Аялдар Күнтуған. Күнестен «Қазаққа» жеткен хат
Биыл ардақты басылымымыз, қазақ сөзінің көшбастаушысы қатарындағы «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетінің жарық көргеніне 100 жыл толып отыр. Сондай-ақ, ұлттың сөзіне, көзіне, құлағына айналған «Қазақтың» да мерейлі мезетіне жақындап келеміз. Егер сол кездің көзімен қарасақ, баспасөз ашу, шығару, тарату ісінің қаншалықты михнатты шаруа екенін түсіну қиын болмас.
Биыл ардақты басылымымыз, қазақ сөзінің көшбастаушысы қатарындағы «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетінің жарық көргеніне 100 жыл толып отыр. Сондай-ақ, ұлттың сөзіне, көзіне, құлағына айналған «Қазақтың» да мерейлі мезетіне жақындап келеміз. Егер сол кездің көзімен қарасақ, баспасөз ашу, шығару, тарату ісінің қаншалықты михнатты шаруа екенін түсіну қиын болмас.
Айтпағымыз, сол кездері кіл марғасқаларымыз, ойдың көшін, сөздің десін бермеген Алаш зиялыларының «Қазақ» газетін шығара отырып, әлеуметке, тұтас қазақ баласына үндеу тастауы туралы еді. Мұндағы мақсаттары - «Қазақ» газетінің аясында топтасқан «Азамат» серіктестігіне жарна жинап, жеке, ұлттық баспахана құру мәселесі болатын. Ардақты басылымның әр уақтағы нөмірлерінде бұл серіктестікке қанша ақша жиналғаны, оны кімнің бергені есім-сойларымен көрсетіліп отырған. Мына төмендегі алақандай хатты қазіргі Қытайдың Іле аймағына қарасты Күнес ауданының қазақтары жолдапты. «Алаш туының астына бізде қосылдық!» деп, ағынан жарылыпты. Байқап отырсақ шағын ғана мәтінде айтар ой көп. Бұл, біріншіден, «Қазақ» арқылы ұлан байтақ өлкеміздің әр түкпіріндегі қазақтың ойы мен сөзі бір жерге тоқайласқандығын көрсетсе, екіншіден, Алаш баласы қиыр жайлап, шет жүрсе де, ұлт үшін күресе алатындығының айғағы есептес. Сонау солтүстік батыстағы (Орынбор) ағайын жұртқа қазақ даласының оңтүстік шығыстағы ең шеткі нүктесі есептелетін Күнес елінен арнайы хат жазып, тілеулес болуы - Алаш арыстарының үні барша қазақ баласына жеткендігінің нақтылы көрінісі деуге толық негіз бар.
Сондай-ақ, хат соңындағы есімдер Күнеске танымал адамдардың аттары екендігін де айта кету парыз.
Баспахана туралы
«Қазақ» басқармасының баспахана туралы жазған сөзіне ішіміз еріп, Қытай қол астындағы Күнес елінің қазақтары «Азамат» серіктестігіне 600 сом жібердік. Алаш ұранды қазақ баласы «аһ» десіп қолға алған ісінен бізде құр қалмалық дедік. Алаш туының астына бізде қосылдық! Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз. Бүтін алты алаш болып бір баспаханаға ие бола алмаса, қанша ноғайға күлкі болмаймыз ба? Баяғыдан бергі телміргеніміз аз ба? Шөміштен қағылып жүргеніміз бе?
Егер қазақтың бір баспаханасы болса, әр түрлі газета, журнал басылып, қазақша мектеп кітаптары көбейіп, көзіміз ашылар еді.
Мақсұт тәжі Сасанұлы,
Молда Нұрбекұлы,
Қосболат Байболатұлы,
Шайырбек Сасанұлы,
Рақым Асылбекұлы,
Жиенәлі Мейірманұлы.
(Қазақ, 1917, 17 март)
«Абай-ақпарат»