Жұма, 22 Қараша 2024
Жөн-ақ 6999 3 пікір 1 Маусым, 2018 сағат 11:12

Ашаршылық мәселесіне қатысты Ғылыми-зерттеу орталығын құру керек

Редакциядан. Қазір Қазақстанда азаматтық қоғам құру мәселесі жиі сөз болады. Азаматтық қоғам құру үшін кешегі ақтаңдақтарды толықтай зерттеп, ашаршылық уақытындағы айтылмаған ақиқаттарды айтуға тиіспіз. Бұл орайда Сенат отырысындағы (2018 жылғы 31 мамырда) депутат Мұрат Бақтиярұлының Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаевтың атына жолаған депутаттық сауалына ерекше тоқталуға болатын сыңайлы. Себебі, сенатор осы сауалы арқылы Қазақстанда азаматтық қоғам қалыптасып келе жатқанын айғақтады. 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаевқа

 

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Өткен жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарындағы  аштық адамзат баласының тарихындағы жан түршіктірелік ең зұлматты да  ауыр қасірет болып тарихта қалды. Кеңестік жүйе кезіндегі бұл нәубеттен ең ауыр зардап шеккен  Қазақстан болатын. Сол кездегі әкімшілдік – әміршілдік жүйе қазақ халқының ежелгі дәстүрін, шаруашылық жүргізудің өзіндік ерекшеліктерін ескермей, көшпенді халқымызды еріксіз отырықшылдыққа мәжүбірледі. Алдарындағы малдарын тартып алды. Негізгі күн көрісі мал болған халқымыз аштыққа ұрынды, шамасы барлар жан сауғалап шекара асып кетті. Қазақ халқы демографиялық жағынан тоқырауға түсті. Сөйтіп, тұтастай бір ұлтқа қасақана зұлмат  жасады.

Кеңестік жүйенің осы бір ең ауыр қылмысы ұзақ жылдар бойы аса құпия болып,  айтылмады да, жазылмады да. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана барып, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен  ашаршылық және оның зардаптары жан-жақты зерттеліп, бұл нәубеттің қасіретін бүгінгі өскелең ұрпақтың терең білуіне, ұлтымыздың осы бір зобалаң кезеңді және оның құрбандарын   үнемі есте ұстап отыруға мүмкіншілік жасалды.

Қазіргі қолдағы архив қорларында  сақталған санақ материалдары, мемлекет қайраткерлері мен қазақтың зиялы қауым өкілдерінің  И.Сталинге, Л.Мирзоянға жазған сол кездегі хаттары және осы тақырыпты терең зерттеген отандық және шетелдік тарихшы ғалымдардың, атап айтқанда М.Қозыбаев, Б.Төлепбаев, М.Тәтімов, В.Осипов, Т.Омарбеков, М.Қойгелдиев К.Алдажуманов, Ж.Әбілғожин, Ғ.Сапарғалиев, Б.Қойшыбаев, Р.Конквест, Р.Дэвис, Ю.Поляков, И.Киселов, В.Михайлов және т.б. пікірлеріне сүйенсек, 1930 жылы 1 маусымға дейінгі есеп бойынша  Қазақстанның ауылдық жерлерінде 5 миллион 873 мың халық, соның ішінде  4,5 миллион  қазақтар тұрған екен. Ал 1932 жылы Л. Мирзоянға жазылған «Алтаудың хатының»  иелері Ғ.Исқақов, И.Каболлов, Ж.Арыстанов, В.Айбасов, Ғ.Тоғжанов, О.Жандосов  Қазақстанның Казсовнаркомының мәліметіне сүйене отырып, ауылдық жерлердегі 4 миллион 800 мың халықтың 2 миллион 250 мың  ғана  қалғанын атап көрсетеді.

Сол кездегі Қазақстанның халық шаруашылығы есептеу басқармасының орынбасары Н.Манкевич     1935 жылы 23 қырқүйекте Л.Мирзоянға жазған өте құпия хатында да осы деректерді келтіреді. Осы құпия хатта 1930-1933 жылдардағы аштықтан қырылғаны бар, аурудан қайтыс болғаны бар және де үдере босып кетулерінің салдарынан ауыл халқының 3 миллион 559 мың адамға кеміп кеткенін баяндайды. 1933 жылы 9 наурызда Сталинге жазған хатында Тұрар Рысқұлов  бір ғана Балқаш ауданын мекендеген 60 мың адамның 36 мыңы аштықтан қайтыс болғанын, 12 мың адам бас сауғалап босып кеткенін ашық айтып, ашына жазған болатын. Архив және жанама санақ деректеріне сүйенсек, үш жылға созылған ашаршылықтың кесірінен   халқымыздың 2 миллион  200 мыңы  аштықтан және соның зардабынан болған түрлі жұқпалы аурулардан қырылып қалса, 800 мыңға жуығы  жан сауғалап, елден тысқары аймақтарға босып кетті.

Демек, үш жыл ішінде ата қонысында тұрып жатқан қазақ халқы тең жартысынан айырылды. Мұндай ауыр қасіретті бірде-бір халық басынан өткермеген екен. Айта кетуіміз керек, мұндай ашаршылық Қазақстанда тұрып жатқан басқа ұлттарға да қасірет әкелді. Мысалы қазақстандық ұйғырлардың 13-%, украиндықтардың, немістердің 11-%, татарлардың 10-%, өзбектердің 8-%, орыстардың 6-% ашаршылыққа ұшырады.

Қазір демограф мамандар  қолдан жасалған осы ашаршылық болмаса, осы күндері біздің халқымыз 45 миллионға жетуі мүмкін екендігін дәлелдеп, айтып жүр. Сонымен бірге, бұл зұлмат қазақ ұлтының  өсімін кем дегенде 100 жылға кейін шегеріп тастаған да көрінеді.

1928 жылы Қазақстанда 40 миллионға жуық мал болса, 1933 жылдың ақпан айында 4 миллион  ғана мал қалған екен.

Жылдар өтіп, ұрпақтар да алмасып жатыр. Тарихтың бүгінгі талабына сай болсын десек,  осы бір ашаршылықтың залалы мен зардабын әлі де болса нақтылай түсу қажет. Бұл орайда 1992 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы жанынан құрылған Комиссия халқымыздың ашаршылыққа ұрындырған   өткен ғасырдың 20-30 жылдар аралығында қабылданған қаулылар мен қарарларды зерттеу жөнінде ауқымды жұмыстар атқарды.    Дегенмен, әлі де болса Қазақстан тарихындағы осы бір нәубетті  кезеңді есте қалдыру үшін Үкімет алдағы уақытта мына мәселелерге назар аударса:

*Үкімет деңгейінде отандық және халықаралық мол тәжірибесі бар сарапшыларды тарта отырып тарихи құжаттар мен фактілердің, аштықты көзбен көрген адамдардың естеліктерінің негізінде Ашаршылықтың құрбаны болған отандастарымыздың біртұтас мемлекеттік реестрін жасау үшін Ашаршылық мәселесіне қатысты Ғылыми-зерттеу орталығын құру керек.

*Үкімет деңгейінде қуғын-сүргіндердің қасіретіне және ашаршылық құрбандарына ресми құқықтық, саяси баға берілетін арнайы шешім шығарылуы керек. Біз мұны тоталитарлық жүйенің қолдан ұйымдастырған аштықтың миллиондаған құрбандары болған жазықсыз жандардың рухы алдындағы өзіміздің азаматтық парызымыз деп түсінеміз.

 

*Зұлмат ашаршылықтың қайғы-қасіреті мен салдары әлі де болса кеңінен айтылып, барлық ақпарат құралдары мен арнайы кинофильмдер  арқылы жас ұрпаққа терең жеткізу біздің міндетіміз деп білемін.

 

Ашаршылық тарихы мен оның зардабын  өзге бір халықтан кек алу үшін саяси ойын құралдарына айналдыруға  болмайды. Бұл қасіреттің саяси сипатынан әлеуметтік-рухани салдары анағұрлым жоғары тұрғандығын үнемі ескеруіміз керек. Біздің өткен тарихымызда қасіретті кезеңдер мен қайшылықтардың болғандығын  шынайы тарихи дәлелді деректермен, терең сарапталған зерттеулермен айтып, жеткізе білсек, бұл біздің жастарымыздың отаншыл болып өсуіне үлкен ықпал жасауға негіз болары анық. Және де халқымыздың өз тарихында  жүріп өткен ауыр да, күрделі әрі зардапты жолдарын жан-жақты зерттеп, одан дұрыс қорытынды жасап, одан тағылым мен ғибрат ала білсек, мұның бүгінгі тәуелсіздігіміздің қадыр-қасиетін терең түсінуімізге де зор ықпал ететіні сөзсіз.     

 

Рахмет!

Мұрат Бақтиярұлы, Сенат депутаты                          

Abai.kz

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321