақсы» деген соң кремпілін кәстүм-шалбар сатып алды (кремпіліннің неге жақсы екенін білген жоқ, бірақ онысын жұртқа әшкере қылмады). «Кәстүм-шалбарды шіләпімен кимесе болмайды» деген соң барқытный шіләпі сатып алды. Алпысбай «қырт орыс боп кетіпсің ғой» деп мазақтады. Шірікбайға екі қойың бір сом. Ауылда бірінші боп «Измұрыт» деген телебизір сатып алды. Одан «Нүу пәгәди зайыс!», «Бремиа» көретін. Артынан соғыс кіинолар көретін, соғыста өңкей сәбеттер жеңетін. Немістер жаман аңқау болған ғой, түк соғыса алмаған. Телебизір кейде тәблиса боп қатып қалатын.
Сөйтіп жүргенде Шірікбай бір күні ауырып қалды. Көзі ауырып ісіп кетті. «Өліп қалсам қайтем» деп кәдімгідей тәшпіш қылды. Жұрт «доқтырға бар» деді. О кезде Сәпіріс қайтыс боп кеткен (Погелепкәдағы атақты ебрей доқтыр). Басқа бір доқтыр «Әритимөл», «Пенәлкәрпин» деген дәрілер жазып берді. Кейін жазылып кетті. Қатты қуанды. «Енді өлмейтін шығармын» деді. «Адам негізі қызықтың бәрін көріп болып, әбден қартайып барып өлуі керек қой» деп ойлады ол іштей.
Содан қайтадан шауып-шапқылап жүре берді. Шірікбай «көп жасасам ғой, тісім өмірі түспесе ғой» деді. «Сонда қанша? Мысалы – 80 (атасы сол жаста өлген), жоқ» деді, «90, жоқ, 100, 120» деді. «Бірақ жүзде нең қалад?! Адам алжып қалады ғой». Ондай болғысы келмеді. «Қой» деді. «Керегі жоқ, 90 жетед» деді. Сөйтіп, 90-ға тоқтады. 90 – нәрмәлні. Сонда әлі қанша жыл өмір сүред?! Қанша рет ауқат ішеді, «талай рет науатпен шәй ішемін, тураған ауқат жеймін» деді ол, «қатыныммен қанша рет төсекке жатамын». «Қанша рет «Күліс», «Қара қатын» ойнаймын, құдалыққа барамын. Әй, көп қызық болад» деді. Өстіп пәруәйі пәлек боп жүргенде Шірікбай тағы ауырып қалды. Бұл жолы іші ауырды. Біреулер «қойдың майын жақ, содан дауасы жоқ» деді. Біреулер «100 гірәмдәтіп жіберсең, ауруың пәтәмәм жоқ болады» деді. Бір салмақты кісілер «сеніңкі, әруақ қой, «Қырық шілтенге» барып түне» деді. Біреулер «уқала» деді. Біреулер «тұз суға шомыл» деді. Біреулер «доқтырға барсай» деді. Біреулер «Шернәйіпкідегі кәртәмен пал ашатын неміс қатынға барып оқыт» деді. Не істесе де ауруы жазылмады. Шірікбай өзінің өлетінін ойлағанда қатты қорықты. Негізі 90-ға барғысы келіп еді. Әлі алпысқа де жеткен жоқ. Неге ол бүйтіп ауырып қалуы керек, қанша ойланса да осыған мыйы жетпеді. Негізі ол қазір өлмеуі керек қой. Жұрттың бәрі оған өңкей «сенің көрер қызығың әлі алда» дейтін. Ия. Шірікбайдың көрер қызығы әлі алда. Ол үшін оған ұзақ жасау керек. Неше түрлі тамақ жеу үшін оның тістері мықты болуы керек. Кәртә ойнауы үшін көзі (зрениесі) жақсы болуы керек. Қатынымен жатуы үшін... Ия! Оған қазір өлуге болмайды. Бұрын ол талай өлген адамдарды жерлеуге мазаратқа баратын. Сонда ол тек «басқа бөтен адамдар ғана өледі» деп ойлайтын. Өлген адамды жерлеп, тезірек барып, ыстық палау жеп, сорғыш кәмпитпен шәй ішуді ойлап тұратын. «Адамның бәрі соны ойлап тұратын шығар» дейтін. «Басқа не ойлайд?». Неге екені белгісіз өлген адамды жерлегенде қарның қатты ашып, таңлайың кеуіп шөлдейсің. Негізі өлім туралы көп ойлауға қорқатын ол. Сөйлеп, күліп, тамақ ішіп -жеп жүрген адамның аяқ астынан өліп қалуы оған түсініксіз боп көрінетін. Өлім оған бір қараңғы әлем болып елестейтін. Бұнда бәрі бар. Кластастарыңмен гәп жисің, кіино көресің, кәйіп боласың. Ал, ол жақта... ештеңе жоқ. Құры тас-түнек. Қызық емес. «Қызықтың бәрі осы жақта» деп ойлайтын. Оның өлгісі келмейтіні содан еді. Ұзақ өмір сүргісі келетін. «Өмір сүре берсең ғой, өмірі бітпесе ғой» дейтін. «Күліп-ойнап, ауқат ішіп, қатыныңмен бірге жүре берсең ғой шіркін» деп ойлайтын.
«Қатын деген рахат қой, қатынсыз бір күнде өмір сүре алмас едім» деп ойлайтын Шірікбай. Немесе тәпен нансыз. Шірікбай тәпен нанды қатты жақсы көретін. «Тәпен нан – менің жаным ғой» деген оның сөзі ауыл ішіне апоризім боп тарап кеткен. Енді міні ойламаған жерден осы болды. Жұрт «өзінен де бар, мәтсекіл алып, телебизір алып құтырып кетіп еді» деді. «Тіл-көз деген бар, абайлау керек еді» деді. Кейбір шалдар «тек жүрсең тоқ жүресің» дегенді айтты. Ауырарының алдында «Васқод» деген мәтсекіл сатып алған еді. «Е, соған көрінген екен ғой» деді. «Жоқ, оған емес, түнеугүні үйдің артындағы қарағашқа байғұз қонып, шақырып еді, содан ба екен ә?» деді ол. «Жоқ әнеугүні Ақтөс әтәңәнәлеті жуынды құйып жатқанда ұлып еді содан ба екен? Жоқ былтыр алдынан бір қара мысық кесіп өтіп еді, ақыры соның кесірі тиді ме екен ә, сонда ішім қылп ете қалып еді» деді ол. Ойлай берсең ой көп қой (Өткенде қатыны сыпырғыны түргетіп қойған еді... тағы бір рет төңкеріліп жатқан кебісті көзі шалған). Құдайдың құтты күні оның бүкіл өмірі тізбектеліп көз алдынан өтіп жатты. Кәдімгі кіино тәрізді. Ол осылай ауырып 3-4 ай жатты. Бірақ беті бері қарамады. Қайта күннен-күнге нашарлай берді. Ауырып жатып әртүрлі түстер көрді. Түсінде өңкей өлген адамдарды көрді. Бір қатты ауырып жатқанда оған мынадай ойлар келді: «Бәрі далбаса екен ғой, әшейін» деді. «Өмір деген түкке тұрмайтын нәрсе екен ғой. Бекерге әуре боппыз» деді. Адамдардың бәрі оған жансыз қуыршақ тәрізді боп көрінді. Олардың өмірі, істеп жүрген тірліктері оған түк қызықсыз, түсініксіз һәм мағынасыз боп көрінді. Олардан өзін бөлек, мүлде қатысы жоқ бөтен біреудей сезінді.
Дүниенің бәрі оған баяғы бала күндерінде өздері топырақ, лайдан жасап ойнайтын ойыншық үйлер сияқты боп елестеді. «Е, адам өлейін деп жатқанда осындай боп қалады екен ғой» деді ол. «Сосын адам не үшін өмір сүреді?» деді ол. «Қызық. Мынау бір түрлі сұрақ қой». Бұрын оның ойына бұндай сұрақ келмеген. Өлерінен бір апта бұрын: «Қойдың басын жегім кеп жатыр» деді. Үйдегілер қойдың басын пісіріп берді. Одан кейін үсті биттеді. Жұрт: «Е, Шірікбай өлейін деп жатыр екен, мынау мүрде бит қой» деді. Сөйтіп жатып ақыры Шірікбай өлді. «Өлер кезінде қатты қиналды, ерні жыбырлап бірдеңе дегісі келіп еді, тілге келе алмады» депті басында отырғандар.
Оны «Е, мені Жамбас жаққа қойыңдар демекші болған ғой» деп ашықтады біреулер. Өлген соң үй-іші ойбайлап жылады. Жұрт жиналды. Жұрт: «Неге өлді ол?» деді. Басқа біреулер: «Бекер өлді, әлі жас еді, біраз жүре тұруы керек еді» деді. «Еш помаса құда боп та үлгермеді» деді. «Әлі пенсияға да шыққан жоқ». Біреулер: «Ең бомаса сентәбірге таман, көгеріш-пөгеріш піскен кезде өлуі керек еді» деді. Одан кейін жұрт: «Қырқына» не сояр екен?» деді. «Әй, бір қой не ешкі сойып-ақ жайғастыратын шығар бұлар әлі» деді. «Қой сойса әтжүйрігін қайда жапсырады?». «Терісін не істейді?». «Салат турай ма, турамай ма?» деді. «Тоқаш, қаттама пісіретін шығар, не құдай ұрыпты сонша?» деді. Тағы «жыртысқа не таратады екен?» деді жұрт. «Шәй ма, пиялай ма, қасық па, десеремал ма?» «Мәйітті шығарғанда үстіне кілем жаба ма, жәй киіз жаба ма, жоқ әлде мата-шұта қоя сала ма?». Одан кейін «Үйінде қанша күн түнетеді екен, жоқ зуылдатып апарып, көміп тастай ма?». Тағы «мәйітке арнап шырақ жаға ма, жақпай ма?». «Қатыны қанша уақыт жылайды екен, бала-шағасы қайтіп жылайд, соны қарап тұру керек» десті жұрт.
Қатыны мұны білетін, сондықтан ол саусақтарының арасынан сығалап, жұртқа көрсетіп, дауысын қаттырақ шығарып, жылап отырды. Жоқтау айтты. «Бас ием-ай, бас ием-ай! Неге өлдің, бізді кімге тастап кеттің, енді бізді кім асырайд?» деп кәдімгідей мақамға салып жылады. Жұрт «Шірікбайдың қатыны шынымен жақсы жылап отыр» деп сенді. Жұрт Шірікбайдың өліміне емес, оның жетісі, қырқына және жыртысына, қатын, бала-шағасының қайтіп жылайтынына қатты алаңдады. Осыларды оның өлімінен маңызды деп санады. Бірақ өліп қалған Шірікбай бейшара олардың бұл тірліктерінен мүлде бейхабар еді. Оған бәрібір емес пе? Оған енді ештеңенің керегі жоқ қой. Жұрттың не деп не қойғаны да оған бес тиын.
Шишкәр Шірікбайдың өмірі осылай аяқталды. Беті таусылып, оқылып біткен кітәп сияқты ғой негізі адам өмірі, әшейін. Әш-пүш дегенше өте шығатын. Ия, десейш!
Ақжол Қалшабек
Abai.kz