Сегіз қырлы сері Сәкен
(Сәкен Иманасов хақында)
Жұртымыз жампоз жігіттерді «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп атап, «Жігітке жеті өнер де аз» деп, үмітін үкілеп отырған. Биылғы жылы туғанына 80 жыл толып отырған қазақтың көрнекті ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақ айдынды Алакөлдің тумасы Сәкен Құсайынұлы Иманасов та осы қанатты сөзге лайықты айтулы азаматтың бірі еді. Сәкен серінің сегіз қырын санамалап көрейік:
Сәкеннің бірінші қыры, әрине, ақындық. Алғаш Сәкен есімін аудандық газет беттерінен оқыдым. Оқушы кезімде ақынды тұңғыш рет Үшарал қаласында көрдім (Бұрынғы Талдықорған облысы, Алакөл ауданының ораталығы. - ред). Үстінде шытырдай ақ көйлек, жеңін шынтағына дейін түріп алыпты. Көзі есімде қалыпты, қап-қара, жалт-жұлт еткен ерекше нұрлы болып көрінді маған.
Кейіннен институтты бітірер жылы қайыншылап Гурьевке (қазіргі Атырауға) барған кезімде кітап дүкенін аралап жүрсем, көзіме Сәкен Иманасовтың «Ғашық дүние» деген жинағы түсті. Ақынның тұтастай кітабын оқып, тұщынып, сын мақала жазып, «Қазақ әдебиеті» газетіне жолдадым. Бұл менің сын жанрындағы тырнақалды дүнием еді. Арада ай өтпей жатып жарқ ете қалды. Мақалам көлдей болып, «Қазақ әдебиетінің» жарты бетін алып жатыр.
Көп кешікпей Үшаралда Сәкен ағаны кездестіріп қалдым. Сәлем бердім. Аты-жөнімді айттым.
- Е, сен Алакөлдікі екенсің ғой. Мен аты-жөніңнің астында «Гурьев» деп тұрғаннан кейін сол жақтың азаматы ма деп жүрсем. Қызық болды, бір беттің жоғарғы жағындағы жартысына сенің мақалаң шығыпты, жаман емес, мақтау, оның үстіне менің шығармашылығым туралы ең алғашқы көлемді дүние, ал астына Еркеш Ибраһимді сынаған мақала беріліпті. Мен Еркешке «Көрдің бе, мені шығыс тұрмақ, батыс мойындаған» деп мақтанып жүрсем. Әй, сен екенсің ғой, -деп, кеңкілдей күлді.
Сол таныстықтан кейін ағамен еркін араласып кеттік. Расында, Сәкен есімі 60-жылдары әдебиетке келген Тұманбай, Қадыр, Жұмекендер қатарында әркез аталып жүрді және М.Қаратаев, Д.Әбілев, Т.Молдағалиев, Ф. Оңғарсынова тағы басқалардың жазған көлемді сын мақалаларынан кейін өзін көпшілікке мойындатқан белгілі ақындар қатарынан берік орын алды.
Сәкен ақынның басқалардан бір ерекшелігі - шабыт іздеп, таңды таңға ұрып, жыр жазған адам емес. Келесі кітабын баспаның тақырыптық жоспарына енгізіп алғаннан кейін, көбінесе «Алматы» санаториясынан бір бөлме алып, екі айдай ешкіммен араласпай, тапжылмай жазуға отыратын. Менің ойымша, жыл бойы жыр оның ойында пісіп жүреді де, сол бір-екі айда сия боп сорғалап, қағаз бетіне түсетін сияқты. Жазуы да біршама әдемі болатын, түзетулер бірен-саран ғана ұшырасатын. Көбінесе қара сияны қолайлы көретін. Сонан кейін тақырыптар бойынша жіліктеп бөліп, тарауларға орналастырып барып, атауын қоятын. Кітабының атын балаша аялайтын, сондықтан болар, әдемі айтылатын, жағымды естілетін, тіпті көпшілік қолдана бермейтін атауларды таңдайтын. «Бел-белес», «Жайдарман», «Жебе», «Өткірдің бізі», «Алтын аймақ», «Адырна», «Ақ дариға» солай туды.
«Сәкен – ақиық ақын» десек, өз ағамызды өзіміз мақтаған болып шығамыз, қалай болғанда да, ол қазақ поэзиясында өзінің төл қолтаңбасын қалдырып кеткен, дара талант, сүлей суреткер.
Ұйытып елді сөзіне,
Жұмылар болса жанары.
Ақынның өзі-өзіне,
Ескерткіш болып қалады,-
деп жазғаны да шындыққа айналып келеді.
Екінші бір қыры – журналистігі. Сәкең біраз уақыт Ұялыдағы мектепте мұғалім болды. 1963 жылдан аудандық «Жаңа өмір» (қазіргі «Алакөл») газетіне тілші болып орналасады. Аудандық газет жас талант үшін үлкен өмір мектебіне айналады. Жер көрді, ел көрді, қаламын ұштады.
Ауылда тұрам, досым, мен,
Ауылда өскен жан аз ба?
Қуат ап өршіл осы үннен,
Төнемін аппақ қағазға,-
деп жазатыны да осы кез.
Аудандық партия комитеті орден алған бір атақты шопан жөнінде очерк жазу жөнінде тапсырма береді. Редактор бұл жауапты іске қаламы жүйрік Сәкенді қолайлы көреді. Алдымен шаруашылық орталығына барған ол шалғайдағы мал қыстауына аттанады. Жолай адамдармен сөйлеседі, тақырыбын әбден зерттейді. Сөйтсе, аға шопанның атағын шығарып жүрген көмекшісі аса малсақ адам болып шығады. Ақыры, жас тілші орденді шопанды емес, оның көмекшісі туралы «Ірбітжан орден алған жоқ» деген тақырыппен газетке очеркін жариялап жібереді. Оның үстіне «Қызым, саған айтам» деген тақырыппен аудандық газеттің иесі - аупарткомның жұмысын сынаған мақаласы қоса шығады. Ертеңінде аупарткомда у-шу, айғай-аттан. Қаламгерлік жолда түзу жолдан таймаған Сәкең өзінің қайсар мінезін байқатып, «ар алдында дар алдында тұрғандай» ақиқат туын жоғары көтереді. Кейіннен облыстық газеттің үш аудандағы меншікті тілшісі болып еңбек етеді. Біраз жыл «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде жұмыс жасады. 90-жылдары Тұманбай Молдағалиев басқарған «Балдырғанда» қалам тартып, балаларға арналған бір шоғыр тамаша жырларын жазды. Жиырма жылға жуық ғұмыры «Жазушы» баспасының қабырғасында өтті. Сәкен аға қай қызметте болса да арагідік республикалық газеттерге уақытпен үндес өзекті мақалаларын жариялап тұрды.
Үшінші қыры – қайраткерлігі. Ол еңбек жолының бастауында қаламымен қоғам дамуына үн қосып отырса, марқая келе өзінің жеке тұлғасымен қоғамдық ортада таныла бастады. Алғашқы мемлекеттік қызметтегі орны облыстық партия комитетінің нұсқаушылығы еді. Мұнда біраз қызмет еткеннен кейін жолдамамен Мәскеудегі Жоғары партия мектебіне тыңдаушы болып қабылданады. Бітіріп келгеннен кейін кемінде аупарткомнан хатшылық орын берілуі тиіс болса да, оның мінезінен қаймыққандар оған қызмет ұсына қоймады. Алматыда қалып, баспагерлік жолға түсті.
90-жылдары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында демократиялық жолмен Жоғарғы Кеңеске депутат сайлау кезінде Алакөл ауданынан кандидат болып тіркелді. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы едім, екі оттың ортасында қалдым. Бір жағында - Сәкен аға, екінші жағында - журналист, қайраткер Камал Әбдірахманов. Екеуі де маған бөтен емес. Бірақ ел депутаттық мандатты Сәкен ағаға берді. Амал не, аз ғана уақыттан кейін Парламент тарап, аға депутаттық жұмыстың қыр-сырына бойлап кірісе алмады.
Бір жарым жылдан астам облыстық әкімдікте аппарат басшысының орынбасары-баспасөз қызметінің жетекшісі болып қызмет атқарды. Ондағы өмірі Сәкен ағаның «Күнделіктің кейбір беттері немесе облыс әкімшілігінде өткен он сегіз ай» мемуарында көрініс тапты.
Синоптиктей ауа-райын дәл білген,
Сезіп тұрмын – болады енді алдым кең.
... Жоғарыға қараймын деп жүргенде,
Қанша жырдың обалына қалдым мен,-
деп қызметтегі ғұмырына өкінсе:
Дәрежем болмаса да дүрілдеген,
Өлеңде орын таптым бүгінде мен,-
деп, өзін-өзі жұбататыны да бар.
Бір қыры – аудармашылығы еді. Сол жылдарда заман талабы ма, әлде үстемдік құрып тұрған орыс тілінің әсері ме, Сәкен аға тұстастарының дені аудармашылыққа жиі баратын. Оның үстіне қаламақысы да жоғары еді.
Ағаның аудармашылыққа келуіне өзі қызмет атқарған аудандық газеттің әсері де мол болған сияқты. Өйткені екі тілде бірдей шығатын аудандық газетте аудармашылар тұрақтай қоймайтын. Себебі, партиялық газеттің талабы да қатты еді, екі тілді де егіз емген, тәжірибелі аудармашы болмаса, әр журналистің жазу мәнері әртүрлі болғандықтан, оны дәлме-дәл аудару кәнігі тәржімашылдықты қажет ететін. Осы сынақтан мүдірмей өткен Сәкен аға аудандық газеттің қарабайыр аудармасынан көркем аудармаға қадам басқан сияқты. Ол тәржімалаған шығыс шайыры Жалаладдин Руми, орыс ақындары А. Кольцов, В. Маяковский, ангола ақыны А. Нетто, саха М. Ефимов, қырғыз А. Рысқұлов, С. Жусуевтердің туындылары қазақ тілінде жатық сөйлеп кетті, сол жылдарда жыл қорытындысы бойынша Жазушылар ордағының жиналыстарында жақсы жағынан аталып жүрді. Мен өзім Қырғызстанның Қазақстандағы елшісі, ақын Ақбар Рысқұловты аудару сәтіне куә болғаным бар. Ол автормен жүздесіп, әңгімелесіп, шығармашылық ауқымын терең зерттеп барып, аудармаға кірісетін. Сәкен ағаның әсері інісі Секенге де тиіп, ол да аударма саласында қомақты мұра қалдырды.
Енді бір қыры – актерлігі. Немістің ұлы жазушысы Лион Фейхтвангердің «Талантливый человек талантлив во всем» деген қанатты сөзі бар. Осы сөз Сәкен Иманасовқа келетіндей. 60-жылдардың басында ел еңсесін көтерген бір кезеңдерде еліміздің түпкір-түпкірінде мәдениет пен өнер жандана бастады. Оған себеп – жастардың шығармашылыққа бет бұруы. Алыстағы Алакөлде де өнердің алғашқы қарлығаштары сахна өнерін меңгеруге ұмтылды. Алматыда өнер саласында оқитын Майра Омарбаева мен Күләш Қажығалиева жазда ауылға келіп, алғаш рет талапты жастардың басын қосып, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» сахналайды. Қозының рөлін Нұрлыбай Елубаев, Баянның рөлін Күләш Қажығалиева, ал Қодардың образын Сәкен Иманасов сомдайды. Режиссері – Майра Омарбаева.
Олар ауыл-ауылды аралап, кей жерде клубта, кей жерде мектепте, кей жерде тіпті ашық алаңқайда спектакль қояды. Қойылымда Қозы мен Қодардың белдесіп, күресіп, айқасатын жері бар. Сценарий бойынша Қодар жеңілуі керек. Алайда «Жырда Қозы Қодарды жеңді екен деп, сомадай Сәкен талдырмаш Нұрлыбайдан жеңілмейді» деп, Сәкен аға біразға дейін сахнада күресіп тұрып алады. Режиссер «жеңіл, жеңіл» деп шырылдап жатса да, «Қодар» қыңа қоймайды. Сонда Нұрлыбай «Айналайын, Сәкен, жығыла салшы» деп өтінетін көрінеді. Сөйтіп, серіктесін шаршатып, жалындырып барып, «Қодар» әрең тізе бүгеді екен.
Келесі бір қыры – әңгімешілдігі еді. Әңгімені майын тамызып айтатын. Тіпті ол кісінің бір әңгімесін бірнеше рет тыңдағаным бар. Сонда ой, сөз қоспай, алдыңғы соқпағынан шеткері шыға қоймайтын. Тек сөз әрін қосып, бояуын сан мәрте құбылтып отыратын. Сәкен ағаның әңгімесіндегі замандастарын немесе қаламдастарын көрмесең де, кейін кездескенде ежелгі танысыңдай болып кететін. Бір таң қалатыным, сол күнгі ауа-райын, тіпті әңгіме кейіпкерінің үстіндегі киіміне дейін бұлжытпай айтатын.
Симпатия, антипатия деген бар. Бір адамды Сәкен аға айтқанда жақсы көріп отырсаң, біреуді көрмесең де жек көріп қаласың. Өйткені әңгімеші кейіпкерін тәптіштеп тұрып бейнелейтін. Кейін мемуарлық тұрғыда жазған «Қалам мен заман», «Замандастарым мен қаламдастарым» туындыларында сол баяғы біз ауызекі тыңдаған әңгімелер көркемделіп, келісті болып қағазға түскен екен. Өзі үнемі Қасым Қайсеновті әңгіменің шебері деп аса зор бағалайтын.
Біз кейде жеңіл көлікпен Алматыдан Алакөлге дейін бірге шыққан кезімізде қала шетінен-ақ аға әңгіме тізгігін ағытатын. Аракідік тоқтап, тамақ жібітіп алсақ та, Әнуар Әлімжановтың көгілдір таулары көрінетін аймаққа жақындаған кезде оның тамағы кеберсіп, қырылдап сөйлей алмай қалатын. Сонда да алдымен «ащысын», соңынан тәттісін өңештен өткізген соң, ұршыққа шүйке иіргендей, әңгіме ауаны тағы да толыға, молыға түсуші еді.
Сол әңгіме арнасында өзінің де бейнесін, тұлғасын сомдап отыратын. «Көке, Сіз мінсіз бас кейіпкер болып кеттіңіз ғой», - деп, қалжыңға бұрсам, «Сен бұл ағаңды оңай деп ойлама» деп, ары қарай жалғастыра беретін әңгімесін.
Тағы бір қыры – серілігі. Қадыр Мырза-Әлінің «Ақынға керек ақыл көп, тентектік керек аздаған» деген өлең жолдары Сәкен ағаға арналғандай. Ақынның 60 жылдығы Алакөлде тойланып жатқан мерейтойлық дастарханда біздің өңірде «полтара қазақ» атанып кеткен жездеміз Сейдеш Мұқаметшин «Сәкен жас кезінде хулиган болған, осы Үшаралда талай төбелесін көріп едім» деген сөзіне көкемнің «Осындай кәделі жерде айтатын сөз бе еді?» - деп қатты ренжігенін көрген едім.
Дегенмен «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, өз аузынан да, тұстастарының аузынан да ағаның жас кезіндегі «ерліктерін» талай естідім. Үшаралдағы орыс, чешен жастарымен жанжалдасып қалғанда, бешпетті лақтырып, жеңді түріп, сойқанға қорықпай кіріп кететінін көзкөргендер жыр ғып айтатын.
Көзсіз кіріп қайдағы ерегеске,
Кететін де кешегі мен емес пе?
Бізден қалған, шырағым, қып-қызыл дау,
Қырық-пышақ, қым-қуыт төбелес те, -
деп жазған еді.
Жалпы өзіне сөз келгенде, бетің бар, жүзің бар демей, айтып салатынын мемуарында майдалап жеткізетіні бар. Облыстық әкімдікте қызметте жүргенде басшылар Нұрқаділовке, Долженковке және басқаларға қаратып айтқан сөздері, сөз жоқ, мемлекеттік қызмет тұрғысынан келгенде ешқандай шеңберге сыймайды. Бұл адуынды ақынның ауыздыққа көнбейтіндігінің, билік ағынымен жүре бермейтіндігінің анық белгісі болатын. Бір тұста мен де мемуарға кейіпкер болып кетіп, кейін «Шындық пен шабыт» деген әңгімемде сол оқиғаны тарқатып айтқаным бар еді. Сол жағдайдан кейін аға екеуміздің арамызға сөз түсіп, алшақ жүрген кездеріміз де болған. Алайда жаратылысынан тарпаң, асау мінез алапат ақынға мемлекеттік қызметтің кейбір тым ресми тұстары түсініксіздеу де болған шығар деп ойлаймын.
Бірде декан Темірбек Қожакеев Сәкенге ренжіп: «Сен, бүкіл қазақ поэзиясын өзің жасап жүргендей, жан біткенді менсінбей, кекірейіп жүресің, кімсің сен осы?!», - деп қатты ренжісе керек. Сонда Сәкен «Мен Қожа...кейіп емеспін, мен Иманасовпын. Иманасов деген бұл басқалардан иманы асып тұр деген сөз» деп жауап қатқан екен.
«Мінез дегенді, әдетте, «тентек», «телі», «ұрда-жық» деген сүйкімсіз мағынада түсінетініміз бар. Ал мен күнделікті өмірдің илеуіне көне бермейтін, әр құбылыс, әр кезең жайлы өз пікірі, өз түйіні бар, біреу айтты деп аттана шаппайтын ақын ретінде мінезді ақын дегенді айтып отырмын»,- дейді Сәкен аға туралы Фариза Оңғарсынова. («Қазақ әдебиеті»,12.07.1985.).
Ақын ағамен бірге жүргенде бір байқағаным, ол төңірегіндегі барлық адам, тіпті тұтас ел тек өзіне ғана қызмет етуге тиіс деп ойлайтын сияқты болып көрінетін. Өзін басқалардан ерек ұстап, назар аудартып, барынша сәнді киініп, бар тұлғасымен өзгешеленіп тұрғанды жақсы көретін. Сондайда:
Қой, ағайын, мені жақсы көріңдер,
төрге өтейін, тік түрегеп орын бер.
Жегжат біткен жапырылып қоғадай,
тәжім етіп тұрсын бүгін келіңдер!,-
дейтін.
Сірә, сол даралық қасиеттен шығар, көп нәрсеге көңілі толмай да жүретін. «Хан алдына барғанда, хан таппады мінімді, би алдына барғанда, би қақпады тілімді, өз еліме барғанда, итке берсін күнімді» деп, Төле би айтты деген сөзді жиі ауызға алатын. Сондықтан болар, оның жырларында жерлестеріне, ағаларына, тұстастарына, інілеріне деген өкпе-наз жиі кездеседі. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» ма, әлде егделік алғышарттарының алды ма, әйтеуір, ағалық жасқа жеткен менің өз басымнан да кей-кейде сәл-пәл нәрсеге бола інілеріме деген кейісті кірбің сезіліп қалатынын байқап қаламын.
Сегізінші қыры – карта ойнаудың шебері еді. Мүмкін, құмар ойынға жататын карта туралы сөз қозғамауымыз да керек пе еді. Дегенмен картаның да картасы бар. Сонау король, патшалық заманның өзінде картаның кейбір түрлерін тек ақсүйектер ғана ойнаса керек. Ағаның картасы, серілер мен перілердің ойыны – преферанс. Бұл бір - жазып-сызып ойнайтын, элиталық ойын. Мен өзім бұл ойынға ынтықтығым жоқ болғандықтан, көбінесе сыртқары қалатынмын. Дегенмен «үшінші қолға керексің» деген аға сөзін жерге қалдырмай, әліппесін өзі үйреткеннен кейін, араласатыным болушы еді. Бірақ өмірі қолым шығып көрген емес, сірә, карта да сезетін болуы керек, іштартып ойнамағаннан кейін, көбінесе әмияным тез босап қалатын.
Сәкен аға карта ойнағанда кәдімгі қызылға түсетін бүркіттей қомданып, барлық ынта-шынтымен кірісіп, қағаздың түзу сызылғанын, қаламның жүрдектігін қалап отыратын. Карта сәл дұрыс үлестірілмесе, қалам жазбай қалса, жаңағы көтеріңкі көңілді алашұбар бұлт басып, мінезінің кіділігі ұшқын беретін.
Ағаның Жоғарғы Кеңеске сайлауға түсіп жатқан кезі еді. Біздің үйде бір жойқын ойынға куә болғаным бар. Атақты партизан жазушы Қасым Қайсенов, драматург жерлесіміз Құттыбек Баяндин, Сәкен аға – үшеуінің преферанс ойнап, таңды таңға ұластырғанын көрдім. Алғашқыда-ақ мені бақташы мінген бақа айғыр секілді айналымнан шығарып тастады. Сонда байқадым, бұл нағыз майдан, ие, қарусыз майдан екен. Ақылдың айқасы, қулықтың қақтығысы, көздің арбасуы, сөздің сілкілесуі - бәрі осында. «Прикуптың» астында Сүлеймен патшаның қисапсыз қазынасы жатқандай, жанарлары тесіп өтердей қос картаға қадалады. Сол кезде жетпістің желкесіндегі қарт партизан жау тылында жүргендей жан-жағына жіті қарап, картасын сығалап ашып, «мизер» ойнап, көбіне-көп қарсыластарының қарымын жаздырмайды. Сәкен көкем болса - соғыстың сойы, аламанның ақтаңгері. Құттыбек те оңай шағылатын жаңғақ емес, қадам басқан сайын қатаяды, жауар күндей күркіреп қояды. Осы үшеудің ұштасуы үш майданнан шыққан үш батырдың бірін-бірі шайнап тастар шайқасындай еді. Бір ерекшелігі - Сәкен көкем «майданнан» олжасыз шықпайтын, ұтқанда қарсыласынан бір тиынына дейін санап алмай, келесі партияны бастатқызбайтын.
Өмірінің соңғы жиырма жылдар бедерінде Тұманбай көкеммен «Кинг» ойнайтын. Бұл ойынға да мені үйретіп еді, тегі қонбайтын нәрсе қонбайды екен, әріптес жоқта болмаса, олар мені аса қыстамайтын. Осы ойынның кейбір сәттерін Сәкен сері жыр жолдарына да түсірді. «Карта ойнау кезіндегі Тұманбай көкеме мінездеме» деген өлеңінде:
Столыңды саусақпен сырт еткізе қатты ұрып,
қиғаш тастап картасын, қырын қарай лақтырып,
қолы жүріп бергенде күлмең қағып Тұмекең,
әндетеді-ау дейсің бір арғымақ жал ат мініп...
Айналымда келесі сап тиылып жаңағы ән,
Абыржып-ақ қалады әлгіндегі нән ағам!
Ойыны ғой картаның,
карта деген бұл итің,
кімнің ғана, Құдай-ау, көңіліне қараған.
Қойнына кеп кіргендей сиықсыздау бір кемпір,
Қалмайды енді ағамда әлгіндегі түрден түр.
Әлденені күбірлеп, күрмеле ме, қайтеді,
Қара тастың өзін де қиып түсіп жүрген тіл!
...Кезегімен картаңыз айналғанда тағы бір,
Тұмекеңнің қайтадан жанып беріп бағы –дүр.
Әндетсе де түнімен, әр кетсе де түрінен,
Ұтып шығар түбінде Сәкеніңді бәрібір!...
Тұмекең де қарымталап «Сәкенжан, карта ойнайық, карта ойнайық» деген тақырыпта өлең түзгені бар. Жалпы, бұл ойын үстінде ақындар бір-бірімен жақын араласатын, бірін-бірі терең тани түсетін, ең бастысы - әдебиет туралы, жекелеген қаламгерлер жөнінде де әңгіме кеңінен өрістейтін.
Міне, ақ айдынды Алакөлден шығып, алты Алашқа ақындығымен танылған мен білетін сері Сәкеннің сегіз қыры осындай.
Ахмет Кендірбекұлы
Abai.kz