Қанат Сіләмұлы: «Жүрегімді атамекендегі аруға сақтадым»
Бір жарым миллиард тұрғыны бар Қытайда топ жарып шыққан бауырымыз Қанат Ислам күні кеше ресми түрде Қазақ елінің азаматы атанды. Біз осыған орай Қанатты әңгімеге тартқан едік.
- Қанат, атажұртыңызға келгеніңізге біраз уақыт болды. Ел ішінде жаныңыз қабылдай алмай жүрген жайттармен бетпе-бет қалған кездеріңіз болды ма?
- Сіз айтпақшы, қазақтың ішкі иіріміне терең бойлап үлгергенім жоқ. Өзімнің ортамда және өзіме тиесілі міндеттерді атқарып жүрмін. Ал бәсекелестік, көре алмаушылық барлық қоғамға тән, тіпті табиғи құбылыс десе де болады. Уақыт бәрін өз орнына қояды.
- Сіз Қытай жерінде танымал спортшы ретінде қалыптастыңыз. Спорт мектебінен тәлім алдыңыз. Қытайдың спорт мектебінен не үйренуге болады?
Бір жарым миллиард тұрғыны бар Қытайда топ жарып шыққан бауырымыз Қанат Ислам күні кеше ресми түрде Қазақ елінің азаматы атанды. Біз осыған орай Қанатты әңгімеге тартқан едік.
- Қанат, атажұртыңызға келгеніңізге біраз уақыт болды. Ел ішінде жаныңыз қабылдай алмай жүрген жайттармен бетпе-бет қалған кездеріңіз болды ма?
- Сіз айтпақшы, қазақтың ішкі иіріміне терең бойлап үлгергенім жоқ. Өзімнің ортамда және өзіме тиесілі міндеттерді атқарып жүрмін. Ал бәсекелестік, көре алмаушылық барлық қоғамға тән, тіпті табиғи құбылыс десе де болады. Уақыт бәрін өз орнына қояды.
- Сіз Қытай жерінде танымал спортшы ретінде қалыптастыңыз. Спорт мектебінен тәлім алдыңыз. Қытайдың спорт мектебінен не үйренуге болады?
- Қытай спорты соңғы жылдары жедел қарқынмен дами бастады. Тіпті «топ жарып шығады-ау» деп, қамқорлыққа алған спортшыларының әрқайсысының соңында бес-алты маман жүреді. Бірі - дәрігер, бірі - жаттықтырушы, бірі - психолог. Сол мамандардың өзін дамыған елдерде дайындайды. Спортшының ішетін тамағы мен денсаулығы да дәрігерлердің бақылауында тұрады. Күнделікті тамақ мәзірі зертханалық тексерулердің қорытындысы бойынша дайындалады. Кей кезде тамақ жегеніңді немесе тәбетіңнің ашылып тұрғанын сезбей де қаласың. Ал қытайлық олимпиада чемпиондарының ең жасы - 25, ал егдесі - 40 жас. Араларында үш-төрт олимпиадаға қатысқандары да бар. Бұл да ойланарлық жағдай. Чемпионның бағы оның жасымен емес, қарым-қабілеті, білек күшімен анықталады. Ал Қазақстанда 30 жастың өзі - үлкен спорт үшін зейнет жасы. Әлемдік деңгейдегі чемпиондардың өзі 25-тен кейін өзін «зейнеткерлердің» қатарына қосуға асығады. Ал 25 жас - спортшының нағыз бабына келген шағы. Демек, дүбірлі жарыстарға үкілеп қосқан оғланның мүмкіндігін 25 жасқа дейін пайдаланады да кейінгі тағдырын Аллаға аманаттайды.
- «Қытайдың үлкен спорт мектебінде психологиялық тренингтердің орны ерекше» деген пікір жиі айтылады. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?
- Ол рас. Сол әдістің өзі мемлекеттік мүддеге негізделген. Қытай спортшысы үшін материалдық жағдай - екінші кезекте. Басты ұстаным - ұлттық-мемлекеттік рух. Ал спортшы қол жеткен жеңісі үшін алдымен мемлекетіне қарыздар деген түсінік спорт мектебінің табалдырығын аттаған күннен бастап алдыңнан шығады.
- Елге келдіңіз. Спортшыларымыздың материалдық жағдайын сіз туып-өскен елмен салыстыруға болмайды. Өкініп жүрген жоқсыз ба?
- Неге өкінейін. «Шаңырағымның туын атамекенімде желбіретейін» деген арман бала жасымнан қиялыма қанат бітірген. Біз - енді ғана 20-ға келген жас мемлекетпіз. Тәуелсіздік тарихындағы қол жеткен нәтиже де жаман емес. Біздің спортшыларымыз материалдық тұрғыда көштен қалып жатыр деп айта алмаймын. Әлемдік деңгейдегі жарыстардан жүлдемен оралған әріптестерім елдің ықыласынан көпке дейін ес жия алмай қалатынын көзіміз көріп жүр. Сырт көзге шоу болып көрінетін сценарийлердің кейбірін тіпті қабылдай да алмаймын. Сол қаржының біраз бөлігі жеке дәрігерін шетелде оқытуға немесе оның күнделікті ас мәзіріне жұмсалса екен деймін. Себебі мен туып-өскен ел спортшыларына дәл біздегідей босаңсуға мүмкіндік бермейді. Олардың елге оралғанын көпшілік сезбей де қалады. Олар елдің марапатына емес, «келесі жарыстарға дайындық елге келген соң емес, еліңнің ән-ұранына күллі әлемді мойынсұндырып тұрған сәттен басталады» деген қағидаға бас ұрады.
- Мүмкін, бұл да уақытша құбылыс шығар. Төрт жылда бір-ақ рет келетін жазғы олимпиададағы алтындарымыз да, нағыз бабындағы чемпиондарымыз да саусақпен санарлық қана.
- Мен де солай деп ойлаймын. Біз - бар-жоғы 16 миллионбыз. Күні ертең басымыз көбейсе, чемпиондарымыздың да қатары көбейетін шығар.
- Амандық болса, келер жылы Лондон олимпиадасына қатысатын шығарсыз?
- Мені елге жетелеген арман да сол! 2004 -2008 жылдары Қытай елінің атынан шықтым. Төрткүл дүниенің назарын аударған жарысқа қазақ елінің туының астында шықсам деймін.
- Бақыт Сәрсекбаевпен үлкен рингте үш рет қолғап түйістіріпсіз. Әлем жұрты екі елдің атынан шыққан екі қазақтың өнерін тамашалады. Сол кезде «қаны бір - ағам. Жол берейін» деген ой болған жоқ па сізде?
- Жоқ. Күнделікті өмірде Бақыт ағамның алдын кесіп өткен емеспін. Ал рингтің аты - ринг. Менің артымда алып мемлекет тұрды. Демек, шегінуге орын жоқ.
- Қытайда танылмай және таныла алмай жүрген қазақ жастары жетеді. Олар сіз бастаған «ұлы көштің» соңынан ілесіп кетуге дайын тұрған шығар...
- Қытайда ресми емес дерек бойынша 2 миллионға жуық қазақ бар. Болашағынан үміт күтетін інілерім көп. Талантты жастарды елге тартып, екі ел арасында алтын көпір болғым келеді.
- Қытайлық өлшеммен салыстырғанда қазақтар саны аз ұлттың қатарында. Саны көп, мемлекеттің атауын иеленген ұлт өкілдері «өзі шыққан төбем биік болса екен» дейді. Сіз олимпиадалық топқа қалай іліндіңіз?
- Мен 2007 жылдан бастап қазақстандық жаттықтырушылармен байланысымды үзбедім. Елге жиі келіп тұрдым. Қытай аренасында да кішігірім жеңістеріммен танылып үлгердім. Алланың қалауы солай болған шығар.
- Олимпиада жүлдегері Қанат Исламның таңдауы алматылық аруға түсті. Бұл жайт арғы жақта қалған қазақ аруларын қатты ренжітіп қойған жоқ па?
- Жоқ. Біреумен сөз байласып, сырға тағуға мүмкіндік те болмады. 4 жылдан бері екі елдің арасында жүрмін. Жүрегімді атамекендегі аруға сақтадым.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан - Гүлбаршын Айтжанбай
«Айқын» газеті