Сенбі, 23 Қараша 2024
4711 2 пікір 10 Шілде, 2018 сағат 11:20

Астананың 20 жылдығына көршілерден кімдер келді?

Салтанатты қабылдауға Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының және Өзбекстан Республикасының президенттері де қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Астананың 20 жылдығымен құттықтады.

Елбасы «Қазақстан», «Тәуелсіздік» және «Астана» сөздерінің мәні еліміздің әр азаматы үшін айрықша екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Астананың тарихына ерекше тоқталып, Қазақстанның қазіргі елордасы көне Бозоқ қалашығынан бастау алатынын атап өтті.

– Астана ел қамын жеген Едігеден бастап Әз-Тәукеге дейінгі қазақ хандарының ордасы болған. Менің тапсырмам бойынша зерттеу жүргізген астаналық археологтар Есілдің бойындағы Күйгенжар ауылының тұсынан Әз Тәуке ханның жазғы ордасының орнын тапты, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа елордасының құрылысына атсалысқандардың бәріне ризашылық білдіріп, еліміздің барлық өңіріне Астананың мерейтойына жасаған сыйлықтары үшін алғыс айтты.

– Астананың салынуымен Қазақстанның жаңа дәуірі басталды. Біріншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттілігіміздің барлық институттары орнықты. Астана бүкіл әлем таныған жаңа саяси орталыққа айналды, – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстанның бүкіл әлемге тәуелсіздік пен Астананың арқасында танылғанын айтты.

Қазақстан Президенті Астана Қазақстанның геостратегиялық орталығы ретінде саяси, экономикалық және әлеуметтік дамудың жаңа моделінің негізін қалағанын атап өтті.

– Елорда әлемдік сәулет өнерінде қала мен даланы үйлестіре білген жаңа ландшафты эстетиканы қалыптастырды. Астана күллі әлемге жаңа бейбітшілік пен келісім орталығы ретінде танылды. Бас қаламыз еліміздің тату әрі көпұлтты халқы үшін туған қаласына айналды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы Астананың еліміздегі жаңа көші-қон үдерісіне жол ашқанын айтты.

– 20 жыл ішінде Астана халқы 4 есе өсіп, бір миллионға жетті. Бүкіл ел бас қаланы мақтан тұтып, елордаға қарап бой түзейді. Астананың қарыштап дамуы өңірлердің экономикасын өркендетті, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті елордада жаңа өмір салты қалыптасқанын айтып, тұрғындардың жайлы тұрмысы үшін тиісті жағдай жасалғанын атап өтті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жаңа идеялар мен инновацияларға серпін берген Астананың жетістіктеріне тоқталды.

– Елордада жаһандық экономикалық дамудың өзекті мәселелерін талқылайтын Астана экономикалық форумы өткізілуде. Бас қаламыз бүгінде күллі адамзат дамуына ықпал ететін әрі тарихи шешімдер қабылданатын орталыққа айналды. Мұнда Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі, Еуразиялық экономикалық одақ қабылдаған тарихи құжаттар күллі әлемнің саяси-экономикалық дамуына әсер етті, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін және Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі саммитін өткізу нәтижесінде «Астана декларациясы» қабылданғаны туралы айтты.

– Жиырма жыл ішінде Астана жаһандық интеграцияның, қауіпсіздік пен бітімгершіліктің орталығына айналды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммитінен кейін әлемдік саясат лексиконына «Астана рухы» деген түсінік берік енді. Біздің ядросыз әлем және әділ халықаралық тәртіп жолындағы сындарлы бастамаларымыз Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты емес мүшесі болып сайлануына және осы беделді ұйымға төрағалық етуіне септігін тигізді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті соңғы 20 жыл ішінде Астанаға 22 монарх, 180 президент, 109 үкімет басшылары және 114 халықаралық ұйым басшылары келгенін атап өтті.

– Мемлекеттер басшылары мен жоғары лауазымды жауапты тұлғалардың сапарлары елдер арасындағы достық қарым-қатынастардың маңызды көрсеткіші саналады. Осындай әр сапардың арқасында Астананың бүкіл әлем бойынша достары көбейе түсті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы шет ел көшбасшыларымен жеке достығы жөнінде айтып, олардың Қазақстан астанасы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Нұрсұлтан Назарбаев Астана мен Қазақстан қалың жұртшылық пен көптеген халықтардың жүрегінен орын алғанын атап өтті.

Қазақстан Президенті елорданың Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы экономиканы жаңғырту ісінде және еліміздің жаһандық экономикалық кеңістікке кірігу жолында негізгі рөл атқаратынын атап өтті.

– Қала 4.0 индустриясының жаһандық технологиялық үрдісіне сай дамып келеді. Өңірлік жалпы өнім осы жылдар ішінде 190 есе өсті. Ол номиналды түрде 5 триллион теңгеге жетіп, нақты айтқанда 5,5 есе артты. 20 жыл ішінде инвестиция көлемі шамамен 8 триллион теңгені құрады. Жалпы, бас қаланы дамытуға жұмсалған мемлекет қаржысы шамамен 2,5 есе ақталды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы қазақстандықтарды елорданың 20 жылдық мерейтойымен тағы да құттықтап, бүкіл халқымызға бақ-береке тіледі.

Салтанатты қабылдаудан кейін Қазақстан Президенті елорданың мерейтойына арналған мерекелік гала-концертті тамашалады.

Мемлекет басшысының Астананың 20 жылдығына арналған салтанатты қабылдауда сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден көре аласыздар.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1467
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387