Сенбі, 23 Қараша 2024
4167 2 пікір 22 Қазан, 2018 сағат 17:38

Азамат Битан: Su24.kz Қазақстанның су саясатына үлес қосады

Елімізде су ресурстарына арналған su24.kz жаңа ақпараттық-танымдық сайты іске қосылды.

Сайтта су әлеміне қатысты жаңалықтардан бөлек, өзен-көлдер туралы танымдық материалдар, республикалық маңызы бар су нысандары, сонымен қатар шаруа қожалық басшылары, білікті су мамандары, осы саланың ардагерлері мен экологтар, қоғам қайраткерлерінің сұхбаттары ұсынылған.

Біз өз кезегімізде Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті мен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Баспасөз ісіне бірдей жауапты маман, сайт жетекшісі Азамат Байғалиұлымен сұхбаттасып, мән-жайды білген едік...

-Азамат мырза, менің білуімше бізде су әлемі туралы бұрын-соңды мұндай сайт жұмыс істемеген. Демек, бұл өз алдына ерекше жоба. Бірақ неге су туралы сайт, неге басқа сала емес?

-Дұрыс айтасыз, бұл сайт су мәселелеріне арналған салалық сайт. «Алдыңғылар қалай жасаған» дегендей үлгі де жоқ. Жұмыстың ең қиын тұсы осы. Оның үстіне су – жалпы адамзат баласының бас ауруына айналды. Мейлі ол ауыз су, мейлі егін су, қазір судың қандай түріне де сұраныс өте жоғары. Әлемде жаңбыр суын жинап алып, жан бағып отырған елдер бар. Оларға әр бір тамшы қымбат. Трансшекаралық өзендер мәселесі де уақыт өткен сайын күрделеніп барады. Бұл судың бағасы әрі қарай да өсе береді деген сөз. Бұрын қуатты мемлекеттер зәулім ғимараттар салып жарысқа түссе, қазір алысты ойлағандар су нысандарына ерекше мән береді. Тамыз айында Ақтау қаласында Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған Мемлекет басшыларының қатысуымен Каспий маңы елдерінің V саммиті өтті. Өткен аптада Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенция кеңесінің сегізінші сессиясын ұйымдастырдық. Қаншама елдің өкілдері келіп қатысып, ұсыныс-тілектерін жеткізіп жатыр. Яғни жаһанда қатты алаңдаушылық бар. 1992 жылдан бері бір тиын сұрамаған Түркменстан билігі жаңа жылдан бастап ауыз су үшін елден ақы ала бастайды. Жерді қойып мүмкіндігі бар жұрттар Марс пен Юпитерден су іздеп кетті. Ғаламдық жылынудың себебінен Лондон, Шанхай секілді қалалар су астында қалуы мүмкін деген әңгімелер беделді басылымдардың бетінде басыла бастады. Сондықтан да су мәселесі басты тақырыптардың ішіндегі ең бастысы. Біздің елдің тұрғындары да мән-жайды тереңнен ұғып, әлемде орын алып жатқан өзгерістерден хабардар болуы керек. Бұл ретте мұндай сайттың жұмыс істегені өте маңызды.

-Идея қайдан келді?

-Су саласына қызметке келгеніме екі жылдан асты. Осыған дейін қандай бір бастамамыз іске асып жатса, ол Су ресурстары комитетінің Төрағасы Ислам мырза Әбішевтің сенімі мен қолдауы. Ол кісінің алдына барған бірде-бір қызметтік хатым ескерілмей кері қайтқан емес. Мұны іскер басшының жас мамандарға деген қолдауы деп түсіндім. Әр өңірде орналасқан су нысандарының жағдайын осы кісідей білетін адам жоқ десем артық айтқандығым емес. Ислам Әлмаханұлының қарамағында, турасын айтқанда тәрбиесінде болғаным мен үшін абырой, әрі мол тәжірибе. Сайт идеясың авторы осы адам.

-Түсінікті. Ал енді сайттың құрылымына, жалпы атқарылатын іс-шараларға тоқталып өтсеңіз.

-Сайт тек өзіміздегі емес, сонымен қатар жаһандағы суға қатысты барлық жайттарды жаңалық ретінде ұсынады. Негізі басымдықты танымдық контентке береміз. Алдағы уақыт қолданушылар еліміздің әр өңірінде орналасқан су қоймаларын 3D нұсқада тамашалай алады. Кәсіпкерлердің базасын дайындап жатырмыз. Ол жерде кез-келген қолданушы өзіне қажетті шаруа қожалығы туралы ақпаратқа қол жеткізетіндей мүмкіндік жасаймыз. Жыл соңына дейін 30 000 кәсіпкер туралы мәлімет жүктеледі. Сайт қызметінің келесі кезеңінде қазақ тілінде жарияланған барлық материал орыс, ағылшын тілдерінде ұсынылады. Жаңа жылдан кейін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында электронды құжат айналымы іске қосылады. Осының көмегімен еліміздің әр өңіріндегі шаруа қожалықтары иелері суға қатысты операцияларын онлайн түрде жүзеге асырады. Тағы бір тың бастама – мыңдаған су нысандары бейнеленген интерактивті карта жұмыс істейді. Әр облыстағы суармалы жерлерге қатысты мәліметтердің барлығы осы картадан көрініс табады. Өзіміздегі өзен-көлдердің ерекшелігі, олардың 25 жыл ішінде қалай өзгеріске түскені, республикалық маңызы бар су нысандарының жай-күйі жайында да ақпар ұсынамыз. Ауылшаруашылық саласын да қамтимыз. Әсіресе шаруа қожалық басшылары, білікті су мамандары, осы саланың ардагерлері мен экологтар, қоғам қайраткерлерінің ой-пікірлерін ұсынамыз. Бұлардан бөлек, жалпы суға қатысты барлық мәселелер бойынша азаматтардан арыз-тілектер қабылданады. Олардың тікелей жауапты басшыларға жетуіне атсалысамыз. Жалпы алғанда Su24.kz Қазақстанның су саясатына үлес қосады.

-Рахмет, Азамат мырза. Бастамаларыңызға сәттілік тілейміз. Еліміз судан таршылық көрмесін деймін.

-Сізге де рахмет!

Пікірлескен Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475