Сенбі, 23 Қараша 2024
Көкжиек 8673 1 пікір 2 Тамыз, 2018 сағат 16:15

Мұрат Есжан. "Мені қамшылайтын бір ғана мотиватор бар"

Ол АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы өнер академиясын тәмамдап, елге кәсіби киносценарист болып оралды. Қазақ киносын әлемдік деңгейге көтеруді мақсат еткен жас маман алғашқы қадамдарын неден бастағысы келеді? «Болашақтың» оның болашағын айқындап берудегі рөлі қандай? Арманы алға жетелеп, бүгінгі биігіне шығарған Мұрат Есжан өмірде қандай адам? 

Міне, осы сұрақтардың жауабын бүгінгі сұхбатымыздан білетін боласыздар... 

 - АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы өнер академиясын ойдағыдай тәмамдап, елге кәсіби киносценарист болып оралдыңыз. Шекара асып, шетелде оқудың артықшылығы мен кемшін тұстарын баяндап берсеңіз. Есте қалар ерекше оқиғалар да орын алған шығар?

Мұрат Есжан: Шетелде, әсіресе, АҚШ-та білім алудың артықшылықтары өте көп, әрине. Біріншіден, ағылшын тілі - әлемдік тіл. Тілдік біліміңді жетілдіресің. Екіншіден, АҚШ – жоғары білім беру жөнінен бірінші орында тұрған ел. Нені, қалай оқыту керек екенін жақсы біледі. Оларда барлық нәрсе ғылыми негізделген. Мақаланың құрылымы қалай болу керек? Презентация қалай жасалу керек? Тіпті, романды қалай жазу керегін үйрететін әдістемелерді жасап, жүйесін түзіп тастаған. Гуманитарлық саланың өзін осынша нақтылықпен оқытса, нақты ғылымдарды оқытудың әдістемесін қандай сапаға көтергенін бағамдай беріңіз. Сондықтан да, америкалық ЖОО-дар басы артық нәрсемен студенттің уақытын алмайды. Керегіңді береді. Ал енді кемшін тұсына келсек, көп студенттер ол жақта оқығанын біздің елдің өміріне бірден қолданғысы келеді. Онысы жүзеге аспаса, жатып кеп ренжиді. Әр университет өз еліндегі өндіріс жағдайына сай оқытады. Сол білімді Қазақстан жағдайына икемдей білу керек.

«Диплом алу деген – әңгіменің басы»

 - Смағұл Елубай ағамыз «Ел болам десең экраныңды түзе» дейді ғой. Кино арқылы идеология жасаудың ықпалы орасан зор заманда мұндай жауапкершілігі мол мамандықтық иесі болу - екінің бірінің қолынан келе бермейтін батылдық. Кино саласына білек сыбана кіріскен қазақ жұртына әкелген базарлығыңыз қандай?

Мұрат Есжан: Қазақта “асатпай жатып құлдық”, “қашпаған сиырдың уызы” деген тұрақты тіркестер бар. Осы менің жағдайыма дәл келіп тұр. Оқу бітіріп, диплом алу деген – әңгіменің басы. Теориясын меңгердік, енді соны іске асыру – басқа мәселе. Сондықтан әлі орындалмаған жоспарларымды айтып сөзді көбейтпей-ақ қойсам деймін.

 - Сіз АҚШ-та «Парижге кетем бір күні...» атты фильм түсірдіңіз, иә? 

Мұрат Есжан: Иә, түсірдім. Қысқаметражды драма.

 - Киноның жалпы мазмұны не туралы? Бұл еңбегіңіз өз жемісін қаншалықты бере алды? Алдағы уақытта қазақ көрермендері назарына ұсыну ойыңызда бар ма? 

Мұрат Есжан: “Парижге кетем бір күні...” (“I’m going to Paris”, ағылшын тілінен тікелей аударғанда “Парижге кетіп бара жатырмын”) айналасына өзін мойындатып, танымал болуды мақсат тұтқан жас актриса өмірінің бір үзігін баяндайтын фильм. Карьерадағы сәтсіздігін жергілікті кино мамандарынан көрген ол Францияға барып, өзінің ұғымындағы “нағыз киноға” түсуді армандайды. Мақсатқа жету үшін, алдымен, әлеуметтік желіде қолдаушыларым көп болу керек деген ойға бекиді. Яғни, бұл - виртуалды тәуелділік, сондай-ақ, бақытты болу мен бақытты боп көріну арасындағы таңдау тақырыптарын көтеретін фильм.

Нақты демеушісі болмағандықтан, жақын-жуықтан жинаған және өз қалтамыздан шыққан қаржыға түсірілді. Сондықтан пост-продакшн өте баяу өтіп жатыр. Бәрі де сол қаражатқа кеп тіреле береді. Қазір дыбысы өңделу үстінде. Толық дайын болған соң, алдымен кинофестивальдерде бақ сынап көреміз, сосын қазақ көрерменінің де назарына ұсынатын шығармыз.

«Екі түрлі зәлімдік көрдім»

 - Алыста жүрсеңіз де, еліңіз үшін еңбек ете жүретін азамат екеніңізді «Асыл арна» телеарнасы эфирінен көрсетілген «Мұнаралы Америка» атты деректі фильм дәлелдеп бере алды. Шетелге білім алуға баратын жолды тапқанымен, қайтар жолға түсуге қиналатын жастар туралы пікіріңіз қандай?

Мұрат Есжан: Орыстың “подлость” деген сөзі бар ғой, зәлімдік деп аударсақ қалай болар екен?.. Сіздің сұрағыңызға байланысты екі түрлі зәлімдік көрдім. Біріншісі, “Болашақпен” оқыған бір жігіт оқудан шығып қалып, өзі де біршама уақытқа ізім-қайым жоқ болып кеткен. Оқуын бітірмеген, елге қайтпаған жағдайда, келісім-шарт бойынша, мемлекеттің қаржысын қайтару керек қой. Ал ол болса, әлеуметтік желіде шу шығарып, “мен қазіргі жүйемен келіспеймін, сондықтан шығындарды өтеп бермеймін” деп жар салды. Ол “Болашаққа” түскенде де елде осы жүйе болды ғой, сондай принципшіл болса, сол кезде неге азаматтық ұстанымын жария етіп, сол мемлекеттің беріп отырған стипендиясынан бас тартпады? Міне, осындай, өзінің ішкі тұрмыстық қалауын саясатпен, асқақ идеялармен бүркемелейтін зәлімдікті жаным жек көреді. Ал жалпы алғанда, “Болашақ” бағдарламасымен барып, сонда түбегейлі қалып қойып жатқандар, басында болған шығар, бірақ қазір жоқтың қасы деп ойлаймын.

 - Сіз айтқан “екінші подлость” қандай?

Мұрат Есжан: Екінші - кейбір жастар студенттік немесе туристік визамен АҚШ-қа барып алады да, сонда қалудың жолдарын іздестіре бастайды. Әрине, түрлі-түрлі жолдар бар. Соның бірі – өзін саяси, діни немесе жыныстық төзе алмаушылық құрбаны ретінде көрсетіп, саяси баспана сұрап, босқындық статус алу. Ол үшін адвокат жалдап, сотта “мен оппозиционермін, дәстүрлі емес дін өкілімін немесе қызтекемін, еліме барсам, мені қудалайды, түрмеге тығады” деген уәжді дәлелдеп шығуы керек.

 - Сөйтсең, азаматтық бере ма?

Мұрат Есжан: Азаматтық бермейді, тек “грин карта” дейді ғой, сонда тұрақты қалуға рұқсат береді. Міне, сол “жасыл карта” мен қара басың үшін еліңе қарадай жала жабуды да зәлімдік деп санаймын.

Ал бұдан өзге, әркім өзінің азаматтық құқығын пайдаланып, шетелде білім алуына, жұмыс істеп, тәжірибе жинауына, қолынан келсе, молынан қаржы тауып, түрлі ғылыми не бизнес идеяларын жүзеге асыруына еш қарсылығым жоқ.

«Адамға баға бергенде парақшасындағы постына қарама!»

 - Сізді қашанда ізденіс үстінде жүретін және уақытын тиімді пайдаланатын адам деп білеміз. Оған дәлел - жуырда «Қазақфильм» қабырғасында фильм түсіру мүмкіндігіне ие болдым» деп жақсы жаңалығыңызбен бөліскен едіңіз. 

Ойға алған істеріңіз уақытылы орындалу үшін өзіңізге қандай талаптар қоясыз? Әлде әуелі жоспар құрып, сол шеңбермен жүресіз бе? 

Мұрат Есжан: Мен туралы жақсы пікіріңіз үшін рахмет. Дегенмен, “ізденіс үстінде жүретінімді” және “уақытымды тиімді пайдаланатынымды” қайдан білесіз?(күлді) Әлеуметтік желідегі жазбаларыма қарап айтып отырсыз ғой. Солай ма?

 - Солай десе де болады. 

Мұрат Есжан: Кезінде ғұламалар “адамға баға беру үшін төрт нәрсесіне қара, бір нәрсесіне қарама” дегенде, аузындағы сөзіне қарамауды өсиет еткен екен. Қазір соның сәл өңін өзгертсек, “адамға баға бергенде парақшасындағы постына қарама” болып шығатындай. Себебі, интернеттегі жазбасы бөлек, өмірдегі әрекеті мүлде басқа адамдарды өте көп көретін болдық. Екі әлемде екі түрлі өмір сүру қалыпты құбылысқа айналып кетті. Бір езуіне қылыш, бір езуіне найза қыстырған небір виртуалды адуынды жігіттер өмірде отбасына сөзін өткізе алмайтын ынжық боп шығып жатады. Зере мен Айғанымды алға тартып сөйлейтін, жақсы әйел болу туралы ақыл айтып жүрген кейбір әпке-қарындастарымыз кезекті постын жазып тастап, балконда темекі тартып тұрады. Бүгінгі қазақ қоғамында әлеуметтік желінің көпе-көрнеу өтірік пен жасандылыққа жол ашып тұрған осындай жағымсыз бір қырын байқамау мүмкін болмай тұр.

 - “Ізденіс үстінде жүрмеймін”, “уақытымды тиімді пайдаланбаймын” дегеніңіз бе бұл?

Мұрат Есжан: Ізденіс үстінде жүргім-ақ, уақытты тиімді пайдаланғым-ақ келеді, бірақ көп ретте орындала бермейді.

 - Неге?

Мұрат Есжан: Жылдам емеспін. Жұмысты асықпай атқарғанды жақсы көремін. Бір шаруа екінші жұмыспен қабаттасса, миым ашып кетеді. Бірақ мойныма артылған шаруаны қалайда соңына шығаруға тырысамын. Мені қамшылайтын бір ғана мотиватор бар. “Ұят болады” деген сөз. Сондықтан, не істесем де, істі жоқ дегенде өзім ұялмайтындай тәмамдауға тырысамын.

 - «Мұрат - осы, ағылшынға үндейтін, Мұрат - осы, «өнер алды – тіл» дейтін» деп жазған екенсіз. Тіл үйренудің тағы да біз біле бермейтін артықшылықтары бар ма?

Мұрат Есжан: Қазіргі журналистикада “danger of single story” (тікелей аударғанда – біржақты әңгімелеудің қатері) деген ұғым бар. Қазақ тіліндегі ақпараттың тапшылығына немесе орысша материалдардың біржақтылығына байланысты, әлгі “құдықтағы бақаға аспан теңгедей көрініптінің” керімен, кейбір құбылыстарға нақты баға бере алмай жатамыз. Сондықтан, меніңше болғанда, әсіресе, ақпарат саласындағы мамандардың әлемдік БАҚ-тарды еркін шола алатындай сауаты болуы керек.

Одан бөлек, ағылшынша үйренуге қазақтілді қазақтарды көбірек үндеймін. Орысша үйренгенше, бірден ағылшынша үйренсе деймін.

«Өз кемшіліктеріме ақталатын себеп таппаймын»

 - Абай атамыз: «Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал!» дейді.Өзіне есеп беріп отыратын адамдар қатарындасыз ба?

Мұрат Есжан: Смартфондағы ремайндер деген қосымшаны жиі пайдаланамын. Сонда атқаруым керек шаруаларым жазылып тұрады. Ара-тұра тындырылғандар тұсына белгі соғып, архивке жөнелтем. Сондай сәтте не істеп, не қойғаныңды ойша шолып шығасың. Сосын бітпегендерін маңыздылығы мен жеделдігіне байланысты қайта реттестіресің. Есеп берейін деп емес, таза практикалық қажеттіліктен. Одан басқа өзімнен есеп алудың арнайы формасын ойлап таба қоймадым.

 - Жиі ақталасыз ба?

Мұрат Есжан: Өзімнің алдымда ма, өзгелердің алдында ма?

 - Өзіңіздің алдыңызда. 

Мұрат Есжан: Ақталуға себеп тапсам, әрине. Тіпті, қуанып кетемін. Бірақ көп ретте өз кемшіліктеріңе ақталатын себеп таппайсың. Ондай сәтте өзіңді жазғырып, жүйкеңе салмақ түсіруден басқа амал жоқ. Ал негізінде, дініміз бойынша адам ақталмау керек. Дұрыс емес нәрсе жасаса, оның дұрыс емес екенін ең алдымен өз-өзіңнің алдыңда қасқайып тұрып мойындауың керек. Бұл – сол кемшілікті жоюға көмектесетін алғашқы қадам. Ақталдың ба, бітті, одан еш уақытта емделмейсің. 

 - «Аузында əзілі жоқтың қолында шоқпары бар», «Қалжың айта алмайтын адамнан қорқу керек» дейді.  Әзілге қаншалықты жақынсыз?

Мұрат Есжан: Әзіл деген ақиқатты айтудың ең тамаша құралы ғой. Кейде бір қабылдануы қиындау ойды қасаң сөзбен дүңк дегізгеннен гөрі, қалжыңға сүйеп жұмсақтап жеткізсеңіз, әсері басқаша болады. Әзілдің екінші жағы бар. Дәл дозасымен қолданбаса, кісінің көңілін ауыртып алуың да ғажап емес. Адамның көңілінен аяулы нәрсе бар ма? Жасыратыны жоқ, желідегі жазбаларымда ойнақы жазуға тырысам. Бір жағы жеңіл оқылады, бір жағы, мына комедия жанрындағы киноларда актердің асырыңқырап ойнауына, кейіпкердің өз образынан тысқары нәрселер жасауына, логикаға сәл қайшы оқиғаларға аз-маз кешіріммен қаралатыны секілді, ойнақы болса, мазмұндағы анау-мынау кемшіліктер байқалмай кететіндей көрініп тұрады.

«Бала тәрбиесі универсал ұғым»

 - Сіздің бала тәрбиесіне де ерекше назар аударатыныңызды байқадық. АҚШ-тың бала тәрбиелеу әдістерінен үйренген тұстарыңызды қазақ ұғымындағы тәрбиемен ұштастыра  алдыңыз ба? Қандай ерекшеліктерімен бөлісер едіңіз? 

Мұрат Есжан: Мынау- қазақтікі, мынау - американікі деп бөлуге болар ма екен? Бала тәрбиесі универсал ұғым деп санаймын. Қай ұлт болса да, баласын жақсы адам болса екен деп әрекеттенеді. Қазақтардың бәрі балаларын бірдей тәрбиеледі дегенге де келіспеймін. Еврейлер секілді, “сен -мықтысың” деп өсірген қазақтар бар. Қазір көбіне қазақы тәрбие десе, баланы әкесімен қорқытып, әкені осы отбасының мүшесі емес, сырттан келетін жазалаушы гестапо етіп көрсететін тәрбие формасы әспеттеліп жатады. Сол жөн екен деп үйге келгенде бала-шағасын қырып жібере жаздайтын әкелер бар. Меніңше, бала сенің ақылыңды қорыққанынан емес, құрметтегеннен, жақсы көргеннен тыңдау керек. Ал оның кілті әйелдің, яғни, балалардың анасының қолында деп ойлаймын. Жарың сені жақсы көрсе, құрметтесе, бала да соны істейді. Яғни, бала тәрбиесінің негізі әйеліңмен қарым-қатынасты түзеуден басталады десек, қателеспейміз-ау.

Америкалықтардан алатын нәрсе – балаға сенім арту. Оны үнемі жігерлендіріп, қайрап отыру. Өзіңнің жақсы көретініңді сездіру. Қазақтан алатын тұс – баланы дандайсытып жібермей, тізгінді керек кезде тартып отыру. Міне, осы баланс жүзеге асқанда, өзіне сенімді, тұғыры нық, бірақ, ата-анасын алға салып, әспеттеп отыратын ұрпақ өсетін шығар деп ойлаймын.

 - Өткенге қарап, болашақты бағдарлайтын елміз. Сіздің балалық шағыңыз 90 жылдарға тап келді. Сол жылдар шынында да қазір айтып жүргеніміздей қорқынышты болды ма? Ол кезде құндылықтар қандай еді? Қазіргі күнмен салыстырғанда, сол құндылықтарыңыз қаншалық маңызды дей аласыз?

Мұрат Есжан: Сан-Францискода жүргенде бір үнді жігіттен мына өлең жолдарын естіп, мағынасын түртіп алған едім.

Біреу бар - жақыны үшін арманын құрбан етеді,

Біреу бар - арманы үшін жақынын құрбан етеді.

Сіз қайсына жатасыз?

Менің бала күнімде

Көп адамда сағат жоқ-тын,

Бірақ бәрінде уақыт бар еді.

Қазір бәрінде сағат бар,

Бірақ ешкімде уақыт жоқ.

Бұрын қалталар тар еді,

Бірақ жүректер кең еді.

Бүгін қалталар кең,

Бірақ жүректер тар.

Ақылы толмаған бала кезде:

Бауырыммен шекісіп,

Он минут өтпей татуласушы ем,

Қазір ақыл кіріп, есейгенде:

Оның бір ауыз сөзін кешіре алмай,

Он жыл араз болып жүре беруге бармын.

Қайда әлгі кірген ақыл?

Соңғы жиырма жылда құндылықтар осы өлеңдегідей ауысқан секілді.

Ал енді тұрмыстық жағынан келсек, көбіміз 90-жылдардағы қиындықтарды ұмытып қалдық. Адамға өз бойының өскені байқалмайтыны сияқты, ой тоқтатып санамаса, есімізге түсе бермейтін дүниелер көп-ақ. Қарнымды қалай тойдырам дегеннен гөрі қарнымнан қалай құтылам деген сұраққа, тамақты қалай асыраймын дегеннен гөрі, тамақты қалай қорытам деген мәселеге жиірек бас қатыра бастағанымыз өтірік емес. Тойдың дастарханына не қоярын білмей сенделген замандар кетіп, өлімнің дастарханынан артық асты молдалар айтып алдыра алмайтын замандар келді. Дүние тамақтан ғана тұрмайды ғой деп уәж айтуыңыз мүмкін. Дегенмен, тыныштық пен тоқшылық, адамзат ғасырлар бойы ұмтылып келе жатқан ең негізгі қажеттіліктер екені анық нәрсе. Бізге осы тыныштық пен тоқшылықтың қадіріне жете отырып, енді өзіміздің һәм еліміздің мәдени, ғылыми дамуына атсалысу міндет.

 - «Пәленшенің пәлен жылдығына құттықтау жазып берші» форматында ғана «қалам тербейтін «қаламгерге»  айналдым»  депсіз. Бұл ақындық дәрежеңізге өзіңіздің тарапыңыздан берілген баға ма? 

Мұрат Есжан: Ұйқастырып шумақ жаза алған соң, құттықтау деген нәрсе қалмайды екен. Бірақ сол арқылы туыс-туғанның кәдесіне жарап жатсаң, ол да жаман емес. Ал енді кәдімгі салмақты өлең жазу үшін, оған бап керек. Спортшылар секілді формада жүруің ләзім. Көңіліңді толқытқан нәрсені өлеңге айналдырғың кеп тұратын құштарлық қажет. Ол болмаса, отыра қалып, буын санын келтіріп, бірінші, екінші, төртінші жолын ұйқастырып өлең жаза салу – ақындық емес. Ол, Бекжан Әшірбаев ағамыз айтпақшы, ұйқастырылған ақпарат қана боп қалады.

«Біреуді тұқырту үшін айтылған сын – ең жексұрын сын»

 -  «Сынды ұнатпайтын адам шындықты ұнатпайды». Ал сіз сын қабылдай аласыз ба?

Мұрат Есжан: Сынды қабылдай алмаймын деп ешкім айтпайды. Бірақ, сын естігенде жүрегі жарыла қуанатын да кісі аз-ау. Сынын естігің келетін адамдар болады. Керісінше, сол сынаса, қан қысымың көтерілетін жандар кездесуі мүмкін. Сондықтан, өзіміз де сынағанда абай болуымыз керек. Ол сындағы мақсат не, ниетіңіз қандай? Біреуді тұқырту үшін айтылған сын – ең жексұрын сын. Америкада сын - сэндвич секілді болу керек деп үйретеді. Алдымен, артықшылығын айт, сосын, кемшілігін жеткіз де, соңында тағы бір ұнамды тұсын айтып өт. Сонда сын - шын болады.

Сын дегеннен шығады, “танымасын сыйламас”, “туғанды биде иман жоқ” деген мәтелдердің керін келтіретін бір ұнамсыз сипат пайда болды қазір бізде. Әсіресе, әлеуметтік желіде. Авторды танымасаң, не жамандайсың, не үнсіз қаласың. Екінің бірі. Ал авторды ұнатпасаң, шығармасын жерге ойланбай тыға саласың. Жақсыны жақсы, жетістікті жетістік деп көрсететін мәрттік жетіспей жатады. Немесе, керісінше, осы бір “қара қылды қақ жарып”, жер-көкті сынға алып жүрген “тура билер” кейде авторын танығаны үшін ғана түкке тұрмайтын нәрсені жер-көкке сыйғызбай мақтап жатқанын көресіз. Осы ұстаным тек сын, көзқарас, пікір деңгейінде емес, амал-әрекет дәргейінде де жиі көрініс тауып келеді. Тамыр-таныстықтың, бұлт етпе тайғанақтықтың қалыпты құбылысқа айналып, өктем сөйлегенге құрша жорғалап қызмет қылып, сыпайылық сақтап үнсіз қалғаныңды басына кететін жексұрын мінездер сол қарапайым әділдік ұстанымдарының сақталмауынан шығып жатқан аурулар дер едім. Мұның бәріне, “бірінші анау әділ болсын, сосын мен де әділ болам” деген “әдемі” ақтау сөзіміз дайын. Мен барып келген батыс әлемі мен біздің айырмамыз да осында. Олар “To change the world, change yourself” (әлемді өзгерту үшін өзіңді өзгерт) деген қағидаға сенеді, соған әрекет етеді. Айтайын дегенім, өзіміз қарапайым ғана әділдік қағидаларын орындап үйренбей тұрып, біреуден әділдік күтуіміз әңгүдіктің тірлігі.

 - Өз сұрағыңызды өзіңізге қойсақ: «Жалпы айналаңыздың жақсы жаққа өзгеруі үшін сіз өз бойыңыздан нені өзгертер едіңіз?»

Мұрат Есжан: Тағы айтам, әрбір адам өз ойынан “жұрт та бүйтіп жатыр ғой” деген түсінікті алып тастаса, қоғам өзгерер еді. Бәлки, менде де сол қасиеттің жұрнағы бар шығар. Өз бойымнан да соны өзгертер едім.

Мысал ретінде жолда жүру ережелерін алайықшы. Осы соңғы бір айда Алматыда таксимен көп жүрдім. Заң талаптары бұзылған сайын қатаяды деген қағида бар. Соған салсақ, қаладағы қаптаған фотоаппараттар мен камераларға жүргізушілердің өздері лайық па деген ойға келдім. Қаға берісте бір-бірін қиып кетіп, орап кетіп, қауіпті жағдай туғызатын маневрлар жасап, асығып-аптығып, өзі секілді жүрмеген адамды шықпырта сыбап жүрген шопырлардың талайын көрдім. Бәрінің уәжі жоғарыда айтылғандай, “бәрі солай жүр ғой”. Әдеттегідей жолшыбай клиенттерді “тиеп” алып, жанұшыра жүрген біріне “біз асығыс емеспіз” дедік. Айтқан жауабы – “мен асығыспын”. Келесі клиентті алуға асығыс екен. Құдай-ау, мына шаруаңды тыңғылықты бітіріп алсайшы. Алатын 500 теңгеңді ырзалықпен алсаңшы. Өзіңнің сәтсіздігіңді өзгеден көрмесеңші. Жол да, такси де – жай мысал. Біздің көп тірлігіміз осылай екені өтірік емес қой.

«Ол сен болсаң...»

 - Қандай арманыңыз бар?

Мұрат Есжан: Арман мен мақсат туралы жалпыға белгілі екі пәлсапа бар. Біріншісі, айға жетуді арманда, жетерсің, жетпессің, бірақ жоқ дегенде ғарышқа шығасың дегенге саяды. Екіншісі, көзге көрінбейтін нәрсені армандағанша, көзге көрініп тұрған, қысқа қашықтықтағы мақсаттармен айналыс дейді. Екеуінің де өз шындығы бар. Мектепте оқып жүргенде ҚазҰУ-да оқып, “Хабарда” жұмыс істеу арманым болды. Мақсатыңды биік қой деп үйреткен ешкім болмады. Америкада оқуды ойлауға да жүрек дауаламайтын еді. Әйтеуір тырбана берсең, күтпеген нәтижелер алдыңнан өзі шығатынына көзім жетті.

Сөз реті келгенде айта кетейін, біздің қазаққа осы қысқа мақсаттармен жұмыс істей білуді кеңірек насихаттау керек сияқты. Әйтпесе, қазір небір тренингшілер шықты. Шетелден көріп алғанын істеп, арманда, арманда деп төпелеп жатады. Армандар орындалады деп Парижден сурет салады. Анығында Парижге армандағаны үшін барды ма? Армандамаса бармас па еді? Құр армандағаннан не шығады? Одан да қасында тұрған төбеге шығып үйренсін. Бір төбеге шықсаң, сен армандамай-ақ келесі төбе өзі шақыратынына сенімдімін. Жаңағы таксист есіме түсіп кеткені. Бір клиентін аман жеткізбей тұрып, келесі клиентіне асығып бара жатыр.

- Сұрағыма жауап бермедіңіз. 

Мұрат Есжан: Перзент ретінде бөлек арманың болады, әке ретінде тағы бір нәрсені армандауың мүмкін. Маман ретіндегі мақсатымды айтайын. Қазаққа ұнайтын кино түсіру. Ары қарай әлемге ұнап жатса, тіпті, қой демеймін (күлді). Иранның Фархадиі, сербтің Кустурицасы секілді түсірген нәрсеңді шекараларды көктей өтіп жатса... қазақтан сондай бір адам шықса... ол сен болсаң... кейде осылай қиялдап алатыным бар. Ол үшін келесі айдағы бір апталық түсіріліміңді қатырып алуың керек. Сөйтіп жерге түсесің де, нақты шаруамен айналыса бастайсың. Бұйырған кетпейді.

 - Бұйыртсын дейміз.

Мұрат Есжан: Рахмет.

Сұхбаттасқан Үміт Қонысбек

Дереккөз: Асыл арна

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366