Мықты сыншыдан мықты актер де шығуы тиіс!
Өнер – адам жанының айнасы. Соның ішінде театрдың орны бір бөлек. Жас болса да, өнерге деген талабы мен ізденісі анық байқалатын Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актері Әнуар Бектаспен сұхбат құрдық. Театр сахнасында М.Әуезовтың «Абай» трагедиясында – Әбдірахманды, «Айман-Шолпанда» – Жарасты, «Қарагөзде» – Сырымды, Ғ.Мүсіреповтың «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» – Жантық, «Фигароның үйленуінде» – Фигаро сияқты жарқын образды суреттеп келеді.
Кино саласында да өз жолын қалыптастырып жүр. «Қаныш Қазына» телехикасында Ақтай есімді жігітті ойнады. Оның сахнадағы және экрандағы бейнесінің артында қандай ой, қандай еңбек, қандай сезім жатыр? Осы сұхбатта біз актерлік жолы, шығармашылық ізденісі және өнерге деген көзқарасы жайлы әңгімелестік.
– Әңгімеміздің әлқисасын сіздің өнер жолыңыздағы ұстаздарыңыз, актерлік бағыт-бағдарыңыздың қалыптасуына әсер еткен Д. Тұранқұлова мен О. Кенебаевтан бастасақ. Бұл тұлғалардың сіздің шығармашылық болмысыңызға қосқан үлесі қандай?
– Ұстаздарыма келетін болсақ, курсымның жетекшісі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор, сахна тілінің маманы Дариға Тұранқұлова және актерлік бағыт бойынша ұстазымыз – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, марқұм Оразхан Кенебаев. Осындай мықты тұлғалардан алған теориялық білім бүгінде біздің сахнада нық тұрып, анық сөйлеп, сенімді ойын көрсетіп жүргеніміздің айғағы. Одан бөлек, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері — біздің тағы бір бағыттаушымыз Әсет Иманғалиев болды. Кино әрі театрда бірдей қызмет істеп жүргендіктен, ол кісі бізді тәжірибелік (практикалық) тұрғыдан шыңдады. Актерлік бағыт-бағдар бере жүріп, өз кезегінде қамшылап отырып, жүйені де қалыптастырды. Ұстаздарымыздан алған тәлім-тәрбие менің өнеріме әрі өміріме тигізген үлесі ұшан-теңіз.
– 2019 жылы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясын аяқтаған соң, қазіргі уақытта жұмыс жасап жатқан Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрына қалай келдіңіз?
– 2017 жылы 3-курс оқитын кезімізде Астанаға курс болып тәжірибе шыңдауға келдік. Астаналық театрлардың қойылымдарын көре бастадым. Солай бұрыннан Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының барын естіп жүрсек те, барып көрмеген едік. Жол түсіп, сол уақыттағы театрдың ескі ғимаратына қойылым көруге бардық. Шынын айтқанда Алматыда үлген сахналарды, кең залды көріп келіп осында келгенде шағын ғана жерде ойнауға болатынын көріп өзіме жаңалық ашқандай болдым. Сахна көрерменге өте жақын, неғұрлым тығыз болған сайын актерлерде жанын салып, бар эмоцияны беріп ойнайды. Осы сәтте көңілімде «қайта келсем» деген ой қалды. 2019 ж оқуды аяқтап басқада жастар сияқты Алматыда болуды қаладым. Алайда ол кезде театрларда штат болмады. Сүйтіп досым, әріптесім, әрі режиссер Бәзіл Сұлтанғазымен бағытымызды Астана қаласына бұрдық. Бұнда келуіміздің басты себебі Қалибек Қуанышбаев театрында режиссер театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Теменовтың басшылығымен кастинг өтіп жатты. Бағымызды сынап кастингтен өттік, бірақ бұл жақта да штат болмады. Сонда да үмітті үзбей күтіп, 1 ай дегенде бізді жұмысқа алды. Биыл менің театрдағы 7 маусымым екен.
– Сіз классикалық кейіпкерлерді жиі сомдайсыз. Осы орайда М. Әуезов, У. Шекспир сияқты авторлардың классикалық мәтіндерімен жұмыс істеу барысында қандай қиындықтар туындайды және оларды қалай еңсересіз?
– Әрине классикалық шығармалармен жұмыс істегенде қиындықтар туындап жатады. Жалпы ештеңе оңай берілмейді, бірақ басқа авторларға қарағанда жүгі ауырырақ. Қазақ әдебиетінде Әуезовтың тілі, Мүсіреповтың тілі, Кекілбаевтің тілі деп жатады, әдебиетіміздің алпауыттары жазған сөздерді, тамаша мәтіндерді бұзбай көркем түрде сахнаға шығарғанның өзі үлкен жеңіс. Автордың айтпақ ойы халыққа сөзсіз жетеді ал соған қазақтың өзіне тән әуезі мен актерлік шеберлікті қосса керемет дүние туады. Бастапқыда айта кеткендей ұстаздарымыз Дариға Тұранқұлова апайымыз бен Оразхан Кенебаев ағаларымыз академия қабырғасында мәтінмен жұмыс жасауды барынша үйретті. Одан бөлек жылдар бойы жинаған тәжірибе мен театрдағы аға буын нұсқаулығы мол ықпал етті.
– Режиссердің қойған міндетінен бөлек, рөлді ашу барысында өзіңіздің жеке көзқарасыңызды, ішкі түйсігіңізді қосасызба?
– Иә, міндетті түрде, онсыз болмайды. Режиссермен кейде келіспей қалатын кездеріміз болады, ролді шығару барысында сөзге келеміз, бірақ бұл тек шығармашылық жұмыс аясында ғана туындайды. Олай болуы заңды, себебі театр – тірі организм. Өз роліңді жасаған кезде кейіпкердің психологиясы мен әр әрекетіне жұмыс істей отырып, актердің көрінісі режиссерге басқаша көрінуі әбден мүмкін. Неге? үйткені, егер бастан-аяқ үлкен пазл жинап жатыр деп елестетсек, актер өз ролі арқылы оның тағы бір кішкентай бөлшегін қосып жатыр. Мықты режиссер болса, ол өз идеясын, көркемдік шешімдерін актерге енгізеді, сол арқылы тамаша туынды шығады.
– Жалпы театр сыншыларының кәсіби пікірі жиі айтылып жатады. Жүйелі айтылған сын қойылымның сапасын арттырмаса кемітпесі анық. Сіздің ойыңызша театр сыншыларымен қаншалықты бірлесе жұмыс жасау қажет?
– Өз басым жүйелі, нақты фактілерге негізделген сынды өте жақсы қабылдаймын. Сол себепті театр сыншылары жеке тұлға ретінде де, қоғам мен өнердің бақылаушысы ретінде де болғаны дұрыс деп есептеймін. Қазіргі уақытта қойылымда болған оқиғаны жай ғана қайталап беретін сыншылар көбейіп кетті. Актерлік теория мен оның элементтерін білмей айтылған сынға қарның ашады. Менің ойымша, мықты сыншыдан мықты актер де шығуы тиіс. Сондықтан сыншы нақты қай бағытта, қай элементпен жұмыс істеу керектігін кәсіби деңгейде айтып бергенін қалаймын. Бір ауыз сөзбен-ақ негізгі ойды жеткізе білетін адамдар болған, мақтай отырып түйінді пікір айта алатын Әшірбек ағамыз сондай жан еді.
– Ануар мырза сіз тек театрда ғана емес, кино әлемінде де өзіңізді қалыптастырып келесіз. Сізге қайсысы жақын театр әлде кино?
– Жаныма жақыны театр. Себебі кино саласына енді ғана қадам басып келе жатырмын. Әрине маған кино алаңында жұмыс жасау, сол процесті сезіну өте қатты ұнайды. Былайша айтқанда киномен театр екібөлек өнер.
– Қазіргі театрда актер үшін ең басты жауапкершілік не деп ойлайсыз: көрермен алдында ма, режиссер алдында ма, әлде өнердің өз алдында ма?
– Әр адам үшін бұл әрқалай болуы мүмкін. Жеке өз басым барлығының алдында бірдей жауапкершілік сезінемін. Өйткені жауапкершілік көп: өнеріңді бағалайтын, өз аудиторияң бар, саған сенім артып, айлар бойы бірге жұмыс жасаған режиссер бар, әрі өзіңнің шығармашылығың, қалыптастырып келе жатқан сүрлеу жолың бар. Осының бәрін жинақтай келгенде, барлығының алдында жауапкершілік арқалайсың.
– Б.Сұлтанғазының «Кешкі 7» спектакль-концерт сипаты жас актерлердің шығармашылық үнін қалай аша алды? Осы спектакль арқылы сіздер көрерменге не айтқыларыңыз келді?
– «Кешкі 7» спектакль-концерті ең әуелі өзімізге яғни жас актерлерге серпіліс берді. Дайындық барысында мол тәжірибе алдық, жаңаша дүние ойлап табуға ниеттендік. Қазір байқасаңыз! 2023 ж спектакльдің премьерасы болғаннан кейін әлеуметтік желіде таралып, танымал бола бастады. Еліміздің басқа да актерлері осыған ұқсас спектакльдер қоя бастады. Тек драма емес актерлер ән айтып, аспапта ойнап, монолог оқи бастады. Яғни жақсы таралып кетті, оған біз қатты қуандық. Шынымен қазіргі көрерменге жетпегені де сол болар. Осы әдіс арқылы көрермен мен актер арасын жақындатып шынайы болуға ұмтылуымыз керек шығар. Ал жалпы спектакльге оралатын болсақ онда шырқалатын барлық әндер мен оқылатын монологтар актерлердің авторлық туындылары. Өз басым бұл спектаклді сәтті деп санаймын.
– Қорытындылай келе, қазіргі қойылымдар көрермендердің өзгеріп жатқан талғамы мен сұранысына қаншалықты жауап беріп жүр деп ойлайсыз?
– Қуанышбаев театры бойынша алып қарайтын болсақ, мұнда жас көрерменге де, орта жастағы және үлкен буын өкілдерінің көңілінен шығатын, талғамына сай қойылымдар бар. Онымен қоса, жаңа бағыт пен тың көзқарас та еніп келеді. Репертуар мол, әр қойылымның айтар ойы мен берер өсиеті бар. Дегенмен, барлығы бірдей мінсіз деуге келмейді. Жыл сайын қойылым сапасы артып, шығармашылық тұрғыдан шыңдалып келеміз. Өзің айтқандай, көрермен талғамы жыл санап өзгеріп жатыр, сондықтан барынша соған сай болуымыз керек. Цифрлық даму қарыштап тұрған заманда театрды ұмытпай, оны заман талабына сай дамыта түсуіміз қажет.
– Шынайы ойларыңыз бен терең пікірлеріңіз үшін алғыс айтамыз. Өнер жолындағы ізденістеріңіз жемісті болғай!
Сұхбаттасқан – Арайлым Заманиянова,
Қазақ ұлттық өнер университетінде театртану мамандығының студенті
Abai.kz