Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық-қанығы 13441 1 пікір 18 Мамыр, 2018 сағат 13:52

Демографиялық саясат қай мемлекет үшін де өте маңызды

2018 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша, Қазақстанда халық саны 18 млн 232 адамды құрады, - деп хабарлайды «Abai.kz» ақпараттық порталы.

Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 238,5  мың адамға немесе 1,3 процентке көп, деп хабарлайды ҚР ҰЭМ Статистика комитеті.

Қала тұрғындарының саны 10 млн 492,2 мың адамды немесе жалпы халықтың 57,5 процентін құраса, ауылдық жерде тұратын адамдар саны 7 млн 739,8 мың адамға жетті. Бұл, ел халқының 42,5 проценті. Биыл қаңтар-сәуір аралығында республикада 1 жасқа дейінгі 1095 сәби шетінеген (былтыр - 1054).

Бұл, былтырғыдан 3,9 процентке көп. 2018 жылдың төрт айында сәбилердің шетінеуі жаңа туған 1000 нәрестеге (8,68) шаққанда 8,81 жағдайды құрап отыр. 2018 жылдың қаңтар-сәуірінде 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Қазақстанға келушілер саны 25,1 процентке азайып, Қазақстаннан кеткен адамдар саны 20,8 процентке артқан.

Негізгі миграциялық алмасу ТМД елдерімен болып отыр. ТМД елдеріне келгендер мен кеткендердің саны сәйкесінше 77,3 және 88,8 процентті құрайды. Ел ішінде көшіп-қонушылар саны 24,9 процентке азайды. Өңіраралық көшіп-қонудың оң сальдосы елдің төрт өңіріне - Алматы (12 013 адам) және Астана (3699 адам), Маңғыстау (48 адам) және Ақмола (39 адам) облыстарына тиесілі.

Айта кетейік, Қазақстан статистика комитетінің Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің соңғы деректері бойынша, Халық 2016 жылғы 1 мамырға 17 миллион 753 мың 200-ді көрсеткен.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан мемлекеті, басшылығы медицинаны басты назарда ұстап келеді. Бірнеше мемлекеттік бағдарлама қабылданып, толығымен іске асырылды. «100 мектеп, 100 аурухана», «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» бағдарламалары бар. Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде Қазақстан халқының орташа өмір сүру жасы 72-ге жетті, халық саны 18 миллионнан асты. Қазақстанда дүниежүзілік стандартқа сай ауруханалар мен емханалар салынып, ғалымдары, дәрігерлері әлемнің үздік емдеу орталықтарында білім алып, еңбек жолын елімізде жалғастырып жатыр.

Демографиялық саясат қай мемлекет үшін де өте маңызды. Өйткені мемлекеттің ең басты байлығы – адам. Ал бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан қаншалықты бай? Алдағы 5 жыл ішінде халық санын 2,5 миллионға арттыру қолдан келер ме екен? Дәл осы мақсатта ел Президенті қойған міндет-меже  баяу болса да жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Кезінде тәуелсіздік алған тұста,  1991-1995 жылдары Қазақстаннан 3,5 миллион халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 миллионға дейін түскен. Қазіргі уақытта қайта қалпымызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 миллионнан астам қандастарымыз сырттан келді», – деген болатын. Расында да, ата-бабамыз аңсап өткен егемендікке қол жеткізгеннен кейін миллиондаған қандастарымыз тарихи отанына қайта оралып, демографиялық ахуалдың ілгерілеуіне ықпал етті. 1999-2009 жылдар аралығында сыртқы көші-қон үдерісінде бетбұрыс байқалып, елге келушілердің саны одан тысқары кетушілерге қарағанда көбейді. Он жыл ішінде тарихи отанына, негізінен ТМД елдерінен, Қытай, Моңғолия, Түркия мен Ираннан ресми статистикалық дерек бойынша 650 мыңнан астам адам оралыпты. Сондай-ақ, Қазақстанның тұрғылықты халқы да өсіп-өне бастады. Бүгінде республикадағы өлім-жітімге қарағанда туу көрсеткіші жоғары.

Ерғали Берікұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485