Дін саласын заңдық тұрғыдан реттеу барлық елде бар
Еліміздің парламентіне талқылауға түскен «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы заң жобасы мемлекеттің дін саласындағы саясатының пәрменділігін арттыруға бағытталған. Қоғам және мәдениет қайраткерлері діни көзқарасы мен ұстанымын көпшілік алдында жариялауға мұқият және салиқалы қарағаны дұрыс.
Мемлекеттік қызметкерлер қызметтік бабын діни бірлестіктер мүддесіне орай пайдалануына тыйым салуы орынды. Ел аумағындағы 18 конфессияға тиесілі 3600 аса діни бірлестіктер тіркелгендігін назарға алсақ, бұл мемлекет пен дін қатынасын зайырлы жүйеге сай реттеудің жолы. Мемлекеттік басқару жүйесінің зайырлы сипатын нығайту және мемлекет пен дін қатынасын жетілдіру үшін діни оқу орындарын қоспағанда, мектептер және жоғары оқу орындарының ұстаздары діни сенімдік ұстанымын жария көрсетпеуі зайырлы білім жүйесі талабына сай. Лауазымын өзіне бағынышты қызметкерлерді діни ғибадатқа қатысуға мәжбүрлеу мақсатында қолдануға болмайтындығы уақыт талабынан туып отыр. Басшысының діни сенімге қатысты көзқарасын қызметтік мансабын сақтау және қызметін өсіру жолында пайдалануды қалайтындарға тосқауыл қойылады Мемлекеттік қызметкерлердің діни сенімге қатысты көзқарасының жария көрсетілмеуі орынды. Діни ғибадат мемлекеттік қызметтен тыс уақытта іске асырылуы зайырлы сипатқа сай. Зайырлылық пен зиялылық, руханилық пен діндарлық мәдениеті ұлттық өркениетіміздің жаңғыруына қызмет жасауы тиіс. Ораза ұстау, намаз оқу, қажылыққа бару PR мақсатында қолданылмауы қажет.
Діни сенімді саяси мақсатқа және нақты топ мүддесіне орай қолдану діннің саясилануына алып келетін қадам. Діни топ ұйымдастыру жолымен қоғамдық пікір мен қоғамдық психологияға ықпал жасау секулярлы мемлекет қағидасына кереғар. Мемлекет пен дін қатынасының салиқалы философиясы – өзара әріптестік, түсіністік және тағаттылық. Қоғамдағы тұрақтылықты және бірлікті сақтау, нығайту мемлекет пен дін қатынасының басты өлшемі. Мемлекеттің дін саласын реттеу, қадағалау механизмдерінің заңнамалық және құқықтық тетіктерін жетілдіру уақыт талабынан туындаған қадам. Бүгінгі қоғамда дін және діни ұйымдар халықтар дүниетанымын өзгерте алатын қуатты күшке айналды. Жаһандық ойыншылар діндер көмегімен адамдар санасын билеуді қалайды. Соңғы жылдары қоғам мен адамның дүниетанымы мен саяси мінез-құлқына діннің ықпалы өсуде. 2011 жылғы араб көктемі аймақтық жобасы аясында Тунис, Мысыр, Ливия, Йемен, Сирия елдерінің жастарының санасын шарпуында Facebook, Twіtter желілері өзіндік рөл атқарды. Діни сенім жастардың қоршаған ортаға деген наразылығын көрсету құралы ретінде көрінді. Солтүстік Африка жастары қоғамнан іздеген әділеттілік, теңдік, мейірімділік пен ақиқатты, яғни өз қиял-арманындағы жұмақты радикалды діни идеологиялардан тапты. Трансұлттық денгейде діни ұйымдар мен террорлық квазимемлекеттің пайда болуы бүгінгі постмодерндік заман туындылары. Постсекулярлық мәдениет діндарлықтың жаңа формасы квази-псевдо теократиялық мемлекеттің құрылуына жол ашты. Суық соғыстан кейін коммунистік және капиталистік идеологияның орнын әсіре діншілдік пен әсіре ұлтшылдық иеленді. Діндердің саясилануы заманауи діни-саяси үдерістерге тән құбылыс. XXІ ғасырда қоғам мен адам өмірін, мінез-құлқын, дүниетанымын жаңғыртуда дін маңызды рөл атқара бастады. Христиандық өркениет аясында біріккен еуроодақ елдері үшін діни бірегейлік зайырлы мәдени құндылықты сақтау маңызды. Еуропа елдерінде пәрәнжі, никаб мәселесі қоғамда талас-тартыс тудырған болатын. 2011 жылы сәуірде Франция қоғамдық орындарда ниқаб, хижаб, бурка киюге тыйым салды. Қоғамдық орында хижаб кигендерге 150 евро айыппұл салып және бір сағат гендерлік теңдік, зайырлы құндылықтар туралы дәріс тыңдатады. Әйелін, қызын, қарындасын хижаб, ниқаб киюге мәжбүрлеген еркектерге 30 мың евро айыппұл салынады немесе бір жылға бас бостандығынан айырады. 2016 жылы Нидерландтың төменгі палатасы қоғамдық орындарда хижаб, ниқаб киюге тыйым салды. Заң бұзушыларға 400 евро айыппұл салынады. 2011 мамырда Бельгия парламенті қоғамдық орындарда пәрәнжі, ниқаб киюге тыйым салды. Заңды бұзушыларға 15-20 евро айыппұл салынады. Елдің оқу орындарының басшылары хижаб мәселесіне қатысты шешім шығару өкілеттілігіне ие.
2016 жылы қарашада Болгария парламенті қоғамдық орындарда хижаб, ниқаб киюге тыйым салды. Заңды бірінші рет бұзушыларға 100 евро, қайта бұзғандарға 750 евро айыппұл салынады. Заңды лауазымды қызметкерлер бұзса 250 евро, қайта бұзушыларға 1000 евро айыппұл салынады. 2016 жылы қазанда Австрия заңды түрде қоғамдық орындарда пәрәнжі, ниқаб киюге тыйым салды. Заң бұзушыларға 150 евро айыппұл салынады. 2017 жылы қазанда Канаданың Квебек үкіметі автобус жүргізушілеріне, кітапханашылар және мемлекеттік қызметкерлер үшін пәрәнжі және ниқаб киюге тыйым салды. 2017 жылы сәуірде Германия парламенті мемлекеттік қызметкерлер, судьялар және әскерилер үшін жұмыста пәрәнжі және ниқаб киюге тыйым салды. Биліктің ұстанымы бойынша бұл заң елдің өзге мәдениетке қатысты тағаттылық шегін көрсетуі тиіс. 2010 жылы Германия Ғылыми кеңесі жариялаған діни білім беру мәселесі мен болашағы туралы баяндамада діни білім беру тек мемлекеттік оқу орындарында іске асуы тиіс деп көрсетілген. 2012 жылы Тюбинген университетінде ислам теологиялық орталығы ашылды. Білім беру және зерттеу федералды министрлігі (BMBF) ислам теологиялық орталықтарын қолдауға 20 миллион евро бөлуді көздеуде. Орталық бакалавр академиялық дәрежесімен ислам теологтарын даярлайды. Франция, Италия, Бельгия, Нидерланд сынды елдер шет елдерде діни білім алған имамдарды қайта оқыту курстарынан өткізуде.
Орталық Азия елдерінде 1990 жылдары басталған діни ренессанс ішкі діни сұраныс және ата-баба ұстанған діни дәстүрге қайта оралу, имандылық – ұлттық сана мен болмыстың нәрі деген үмітпен байланысты қарастырылды. Қоғамның діни сұранысы мен рухани қажеттілігін мүдделі сыртқы және ішкі күштер өз мақсатына қолдануға ұмтылды. 1990 жылдардың ортасында ақидалық ұстанымы аймақтың дәстүрлі ілімімен сиыспайтын ағымдар діни сенімді идеологиялық ықпал ету ретінде пайдаланды. Посткоммунистік және постатеистік идеология құрсауынан енді шыққан кейбір адамдар радикалды идеология торына шырмалды. Бұл тәжік еліндегі азаматтық соғысқа алып келді. Посткеңестік елдердегі бірден-бір діни-саяси партия Тәжікстан ислам өрлеу партиясының құрылуы діннің мемлекет ісіне араласуын айқындады. Тәжістан 2013 жылы Иран, Мысыр, Ливия, Сауд арабиясы елдеріндегі діни оқу орындарында оқитын студенттерін кері шақырып алды. Алғашқы діни білімді елде алған соң арнайы комиссияның рұқсатынан кейін шет елдің діни оқу орындарында білім алуға рұқсат етіледі. 2015 жылы Орталық Азия елдеріндегі бірден-бір діни партия Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясына тыйым салынды. 2015 жылдан бері Тәжікстанда діндар азаматтардың сақалы 3 см. аспауы тиіс деген талап бар.
1999-2000 жылдары Ташкент және басқа қалаларда болған жарылыстан соң мемлекет дін саласын қадағалауды күшейтті. Шетелдердің діни оқу орындарында оқитын өзбекстандық студенттер елге қайтарылды. Елдегі шетелдік діни оқу орындар жабылды. Ел мұсылмандарының сыртқы бейнесі мен киім үлгісі нақты қатаң шаралармен реттелді.
Өзбекстанда жоғары діни білім имам Бухари атындағы ислам институты мен Ташкент ислам университетінде, ал орта діни білім медреселерде беріледі. 2017 жылы Ислам өркениеті халықаралық зерттеулер орталығы және ислам академиясы ашылатындығы жарияланды. Орталық Азиядан шыққан имам Бухари, имам Науаи, имам Термизи және имам Матуриди мұраларын зерттеу мен насихаттауға билік тарапынан қолдау көрсетілуде. Елдегі исламтанулық білім беру жүйесі бірізді және бірыңғай оқыту бағдарламасын ұстанады. Қырғызстан мен Түркіменстанда алғашқы және негізгі діни білімді ел аумағындағы оқу орындарында беру мәселесі заңдық тұрғыда шешілуде. Ресей мұсылмандар тұратын аймақтарда ел мұсылмандары ұстанатын ақида және фиқһ мазхабтарына сай білім беруді қолға алуда. Қазіргі Орталық Азия елдерінде десекуляризация процесінің орнына ресекуляризация процесіне назар аударылуда.
2017 жылы қыркүйекте Татарстанда Бұлғар ислам академиясы ашылды. Академияда магистратура және докторантура бөлімдері бар. Оқу – тегін. Билік жаңа оқу орнын ислам білім-ғылымы саласындағы елдің идеологиялық дербестігінің тұғыры ретінде қарайды. Негізгі мақсат – діни радикализмнің таралуының алдын алу, исламтанулық ғылыми мектеп қалыптастыру және діни оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Академия аясында діни үкімдер беретін ғұламалар кеңесі құрылды. 2018 жылы қаңтарда РФ тергеу комитеті шетелдік діни оқу орындарында білім алуды қалайтын жастарды іріктеу керектігін ұсынды. Ресей президенті әкімшілігінде исламдық жобалардың үйлестіруші-кураторлары ислам мәдениеті, білім және ғылым қорын құрып, исламдық білім беру ұйымдарын мемлекеттік қаржыландыру көздерін іздестіруде, бұл көбіне діни экстремизм мен терроризммен күрес мақсатына бағытталады. Ресей билігі үшін жаһандану жағдайында Ресей мұсылмандарының этнодіни бірегейлігін қалыптастыру мен дәстүрлі діндарлықты жетілдіру маңызды. Шетелдік дін ғұламаларының пәтуасына құлақ салып, жат-жұрттық дін ұстаздарына еліктейтін әрі қастерлейтін діндарлардың қалыптасуы мен көбеюі қауіпті құбылыс. Сондықтан тарихи қалыптасқан дәстүрлі діни сана мен діндарлық мәдениетіне сай діни ұстанымды қалыптастыру үшін ресейлік мұсылман дін ғұламаларының мектебін ашу мемлекеттің дін саласындағы ұстанымы. Дәстүрлі діни сана мен діндарлық мәдениетіне сай діни ұстанымды қалыптастыру үшін Ресейде исламтанулық білім берудің үш деңгейі медресе-жоғары оқу орны-академия жүйесін қалыптастыру үшін мақсатты жұмыстар жүруде. Қытай халық республикасында ислами білім алуға ниетті жастарды елдегі діни оқу орындарында оқыту жүйесі бар. Батыс еуропа елдері өз мұсылмандарын мемлекеттік бірегейлік мәдениетінде тәрбиелеу мақсатында әрекет жасауда.
Елімізде соңғы жылдары жиі көтерілетін хижаб тақырыбы түрлі айтыс-тартыстың өзегіне айналды. Еліміздің мектептерінде қызмет жасайтын ұстаздардың 98-99% әйелдер. Демек, қыз балалардың өзге көздерден бүркенуі үшін негіз жоқ. Олардың мектеп үлгісіне сай киінуі дүниетанымында ұжымдық бірегейлікті қалыптастырады. Ұзын сақал және қысқа шалбар кию исламның алғашқы жылдарында мұсылмандарды өзге діни қауымдардан ерекшелейтін белгі ретінде әрі исламға дейінгі қауымға ұқсамау мақсатында қолданылды. Ұлттық мәдениетімізде сақал көпті көрген даналықтың және парасаттылық пен тазалықтың рәмізі.
Еліміздің діни қызмет туралы заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізуі аумалы-төкпелі замана тынысынан туындауда. Елдегі мемлекет және дін қатынасының өзекті тұстары: зайырлы қағиданы сақтау және нығайту, ар-ұждан бостандығын қамтамасыз ету, тоталитарлық радикалды идеология және деструктивтік діни ағымдармен күрес, сыртқы діни ықпалды тежеу механизмдерін жетілдіру, діннің саясилануының алдын алу, дәстүрлі діндарлық мәдениетінің сапалық тұрғыдан өсуін қолдау және жоғары руханилықты жетілдіру.
Бағдат БЕЙСЕНОВ,
философия ғылымының докторы
Abai.kz