Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 1760 0 пікір 12 Маусым, 2009 сағат 11:29

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ. Қамыттан бiржола құтылудың жолы

Украина Ресейдi күшпен емес, заңмен ойландырмақ

Егемендiгiне қол жеткiзген кез келген мемлекет қандай iсте болсын, өз мүддесiнiң биiк тұрғанын қалайды. Сол жолда ұлтының болашағына қажеттi саяси шешiмдер қабылдап, ақырғы демi үзiлгенше мемлекеттiк тiлдiң үстемдiк алуы үшiн қажыр-қайраты мен күш-жiгерiн салып бағады. Бұған мысалды алыстан iздемей-ақ, өзiмiз тектес кеңестiк бұғаудан өз еркiмен сытылып шыққан Белоруссия мен Украина мемлекетiн алайықшы.

Украина Ресейдi күшпен емес, заңмен ойландырмақ

Егемендiгiне қол жеткiзген кез келген мемлекет қандай iсте болсын, өз мүддесiнiң биiк тұрғанын қалайды. Сол жолда ұлтының болашағына қажеттi саяси шешiмдер қабылдап, ақырғы демi үзiлгенше мемлекеттiк тiлдiң үстемдiк алуы үшiн қажыр-қайраты мен күш-жiгерiн салып бағады. Бұған мысалды алыстан iздемей-ақ, өзiмiз тектес кеңестiк бұғаудан өз еркiмен сытылып шыққан Белоруссия мен Украина мемлекетiн алайықшы.
Естерiңiзде болса, бұл екi мемлекет жақында өз аумағында хабар тарататын ресейлiк телеарналарға тыйым салған болатын. Себебi, “БАҚ туралы” жаңа заңға сәйкес, Ресей жағы бұл мемлекеттердiң қойып отырған талаптарын орындауға мiндеттi. Соның бiрi — жаңа заң күшiне мiнгеннен бастап кабельдiк және спутниктiк жүйе арқылы әрбiр украин мен белорустiң үйiнiң төрiнен орын алатын ресейлiк телекомпаниялар қайтадан тiркеуден өтуi тиiс. Алайда, “көп қорқытады” саясатын ұстанған ресейлiктер кеше ғана өзiнiң қоластында әмiрiне бағындырып отырған мемлекеттiң бұл әрекетiн шыбын шаққандай көрмеген сияқты. Бұған Белоруссия мен Украина билiгiнiң мұрты да қисайған жоқ. Керiсiнше, қолын мезгiлiнен кеш сермеген ресейлiк тарап абоненттiк төлем мен жарнамадан түсетiн қыруар қаржыдан қағылды. Бiрақ мұндайда опық жеп, бармағын тiстеген Ресей жағы қол қусырып қарап қалсын ба? Олар жергiлiктi ақпарат құралдары арқылы Украина билiгiнiң бұл әрекетiне “мәдени геноцид” деген баға бердi. Сiрә, өзiн алыптардың қатарына қосатын Ресей мұндай басынуды қорлық санады ма, әйтеуiр ұлтшыл патриоттары жан-жақтан ақпараттық тойтарыс беруге кiрiстi. Мәселен, “Аргументы и факты” басылымына сұхбат берген ТМД мемлекеттерi институтының өкiлi Кирилл Фролов мұны бiрауыздан “ресейлiк қадамға қарсы әрекет” және “ақпарат алу еркiндiгiнде азамат құқығының бұзылуы” дей келе, мұның бiр ғана зауалды жауабы бар, егер Украина президентi Ющенкосыз оянса, Украинаға да, бiзге де өте жақсы болар едi деп ойлаймын” деп көлгiрсидi. Ал, “Русская служба новостей”-дiң бас редакторы Сергей Доренко: “Ресейлiк телеарналарды трансляциялауға тыйым салуды — демократиялық баспалдаққа жатқызуға болмас. Украиндiк билiк ресейлiк телеарналардың өз саясатына ықпал етуiнен қорқады. Әлбетте, осы саясаттың құрбаны — телеарна болып отыр” десе, блогшылар теледидарды жөнге салу саясатын алдағы Украинада өтетiн сайлаумен байланыстырады. Мұның бәрi Ющенконы билiкте ұстап тұру үшiн жасалып отырған шаруа деген болжамын ұсынады. Бiрақ, телерадио хабарын тарату Ұлттық кеңесi жұрт не десе, о десiн, “Первый канал” төңiрегiндегi даудың саясатқа түк қатысы жоқ деп кесiп айтты. Ұлттық кеңестiң өкiлi Владислав Лясовский “Взгляд” газетiне берген сұхбатында: “Бiз “Первый каналға” соңғы ескерту жасадық. Егер қаперiне алмаса, кесiп тастаймыз. Бар болғаны — 1-маусымға дейiн хабар тарату жүйесiн украиндық талапқа сәйкестендiруi қажет” дейдi. Оның сөзiне қарағанда, ресейлiк “Первый каналға” 2008 жылдың қазан айында да ескерту жасалыпты. Ол кезде эротикалық сипаттағы бағдарлама мен ашық-шашық киiнген ток-шоуларға, сондай-ақ жарнамаға нүкте қоймақ ниет танытқан. Осыдан кейiн “Первый канал” қажеттi шараларды қабылдауға уәде берiп, уақытша рұқсат алған болатын. Одан берi жарты жылдай уақыт өтсе де, телеарна жергiлiктi билiктiң заңнамаларына сәйкес, хабар тарату кестесiн ретке келтiруге ешқашан асықпаған көрiнедi. Ал бұл мiндеттен оңай құтылғысы келетiн Ресейдiң Сыртқы iстер министрi Сергей Лавров: “Ресейлiк телеарналардың Украина аумағында хабар таратуына қалай да қол жеткiземiз. Және кез келген БАҚ-тан оңай жолмен ақпарат алуға мүмкiндiгi бар орыстiлдi тұрғындардың құқығын қорғауға тырысамыз” деген мәлiмдеме жасады.
Бұл пiкiрлерге қарағанда, Ресей Украина мен Белоруссия мемлекетiнiң заңнамалық құжаттарына мұрнын шүйiре қарайтын сияқты. Қандай мәселе болсын, оның астарында “Маған не iстей аласың сен?” деген өркөкiректiк пен әсiре тоңмойынсыну қылаң бередi. Неге Ресей кеңестiк кезеңде уысында ұстаған мемлекеттерге күнi бүгiн де билiгiн жүргiзуге бейiм? Дербес тәуелсiздiгiн алып, жеке туын тiккен посткеңестiк мемлекеттер бұған қашанғы көне берсiн? Таяуда ғана Белоруссия президентi Лукашенконың ел аумағында ресейлiк бес телеарнаның хабар таратуына тыйым салған қадамын “шыдамның да шегi бар” деп түсiнуге болатын шығар. Соның өзiнде де шындықтың ауылына жуымайтын алабөтен пiкiрлер мен бұлтартпас болжаулар айтылды. Оның бiр парасы — Лукашенко өзi туралы берiлген бағдарламадағы сомдалған портретiне қатты ызаланды дегенге саяды. Алайда, бұл хабардың мемлекет саясатына үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын түсiндiрген белорустiк билiк ресейлiк телекомпаниялардың белден басып, заңға бағынбай отырғандығын ашып айтты. “БАҚ туралы” жаңа заңға сәйкес, ел аумағында трансляция арқылы хабарын тарататын телекомпаниялар арнайы тiркеуден өтiп, межеленген уақыт iшiнде өз есептерiн беруi тиiс. Оған көнбедiң екен, бiржола кесiп тастауға құқығы бар.
Бәлкiм, Ресей әлi күнге содырлы саясаттың тiзгiнiн мықтап ұстанған кезiн елестетедi ме екен, әлгiндей тiзе батырып, доқ көрсеткен дөрекi жауапкерсiздiгiн бiр Украина мен Белоруссияға ғана емес, ТМД мемлекеттерiне де жасайтын көрiнедi. Экономикасы сын көтермейтiн, әлеуметтiк жағдайы мәз емес Тәжiкстанның өзi мұндай бассыздыққа шыдамайтынын iспен дәлелдедi. Қашан да өз шешiмiне мығым тәжiкстандық билiк “РТР-Планета” телеарнасын трансляциялауға байланысты ВГТРК-мен жасалған келiсiм-шартты бұзған-ды. Телевидение және радио мемлекеттiк комитетiнiң бастығы Асадулло Рахмоновтың айтуынша, ВГТРК жетекшiлiгi 2008 жылғы қарызды өтеуден бiржола бас тартқан. Бас-аяғы 7 миллион АҚШ долларын өтеуге тиiс ресейлiк тарап мiз бақпастан келiсiм-шартты 2010 жылдың мамыр айында қарастыратынын айтып, сендiрiптi. Электр қуатының тапшылығын сезiне бастаған жергiлiктi билiк техникалық қызмет көрсету және абоненттiк тарифтiң құнына еселеп қаржы қосқан кезде 2009 жылғы келiсiм-шартқа қол қоюға дайын екендiгiн жеткiзген ВГТРК сөзiнен тайқып шыққан.

 

 

20 МЫҢ ОРЫС МЕКТЕБIНЕН ҚАЛҒАНЫ — 1 МЫҢ 300 ҒАНА

 

 

Украина билiгi ресейлiк телеарналарды ретке келтiргенiмен қоймай, жалпы бiлiм беретiн бiлiм ошақтары мен жоғары оқу орындарын мемлекеттiк тiлге көшiруге жанын салып жатыр. Әзiрге орыс әдебиетi мен орыс тiлi сабақтарының санын азайтып, бiрте-бiрте ұлттық бiлiм жүйесiн жасаудың негiзiн қалауға кiрiскен сыңайлы. Украина Бiлiм министрлiгiнiң қаулысымен орыс мектептерiне украин тiлiнде бiлiм беретiн пәндердi бiртiндеп енгiзу шарасы қолға алынуда. Украинизациялау процесiнiң тамырына қан жүгiрткен №461 қаулы бойынша, 2009 жылдың 1-қыркүйегiнен бастап бiлiм ұялары украин тiлiнде бiлiм көкжиегiне қанат қақтыратын болады. Қолда бар мәлiметтерге көз жүгiртсек, Украинада бұдан бiрнеше жыл бұрын 20 мың орыс мектебi болса, дәл қазiргi уақытта одан 1 мың 300 орыс мектебi ғана қалған. Шынында да, бұл көрсеткiштерден орыс тiлiнiң қолдану аясы тарылып бара жатқаны аңғарылады. Айталық, 1989 жылғы орыс тiлiнiң сағат саны 578 болса, қазiр 420-ға түсiп кеткен. Ал Севастопольде орыс тiлiнен сабақ беретiн мұғалiмнiң саны соңғы он жылда 500-ден 205-ке азайған. Демек, қаулыда бiлiм ұяларының 70 пайызы украин тiлiне көшуi мiндеттi делiнген десек, бұл шұғыл шаруа қазiрдiң өзiнде оң нәтиже берiп отыр.
Украина Бiлiм және ғылым министрлiгi жергiлiктi жоғары оқу орындарының (ЖОО) ректорларына хат арқылы сәлемдеме жолдап, 2012 жылдан бастап елдегi ЖОО-ның украин тiлiне көшуiне байланысты ұлттық бағдарлама жасақтауда бiрлесе әрекет жасауға ұсыныс бiлдiрдi. Бiлiм және ғылым министрi Иван Вакарчук қиын әрi ауыртпалығы мол шара негiзiнде ЖОО-ның орыстiлдi және украинтiлдi оқытушылары мен профессорлар құрамының бiр-бiрiмен өзара етене байланыста болып, бiр-екi апта тәжiрибе алмасып, бейiмдеу жұмыстарын өткiзуге тапсырма бердi.
Әлбетте, қандай бiр жаңа бастамаға екiұдай көзқарас танытатындар табылады. Мәселен, Украина радасының депутаты Александр Черноморов: “Елдегi тыныштық пен саяси тұрақтылықты сақтау үшiн Украина өз тұрғындарының қамын ойлауы тиiс. Қайсыбiр қысыммен жасалып жатқан iс-әрекеттiң түптiң-түбiнде керi әсерi болмай қоймайды. Бiздiң демократ-ұлтшылдардың басты трагедиясы — Украинада орыс тiлiнiң үстемдiк алуынан қорқып, оны қолдамауы сияқты. Украина конституциясының 10-бабы кез келген тiлдi қолдануға, дамытуға, соның iшiнде орыс тiлiн және басқа да аз ұлт тiлдерiн қорғауға кепiлдiк берген жоқ па?” дейдi бұратартып. Оның үстiне баласының болашағына алаңдаулы ата-аналар да ұлттық бiлiм жүйесiнiң украин тiлiнде сөйлеуiне наразылықтарын бiлдiрiп әлек. Бiрақ, ұлттық саясат бәрiнен күштi, бәрiнен жоғары. Осыны түсiнген адам әлгiндей дүдәмал пiкiрлердiң себелеп өте шыққан жаңбырдай екенiн сезбей қоймайды.
Айтпақшы, Украина президентi Виктор Ющенко Премьер-министрi Юлия Тимошенконың атына хат жолдап, атқарушы билiктiң қызмет кезiнде тiлдiк заңнамалық талаптардың орындалуын қадағалауға, құжат толтыруда, тiптi, ауызекi тiлде басқа тiлдi қолданбауға шақырды. Қоғамдық ортада мемлекеттiк тiлдiң қолдану аясы кеңейсе, Украинаның саяси, мемлекеттiк тұтастығы мен бiрлiгiнiң сақталуының кепiлi бола алады. Ол үшiн Үкiмет жанынан тiл саясаты мәселесiмен арнайы шұғылданатын басқарманы тез арада құруды жүктедi. “Қызым, саған айтам, келiнiм сен тыңда” демекшi, Президент министрлер, мемлекеттiк мекеме басшылары, облыстық әкiмшiлiк төрағаларына да ескерту жасап, тiлдiк заңнаманы бұзған фактiлер әшкереленсе, әкiмшiлiк және соттық жауапкершiлiкке тартылатындығы жайлы құлаққағыс еттi.
Сонымен, Украина мемлекеттiк тiлiнiң барлық салада қолдану аясының күннен-күнге кеңеюiне жанын салып бағуда. Бiлiм ошақтары мен БАҚ-ын жаппай украин тiлiне бетбұрыс жасауға бел шеше кiрiстi. Осыған байланысты арнайы қаулы да қабылданып, жоғары радаға БАҚ-тың тек украин тiлiнде ғана жарық көруi туралы жаңа заң жобасы түстi. Нәтижесiнде бүгiнге дейiн дәуренi жүрiп тұрған 90 пайыз орыстiлдi БАҚ өз саясатын украин тiлiнде жүргiзедi. Тiптi, Украинадан шығып келетiн “Известия” газетi жақын арада өзiнiң атын “Вiстiге” ауыстырса, оған таңқалудың қажетi де болмайтын сияқты.

 


Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ
«Түркістан» газеті 4 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5605