Жұма, 22 Қараша 2024
3748 5 пікір 1 Қыркүйек, 2018 сағат 15:26

Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысты

Елбасы депутаттар алдында сөйлеген сөзінде халық қалаулыларын Парламенттің жаңа сессиясының ашылуымен құттықтап, алтыншы шақырылымның депутаттық корпусы жоғары кәсібилік көрсетіп, Үкіметпен өзара үйлесімді ықпалдастық танытқанын атап өтті.

– Парламенттің үшінші сессиясының қорытындысы бойынша 87 заң қабылданды, соның ішінде мен жариялаған «Бес әлеуметтік бастаманың» тиісті нормативтік құқықтық негізі қалыптасты. Бұл алты миллионнан астам қазақстандықтың әл-ауқатын арттырып, өсіп-өркендеуіміздің басты шарты саналатын халқымыздың бірлігін нығайтуға мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық жетістіктеріне арнайы тоқталды.

– Қазақстандағы ішкі жалпы өнім 4 пайызға артты, инфляция 5,9 пайызға төмендеді, инвестиция көлемі 24 пайызға өсті. Экономика мен қоғамның тиімді жаңғыруына қажетті жағдайлар жасалуда. Біз былтырдан бастап экономиканың әлемдегі орташа даму қарқынынан оза бастадық. Өңдеу өнеркәсібі, көлік және қызмет көрсету салалары сияқты шикізаттық емес секторлар экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналды, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы әрі қарай дәйекті әлеуметтік-экономикалық даму үшін сапалы заң шығару жұмысын жалғастыру қажет екенін айтты.

– Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды медициналық және әлеуметтік сақтандыру, сондай-ақ зейнетақымен қамту жүйесіне тарту – маңызды мәселелердің бірі. Тиісті өзгерістерді осы жылдың соңына дейін қабылдау қажет. Бұл, әсіресе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін енгізу, қоғамдық денсаулықты сақтау мәселелерін және медициналық мекемелерде корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру жұмыстарына байланысты болғандықтан аса өзекті саналып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы құрылыстың қарқынды дамуына байланысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында тұрғындарды қанағаттандырмайтын күрмеулі мәселелердің бар екенін атап өтіп, жалпы үй шаруашылығы басқармасының түсінікті әрі тиімді жүйесін құру керектігін, сонымен қатар бұл жүйенің қызмет көрсетуші компаниялар мен тұрғындар арасындағы қарым-қатынастың ашықтығы қағидатына, сондай-ақ қаражат шығыны мен монополистердің жауапкершілігін бақылауға негізделуі тиіс екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев орта және шағын бизнесті дамыту барысындағы оң үрдістерге тоқталып, туризм саласының кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін беруі қажет екендігін атап өтті.

– Үкіметке Туризмді дамытудың 2023 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Бұл құжат жыл соңына дейін қарастырылып, қаржылық тұрғыдан қажетті заңнамалық база арқылы бекітілуге тиіс. Сонымен қатар, Парламентте мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор үшін сатып алу мәселелеріне қатысты заң жобасы бар. Осы құжат аталған процесті жеңілдетуге, оның тиімділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлық қатерін төмендетуге, басым бағыттарды іске асыру үшін қаржы бөлуге және бизнес ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешені саласындағы заңнаманы, соның ішінде сақтандандыру, аграрлық қолхаттарды енгізу, несиелік серіктестіктерді дамыту, сондай-ақ ветеринария саласында бақылау жүйесін оңтайландыру мәселелерін одан әрі жетілдіру қажеттігіне тоқталды.

– Қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды міндеттерінің бірі тарихи-мәдени мұраны сақтап, кеңінен танытуды қамтамасыз ету болып саналады. Тиісті заң жобасын қабылдау үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес тарихи әрі киелі нысандарды тиімді дамытуға, қорғауға септігін тигізеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Шымкентке републикалық маңызы бар қала мәртебесі берілуіне және Түркістан облысының құрылуына байланысты Қазақстан Президенті Парламенттің қарауына қайта құрылған әкімшілік-аумақтық бірліктердің толыққанды жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған заң жобалары енгізілетінін және олардың шұғыл қаралып, қабылдануы керектігін айтты.

Жиын соңында Мемлекет басшысы депутаттарды сессияның ашылуымен тағы да құттықтап, Қазақстанның тұрақты әрі қарқынды даму ісінде одан әрі табысқа жете беруіне тілектестік білдірді.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302