Күрделі тілдік бірліктердің таңбалану ерекшелігі туралы берер сөз
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен 11 маусым күні өтетін «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты республикалық конференцияның басты мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі емле ережелерінің Тұжырымдамасын нақтылау.
Сол арқылы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің орфографиялық ережелерін енгізуге, оларды апробациядан өткізу шаралына ғылыми негіздер жасау болып табылады.
Конференция қарасаңында Abai.kz оқырмандары назарына Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық және әдістемелік жұмыс топтарының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Алмагүл Хабиеваның мақаласын ұсынып отырмыз.
ТАҢБАЛАНУ ЕРЕКШЕЛІГІ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ
Елде, қоғам өмірінде болып жатқан ғылыми-техникалық, әлеуметтік, мәдени-рухани жаңғыру мен өзгерістер ұлт тілі сөздік қорының баюына, терминологиялық жүйесінің жаңаруына, сөздердің формалық және мазмұндық өзгеріске ұшырауына септігін тигізбей қойматыны сөзсіз. Бұл өз кезегінде тілімізде кеңінен қолданылатын күрделі сөздердің таңбалану мәселесін де өзектей түседі. Қазақ тіл білімінде сөздерді бірге, бөлек, дефис арқылы тұлғалау мәселесіне арналған еңбектердің, жазу нормасын тұрақтандыратын орфографиялық сөздіктің бірнеше басылымы жарық көргенімен, баспасөз беттерінде, энциклопедиялық, терминологиялық басылымдарда, оқу құралдары мен оқулықтарда т.б. кездесетін ала-құлалық аталмыш мәселенің шешімін таппай келе жатқанын көрсетеді. Бұған, бір жағынан, тілдік және тілдік емес түрткіжайттарға байланысты тілімізде орын алып тұратын фонетикалық, грамматикалық және семантикалық өзгерістердің дер кезінде нормативтік сөздіктерден көрініс таппауы себеп болса (академиялық орфографиялық, терминологиялық сөздіктер арасына 5-10 жыл салып, өңделіп шығатыны белгілі), екінші жағынан, бір том орфографиялық сөздікке тіліміздегі барлық термин сөздерді, этнографиялық атауларды, диалект сөздерді, тұрақты тіркестерді т.б. толықтай қамту мүмкін емес екені анық. Сондықтан да қазақ жазуын латынграфикалы жаңа әліпбиге көшіру науқанына байланысты қайта өңделіп, толықтырылып шығатын орфографиялық, терминологиялық, түсіндірме т.б. сөздіктерді дайындау барысында реестрде берілетін сөздердің этнографиялық, терминдік мағынасын да мейлінше ескеріп, көрсетіп отыру маңызды болмақ.
Мысалы, 2014 жылы ауылшаруашылық саласы бойынша шыққан терминологиялық сөздікте «бескильница гигантская» деген тілдік бірлік үлкен ақ мамық деп аударылып, үш лексемамен таңбаланғанын көреміз. Бұл жерде ақ мамық тіркесінің алдыңғы сыңары «Ай астында ақ мамық // Жатыр суды жастанып» (Аққу) немесе «Семейдің орталық көшелері теректен ұшқан ақ мамыққа оранды» (http://www.ktk.kz/kz/news/video/2016/05/30/69732) деген сөйлемдердегідей анықтауыштық мәнде берілмегені анық. Сондықтан да терминологиялық сөздіктегі ақ мамық лексемасы астық тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін өсімдік атауын білдіріп, бір ұғымды танытатын денотат ретінде бірге жазылуы тиіс деп есептейміз.
Қолданылу орнына қарай бірде бірге, бірде бөлек жазылатын осы іспеттес сөздердің таңбалануы іс жүзінде үнемі ескеріліп отырылуы маңызды: ақ желкен (кеменің ақ түс матадан жасалған желкені) / ақжелкен (өсімдік атауы); ақ тамақ (поэтикалық қолданыс) / ақтамақ (өсімдік атауы); ақ боз ат (ағы басым түсті жылқы) / Ақбозат (астрономиялық термин); ақ лақ (ешкінің ақ түсті төлі) / ақлақ (тағам атауы); қара көл («терең көл» мағынасындағы сөз тіркесі) / қаракөл (қой тұқымы); қара өлең (әдебиеттану термині) / қараөлең (өсімдік атауы); тана көз (мөлдіреген дөңгелек көз) / танакөз (өсімдік атауы) және т.б.
Сондай-ақ қазіргі «Орфографиялық сөздік» (2013 ж.) бойынша бөлек жазылып жүрген «бас тарту» сөзі де жұмсалу мағынасына қарай екі түрлі тұлғада – босаралық және босаралықсыз графемалар негізінде таңбалануы тиіс деп ойлаймыз. Нақты айтқанда, «сойылған малдың басын шақырылған қонаққа, сыйлы адамға кәделі мүше ретінде тарту» мағынасындағы бас тарту тілдік бірлігі сөз тіркесі ретінде бөлек жазылса, «қабылдамау, келіспеу» мәніндегі бастарту лексемасы біріккен сөз ретінде бірге тұлғалану қажет. Бұл, біріншіден, оның бір ұғымды танытып, бір деммен айтылу ерекшелігімен түсіндірілсе, екіншіден, тіліміздегі «басқосу», «бассалу», «баскөтеру», «басбайлау» сөзжасамдық моделіне сәйкес бірігуге қабілетті лексема болып табылады. Осы орайда аталмыш тілдік бірлікті: «... атаудың фраза, идиома негізінде шығуынан, тілдегі атау болуға сұранып тұрған тұрақты тіркестерді біріктіріп, сөздік бірлік етуден ‘қашудың’ реті жоқ деп ойлаймыз» [1, 313-б.], – деген ғалым Қ.Күдеринованың пікірін қуаттай түсетін мысал ретінде тануға болады.
Алдағы уақытта жаңартылып шығатын түсіндірме, орфографиялық, терминологиялық т.б. сөздіктерде беретін мағынасына қарай тілдік бірліктің таңбалануын нақтылап, жақша ішінде көрсетілетін түсіндірме белгілерін толықтай қамтып, тұлғалануын біріздендіру ісін қолға алу қажеттілігі байқалады. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал ретінде кестеде берілген тілдік бірліктердің жазылуына назар аударсақ, бір сөздің әртүрлі дереккөзде босаралық, босаралықсыз және қосаралық графемалар негізінде таңбаланып жүргенін көреміз.
Лексема | Қазақ әдеби тілінің сөздігі (2011 ж.) | Орфограф. сөздік
(2013 ж.) |
Терминол.
сөздік (2014 ж.) |
«Kitap.kz»
электрон. кітап- ханасы |
«Emle.kz» онлайн сөздігі |
АҚ ОРДА / АҚОРДА | бөлек | бірге | бөлек | бөлек | бірге |
АЛҒЫ СӨЗ / АЛҒЫСӨЗ | бөлек | бөлек | бірге | бөлек | бөлек |
БАС СҮЙЕК / БАССҮЙЕК | бөлек | бөлек | бірге | бөлек | бөлек |
ЖЕЛ ДИІРМЕН / ЖЕЛДИІРМЕН | бірге | бірге | бөлек | бөлек | бірге |
ҚАРА ТОПЫРАҚ / ҚАРАТОПЫРАҚ | бірге | бірге | бөлек | бөлек | бірге |
ҚҰС БАЗАРЫ / ҚҰСБАЗАР | бөлек | бірге | бөлек | бөлек | бірге |
ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ НЕСИЕ / ҚЫСҚАМЕРЗІМДІ НЕСИЕ | бөлек | бірге | бөлек | бөлек | бірге |
СУ АЙДЫНЫ /
СУАЙДЫН |
бірге | --- | бөлек | бірге | бөлек |
ІС-ӘРЕКЕТ / ІСӘРЕКЕТ | дефис | дефис | бірге | дефис | дефис |
Мысалы, жоғарыда көрсетілгендей, Ақ орда лексемасы 2011 жылы жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде», 2014 жылы тарих саласы бойынша шыққан терминологиялық сөздікте, «Kitap.kz» электрондық ашық кітапханасында, қазақша-орысша, орысша-қазақша «Sozdik.kz» онлайн сөздігінде Ақ орда (тар.) тұлғасында бөлек жазылса, 2013 ж. жарияланған «Орфографиялық сөздікте», «Emle.kz» электрондық базасында Ақорда (тар.) тұрпатында бірге таңбаланған.
Біздің ойымызша, жазба тілімізде аталмыш лексеманың көрсетілген екі тұлғасы да қолданыс табуы қажет, ал оның тұрпат межесі мазмұн межесіне қарай айқындалады. Нақты айтқанда, ақ орда лексемасы:
«Ай тұяқ мал шалады,
Қолын қанға малады.
Еңірей жылап екеуі
Мойнына бұршақ салады.
Ақ ордасын жықты да
Атанға артып алады» (К.Әзірбаев, Таңдамалы шығармалар), –деп келетін өлең жолындағыдай «бай, ауқатты адамдардың еңселі, салтанатты үйі» (Қазақ әдеби тілінің сөздігі, 2011) мағынасында жұмсалып, немесе: «Ақ Орданың отырықшы аудандарында жерді шартты түрде иелену мен жеке меншіктің түрлері қалыптасты» (Уикипеди ашық энциклопедиясы) сөйлеміндегідей орта ғасырдағы түркі тайпаларының мемлекеттік одағын танытатын тарихи термин ретінде қолданылса, бөлек жазылуы тиіс. Ал Қазақстан Республикасы Президенті резиденциясының және ресми сайтының атауы ретінде Ақорда тұлғасында бірге жазылу керек.
Ғалым Қ.Күдеринова «Қазақ жазуының теориялық негіздері» атты еңбегінде: «Жалпы, сөздің бөлек, бірге таңбалануын тілдік бірліктің құрылымдық (статикалық) қалпы мен жұмсалымдық қызметі негізінде қарау керек сияқты. Орфографиялық сөздік реестрі мен ұясында қамтылған бірліктер жалаң единица ретінде өзін-өзі анықтау үшін бөлек таңбалауды қажетсінеді. Ол, әсіресе бір денотатқа байлаулы шектеулі тіркестердің орфограммасын кодификациялағанда айқын көрінеді. Мысалы, азу тіс, күрек тіс, бет сүйек, бас сүйек, жақ сүйек деген статикалық сипаттағы бірліктер бөлек таңбалану арқылы өзара ерекшеліктері бар «тіс», «сүйек» айырмашылықтарын көрсетеді. Ал аталған тіркестер сөйлем аясында, динамикада жұмсалғанда тұтас тілдік таңба ретінде жұмсалады. Міне, сондықтан емле сөздігі бөлек нормаланған сөздер көбіне жұмсалымдық қызметте таңбасы өзгеріп (бірге жазылып), қайшылық туады» [1, 311-б.], – деген пікір білдіреді.
Расында да, жазу барысында тілдік қызметі мен жұмсалымдық қызметі сәйкес келмейтін тілдік бірліктердің бар екенін аңғаруға болады. Мысалы, қазіргі «Орфографиялық сөздік» (2013 ж.) бойынша бөлек жазылып жүрген бұлшық ет, жақ сүйек, бас сүйек, алғы сөз, киіз үй т.с.с. сөздер анықтағыш-анықталғыш қатынастағы тілдік бірліктер дегеннен гөрі, аталым дәрежесіне жеткен денотат-лексемалар ретінде танылуы қажет деп ойлаймыз. Сондықтан да филол. ғылым. докторы Қ.Күдеринованың: «Бір денотаттың атауы болатын, аталым дәрежесіне жеткен, сөзжасамдық процесіне араласатын, тілдік санада тұтас бейнеленген, синтагмалық контексте емес, парадигмалық жүйеде дайын тұратын құрама сөздер бірге жазылуы тиіс» [1, 311-б.], – деген тұжырымын құптай келе, жоғарыда аталған бұлшықет (мышцы), жақсүйек (челюсть), бассүйек (череп), алғысөз (предисловие), киізүй (юрта) т.с.с. тілдік бірліктерді біріккен сөздер ретінде таңбалаған жөн деп санаймыз.
Бұл жерде есте ұстайтын нәрсе: анықталатын-анықтайтын қатынастығы сөз тіркестері ретінде танылып жүрген тілдік бірліктерді біріктіріп жазу үшін, олардың, біріншіден, бір ұғымды танытуы, екіншіден, денотаттың атауы ретінде жиі қолданылуы ескерілу керек. Мысалы, беторамал, бірақ майлық орамал, сулық орамал, шаршы орамал, кестелі орамал немесе алғысөз, бірақ соңғы сөз, қос сөз, төл сөз, көркем сөз, басалқа сөз т.б. Үшіншіден, күрделі сөз сыңарларының өзара денотат (Д), коннотат (К) дәрежесіндегі қатынасы да маңызды белгілерінің бірі ретінде басшылыққа алыну қажет деп есептейміз.
Мысалы, ақ аю лексемасы жыртқыш сүтқоректі жануар атауын білдіретін толық мағыналы сөз болып табылғанымен, тілтанымдық тұрғыдан сыңарлары Д1Д1 қатынастағы күрделі сөз моделін танытады. Осы іспеттес: қоңыр аю (Д1Д1), қара аю (Д1Д1), ақтөсті аю (Д1Д1), ерінді аю (Д2Д1), көзілдірікті аю (Д2Д1) т.б. Ал, мысалы, бөкендер туысына жататын түз жануары – ақбөкен атауын қарастыратын болсақ, аталмыш лексема сыңарлары К1Д1 қатынастағы күрделі сөз моделін береді. Ақбөкен тілдік бірлігі құрамындағы ақ компоненті «тез», «жылдам», «шапшаң», «жүйрік» семаларын қамтиды.
Осымен байланысты: «... семалар экстралингвистикалық мәннен (Д1) алшақтап (Д2К2) және одан қол үзген сайын (К2) екі құрамды күрделі есім сөздерді бірге жазу үрдісі күшейе түседі» [2, 148-б.], – деген ғалым Н.Уәли тұжырымының өзектеле түсетінін көреміз. Мысалы: шоқ ағаш (Д2Д1) және мамаағаш (К2Д1); сұйық май (Д1Д1) және сарымай (К1Д1) т.б.
Күрделі сөздердің бөлек және бірге жазылуы сыңарлар мағынасының лексика-семантикалық байланысқа түсуімен қатар, фонетикалық, грамматикалық түрткіжайттардың әсерінен де жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан да алдағы уақытта өңделіп шығатын нормативтік сөздіктердегі күрделі сөздердің таңбалану белгі-ерекшеліктерін мейлінше ескеру – жазу нормасын тұрақтандыру, сөздердің әртүрлі дереккөзде берілу тұлғасын біріздендіру, сауатты жазу дағдысын қалыптастыру ісінде маңызды болмақ. Сонда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған латын әліпбиіне көшу мәселесі жедел іске асатын болады.
Алмагүл Хабиева, филология ғылымдарының кандидаты
Abai.kz