Дала жыры
( толғау)
I.
Шаңы шығып шұбатылған жолыңмен,
Жортып келем ылдыйыңмен, өріңмен.
Айлы түнде күңіренген, құлаққа,
Үн келеді бабалардың көрінен.
Бақ пен соры қатар ұшқан сор далам,
Үн келеді... боз інген бе, боздаған?!
Ел басына естен кетпес күн туып,
Қасіреттен күйіп кете жаздаған.
Соның бәрі ұрпағыңның жадында,
Өзіңдікі тәнім, әрі жаным да.
Өмір сүрдім о, Ұлы Анам өзің деп,
Өзіңдікі... бағым менен, сорым да.
Тобылғың мен тораңғыңа жылынып,
Көрген жоқпын мен Өмірден түңіліп.
Тағдырыңды жыр етуге жетелеп,
келе жатыр мәңгі сөнбес жыр-үміт.
Күлік міндім күдеріден бау тағып,
Көк бөрідей көкке дауысым жар салып.
Ұрпағына үмітпенен қарасын,
Көрде жатқан Бабаларым тамсанып.
О, Ұлы анам,
сырласым, һәм, мұңдасым,
Сенен алдым сертке байлап жыр басын.
Ғарышқа да бәйге қосып жарысқан,
Бүкіл Әлем, Дала жырын тыңдасын!
II.
Қайран далам,
дархан далам,
кең далам!
Құшағыңнан сая тапқан мен балаң.
Жүрегімде шала жатыр жанбаған.
Жолым жатыр мен әлі де бармаған.
Асқар-асқар шыңдары бар паң далам,
Өркеш-өркеш құмдары бар маң далам.
Қойныңдағы қазылмаған кен болам.
Жазылмаған әфсанаң да мен болам.
Өзің барда мен кімдерден кем болам!
Бабалардың жүрегі һәм, тілегі,
Топырағыңның түйірі де киелі.
Кіндігімнен байланғамын талыңа,
Ажырамау үшін сенен бір елі.
Бір кездері Білге қаған тірі еді,
Күлтегіннің тулап тұрған жүрегі.
Кең төсіңе тастан сарай салдырған,
Арман-ойын тасқа жазып қалдырған.
Ұрпақ үшін күйінбеген бар ма адам?
Аманатын асылына жалғаған.
Ұрпақ үшін шаршаса да, талмаған.
Қыран көңіл қияларға самғаған.
Қорқыт баба қобызы боп сарнаған.
Ерлік пенен Елдік жолын таңдаған.
Көк сүңгімен сілтегенде ашынып,
Өрт боп келген дұшпан тірі қалмаған.
Жауың келіп жағаңа сан қол салды,
Соңдарынан шұбырынды жол қалды.
Қызылқұмың қызыл қанға малшынып,
Бастар жатты тұяқтарға жаншылып.
Арқалаған қанша арман, қанша үміт,
Жолдар жатты жотасынан шаң шығып.
Бүгінгі дос ертең қайта қастасып,
Қас болғандар, қайыра кеп достасып.
Тұрлауы жоқ алмағайып заманда,
Аш қасқырдай ұмтылды адам-адамға.
Ойын етіп қайырымсыз ажалды,
Сонысымен жеңді Қорқыт тажалды.
Көрден қорықпау керектігін ұқтырып,
Қарсы ал деді ажалды да тік тұрып.
«Есің болса өлемін деп жылама»,
деген екен Анахарсис ғұлама.
Өз ағасы – Скифтердің көсемі,
Жебесінен өмір оты өшеді.
Өлерінде сөз айтыпты көшелі:
«Менің жаным басқа әлемге көшеді.
Мен өлмеймін, Бақида өмір кешемін...»
деп ағасын кешіріпті деседі.
Бұл далада аңыздар бар мыңдаған,
(Дала жырын бесігімде тыңдағам).
Ұлы Бабам ақындықпен жырлаған,
Күні – өмір, көкжиегі мұң далам.
Ер Түріктің ерлігінің елесі,
Түсіме еніп, Рухымды шыңдаған.
Көне тарих бетіндегі ізбенен,
Ғұн елінің қағанатын іздегем.
Тәңірқұты Мөде маған сыр айтты,
Сыр айтты да тынысымды тыңайтты.
Былай депті қолбасшыға жауласқан:
«Жар сұрадың, бердім қимас жарымды,
мал сұрадың, бердім асыл малымды.
Өйткені олар өзімдікі, сондықтан
бейбіт елдің қанын төкпеу үшін де,
бердім саған сүйгенімді, барымды.
Жер сұрасаң...
жер сұрасаң ал егер...
Табанымның астындағы қара жер,
Менікі емес, Тәңірқұты болсам да.
Сол жер үшін отқа оранып жансам да.
Жан тапсырып, ахиретке барсам да.
Менікі емес.
Ол халқымның байлығы,
Бір сүйем де бере алмаймын...
Жер үшін,
соңғы адамым қалғанынша айқасам,
соңғы күшім таусылғанша шайқасам!..»
Бұдан өткен ерен ерлік бола ма!
Бұдан өткен көрегендік бола ма!
Ғасырлардың көші өткенмен арада,
Мәңгі өшпейтін із тастапты Санаға!
Мирас болған атадан жас балаға,
Не жетеді, не жетеді Далама!
Отаныңды Тәңірқұты тәрізді,
Сүю керек, күю керек жан аға!
Онсыз ерді адам деуге бола ма?!
Онсыз елде қасиет те қала ма!
Туған Жер мен туған Елің – бір ұғым,
Жүрегіңде сақта мәңгі тұнығын.
Жүрегіңде сақта мәңгі құлыным!
Сол екеуін көкірегіңде аяла,
Қажет болса, жаныңды да аяма!
Екеуінен айырылсаң, сол жанның,
Қажеті де бола ма?
Жерің үшін жаның болсын садаға!
Қайран далам,
тарлан далам,
боз далам!
Жүрегімде сағынышым маздаған.
Қойын-қоншың толған байлық...
Түп-түгел,
Маған тастап кеткен екен Әз-бабам!
Тұр-ан депті көне түркі жұртымыз,
(Көк Түрік-ті, ол кездегі ұлтымыз).
Афрасиаб – Алып Ер Тоңға басқарып,
Жортқан екен ер-тоқымын жастанып.
Иранменен неше ғасыр алысып,
Тұлпарының тұяғынан шаң ұшып.
Тұран жұртын паш етіпті баршаға,
Қара қарың, қара белің талса да,
Ғасыр жүгін көтеруден шаршама!
Дала жыры сыр күтеді қаншама?
Тұрандықтар жетті аман бүгінге,
(Берекеден белім енді бүгілме!)
Жыр төгейін нәрлі Ана тілімде!
Көне шежіре жетегіне үңілсем,
Тас жазулар тағдырына жүгінсем,
Сол тамырдан өндің дейді бүгін сен!
Ұшар шыңы Көк аспанмен жарасқан,
Барар жерім Көкше теңіз, Қараспан.
Көкте Тәңір, Жерде Ұмай таласқан.
Сол заманда жаралыппын Алаштан.
Сахарада Күлік мінген мен екем,
Көк теңіздей толқып жатты берекем!
Аяқ астым қазыналы кен екен.
Жағам алтын, ал, күмістен жең екен.
Далам дархан, дастарханым кең екен.
Арыстандай теңдік сұрап ақырып,
Дұшпаныма жолбарыстай атылып,
Кетеді екем келіспесе жапырып.
Көк Түрікті сахараның серісі,
Ғайыптан кеп сап ететін перісі,-
деп біліпті бейбіт күнде ел іші.
Қобыз тартып күңірентіп даланы,
Жазады екен жүректегі жараны.
Домбыраның шанағынан күй тулап,
Басады екен арындап сай-саланы.
Қыз дауысты сыбызғыдан сыр тыңдап,
Қызды ауылда жігіт жүрер қылтыңдап.
Жастардың бал-шекермен тең сезімін,
Жеке-дара көкте ай мен түн тыңдап,
Бәйге тігіп, жүйірікпен жарысып,
Сайын дала жататын-ды бал ішіп.
Палуандар арыстандай алысып,
Атан жілік, қара күштен майысып,
Қарыс сүйем қабырғалар қайысып,
Тас үгітер алақандар қарысып,
Жататын-ды боз кілемнің шаңы ұшып.
Айтыс деген қазақтардың айбыны,
Ұмыттырар қан жұттырған қайғыны.
Ақындарың аузын айға білейді,
Түйдек-түйдек сөз түкірген қай күні.
Қоңыр ағаш домбырасын сабалап,
Арғы-бергі Алаш жұртын саралап.
Асылдарын айдар тағып даралап.
Жасықтарын жорта қайрап қаралап.
Жыр төккенде қос ішекті сабалап,
Құйқылжиды құлан жортқан бар алап.
Қыз-жігітке жараспай ма перілік,
Ойын-сауық желпілдетіп, желігіп.
Еліктіріп салқам сал мен серілік,
Өзегінде ойнақ салып өр үміт,
Сұлу тұрса кермаралдай керіліп,
«Екі аяғын бір басуға ерініп».
Жігіт жүрер келіп-кетіп, көрініп.
Қыз ән салса күміс әуен төгіліп,
Жұрт тыңдайды жан-тәнімен беріліп.
Алты Алаштың әрбір күні осындай,
Сөз сөйлейді шешен тілмен тосылмай.
Ақ жүрекпен келсең – қимас досыңдай,
Арамдықпен ара-жолы қосылмай,
Боз даланың еркін өскен төсінде,
Алаш жұрты жыр тыңдайды кешінде.
Қобыланды, Қыз Жібек пен Ер Тарғын,
Ер Төстігі жас-кәрінің есінде.
Баласына, құлын мінген күн ұзын,
Жырмен құяр тәрбиенің уызын.
Іше отырып толғап сары қымызын,
Аңыз айтар кейі қысқа, кейі ұзын.
Астау толы қазы менен қартасы,
Қыза түсер әзілменен ортасы.
Әзіл-айтыс, бәдік-айтыс бәрі бар,
Тола түсер «тіл-төренің» қалтасы.
Алаш жұрты ата сөзін сыйлаған,
Сары алтындай жауһарларын жинаған.
Жасына емес, жаққа қарап, сөйлесе,
Аталы сөз айтар болса топ жарып,
Алты жасар баланы да тыңдаған.
Мұз тауынан мұнар көшкен мұң далам,
Мұң даламда ізі жатыр Шыңғыстың,
Тағдыр өзі тасқа ұрып шыңдаған.
Бейбарыстың жебесіндей сынбаған,
Түркі жұрты – сайын далам, құм далам.
Қыран едім қиындықтан қыңбаған,
Құлан едім құба-дала шыңдаған!
Жылан едім айбаты есті шырмаған,
Құлан-далам, жылан-далам, құм далам,
Құйының боп құладүзде жынданам!!
III.
Жерде Ұмай, көкте Тәңір жарлығы,
Құзырына алған жансыз-жандыны.
Көне Тұран Даласының төрінде,
Туын тікті енді Қазақ хандығы.
Жәнібек, Керей сұлтандарым, арысым,
Қара қазан, сары баланың қамы үшін,
Атқа қонды отқа қайрап намысын!
Аталардың ақ сақалын жас жуып –
Тұран жұртын сақтап қалу – басты үміт.
Қазақия сол арманның бастауы,
Көк Түрікке көз алартқан қас жауы.
Қасындағы бауырына қас қылып,
Жүргендер көп қойынына тас тығып.
О, боз далам, таусылмаған арманы,
Күндер өтті құлазыған тарланы.
Жау табанын бастырмайын деп едім,
Жан сарайын аштырмайын деп едім,
Қан сасыған етігімен есердің,
Бал бұлақты кештірмейін деп едім,
Құба талды кестірмейін деп едім.
Қара бұлт торлағанда күнімді,
Қара дауыл тұншықтырып үнімді,
Қара тұлпар астымдағы сүрінді,
Қараорманым сынбаса да бүлінді.
Алты Алаш бір Алаштан тумап па ек,
Белімізді боз жусанмен бумап па ек.
Сұм саясат шерге салды шырмап көп.
Аярлыққа құлақ асып тыңдап па ек?!
Жаралғаным рас болса асылдан,
Үш кессең де, кесірткіге бас ұрман!
Табыл Алаш, табыл досым қасымнан!
Жауларыма бас ие алман басынған.
О, боз Далам, жебе сыйла жасыннан!
Жоңғарлардың зәре-құтын қашырған.
Сақпан сыйла, оқ жаудырар тасымнан,
Тасын борат тауларымның ашынған.
Оқ пен оттан мың өліп, мың тірілдім,
Өзегі сол менің өлмес жырымның.
Күйіп кетіп, күлден қайта жаралған,
Қасиетті феникстің бірімін –
Өйткені мен өлген жоқпын, тірімін!
Кешегі Алаш арыстары қасқайып,
Айтып өткен өлмес Дала жырымын!
Абылаймын басын қосқан Үш Жүздің.
Ынтымақ пен Бірлікте деп күш біздің!
Төле, Қазыбек, Әйтекенің тілімін,
Бұхар сынды абыздардың жырымын!
Қабанбай мен Бөгенбай Һәм Наурызбай,
Ерлігінің ескірмейтін сырымын.
Өткенімнен алған өлмес тағылым,
Қайнап тұрған мен Қазақтың қанымын,
Ахмет пен Әлиханның, Мағжанның,
Кеудесінде жалындаған жанымын!
Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер аңсаған,
Арайлаған Алаштың ақ таңымын!
Шындық іздеп өрге тартқан даңғылмын,
Құрманғазы, Сүйінбайлар жалғасы,
Құланаяң Құлманбетпін, Жамбылмын!
Мейірленіп күн иіскеген тұлымын,
Қасиетті Қазақтың бір ұлымын!
Бопсалау мен бодандыққа төзбегем,
Өзімдікі болды енді өз денем.
Тәуелсіздік таңын көрдім көзбенен.
Сол әсерді айту қиын сөзбенен...
Бодандықтың талқан етіп қамытын,
Еркіндікке жетті қазақ көздеген.
Өтеуіне осы айтқанның бәрінің,
Бостандықты баянды еткей Тәңірім!
Ерлеріміз барша Әлемнен дос тауып,
Жаны дархан Қазақ Елін басқарып,
Білімменен ғарышқа асып санамыз,
Жаңа Ғасыр жырын шырқап Даламыз,
Болашаққа жортып кетіп барамыз!
IV.
Ұлылардың мекені, Аңыз-далам,
Төле, Қазыбек, Әйтеке – абыз бабам!
Солардың көмейінен бізге жеткен,
өнегеден өмірлік маңызды алам!
Ерлік жырын маздатқан Бұхар-далам,
Тілмен жауын жаныштап, бұтарлаған.
Абылайдың ақ туын аспандатып,
Көмекей-әулиенің құты арбаған.
Осылайша ұйытып бірлікке елді,
Қансыраған жүрекке тірлік берді.
Пірлер қолдап, әруақ оянған соң,
Тоз-тоз болып дұшпаны дүрліккен-ді.
Ақиқатты аңсаған Абай-далам,
«Сөз патшасына» өзіңсіз қалай барам?!
Төбе-төбе, төбе боп жатыр әне,
Дүние үшін таласқан талай надан.
Жырлап жатқан көсіліп Жамбыл-далам,
Күмбірлейді күмбездер сан мыңдаған.
Жүрегімнің қанына қалам малып,
Ғұсни-сырын жанымның жаздым саған.
Рухыңмен жебей гөр ақын ұлды,
Келе жатыр арқаға артып мұңды.
Өзегіңді қақ жарып туғаннан соң,
Көрер дейсің өзіңнен артық кімді.
Көбе бұзар көк сүңгі – қаламымнан,
Қан емес, жыр төгілер сағағынан.
Боз даланы боздатып айлы түнде,
Көкбөріге қосылып саламын ән.
жырдың соңы
Ислам-Ғали Үркімбайұлы,
ақын, Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі.
Abai.kz