Түркістан облысынан Солтүстікке көшкендер көп
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы «Үшінші кешенді міндет − еңбек нарығын жаңғырту» атты бөлімінде басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету жөнінде орынды атап көрсетілген болатын.
Таратып айтқанда, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға байланысты облыстың халқы тығыз орналасқан аудандарынан республикамыздың шалғайдағы өңірлеріне халықты көшіру барысы туралы айтқаны мәлім. Тәуелсіздік кезеңіндегі көрсеткіштерге көз салсақ, еліміздің Оңтүстік өңірлерінде халық саны көбейсе, керісінше Солтүстік аймақтарда халық саны едәуір азайған. Айталық, СҚО-да 2004-2014 жылдар аралығында 100 мың адамға азайғаны ресми деректерде көрсетілген.
Түркістан облысы, Алматы облысы, Жамбыл облысы, Маңғыстау облыстарында бала туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда шамамен 24-26 баладан тура келсе, Солтүстік өңірлерде 13-15 бала мөлшерінде қалып отыр. Осы мысалдан-ақ Оңтүстік өңір халқының өсу барысы байқалса керек. Дегенмен, бұл облыстарда халық санының артуына мұнан басқа да факторлар түрткі болып отыр.
Өздеріңізге мәлім, республикада халқы тығыз өңірлерден халқы сирек орналасқан өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары 4 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Журналист С.Жексенбаевтің жазуынша, Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) облысының 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысымен, 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысымен халықты жұмыспен қамту жөнінде ынтымақтастық меморандумдары түзілген. Ал 2014-2016 жылдары «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде аталған облыстан барлығы 154 отбасы қоныс аударып, көшу шығындары өтелді. Аталған басқарма тарапынан қоныс аударған азаматтарға сол өңірдегі уәкілетті органдар арқылы мониторинг жұмыстары да жүргізілген. Қоныс аударған азаматтардың 48-і ауыл шаруашылығымен айналысса, білім саласында 42 азамат қызмет атқаруда. Бұдан бөлек, жергілікті атқару органдарында 11, қызмет көрсету саласында 12, денсаулық сақтау саласында 7 адам еңбек етіп жүргені анықталды. Біздің өңіріміздегі мұндай игілікті әрекетті қанатқақты жоба ретінде қарастырып, сәтті өткен эксперимент ретінде бағалауға болады.
Қазақстан Республикасы Үкіметі 2018-2022 жылдарға арналған өз еркімен қоныс аударушыларды ынталандыру, ішкі көші-қон саясатын жүзеге асыру мақсатында «Оңтүстік-Солтүстік» жобасын дайындауда. Себебі, республикамыздың солтүстік облыстары халқының саны (Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар) жыл сайын кеми түсуде. Расында да Оңтүстік Қазақстан облысы − артық жұмыс күші бар, республикадағы халқы тығыз орналасқан аймақтардың бірі. Оның үстіне өңірдің табиғи-климаттық және географиялық жағдайының қолайлы болуы да адам капиталының дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Ресми деректерге жүгінсек, соңғы бес жылда халық саны 272,8 мыңға немесе 24 пайызға артып, бүгінде тұрғындар 2 861,3 мың адамға ( оның ішінде жұмыссыздар саны 62,7 мың) жетті. Сөйтіп, республика халқының 16,1 пайызын құрап отыр. Ішкі көші-қон (миграция), яғни халықтың облыстан көшуі мен келуі барысындағы айырмашылықты қоса алғандағы көрсеткіштің өзі өсу динамикасын байқатады.
Әрине, еліміздегі үшінші мегаполис болуға ұмтылған шаһарға қарай халықтың шоғырлана түсуіне заңды құбылыс ретінде қарауымыз қажет-ақ. Өйткені, облыс орталығы − Шымкент қаласына қоныс тебушілер қатары көбейіп тұр. Мұны төмендегі деректер дәлелдей түседі. Бүгінгі таңда облыс бойынша тұрғын үй салуға жер телімін алуға 173 мыңға жуық адамның өтініші тіркелсе, 49 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр. Ал, осыған әлі де құжаттарын ресімдеу қаракетінде жүрген, тіркеуге тұрып үлгермегендерді қосыңыз. Өңірдің экономикалық белсенді халқының жұмыспен қамтылғаны 1147,2 мың адам екен. Оның құрамында өздігінше жұмыспен қамтылғаны 502,8 мың адамнан асады. Бұл не деген сөз? Біздің ағайындардың «жұмыс жоқ» деп жүні жығыла салмайды. Жоқ жерден жұмыс таба қояды. Өз автокөлігін «такси» ете салады. Үлкенді-кішілі кеңсенің маңайын «ақылы» автотұраққа айналдырып, мәшине кіргізіп-шығарудан да өз нәпақасын айырып отырғандар аз емес. Жұмыс іздеген адам әйтеуір «осылай» айналысатын кәсібін тауып ала береді. Нарық заманына бейім мұндай жандар жалпы жұмыспен қамтылғандардың 43,8 пайызын құрайды екен. Ал облыс бойынша өздігінше жұмыспен қамтылғандар үлесі республикада ең жоғары көрсеткішті көрсетіп отыр.
Ішкі көші-қонды реттеу бойынша облыста бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатысуымен биылғы жылдың сәуір айында өңіраралық бірігуді дамытудың шаралары бірнеше аудандарда ұйымдастырылды. Мұндай іс-шараға барлығы 5780 азамат қатысып, 672 отбасы (2019 отбасы мүшелерімен) қоныс аударуға ниет білдірді. Осы азаматтардың 1008-і еңбекке қабілетті болса, олардың 116-сы ауыл шаруашылығымен, 98-і кәсіпкерлікті дамытумен, 794-і мемлекеттік кәсіпорындарда жұмыс істеуге талаптанып отыр.
2017 жылы қоныс аударушыларға 288 отбасына квота бекітілді. Бұл квотаға енген бағдарламаға қатысушыларға және оның әрбір отбасы мүшесінереспубликалық бюджеттен бір реттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері — 35 АЕК, 84 175 теңгеге тең.
– Коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеуге 12 айға дейін:
Қалалық жерге қоныс аударғандар үшін:
– 1 адам үшін — 20 АЕК (48100 теңге);
– отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса — 25 АЕК (60125 теңге);
– 5 жан және одан көп болса — 30 АЕК (72150 теңге)
2. Ауылдық жерге қоныс аударғандар үшін:
– 1 адам үшін — 15 АЕК (36075 теңге);
– отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса — 18 АЕК (43290 теңге);
– 5 жан және одан көп болса — 21 АЕК (50505 теңге)материалдық көмек көрсетіледі.
Егер де тұрғын үй сатып алғыңыз келсе, бірақ қолыңызда қаржыңыз болмаса, бұл соманың бір жылдық жиынтығын бірден алып, үй алуға болады. Айта кетер бір жайт, бағдарламаға қатысушы отбасы мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға қол жеткізуі үшін, жанұяның ең болмаса бір мүшесі міндетті түрде жұмыспен қамтылуы керек. Ал жергілікті билік оларды жұмыспен қамтуға міндетті.
Осындай мүмкіндіктер жасап оңтүстік халқын солтүстікке шақыру бағдарламасы өз жемісін бермей қалған жоқ. Бағдарлама аясында 2017 жылдың алғашқы жартысына дейін республика бойынша 119 отбасы қоныс аударса, оның 99-ы (262 отбасы мүшелерімен) Оңтүстік Қазақстан облысынан (Қостанай – 7, Павлодар – 13, Солтүстік Қазақстан – 44, Шығыс Қазақстан – 35) өзге өңірлерге көшпек. Оның ішінде 64 отбасы нақты квота алу үшін құжаттарын (Сарыағаш ауданынан – 11, Мақтаарал ауданынан – 3, Шардара ауданынан – 2, Сайрам ауданынан – 12, Түлкібас ауданынан – 3, Ордабасы ауданынан – 3, Түркістан қаласынан – 2, Шымкент қаласынан – 28 отбасы) тапсырды. Осы мәліметтерге қарап «Оңтүстіктен-Солтүстікке» жобасы аясында терістікті бетке алған халықтың көбі Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) облысынан екенін аңғару қиын емес.
Ерлан Әбікенұлы
Abai.kz