Қытай тарапы тым артық қадамдарға барып жатқанын сезе бастаған секілді
Шыңжаңдағы 1,5 млн қандастың сол елдің заңына бағынуы керектігі біз мойындаймыз. Алайда біз бөлінген отбасылардың, көшіп келгендердің зейнетақыларының тоқтатылуына, студенттердің жағдайына, заңсыз тәрбиелеу лагерлеріне жіберілуіне, төлқұжаттарынан айырылуына қалай бейжай қараймыз?
Қытай өкіметі кезінде халықаралық қауымдастықтың алдында орындауы тиіс өз міндеттемелерін қабылдаған. Қазақстан мен Қытай арасында Сыртқы істер министрлігі, консулдық мекемелер, көші-қон құрылымдары деңгейінде екіжақты құжаттар қабылданған. Соған орай біз қандастар мәселесін талап етуге құқылымыз, екіншіден, Қытайдың заң алдында орындауы тиіс өз міндеттемелері бар.
Қытай Конституциясы бойынша барлық ұлттың құқы тең сақталып, тілдік, нәсілдік, әлеуметтік тұрғыдан кемсітілмеуі керек. Мәселен, АҚШ-қа, Еуропаға көшкен ханзу азаматтары зейнетақыларын алып, студенттеріне еш шектеу болмай, екі арада емін-еркін жүреді, ал неге этникалық қазақтардың құқы бұзылады? Ресейді, Түркияны, Германияны, өзге де елдерді қараңыз, әр қандасы үшін күресіп жатыр. Сырттағы қандастар үшін біз де алаңдаймыз.
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі конвенциясында әрбір азаматтың өзі қалаған еліне көшуіне, шекарадан емін-еркін өтуіне, оның өз отбасы мүшелерінен себепсіз бөлінбеуіне, қайда тұруды тек өзі шешуіне құқылы екені жазылған. Қытай мұндай құқықтық келісімдерге мүше бола отырып, оны өз тарапынан өрескел бұзылып отыр. Бұған Батыс Еуропа елдері мен АҚШ және адам құқығы жөніндегі мемлекеттік емес халықаралық ұйымдар жайдан-жай қарап отырған жоқ.
АҚШ билігі Қытай үкіметінен адам құқықтарының қорғалуын жиі талап ете бастады. Егер бұл әлемнің саяси сахнасында қарқынды көтеріле беретін болса, оның арты санкцияларға жетуі мүмкін. Қытай экономикалық қуаты бар алып ел болғанымен, мұндай келіспеушіліктер оларға да керек емес. Сондықтан Қытай билігі ұлтаралық жағдайды одан әрі ұшықтырып алмауды ойлайтыны анық.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлының өзі Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайында: "Қазақстан – дүниедегі қазақтардың атамекені, тарыдай шашылған қандастарымызға пана болу, қорғау Тәуелсіз Елдің борыштарының бірі" деп қадап айтқан болатын. Әрине, әр ел үшін бірінші кезекте мемлекеттің тұрақтылығы қымбат, алайда бәрі заң аясында, асыра сілтеушілікке жол берілмей реттелуі керек. Қалыптасқан жағдайды шешу екі жаққа да маңызды, екі жақтың да ресми тарабы мүдделі. Бұл мәселенің ушығуы, Қытайға деген теріс көзқарастың қалыптасуы екі тараптың өзге салалардағы қарым-қатынасына сызат түсіреді. Тиісті іс-шаралардың жетіспеушілігінен бұл мәселе ушығып кетті. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бірнеше рет ресми нота да жолдады. Бірақ оған ҚХР-ның ресми жауабы өз деңгейінде берілмегендіктен қоғамдық пікір қалыптасып, елдің наразылығы өршіп, халықтық дипломатияның араласуына дейін алып келді.
Осы жолғы сапар барысында менің түсінгенім – Қытай тарапы тым артық қадамдарға барып жатқанын сезе бастаған секілді. Мұнда бірнеше ішкі фактор – қауіпсіздік, қатынау, бірізділік, тәртіп, жүйеге келтіру мәселесі бар. Біз осы сапарда біраз жағдайға ресми биліктің көзін жеткізгенімізбен, кейбір талаптарымыз орындалмады. Мәселен, тәрбиелеу лагерлерін көру, қазақ зиялыларымен кездесу деген секілді.
Шыңжаңдағы жағдай соңғы жарты жылда халықаралық деңгейде талқыланып жатыр, тіпті БҰҰ-ның мінбесінен айтылды. Себебі Қытай өз заңдарын ғана емес, БҰҰ-ның адам құқықтарына қатысты халықаралық конвенцияларды да бұзып отыр. Бір ғана ресми соттың үкімінсіз бас бостандықтарынан айырудың өзі үлкен жанжалға әкелуі ғажап емес. Мұндайға үшінші бір мемлекеттердің араласуы қауіпті. Олар дамып келе жатқан Қытайды әлсіретуді, кіші ұлттардың басындағы қайшылықтар есебінен халықаралық деңгейде ұпайларды түгендеуді көздейді. Олар Шыңжаңдағы немесе Тибеттегі жағдайларға жаны ауырып отырғандықтан емес, өздерінің саяси мүдделері бар. Сол себепті Қытай тарапы да бұл жағын ойламай жатқан жоқ.
Расул Жұмалы
Abai.kz