Серікқали Байменше. «Әй, қап!» – «Айқап»
«Айқап» журналы бұдан 100 жыл бұрын Троицк қаласында (Челябі облысы) жарық көрді. Кейбір жарияланымдарда журнал атауы «ай», «айна» деген сөздерден шыққан деп жорамалданып жүр. Мұның нақты жауабын осы журналдың редакторы - «басқарушы, бастырушы» Мұхамеджан Сералиннің: «Журналға «Айқап» деп есім бердік. Бұл сөзге түсінген де болар, түсінбеген де табылар. «Біздің қазақтың «Әй, қап!» демейтұғын қай ici бар?!. «Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге лайық «Айқап» болды», - деген сөздерінен табуға болады. Демек, «Айқап» - ХХ ғасыр басындағы қалың қазақтың талай нәрседен қапы қалып, сан соғып, «Әй, қап!» деп өкінген өмірін өз атымен бейнелеген тұңғыш журналы.
«Айқап» журналы бұдан 100 жыл бұрын Троицк қаласында (Челябі облысы) жарық көрді. Кейбір жарияланымдарда журнал атауы «ай», «айна» деген сөздерден шыққан деп жорамалданып жүр. Мұның нақты жауабын осы журналдың редакторы - «басқарушы, бастырушы» Мұхамеджан Сералиннің: «Журналға «Айқап» деп есім бердік. Бұл сөзге түсінген де болар, түсінбеген де табылар. «Біздің қазақтың «Әй, қап!» демейтұғын қай ici бар?!. «Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге лайық «Айқап» болды», - деген сөздерінен табуға болады. Демек, «Айқап» - ХХ ғасыр басындағы қалың қазақтың талай нәрседен қапы қалып, сан соғып, «Әй, қап!» деп өкінген өмірін өз атымен бейнелеген тұңғыш журналы.
1911 жылдың басында Троицкіде шыққан «Айқап» журналы 1913 жылы Орынборда бірінші нөмірі басылған «Қазақ» газетінің жарық көруін тездетті деуге болады. Қазақтың осы бір журналы мен бір газеті ақпараттық кеңістікте бірер жыл қатар жүрді. Оқырман «Айқапты» қазақтың тұңғыш ұлы деп таныды, «Қазақ» газетін оның тетелес інісі деп білді. Аталған «ағайындар» арасында кейбір мәселелерге қатысты пікір алшақтығы да байқалмай қалмады. Соған қарамастан, журнал мен газет басқармалары, оның жазушылары қазақы кеңістікте қатар жүрген бір-екі жылда алдымен тақырып ортақтығын, шығармашылық татулықты, өзара түсіністікті ту етіп тұрды. Бейімбет Майлиннің сөзімен айтар болсақ, халық үшін «Қазақ» газеті көздің қарасындай, ал «Айқап» журналы көздің ағындай еді.
Кеңестік ғылым журнал жарияланымдарын кедей тап мүддесі тұрғысынан бір жақты ұғындырып, «Айқапты» «демократияшыл» деп бағалады. Соған сәйкес ХХ ғасыр басында жарық көрген бірқатар газеттермен салыстырғанда, кеңестік заманда зерттеуге, ізденушілердің танысуына мүмкіндік туған бірден бір көне басылым - осы «Айқап» еді.
«Айқапты» біртұтас қазақ руханиятының құбылысы ретінде, бұрынғыдай тапқа бөлмей, шындап зерделеу еліміздің егемендігімен бірге басталды. Журнал жарияланымдарының энциклопедиялық тұрғыда жеке кітап (Энциклопедия «Айқап». - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995) болып мазмұндалып шығуы - тәуелсіздік жылдарындағы үлкен әдеби-ғылыми жетістік (Орайлы сәтті пайдаланып, бұл іс марқұм академик Рымғали Нұрғалидың және зерттеуші ғалымдар Үшкілтай Субханбердина мен Сәрсенбі Дәуітовтің сол тұстағы қажырлы еңбегі арқасында жүзеге асқанын айрықша атап өтуді парыз санаймыз).
«Айқаптың» бұрындары айтылмай келген авторларына қатысты ақиқат та соңғы жиырма жылдың ішінде ашылып, жария болды. Мысалы, «Дүнияда ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке теңгеретін ғылым мен өнерді, елсізді елдіге теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым мен өнерді керек қылатын қазақ аз. Теңдікке қолы қалай жетсін? Қатерлі жерде қаперсіз отырдық. Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ» деп қазақ жерінің сол кездегі тағдыры туралы толғанған Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың өкпесі» мақаласы «Айқаптың» бірінші нөмірінде жарияланған еді. Ахаңның кейіннен қанатты сөзге айналып кеткен «Біздің заманымыз - өткен заманның баласы, келер заманның атасы», «Талап жоқ, үміт мол бip халықпыз», «Еңбексіз егін шықпайды, терлесең, терің тегін қалмайды», «Телміріп алған теңгеден тер сіңірген тиын жұғымды», «Ата жолдасы - надандық» тәрізді ойлары осы мақаланың ішінде болатын.
«Айқап» журналының бірден бір басқарушысы да, бастырушысы да қазақтың белгілі қаламгері Мұхаметжан Сералин болды (Кейбір деректерде Еркем Әлімұлы деген азаматтың журналды бірге шығарысқаны туралы айтылады). Журнал басқармасында сол тұстағы танымал ақын, жазушы, драматург Әкірам Ғалымов, ақын, журналист Мұхамедсәлім Кәшімов, көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров еңбек етті. Мағжан Жұмабаевтың, Сәбит Дөнентаевтың, Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Tahиp Жомартбаевтың, Міржақып Дулатовтың, Қошке Кемеңгеровтің, Ахмет Мәметовтің, Мұстақым Малдыбаевтың, Кенжеғали Ғабдуллиннің, Самат Әбішевтің, Байбатыр Ержановтың және басқа да белгілі-белгісіз көптеген талапкер таланттардың алғашқы туындылары «Айқапта» жарық көрді. Журнал сонымен бipгe аударма әдебиетке назар аударды. Бұған Ә.Фирдоусидің «Шахнама» эпопеясынан аударылған «Рүстем-Зораб» тарауы, жазушы Лихановтың «Манап» драмасы, И.Крыловтың, М. Лермонтовтың, А.Пушкиннің, А.Чеховтың, А.Сорокиннің қазақшаға аударылған шығармалары мысал бола алады.
Журналдың барлығы 88 нөмірі жарық көрді, 1913-1914 жылдары ол айына екі рет шығып тұрды. 1915 жылғы 14-нөмірінен соң шығуын тоқтатты. Бұл туралы журнал өз оқырмандарына «Ал енді алаш азаматтары!.. Біз қолымыздан келген жұмысымызды алаш пайдасына жұмсаудан тартынбай қазақ жұртымызға аз да болса бip соқпақ жол болсын деп бастап журнал шығардық, мақсұтымыз дүние жиып байымақ, пайдаланбақ емес, тек қана жұрттың көзі, құлағы болмақ еді. Білгенімізді жаздық, айттық... не жазсақ та таза жүрек, таза ниетпен жазып едік,... мақсұтымыз халыққа жол көрсетпек еді. Газеташылық, журналшылық қазақ жігіттерінің қолынан келетін жұмыс екендігін сыпат етпек едік. Біз сол мақсұтымызға жеттік. Ендігі жұмыс оқыған жастардың мойнында...» деп жазды. Журналдың тоқталуы саяси мәселелермен байланысты болды, депті бір көпшілік сипатты жарияланымда. Бұл жаңсақтық. Дұрысында басты себебі - сол кездегі соғыстың салдарынан туған күрт қымбатшылық, қағаз бағасы мен баспахана шығындарының өсуі, журналға жазылушылар азайып, нақты қаржылай көмек берушілердің болмағандығы еді.
Басқарушы-редактор Мұхамеджан Сералиннің журналдағы жедел мақалаларын «Шаһар Троицк...» деп бастайтын жазу мәнерін қазақ баспасөзі тарихымен таныс оқырман жақсы біледі. Троицк - қазіргі Ресейдің Челябі облысындағы қала. Негізін кейіннен Орынбор губернаторы болатын генерал Иван Неплюев ХVІІІ ғасырда қалаған шаһар. Генералдың Троицк тарихына қатысты айтқан сөздерін жинақтай келіп, қазақша қысқаша түйіндесек, бұл қалаңыз бастапқыда «Орта жүздің қазағына қарата» салынған бір бекініс-қорған болып шығады.
Троицкінің бірнеше ғасырды бойлаған тарихы бай әрі қызық. Бұл қала - орыстың ұлы мысалшысы И.А. Крыловтың, атақты адвокат Ф.Н.Плеваконың туған жері. Екі елдің шекарасында орналасқандықтан оның қазақ тіршілігімен де тарихи байланыстары бар. Троицкіде қазақтың талай асыл ұлдарының табан ізі қалды. Ұлтымыз үшін заманында уездік Троицк губерниялық Орынбордан кем түспейтін білім-ғылым орталығы болды. Қалада жеті мешіт, бірнеше медресе-мектептер жұмыс істеді. Әсіресе қазақ арасында «Мұхаммадия», «Расулия», «Ғалия» (Уфадағыдан бөлек) медреселерінің жақсы атағы жайылып тұрды. Мұхамеджан Сералин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бейімбет Майлин, Серке Қожамқұлов және басқа белгілі тұлғалар Троицк мектеп-медреселерінің түлегі. Белгілі татар көпестері Бакиров, Яушев, Ирисов, Валиев, Уразаев, Гафуров әулеттері сауда-саттықты өрістетіп, қалада әсем ғимараттар тұрғызып, Троицкінің атағын алысқа жайды.
ХХ ғасыр басында қалада оншақты жекеменшік баспахана болған екен. Шмуль Сосновскийдің иелігіндегі әрі оның өзі басқарған «Энергия» баспаханасында 1907 жылы Есмағамбет Айманбаев (Ешмухамет Иманбаев) деген қазақ орысша-қазақша «Киргизская газета», яки «Қазақ газетінің» бір нөмірін ғана шығарып үлгеріпті. 1911-1915 жылдары шыққан «Айқап» нөмірлерінің титул бетінде нақ осы баспахана көрсетілген.
Сол «Айқап» журналынан қазіргі Ресей жерінде қандай белгі бар дейсіз ғой? Өкінішке қарай, әзірге ештеңе жоқ. Бүгінде сексен мыңнан астам халық тұратын (оның бес мыңға жуығы қазақ) көп ұлтты провинциялық қалада бұдан 100 жыл бұрын қазақтың тұңғыш журналы шыққаны Қазақстан елшілігінің ықпалымен Челябинск облыстық «Азамат» қазақ орталығы көтерген мәселеден кейін ауызға алына бастапты. Өлкетанушылар мен мұражай қызметкерлері ізденіп, «Айқап» туралы деректер жинап, қала басшылығын жеткілікті мағлұматтармен қамтамасыз еткен екен. Бізбен кездесіп, әңгімелескен кезде қала басшысының орынбасары Розалия Михайловна Вишнякова қазақтың алғашқы ұлттық кәсіби журналының Троицк қаласында шығып тұрғанын жұртшылыққа жеткізу қажеттігіне, қазақ мәдениетінің бұл дерегін бүгінгі ұрпаққа білдіру екі ел арасындағы тарихи, мәдени, рухани байланыстарды тереңдете түсетіндігіне ерекше назар аударып, осы бағыттағы іс-шаралар «Троицкідегі қазақ мәдениеті күні» деген тақырыпта ұйымдастырылғаны екі жаққа да тиімді болар еді деген тілегін де білдірмей қалмады.
«Айқапты» іздеп атамекенінен бұрын ат ізі көп түспеген соң, Троицк қаласында қазақ журналынан қандай белгі бар деп сұраудың өзі қиын. Өлкетану мұражайынан ештеңе көзге түспеді. «Журнал басқармасы осы тұста болыпты деседі» деген оймен іздестірген үйлердің орнын жаңа заманның құрылыстары басып кетіпті. «Елу жылда - ел жаңа, жүз жылда - қазан» деген, қайдан сақталсын...
Алайда ең бастысы - «Айқапты» бес жыл бойы басып шығарған, қаланың қазіргі орталығына жақын орналасқан «Энергия» баспаханасының екі қабатты ескі үйі сол күйінше тұр екен. Көше жақ бетіндегі бұрынғы қызыл кірпішті қабырғасы ақ кірпішпен қайта қапталыпты. Мұнда қалалық дәріхана және оның қоймасы орналасқан болып шықты. Үйдің Совет көшесі жақ қабырғасында кеңестік заманда орнатылған «Здесь с 1911 по 1917 г.г. печатались большевистские листовки и прокламации» деген тас тақта ілулі тұр. Егер Қазақстан тарабы «Айқап» журналына ескерткіш белгі қоюға шын ниет білдіріп жатса, Троицк қаласының басшылығы оның осы «Энергия» баспаханасының ғимаратына орнатылғанын орынды санайды. Әрине, көздің ағындай «Айқапқа» Троицк қаласында бір белгінің болғаны керек-ақ. Сондықтан ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне орай өткізудің сәті түсіп тұрған осы іске мүдделі органдардың оң көзі түсіп қалар деген үміттеміз.
Айтпақшы, журналдың бір авторы баяғыда, яғни 1915 жылы: «Бұл «Айқап» кішкене болса да ілгері кете қалса, келер заманда қазақ тарихында бәлки ең бас жолға жазылар. Бәлки қазақ халқы келешекте «Айқаптың» елу жылдық һәм жүз жылдық юбилей тойын да жасар. Сол тойдың арқасында әлдеқандай пайдалы істер де қылар...» деп жазған екен. Шіркін-ай десеңізші, «Айқап» журналына қатысты «әлдеқандай пайдалы істер» қылуды қазақтың келер ұрпағына бұдан 96 жыл бұрын аманаттаған сол бір автор қандай көреген еді?!
«Егемен Қазақстан» газеті