Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 7347 15 пікір 31 Қазан, 2018 сағат 11:52

Қызғыш құсым - қияда, Аллажарым - ұяда!

Шындығы шимайланған желтоқсан көтерілісі. Жақсысын асырып, жаманын жасырып өктемдеу – тарихқа жасалған қиянат. Биыл тәуелсіздікке табан тірегенімізге 27 жыл, ал, шындықтың соңынан шұбырғанымызға 32 жыл.

1986 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздіктің алғашқы демін шығаруға шырылдаған жастардың жасаған іс-әрекеті туралы қазіргі таңда қазақ экраны не дейді? Ел мен ұлтының ұлылығын ұлықтаған ұлдарымыз бен қыздарымыз жайлы қандай кинолар жарық көріп жатыр?  1996 жылы жарық көрген Қалдыбай Әбеновтың «Аллажар» туындысынан басқа, шындыққа жанасатын ақиқатты алтындай жалтыратып берген туындылар жоқтың қасы деуге болады.

Әлемнен бүгін де, ертең де бөліне алмаймыз, бөлінбейміз. Алайда, қанмен қапталған тарихымыздың шындығын ашу бәрінен де маңызды шаруа емес пе еді?

Рас. Қазір әлем халықтары бір жүйемен басқару саясатының ықпалындамыз. Бірақ, ел көшбасшының адастырмас сара жолымен жүруді мақсат еткен ел өз тізгінін өзгелерге ұстатпайды. Бұл тірлікте өзгермейтін нәрсе жоқ. Өзгерістің өзегі бір ғана тұлғаның тұла бойында жасырынған қасиеттің құдіреттілігінде. Тізгінімізді өзімізге ту етіп тігіп берген кешегі Желтоқсанның батырлары ел есінде қалуы керек. Ал, ол үшін олар қаһарман ретінде ұлттық  киномыздың басты кейіпкеріне айналуы қажет.

Желтоқсан көтерілісінің шындығы мен тарихи орны шай орамал кепкендей-ақ болып қалғанына ел күйінеді. Төрткүл дүниені төріне отырғызған  телеэкран  неге бұл жайлы тіл қатпай отыр? 16-17 желтоқсан күндері, Талғат Теменовтың 1991 жылы жарық көрген  «Қызғыш құс» кинокартинасы көрерменге жол тартып отырады. Сәбидей алданған халықтың көңілінің қуысында ғана қуаныш сезімі ұялайды. Дегенмен, бұл кинокартина Желтоқсанның шимайланған шындығын ашуға шамасы жетпегенін мойындаған жөн. Халық қазақ жігіті мен орыс әйелінің тағдырымен берген Теменов туындысын емес, «Аллажарды» әлі күнге дейін аңсайды. Бірақ, «Аллажарға» қарағанда «Қызғыш құс» экранда құстай ұшырады. Себебі, «Қызғыш құс» кеңестік цензураның кейбір талаптарын сақтады, сол себептен ащының дәмін сездіртпеген фильмді көрермен тарапына ұсынуға бейіл.

«Аллажардағы» ақиқат пен ар-намысты аяққа таптау үшін көтеріліс алаңына арақ әкелген арандатушылардың арзан іс-әрекетін көргенде ақтық деміңді сол жерде алғың келеді. Басты кейіпкер Азатты, қаһарман Қайрат Рысқұлбековтің типтік образына шомылдырып алған. Азат арқылы азаттықты алып берген Қалдыбай Әбеновтің бұл фильмі саяси мәнді жоғарғы деңгейде аша алды. Қаншама көрерменнің көзінің жасын сығылуына септігін тигізген саяси фильмді, етек жеңімізді жиған бүгінгі күні көрсете алмауымыз сорақылық. "Бұл фильм көрерменге неге жетпей отыр?" деген сұрақ туындаса,  "Аллажар" фильмінде пайдаланған әуендердің авторлық рұқсаты жоқ, прокаттың заңдылықтарына сәйкес келмейді" деген бояуы жоқ жауапты бұқаралық ақпарат құралдары да, би болған билік те жария қылады. "Белгілі себептермен дайын музыка болмағандықтан Альфред Шнитке, Вия Канчели деген композиторлардың музыкаларын пайдаландым, бұл музыкалар фильмге жақсы үйлесіп тұр, бірақ ұлттық бояуы жоқ болғандықтан, менің өзім риза болмадым" деген режиссер Әбеновтың әттеген-ай дейтін осы кемшілігі ғана.

Небір өнер туындысы адам қолынан шыққан соң кемшіліксіз болмайтыны рас, басқа елдің үнімен өрілгеніне "әттеген-айды" бізде айтамыз. Сол кездегі қазақ даласының қамырықты күйін бейнелеуге бұл әуендердің үні тіптен қажет емес еді. Шындығында, қазақ пен даланың үндестігі қобыздың қырық ішегінің бір тал қылында, домбыраның тоғыз пернесінің толғамалы бір иірімінде ғана жасырынып жатқандығы. Басып қалсаң болғаны, Сарыарқаның тау-даласы қазақтікі екені рас болса өзі-ақ иіп, жайылып сала берер еді. Боздап қоя берер еді. Онысы қазақтың жанымен қапысыз табысып, алпыс екі тамырын қуалап ағар еді. Фильмнің әлі де жеткізе алмаған шындығын, нәзік тұстарын осы үн арқылы көрермен тұла бойымен өзі-ақ сезінер еді.

Тәуелсіздік мерекесі сайын халық назарына ұсынылатын Талғат Теменовтың "Қызғыш құс" туындысы әлеуметтік деңгейде ғана көрсетілген. Басты кейіпкер Санжардың ойына орала беретін Желтоқсан көтерілісінің көріністерімен ғана құнды. Патриоттық бағытқа дағдыланған фильмдер қатарынан табылатын бұл туындыны соңғы жылдары экран жүзінен жоғалып бара жатқаны тағы байқалады. Ел есіндегі дауылды ел есіне салу үрдісі жылдан жылға бәсеңдеп бара жатыр.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан - 2050» « Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында: «Өз бойымыздағы және балаларымыздың бойында жаңа Қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» деп атап өткен болатын. Көгілдір экранның бүгінгі жас көрермендері қолына қылыш ұстаған тарихи фильмдерден бөлек, қаһармандыққа толы кешегі Желтоқсаншылар жайлы фильмнің бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. Тыйым салынған фильмге, тиын салып желтоқсан қарсаңында халқыма көрсетем деген Қалдыбай Әбеновтың «Аллажары» жардан құлады. Кімге өкпелейміз? Кімді сөгеміз? Таңдайларына тас қалап қойғандай тіс жарудан қорқатын бүгінгі билік өкілдері, бұл жайлы тақырып қозғалса бастарын ала қашатыны қабырғамызды қайыстырады.

Азаттықты аңсаған халық қаһармандары қудаланып қамауға алынса да қабырғасы майыспаған. Желтоқсаншы Қайрат Рысқұлбековты ел есіне бейнелеу экран арқылы ғана жүзеге асатынын ұмытпайық.

Қазіргі саннан сапаға көше алмай жатқан қазақ кинолары үсті-үстіне төпелеп жатса да, өлмей келе жатқан «Аллажарды» астымызға басып алғанымыз сорақылық. Бұл киноның атын естігенде-ақ жанның терең түкпірінен Желтоқсан шындығын білуге деген құмарың артады. Бұл кинода қазақтың рухы жатыр. Әлдебір құпиясымен өзіне тартып тұратын «магниті» де сол. Түлкілердің заманында қасқырша ұлыған Қалдыбай Әбеновты иттер жан-жағынан қауып тастады. Еңсесін көтерейін деп еді, еңсесін өз қазағы басып тастады. Өзінің мансабына жету жолында іргесінде кезіккен іргелес жандарды шетке ығыстыра салу, бұл – бүгінгі заман жүйесі. Жемтігіне жеткен жыртқыштай жыбырлаған бүгінгі билік өкілдері Желтоқсан көтерілісін ел есінен ұмыттыру үрдісін ұран етіп алғандай.

Қазақ жастарының азаматтық санасына ықпал еткен, олардың ұлттық намысын көтерген - 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен басталды. Міне бұл, қоғам азаматының патриоттық сана-сезімінің оянғаны. Бүгінгі  еліміздің егемендігі, оның саяси-әлеуметтік, экономикалық, рухани-мәдениет саласында әлемдік іргелі елдердің қатарынан орын алуы, сол азаматтық сананың жемісі. Ата Заңымыздың мазмұнындағы мемлекет ретіндегі белгіленген басты идеал «Еркіндік, теңдік, татулық» - халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған, ерлікпен қол жеткізген және қорғаған асылы.  Бұл үш түсініктің аясында, мемлекетіміздің басты мұраты, Қазақстан Республикасы этномәдени білім беру тұжырымдамасының мазмұнында:  «Бізге қажетті - жаны да, қаны да қазақы халықтың тілі мен дінін, тарихы мен салт-дәстүрін бойына ана сүтімен бірге сіңірген егеменді елінің еңсесін көтеруді азаматтық парызым деп ұғатын  ұрпақ тәрбиелеу» -  деп көрсеткендей, еліміздің елдігі  мен бірлігін сақтайтын, Отаны, халқы алдындағы парызын жауапкершілікпен өтейтін ұлтжанды  ұрпақ тәрбиелеу міндеті  тұр.

Елім азат болсын деп жандарын қиған қыршындай ұл-қыздарымыздың намысымен келген азаттықты бүгінгі тәуелсіз елдің тәуелсіз ұрпақтары тәулік бойы есіне алып жүрсе екен дейміз. Ал, ол үшін қазақ киносының қосар үлесі орасан зор болмақ.

Желтоқсаншылардың (батырлардың) қазіргі құрметтелу деңгейі қалай өрбіп жатыр? Саусақпен санарлық ұлт батырларының соңғылары, "Халық қаһарманы" деген наным омырауындағы орденіне емес жүрегіндегі дүрсілінен көрінген дара тұлғаларымызды көзі тірі кезінде, тәуелсіз елде тұрып, ешкімге тәуелді қылмайық.

Найманбай Айжарқын Садыбайұлы

Abai.kz    

15 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048