Жұма, 27 Қыркүйек 2024
4139 59 пікір 5 Қыркүйек, 2018 сағат 09:52

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы һәм "7-20-25" бағдарламасы

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында Шымкент қаласының жас отбасылары мен бюджеттік сала қызметкерлері баспана бағасының 10 пайызын алғашқы жарна ретінде төлеп, "7-20-25" бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алды.

Тиісті Меморандумға "Баспана" Ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қол қойды.

Екі жақты келісім бойынша, азаматтардың аталмыш санатына Шымкент қаласының әкімдігі ұзақ мерзімді, жеңілдетілген несие беру арқылы алғашқы жарнаның жартысын төлеп бермек.

Осы мақсатта биылғы жылы бөлінген сома 500 млн. теңгені құрайды. Жалпы, алдағы 2 жылдың көлемінде, Шымкент әкімдігі өз тұрғындары үшін "7-20-25" бағдарламасының алғашқы жарнасын төмендетуге 2 млрд. теңге жұмсамақ. Осы арқылы, әкімдік шамамен 2 мың жас отбасы мен бюджеттік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдаумен қамтуды жоспарлап отыр.

"Шымкент "7-20-25" бағдарламасына қатысып жатқан тұрғындарына жергілікті әкімдіктер қолдау көрсететін бірлескен жобаны іске асыратын тұңғыш өңір атанып отыр. Өз кезегінде, осы игі бастаманы біз басқа да өңірлермен бірлесіп, жүзеге асыруға дайынбыз", - деді, "Баспана" Ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалада "7-20-25" бағдарламасы бойынша 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынатынын хабарлады. Бұл 8 333 пәтер.

Қазіргі таңда, Шымкент қаласының тұрғындары ЦентрКредит, АТФБанк, Цеснабанк, Bank RBK мен Еуразиялық банк арқылы ипотекалық несие ала алады.

Abai.kz

59 пікір