Әбдірахман Асылбек "Жар-жар" әнін досының үйлену тойына арнап жазған
-200 теңгеге Розыбакиев көшесіне дейін, -деп Атакенттен таксиге отырдым.
-Қызым, 200 теңгеге не алуға болады? -деп жүргізуші күлді.
Бала күннен есімін естіп өскен Әбдірахман Асылбек ағамызбен осылай таныстым. Ол кезде 7-арнада тілшімін.
Такси жүргізушінің өте атақты ақын екенін білгенде ұялып кеттім. Ол кісінің қарапайымдылығына риза болдым. Үйге жеткенше әңгіме айтты.
Ақын жатақханада тұрамын дегенде көзім шарадай болды. Қазақтың кең байтақ даласында барлық үйлену тойда шырқалатын "Жар-жар" әнінің авторының баспанасы жоқ, жолаушы тасымалдап жүргенін естігенде талантты жандарды неге құрметтемейміз деп қынжылдым. Бірақ ол кісінің қарапайымдылығы мені таң қалдырған еді.
2016 жылы 31-арнада "Неге?"бағдарламасына ақынның " Жар-жар" туындысы жайында сюжет жасадық. Өзінің досының үйлену тойына арнап жазған.
Бірақ авторға әні үшін ешкім бір тиын төлемеді. Ақын да ақы төле деп, ешкімнен сұраған жоқ.
Егер тыңдаушылар әнге тиын-тебен төлегенде Әбдірахман Асылбек әлемге әйгілі миллионердің бірі болар еді. Бірақ қазақ жерінің қазба байлығын сатып малданған байлардай емес, бұл кісі өнерімен, еңбегімен мол байлыққа кенелер еді. Әйтеуір жомарт кәсіпкер үй алып беріпті.
Енді ақын аға да өмірден өтті.
Қаншама күйеу жігіт пен қалыңдық толқып, қаншама ата-ананың жүрегін қуанышқа бөлеген әнді жазған Әбдірахман Асылбек ағаның жаны пейіште шалқысын.
Жазира Бегалының facebook парақшасынан
Abai.kz